..."/>
ҮШ СҰРАҚ

Бірі – теңіз, бірі – аспан еркесі

Нил Деграсс Тайсон – National Geographic арнасындағы StarTalk бағдарламасының жүргізушісі. Бағдарламаның өткен көрсетілімдерін natgeotv.com сілтемесінен таба аласыз.

Мұхиттанушы Сильвия Эрл Жер шарындағы мұхиттарды зерттеу еңбегі үшін «тұңғиық патшайымы» атанса, астрофизик Нил Деграсс Тайсон – негізінен, аспан зерттеушісі. Екеуі бірлесіп жұмыс істесе, ортақ нүкте табылар ма еді?!

Нил Деграсс Тайсон: Сильвия, сізді су астында туған деп естідім. «Желбезе­гіңіз де болған екен» деген қауесет бар. Адам болған соң амалсыз судан шыққан секілді көрінесіз… Бұдан басқа бізге жұмбақ тағы неңіз бар?

Сильвия Эрл: Әттең, солай болса ғой!

НТ: Таратыңқырасаңыз?

СЭ: Бала кезімде Нью-Джерси жағалауында жүзіп жүргенімде мені толқын тартып кетті. Дем жетпей бара жатты. Сонда да арпалыса бердім. Бір кезде аяғым су түбіне тигендей болды. Ұмытылмас әсер алдым. Біле білсеңіз, нағыз зерттеушілер – балалар. Олар да ғалымдар секілді тынбай сұрақ қойып, әр нәрсені қозғай береді. Олар үшін бәрі – жаңа, бәрі – тамаша.

НТ: Мұхит дегенде қала баласы ретінде менің ойыма тек суда тұншығу елестейді.

СЭ: Олай емес, сіз қазір суда да демала  аласыз. Суасты кемесі немесе екеу­міз дүниеге келместен бұрын ойлап табылған технологияларға мың алғыс. Адамдар 1800 жылдарда-ақ басқа киетін шлемге жалғанған түтікке ауа тартып, су астына түсетін. Теңіз бен кеңістікті қосудың жалғыз жолы – осы, тыныс алуды қамтамасыз ететін жүйе.

НТ: Біз керемет екі бәсекелестікке, яғни су асты мен ғарышқа жарыс қызған тұсқа куәміз, екі бағытта да тірі қалу аса маңызды. Әрине, мұхитқа түсуге қарағанда ғарышқа ұшу анағұрлым қымбат.

СЭ: Мұхит түбіне жету оңай болғанымен кері қайтатындар кем де кем…

НТ: Негізгі мәселе мұхиттың ең түбіне тірі жету, солай ғой?

СЭ: Иә, солай. Тек үш адам ғана теңіз түбіне барып қайтқан. Бұл – 11 шақырымдық меже.

НТ: Сіз Филиппин жағалауына жақын орналасқан Мариана шұңғымасы туралы айтып отырсыз ғой?!

СЭ: Дұрыс таптыңыз! Алғашқы жорықты 1960 жылы Жак Пикар мен Дон Уолш бастады.  Кейіннен 2012 жылы режиссер (әрі «National Geographic» зерттеушісі) Джеймс Камерон батыл қадамға барды. Ол мұхит түбін шамамен үш сағат шарлады. Алайда оның көп бөлігін әлі де ешкім көрген емес.

НТ: Мүмкін ол жерлерде аспан мен ғарыштағыдай романтика жоқ шығар?

СЭ: О не дегеніңіз…

НТ: Ой, мен мұны қателесіп айтқан сияқтымын. Жарайды, бәлкім, ол түнгі аспан тәрізді шексіздік сезімін бере алмайтын шығар…

СЭ: Адамдар мұхит жайлы бәрін білеміз деп ойлайды. Су бетіне көз тас­тасаңыз, мың жыл бұрынғы көрініске куә болатыныңыз анық. Өткен 30 жыл ішінде мұхиттағы балық қорының 90 пайызы шамадан тыс ауланып, толық қырылды. Маржан кедертастарының үштен екісінен астамы қатты бүлінген. Оның тағы бір себебі – ғаламшардың жылынып, мұхиттың қышқылдануы.

