..."/>
ӨШПЕС ЕРЛІК, СӨНБЕС ДАҢҚ

Волгоградтағы қазақ көшесі

(Бұл екінші дүниежүзілік соғыста осы шаһар үшін ерлікпен шайқасқан жерлестеріміздің құрметіне байланысты берілген)


 

Еділ бойындағы атақты қаладағы бір проспектінің «Қазақ көшесі» деп аталуының сыры неде? Біздіңше, оның өзіндік тарихы, себебі бар сияқты. Соның біріншісі мынау: Қазақстан Волгоград облысымен шектесіп жатыр. 1942-1943 жылдары қалаға қиыншылық туған кезде, мұндағы көптеген кәсіпорындар, соның ішінде «Красный Октябрь» зауыты түгелімен Орал облысына қарай көшірілді. Қаһарман қаланы қорғаған 64-армияның резерві, госпитальдары Батыс Қазақстанда тұрды. Сталинградқа көмектің бәрі – Орал – Урбах – Астрахань теміржолы арқылы келіп жатты. Сол қиын-қыстау жылдары біздің республикамыз Сталинград үшін бірден-бір сенімді тыл еді.

Екінші жағдай мынадай: Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандықтар біз сөз етіп отырған қаланы неміс-фашист басқыншыларынан қорғау кезінде ерекше көзге түсті. Өйткені жау Еділ бойындағы қаһарман қалаға төніп келген кезде, оған қарсы біздің республикамыздан жасақталып барған 6 дивизия, 1 бригада ерлікпен шайқасты. Олар 387, 27, 28, 29, 38-атқыштар және 81-атты әскер дивизиялары мен 152-бригада еді. Бұлардың ішіндегі 29, 39-атқыштар дивизиялары Қызыл Армияның басқа бөлімдерімен бірге Сталинград түбіндегі фашистік әскерлердің 300 мыңнан астам тобын қоршап алып, оны жойып жіберуге қатысты. 200 күнге созылған ұлы шайқастағы осындай жан қиярлық ерлігі ескеріліп, біздің бұл даңқты құрамаларға кейін 72 және 73-гвардиялық дивизия деген жоғары атақ берілді.

Сталинград майданындағы қиын да қаһарлы күндерде көптеген қазақ ұландарының есімдері даңққа бөленді. Мәселен, Қарсыбай Сыпатаев ұрыс кезінде жалғыз қалса да, бір адым кейін шегінбеді. Ол қолындағы ең соңғы минасын кеудесіне қысып, жау танкісінің астына түсті. Әуе қыраны Нүркен Әбдірев капитан Гастеллоның ерлігін қайталап, жанған самолетімен дұшпанның үлкен қару-жарақ қоймасына түсіп, оның күлін көкке ұшырды. Бүгінде Сталинградтағы атақты «Павлов үйін» кім білмейді. Міне, тарихта аты қалған сол мекенді екі айға жуық жауға бермей қорғаған бөлімшедегі орыс, украин, грузин, татар, абхаз халқының ержүрек ұлдарымен бірге біздің қазақ бауырымыз да болған еді. Ол – бұрынғы Шымкент облысының тумасы Тәлібай Мұрзаев болатын.

Сталинград пен Қазақстанды туысқандық, достық дәнекермен байланыстырған тағы бір факт бар. 1943 жылдың ақпанында гитлерлік басқыншылар осы қаладан кері қуылып тасталды. Еліміздің алдында енді қираған қаланы қалпына келтіру міндеті тұрды. Осы кезде үкіметіміз тыл еңбеккерлерін Сталинград құрылысына шақырып, үндеу көтерді. Мұны Отанымыздың түкпір-түкпіріндегі мыңдаған қыз-жігіттермен бірге өзіміздің қазақстандық жалын-жігер, жас түлектер де қолдады. Нәтижесінде қаһарман қаладағы трактор зауытын қалпына келтіру үшін Алматы облысынан 88 қазақ қызы аттанды. Комсомолдық жолдамамен барған бұл апа-әпкелеріміз онда екпінді еңбек етті, көптеген құрылыстарды салуға белсене атсалысты. Кейін қала әбден қалпына келіп, бой көтерген соң, туған жерге қайтып оралды.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, бүл қаланың тұрғындары Қазақстан жауынгерлері мен еңбеккерлерінің қиын-қыстау кезеңдегі көрсеткен ерлігін, көмегін ұмытқан жоқ. Олар өздерінің жүрек түпкіріндегі рақметі мен ризашылығын сөз жүзінде айтып қоймай, іске асыруға бел байлады. Ақырында Сталинград қалалық Кеңесінің атқару комитеті қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы кезіндегі осы қала үшін жан аямаған қимылын ескере келіп, бір көшені «Қазақ көшесі» деп атауға шешім қабылдады. Сөйтіп, Еділ бойындағы бұл қаланың бұрынғы «Жұмысшы – Шаруа көшесі» соғыс аяқталғаннан кейін көп ұзамай «Қазақ көшесі» болып аталды. Дәл сол жерде 1942 жылдың қыркүйегінде қазақ жігіттерінен жасақталған бөлімше фашистерге әлденеше рет соққы беріп, артқа шегінбестен қаза тапқан болатын. Көше атын беру кезінде қалалық атқару комитеті мұны ерекше ескерген еді. Бұл жайында жазушы А.Шейнин және журналист М.Ритман өздерінің «Красная Звезда» газетінде шыққан очерктерінде тебірене жазған болатын. Соңғы жаңалық: 2018 жылы Волгоградтағы сол көше бойындағы алаңға «Қазақстандық жауынгерлерге тағзым» ескерткіші бой көтерді.

 

 

Авторы: Жанболат АУПБАЕВ,


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля