Ұлы Отан соғысындағы жеңісімізге өлшеусіз үлес қосқан батырларымыздың басынан өткен оқиғалар туралы сыр шертетін, Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына орай арнайы әзірленген материалдар легін қамтитын «Өшпес ерлік, сөнбес даңқ» айдарын назарларыңызға ұсынамыз.
«Ұлы Отан соғысы жылдарында француз ұшқыштарынан жасақталған «Нормандия – Неман» авиаэскадрильясы жауға қарсы ерлікпен шайқасып, жанқиярлықтың үлгісін көрсетті».
«Шетелдік осы құрамада қазақ жауынгері де болып, ол мұнда авиатехник қызметін атқарды».
Ашығын айтайық, жоғарыда келтіріліп отырған сөйлемдердің алғашқысы түрлі деректі кітаптар мен кинофильмдерде бар болғанымен, соңғысы ешбір тарихи құжатта жоқ. Бұл бізге бірен-саран көзкөрген адамдардың айтқан сөзінен жеткен хабар. 1995 жылы ол толық анықталды да. Енді оқырмандарға осы жәйтті түсінікті етіп баяндап бермекпіз. Бұл үшін әңгімені: «Нормандия – Неман» қандай эскадрилья?» – деген сауалға қысқаша жауап беруден бастап, содан кейін оған қосылған қазақ жауынгерінің тағдырын баяндағанымыз жөн ғой деп ойлаймыз. Міне, сонда ғана мәселеге анық көз жеткізуге болады.
АВИАЭСКАДРИЛЬЯ. 1939 жылғы 3 қыркүйекте Гитлер армиясы Польшаға опасыздықпен шабуыл жасап басып кіргенде, Англия мен Франция фашистік Германияға соғыс жариялады. Бұл өзі адам түсінбес, сөз жүзінде қалған шешім еді. Неге десеңіз, Польшаның бұрынғы «жанашырлары» Германияға қоқан-лоққы көрсеткенімен, оған қарсы әскери қимылдар жүргізбеді. Ақырында ол Польшаны да, Францияны да Гитлердің жаулап алуымен аяқталды. Мұндай дәрменсіздікке бүкіл ел наразы болды. Олар француз әскерлерінің қолбасшысы, маршал Пэтеннің жауға шайқассыз берілгеніне қатты күйініп, жекелей тұрғыдағы қарсыласу қозғалысы әдісіне көшті.
1941 жылғы 22 маусымда фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан жасаған шабуылының ертеңінде француз ұлттық іс-қимыл бірлігінің басшысы, генерал де Голль Лондондағы КСРО елшісі К. Майскийге барып жолықты. Онда ол ортақ жауды жеңу үшін Қызыл Армияға француз еріктілерінен жасақталған әскери бөлімдер керек емес пе екен деген өтінішін айтты. Мұны Кеңес Одағының өкіметі құптады. Соның нәтижесінде фашистік Германияға бағынудан бас тартып, Францияға тәуелді Ливан жерінде жасырынып тұрған «Нормандия» авиация эскадрильясындағы 14 адам Тегеран арқылы КСРО-ға ұшып шықты. Есте сақтайық, олардың аты-жөндері мыналар: Ж.Тюлян, А.Литольф, Ж.Риссо, А.Прециози, А.Познанский, Р.Дервиль, А.Дюран, М.Лефевр, Р.Пуап, И.Бизьен, Д.Бегэн, М.Альберт және Н.Костэлэн еді. Көріп отырсыздар, бұл аз ғана күш болатын. Алайда, соның өзі жалпы жауға қарсы бірлескен күрестің үлкен айғағындай еді. Ол туралы да Голльдің Мәскеудегі өкілі Гарро Кеңес өкіметінің басшыларына: «Мүмкін, бұл мұхит суының бір тамшысындай ғана болар, бірақ барлық француз ұлтының жүрегі өздерінің КСРО халқымен жауға қарсы соғыстың осы солдаттарымен бірге. Біздің адамдарымыздың майдан даласында бауырласуы Франция үшін ғана емес, бүкіл Еуропа үшін де аса маңызды», – деп мәлімдеді.