НТ: Орман отауды тоқтату, көлдер мен өзендерді, батпақты жерлерді сақтау бойынша жүріп жатқан жұмыстар олардың жер бетінде, көзімізге анық көрініп тұрғанынан деп ойласыз ба?

СЭ: Әрине! Ал мұхит сондай үлкен, сондай терең, сондай шыдамды. Ол – құртуға келмейтіндей алып. Солай емес пе? Шындығы сол, ол құрып бара жатыр. Неге қайдағы бір мұхит үшін қам жеуіміз керек?! Мұхитта енді тунец балығының болмауы кімді алаңдатады?

НТ: Ол болмаса, басқа балық жейсіз.

СЭ: Адамдар солай ойлап келді, бірақ басқа балық та қалмай барады. Айтайын дегенім, кейбір балық түрлері ондаған жыл өмір сүреді. Олар бірнеше айда өсіп-жетілетін тауық емес. Тауық бес килоға жетуі үшін, бәлкім, бір кило өсімдік қажет шығар. Сиыр бес кило салмақ қосуы үшін тоғыз килоға де­йін жемшөп қажет етер. Бірақ тунец көлемі әжептәуір үлкен балықпен қоректенеді. Оған қорек болатын балықтың өзі басқа балықты жейді. Ол балық та басқасын жейді, осылайша, шөпке жеткенше жалғасады. Сондықтан тунецке жеткенше он мыңдаған тонна планктон осы ұзын да шырмалған азық тізбегінен өтеді. Барлығы кішкентай бір суши тілімі үшін ғана!

НТ: Сіз мені есімнен тандырып жатырсыз. Бұл әңгімеден кейін маған ас бата қоймас.

СЭ: «Ас ішерде керек», не жеп жатқаныңызды білген жөн.

НТ: Ендеше, бізге ғаламшарға деген түсінігімізді қайта қарау керек шығар?

СЭ: Дұрыс. Адамдар «мен неліктен мұхитты ойлап бас қатыруым керек» дейді. Кім болсаңыз да, қайда ба­рсаңыз да, әрбір деміңізге мұхит үлес қосады. Мұхиттан Жердегі оттегінің көбі шығады, фитопланктон тәріздес титімдей жасыл өсімдіктер ауа қорын толтырады. Сондықтан өзімізді оның бір бөлігіміз деп санауымыз қажет. Біз бұл ғаламның қожайыны емеспіз.

НТ: Мен шытырман оқиғаларды жақсы көремін. Бірақ алға басқаларды жіберіп, өзім соңынан ергенді жөн көремін.

СЭ: Ендеше, жүріңіз мұхиттың сырын ашайық.

НТ: Келістік! Керемет! Теңіз түбіне жеткенше асықпын, тек аман барып-келсем болды.

СЭ: Иә, барып-келеміз. Ол – орындалатын шаруа.

Сильвия Эрл – 1982 жылдан бері Rolex және 1998 жылдан бері «National Geographic» қоғамының зерттеушісі. 1979 жылы түсірілген мына суретте ол мұхит астында (380 метр) тұр. Ол сол кезде адам баласы жетпеген тереңдікте екі сағаттан астам уақыт зерттеу жасады.

ТЕЛЕВИЗИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАДАН АЛЫНҒАН БҰЛ СҰХБАТ ҚЫСҚАРТЫЛЫП, РЕДАКЦИЯЛАНДЫ.

ФОТО: МАРК ТИССЕН, NGM ҚЫЗМЕТКЕРІ; УИЛЬЯМ КАЛЛЕН, КОНТУР: GETTY IMAGES

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля