Ішкі туризмнің тамырына қалай қан жүгіртуге болады?
Әр адам қал-қадірінше елінің дамуына үлес қоса білуі керек. Біз соңғы жылдары еліміздің әр аймағына бірнеше рет ауқымды экспедиция ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – ішкі туризмді дамыту, патриотизмді қалыптастыру, қала адамын орнынан тұрғызу, Тайланд, Дубайға бағытталған жүздерін ауылға, туған жерге қарай бұру. Нетворкингке жағдай жасау. Өз тарихымыз бен құндылықтарымызды дәріптеу және күн сайын ушығып бара жатқан экологиялық ахуалға қоғам назарын аудару. Біздің бұл жобамыз коммерциялық емес – бизнес серіктестеріміздің басын біріктіріп, осынау игілікті іске жұмылдырамыз. Біз үшін адамдардың келген кездегі көңіл-күйі мен әсерінен кетер кездегісі әлдеқайда жоғары болуы керек.
Еліміздің экологиялық ахуалы жайлы жиі айтып жүрсіз. Оны жақсартуға арналған жобаларыңыз бар ма?
Бар. Барсакелмес қорығымен бірігіп, Аралда арнайы Жануарларды сақтау қорығын жасап жатырмыз. Сол жерде түбек бар, соны жалға алып, зерттеушілерге ғылыми жұмыстарын дамыту үшін берейік деп отырмыз. Менің міндетім айналасын қоршап, сирек жануарлар кіргізу, оның ішінде ақбөкеніміз бар, қарақұйрығымыз бар, гепард, т.б.
Жануарларды браконьерлерден қорғау жөнінде не айтасыз?
Браконьерлікпен күресті қоғам болып шешпесе, билік заңды қатайтқанменен ештеңе істей алмайды. Ал қоғам күресуі үшін ең бірінші, тәрбие, насихат, сана жұмыстарын жүргізу керек. Бұл – идеология жағы. Екіншіден, қоғамның әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Өйткені көп адамдар браконьерлікке шекесі қызғаннан барып жүрген жоқ, бала-шағасының қамын күйттеп жүр. Егер оның басқа кірісі болмаса, әрине қарақшылыққа бармағанда қайтеді? Үшіншіден, қоғамның жемқорлық жағы кінәлі. Заңсыз ауларды жіберіп жатқан – шекара, кедендегі жемқорлық. Ұсталған қылмыскерді босата салатын өз ішіміздегі полициялар мен соттардың жемқорлығы. Осы үш нәрсе дұрысталмайынша, заң қанша қатал болса да тиімділігі болмайды. Мәселе заңда емес, адамда. Мысалы, АҚШ-та аңшылық мәдени түрде енгізілген. Рұқсат беріп қойған, арнайы орындарда, белгілі уақытта, заңдастырылған қарумен аулайсың дегендей. Тіпті, бұл шара жабайы аң санының көбеюіне септігін тигізеді екен. Ол да, меніңше, дұрыс саясат секілді. Бірақ ол үшін әуелі қоғамның сана-сезімі мен әл-ауқаты дұрыс болуы керек.
Марғұлан Сейсембай, инвестор, бизнесмен, қоғам қайраткері
Сұхбаттасқан: Мақсат Ясылбайұлы, фото: Дмитрий Ругис