Француз ұшқыштары Кеңес Одағына келісімен, Мәскеу іргесіндегі Иваново қаласына жіберіліп, «ЯК-1» самолетімен жаттығу жасауға жолдама алды. Бұл жерде олар ғажайып қабілеттіліктің үлгісін көрсетті, өздеріне бекітіліп берілген әскери-әуе машиналарын тез арада меңгеріп кетті. Оны мемлекеттік сынақтан сүрінбей өткен «Нормандия» эскадрильясының 1943 жылдың 22 наурызында Калугада тұрған 1-ші әуе армиясына келіп қосылып, содан кейін көп кешікпей алғашқы әскери тапсырманы орындауынан байқауға болады.
1943 жылғы сәуір айында бірнеше ауыр әуе шайқастарынан кейін аталмыш эскадрилья авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры Г.Захаров басқаратын 303-ші истребитель дивизиясының қарамағына берілді. Міне, содан бастап олардың іс-қимылы осы құрамамен тікелей байланысты болып, Курск түбіндегі даңқты жолдан өтті. Бұл шайқаста француз ұшқыштары күніне әуеге 6-7 реттен көтеріліп, фашистерге төпелете соққы берумен болды. Бірақ, соғыс шығынсыз болмайды ғой. Жау оғы уақыт санап «Нормандия» эскадрильясының мүшелерін де өз жолдастарының қатарынан әкетіп жатты. Олардың тұңғыш командирі майор Ж.Тюлян Орел маңында қайғылы қазаға ұшырады. Бірақ бұл оқиға оларды жасыта алмады, жаңа жетекші, өздерінің отандасы майор П.Пуядтың басқаруымен фашистерге ауыр соққылар берумен болды. Бұл мезетте Франциядан жаңа күш, сондағы еріктілерден жасақталған тың резерв те келіп жеткен еді. Соның нәтижесінде 1943 жылғы шілдеде «Нормандия» эскадрильясы авиация полкі болып қайта құрылды.
…1944 жылдың қазанында 3-ші Беларусь майданы жауға қарсы жойқын шабуыл жасай отырып, Шығыс Пруссия жеріне келіп ілікті. Осы шайқастарда 303-ші истребитель дивизиясының құрамындағы «Нормандия» ұшқыштар полкі өзін өшпес даңққа бөледі. 16 қазандағы бір күнгі шайқаста француз қырандары өздерінен ешқандай шығын шығармай, фашистердің 29 самолетін жойып жіберді. Сол күннің ертеңіндегі 10 әскери әуе шабуылы кезінде «Нормандияның» 23 ұшқышы жаудың 45 самолетін атып түсіріп, аэродромға жеңіспен оралды. Ал 18 қазандағы әуе шайқасы олардың даңқын одан да асқақтатып жіберді. Бұл күні 303-ші истребитель дивизиясы аспанға 367 рет көтерілді. Соның ішіндегі 20 ұшу сапарында француздар қарсыластардың 34 қанатты соғыс машинасын қиратып, жандырып жіберді. 1944 жылдың қазан-қараша айларындагы «Нормандияның» жанқиярлық ерлігін Кеңес Одағының әскери басшылары аса жоғары бағалады. Ақырында КСРО Қарулы Күштері Бас қолбасшысының арнайы бұйрығымен бұл авиация полкіне «Нормандия – Неман» деген атақ берілді.
Жеңіс күні жақындап келе жатты. 1945 жылғы 25 сәуірде 3-ші Беларусь майданының жауынгерлері Землянд жартыаралында тұрған фашистік Германияның Пиллау бекінісін алды. Жаудың Шығыс Пруссиядағы осы соңғы тұрағы жойылғаннан кейін, «Нормандия – Неман» авиация полкі Қызыл Армия алдында өздерінің одақтастық парызын қалай атқарғандықтары туралы есеп берді. Олардың өз достарына ұялмай, мақтаныш етуге толық құқы бар еді. Неге десеңіз, француз сұңқарлары 1942-1945 жылдардағы майдан жолдарында аспанға 5000 рет көтеріліп, 869 әуе шайқасына қатысты. Бұл мезетте олар жаудың 268 самолетін қиратып, жандырып жіберді. Ұлы Отан соғысы аяқталғанда «Нормандия – Неман» авиация полкінің туында КСРО елінің жоғары наградалары – жауынгерлік Қызыл ту, Александр Невский ордендері және Францияның «Құрметті легион», «Азаттық Кресі» белгілері жарқырап тұр еді. Бұл олардың ортақ жауды жеңудегі үш жылғы жорықта аққан қаны мен төккен терінің және сондағы көрсеткен жанқиярлық ерлігінің дәлелі болатын.
Қиын-қыстау кезеңде Қызыл Армияға көмекке келген француз патриоттарының көбі Жеңіс күніне жете алмады. 42 ұшқыш жаумен болған алапат әуе шайқастарында қаза тапты. Ал тірі қалған қаһармандарға үлкен құрмет көрсетілді. Оған «Нормандия – Неман» авиация полкіндегі 96 ұшқыштың КСРО-ның орден-медальдармен наградталуын, 4 адамның – М.Альбер, Ж.Андре, Р. де ля Пуап, М. Лефеврдің Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атаққа ие болуын айтсақ та жеткілікті.
…1945 жылдың 25 мамыры. Қызыл Армия ұшқыштарының өз достары – француз қырандарымен қоштасатын күні жетті. Міне, Шығыс Пруссиядағы Эльбинг аэродромы. Ұшу жолында 40 «ЯК-3» самолеті қаз-қатар тізіліп тұр. Француздардың дәстүрі бойынша жеңімпаз үйіне жауды жайпаған қаруымен оралуға тиіс. Сондықтан да осы дәстүрді құрметтеген Кеңес өкіметі «Нормандия – Неман» авиация полкіне соғыста мінген, шайқаста жеңген самолеттерін басы бүтін сыйға тартты. Шамалыдан кейін француз ұшқыштары руліне отырып 40 «ЯК-3» топ-тобымен аспанға атыла көтеріліп, Парижге қарай бағыт алды.
ӨМІРТАЙ. «Нормандия – Неман» авиаэскадрильясында қызмет еткен қазақ жауынгері… Ол кім? Бұл адамның соғыстан кейінгі тағдыры не болды? Біз оны қашан естіп, қалай таптық? Енді соған келейік, құрметті оқырман!
1975 жыл еді. 20-26 маусым аралығында Алматыда «Франция – КСРО» достық қоғамының күндері өтетін болды. Ондағы құрметті қонақтардың арасында бір кездегі «Нормандия – Неман» авиация полкінің командирі, халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты П.Пуядтың да бар екенін естіп білдік. 20 маусым да келіп жетті. Сол күні кешкі сағат 5-те Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты жиналыста қарт генерал кешегі Ұлы Отан соғысы күндерінде жасақталған француз ұшқыштары эскадрильясы қатарында қазақ жігітінің де болғанын айтып қалды. Біз бұл хабарға елең ете түстік. Өстіп жүргенде 1985 жылдың 26 ақпанында «Казахстанская правда» газетінде оның Семей облысындағы меншікті тілшісі Л.Резниковтың «Ардагерлерге құрмет» деген шағын хабары жарияланды. Онда ол облыстық азаматтық авиация басқармасының Жеңістің 30 жылдық мерекесі қарсаңында жерлес қарт майдангер ұшқыштарды шақырып, құрмет көрсеткенін айта келіп: «Бұлардың арасында соғыс жылдарында Қажымұқан қаржысына жасалған самолеттің ұшқышы Қ.Шалабаев, «Нормандия – Неман» авиаэскадрильясында қызмет еткен техник Ө.Түсіпбаев та бар», – деп жазды.
Хош, сонымен ол кездері бізге бұл адамның фамилиясы, қайдан екені, ең бастысы соғыстан тірі қайтып, сау-сәлемет жүріп жатқаны белгілі болған еді. Арада тағы да екі-үш жыл өтті. Бір күні республикамыздағы тұңғыш авиаторлардың бірі, «Аэронавтар айқасы» атты деректі кітаптың авторы Саид Жылқышев ақсақалмен редакциядағы әңгіме үстінде болашақ кейіпкеріміз туралы төмендегідей жайтты естіп қалдық. Саид ағаның айтуынша біздің іздеп жүрген адамымыз Өміртай Түсіпбаев екен. Ол отызыншы жылдарда авиацияға комсомолдық жолдамамен барған алғашқы қазақ жігіттерінің бірі. Ұлы Отан соғысы басталар қарсаңда бұл кісі Серпухов қаласындағы кіші авиация мамандарын даярлайтын арнаулы мектепті бітіріп, 27-ші истребитель полкында техник болған. 1943 жылы Өміртай Түсіпбаев француз ұшқыштарына көмек көрсететін кеңес инженерлері қатарында «Нормандия – Неман» авиаэскадрильясына жіберіледі. Содан ол 1945 жылғы мамыр айына дейін осы полкта болады. Кейін елге келген оралған соң Семей ауыл шаруашылығы авиациясы бөлімшесінде ұзақ жылдар бойы үзіліссіз жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шыққан.
1990 жылы Өміртай ағаға қатысты деректердің бәрі жиналып болды. Енді Семейге барамыз, ол кісімен жүздесіп, әңгімелесеміз деп жүргенде қарт майдангердің қайтыс болғанын естідік. Қандай өкінішті… Бірақ, Жеңістің 50 жылдығы тұсында: «Өмекеңнің өзі болмағанымен шаңырағын ұстап отырған бәйбішесі бар ғой. Сол кісіге жолығайық. Балаларымен әңгімелесейік. Сөйтіп, жұртты кейіпкеріміздің өмірінен хабардар етейік», – деген азаматтық парыз сезімі қайта оянды да жолға жиналдық.
…Семейлік журналист Сүйеубай Байқадиев екеуміз келгенде Өміртай ағаның жұбайы Минура әжей мен ұлы Жұмабай үйінде екен. Амандасып болып, шаруамызды айтқан соң Минура апа төргі бөлмеге беттеді де, ол жерден қоңыр қобдишаны алып келіп, стол үстіне қойды. Сөйтті де: «Қарай беріңдер қарақтарым. Аталарыңның бар документтері осы», – деді көзі жасаурап. Қобдишадан алдымен 3 орден, 10 медаль және осы наградаларды растайтын куәліктер шықты. Одан кейінгі көргеніміз «Қызыл әскер кітапшасы» болды. Осыдан 52 жыл бұрын берілген бұл документті еппен ашып парақтап шыққанымызда одан мынадай мағлұматтар алдық: «Өміртай Түсіпбаев. 1917 жылы туған. Армия қатарына 1938 жылы Қазақ КСР-інің Семей қаласынан шақырылған. 4 кластық білімі бар. 1939 жылғы 23 ақпанда әскери ант қабылдады».
«Қызыл әскер кітапшасының» бұдан кейінгі беттеріне Өміртай Түсіпбаевтың моторист-авиатехник екені, соғысқа 1941 жылдың қыркүйегінен бастап қатысқаны, ал қазан айында Ленинград майданына қарасты аэродромдағы қойманы сақтап қалудағы қырағылығына орай «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімеи наградталғаны жазылған. Одан соңғы парақта аға сержант Өмекеңнің 1943 жылғы 23 шілде күні 303-ші истребитель дивизиясындағы 523-ші авиаполктің «Нормандия – Неман» авиаэскадрильясына жіберілгені туралы белгі бар. «Қызыл әскер кітапшасының» қалған беттері кейіпкеріміздің 1944 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1945 жылы «Кенигсбергті азат еткені үшін» медалімен наградталғанынан хабар береді.
Осы мағлұматтармен танысып болған соң қобдишаға тағы да қол салдық. Одан екі құжат шықты. Оның алғашқысы Өміртай ағаның елуінші жылдардың басында Семей облыстық азаматтық авиация басқармасына жұмысқа орналасқанынан хабар берсе, соңғысы қарт авиатехниктің зейнеткерлікке шығар кездегі жұмыс орнынан алған өндірістік мінездемесі екен. Бұдан біз оның алты бала тәрбиелеп өсіргенін, қыздары – Меңжамал мен Сәуле педагогтар, ұлдары – Әнуарбек пен Жұмабай әке жолын қуған авиатехниктер, ал тағы бір қызы мен ұлы – Ғалиманың аэропорт кезекшісі, Болаттың электрик болып жұмыс істейтінін білдік.
– Өміртай аға көзі тірі кезінде «Нормандия – Неман» авиаэскадрильясы туралы айтушы ма еді? – деп сұрадық біз қобдишадағы құжаттарды реттеп жатып Минура әжей мен Жұмабайға.
– Әкеміз көп шешіліп сөйлей бермейтін адам болатын, – деді бұл сауалымызға Жұмабай. – Мінезі тұйық ол кісі Ұлы Отан соғысы кезіндегі өмірін өте сирек сөз ететін. Сондықтан шығар, аз айтса да саз айтқан мына бір естелігі ойымда күні бүгінге дейін ұмытылмастай боп қалып қойыпты. Сіздерге, міне соны баяндап берейін.
Жұмабайдың айтуынша Өміртай ақсақал бірде үйіне келген қонақтарға Дубровка түбінде болған төмендегідей оқиғаны әңгімелепті. 1944 жылдың 15 шілдесінде «Нормандия – Неман» авиация полкі жаңа аэродромға қоныс аудару үшін әуеге көтеріледі. Көп самолеттің біріндегі француз ұшқышы Морис де Сейннің қасында оған бекітіп берілген техник, старшина Владимир Белозуб келе жатады. Бір мезетте мотордан жарықшақ үн шығады да бензин айдайтын ауа қысымы төмендей бастайды. Бұл хабарды естіген ескі аэродромдағы кезекші-диспетчер Морис те Сейннен кері қайтуды талап етеді. Бірақ оған самолет бағынбайды. Мұны көрген аэродромдағылар ұшқышқа парашютпен секіруді өтінеді. Өжет француз жігіті бұдан да бас тартады. Себебі, оның өзінде парашют болғанымен, қасындағы техник Владимир Белозубта ол жоқ еді. «Тәуекел, не болса да бірге көреміз», – деп хабарлайды Морис де Сейн жердегілерге, Сөйтеді де, самолетін аэродромға қондыруға бар күшін салады. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпайды. Оқиға қайғылы аяқталады. Қиын жағдайда бір-бірін қиып кете алмаған француз ұшқышы өзінің технигімен бірге мерт болады.
«Әкеміз көп шешіліп сөйлей бермейтін тұйық мінезді адам болатын». Жұмабайдың осы сөзін Семей қаласында тұратын даңқты ұшқыш, Өмекеңмен көп жылдар бойы облыстық аэропортта қызметтес болған Қажытай Шалабаев та қайталады. Ұлы Отан соғысы кезінде Қажымұқан қаржысына жасалған самолетті қабылдап алып, оны Жеңіс күніне дейін аман жеткізген ардақты ағадан Өміртай Түсіпбаев туралы айтуды өтінгенімізде: «Өмекең екеуміз 35 жыл бойы бір мекемеде жұмыс істедік, – деді ол кісі. – Марқұм сөздің емес, істің адамы болатын. Ол кейбір майдангерлер сияқты мақтаншақ емес еді. Өзің сыр суыртпақтап сұрамасаң ештеңе айтпайтын. 9 мамыр – Жеңіс күні сияқты мерекеде басымыз қосылып, жүз грамдатып алғанның өзінде: «Біз авиатехниктер жерде жүрдік қой. Ерлік те, еңбек те аспанда шайқасқан мына сендердікі. Сондықтан өздерің сөйлеңдер», – деп кішіпейілдік тапытып отыратын».
…Өміртай Түсіпбаев туралы біздің әзірше білгеніміз осы, құрметті оқырман. Өмірі өзгеге көп ұқсай бермейтін Ұлы Отан соғысы жауынгері жөнінде білетін адамдар болса редакцияға хат жолдауын өтінеміз.
Мәтін авторы: Жанболат Аупбаев
Фото: Жанболат Аупбаев архивінен