2,5 миллион гектар жер қалайша таршылық етеді?

Аналық гризли мен оның қонжықтары Деналидің 148 шақырымға созылған «Саябақ жолында» «аю кептелісін» туғызды. Жаз сайын жекеменшік көліктердің кіруіне тек бес-ақ күнге рұқсат беріледі.

Саяхатшылардың көбі саябақ қызметінің автобустарымен келеді. Олар жабайы аңдарды кезіктіргенімен, сорайған шоқыларды көре алмай кетеді.
Саябақ қызметкерлері маусым айынан қыркүйектің басына дейінгі туристер үзілмейтін аралықты «жүз күндік хаос» деп атайды. Денали ұлттық саябағы мен қорығына жыл сайын саяхаттайтын 500 мың туристің басым бөлігі осы кезде келеді. Деналидің «Саябақ жолы» 148 шақырымға созылып жатыр. Жазғы таңда осы жол басталатын «Тұмса табиғатқа кіру орталығы» Манхэттен Порт басқармасының автобус терминалындағы қарбалас уақытқа қатты ұқсап кетеді. Онда, бір жағынан дыбыс зорайтқыштан автобусқа отырғызу уақыты хабарланып жатса, екінші жағынан, әр елдерден келген саяхатшылар билет кассасын қаумалап алатын.
Деналиге келушілердің көбі – кемемен саяхаттап жүрген жолаушылар. Олар саябақ пен оның бай табиғатын тек автобустың терезесінен тамашалайды. «Егер оңаша шыққыңыз келсе, оның да амалы бар, – дейді саябақ қызметкері Сара Хейс. – Мұндағы 2,5 миллион гектар алқапта жабайы аңдар еркін жайылып жүреді. Автобустан түскен кез келген адам онда бара алады».
Біз отырған автобус орнынан қозғала салысымен жұрт жапа-тармағай терезеге қарай ұмсына бастады. Біреулері фотоаппараттарын қолға алып, табиғаттың тамашаларын сан алуан тілде айта бастады.

Бұландар, аюлар, карибулар, қойлар және кей кездері қасқырларды көрген кезде фотоаппарат асынған саяхатшылар жүргізушіге «тоқтаңызшы» деп жалынады.
Бірнеше жолаушыдан нені көргісі келетінін сұрадым.
– «Бұлан!», «Гризли!», «Карибу!», «Қасқыр!» – деді олар.
«24 шақырым» деген белгіден кейін қыр жолына түскенде көліктер де көрінбей кетті. Тағы бірнеше шақырымнан соң ағаштар да ғайып болды. Аляска қыратының биік жоталары алыс-тан менмұндалап көрінгенде табиғат патшалығының бар сұлулығы көз алдыңа келеді екен. Жүргізуші жылдамдықты азайтты.
«Жасырынып тұрғанына екі апта болып қалды. Бүгін оны көруге үлкен мүмкіндік…» дей бергені сол еді алдымыздан биік таудың мұнарланған сұлбасы шыға келді. Көліктегі адамдар жан-жақтан: «Денали! Денали!» – деп жамырай дауыстады.
Солтүстік Американың ең биік шыңы саналатын, теңіз деңгейінен 6 190 метр биіктіктегі бұл таңғажайып тау әдетте, тіпті жылы күндері де ақ бұлтқа оранып тұрады. Тау – атабаск тілінде сөйлейтін үндістердің аңыз-әпсаналарында жиі айтылады. «Денали» сөзі атабаск тілінде «сорайған жалғыз» деген мағынаны білдіреді. Алтын іздеуші Уильям Дикки бұл тауға АҚШ-тың 25-Президенті Уильям МакКинлидің есімін 1896 жылы берген болатын. Осы оқиғадан бір жыл өткен соң, Мак-Кинли ел президенті болып сайланады.

Деналидің адам аяғы тимеген жүздеген тауының біріне шыққан альпинист «Рут» мұздығының жылтыр төбесіне қарай бет алды.
Өткен жазда Обама әкімшілігі атқарушы биліктегі құзыретін пайдаланып, таудың әуелгі атын қайтарды.
Деналиге жұрт көбіне тауды тамашалап, гризлиді немесе қасқырды алыстан болса да бір көру үшін келеді екен. Ал «сорайған жалғыз» жазда үш күннің бірінде ғана бұлдырап көрінеді. Сондықтан да 2010 жылға дейін туристер ғажайып таудан гөрі қасқырды көбірек ұшырататын еді. Алайда 2010 жылдан бері мұнда қасқырлар да сирек кездесе бастады. Саябақ биологтарының айтуынша, он жыл бұрын мұнда 100-ден астам қасқыр болса, өткен жылы олардың тек 50-дейі қалған. Деналиге бір жағынан осының себебін білу үшін келген едім. Біз мінген шаңғы шассилі ұшақ аэродромнан көтеріле бергенде ұшқыш Деннис Миллер шағын кабинада қаптаған темір-терсектің ортасында қысылып отырып: «Бүгін минус 34 градус (Цельсий өлшемімен) бола қоймас», – деп басын шайқады.
Бірнеше минут өткенде сол жақ құлаққаптан бүгіндікке алғаш рет қасқырдың дыбысын естідік – бұл радиоқарғыбау тағылған аңның дауысы болатын. Ұшақтың сол қапталындағы антенна оның сигналын қабылдады. Миллер ұшақты бұрып еді, дыбыс түзеліп, оңнан да, солдан да естіле бастады. Біз саябақпен шекаралас «Қасқыр ауданы» деп аталып кеткен жекеменшікке, мемлекетке және әкімшілікке тиесілі жерлер тоғысқан Стампид дәлізі үстінен ұшып өте бергенімізде қасқырлардың дауысы бұрынғыдан да қатты естіле бастады.
«Бұл – «Шығыс қанат» үйіріндегі аналық қасқыр. Қарашада осы жерден 15 қасқыр санағанбыз. Дегенмен екі апта бұрын, 6 наурызда қарғыбаулы арланның өлігін таптық. Содан бері тек бір үйірдің ғана ізін көрдім», – деді Миллер.
Сигналға ерген Миллер тоғайға қарай кеткен жалғыз қасқырдың ізімен өзен сағасын бойлай әрлі-берлі, жоғары-төмен ұшып келеді. Ол ұшақты бірден сол қанатына қарай аудырды да қайтадан қалыпты жағдайға келтірді. «Бұл арадан бір-ақ рет ұшып өткім келіп тұр, – деген ол рульді бұрып, ұшақты жерге қарай тағы да еңкейте түсті. – Мына жерде тұратын кейбір адамдар айналып жүргенімді көрсе, біз қарап жүрген тағыларды тауып, атып алуы мүмкін».

Кең арнасында өрім-өрім болып жайылатын Мак-Кинли өзені құрлықтың ең биік тауынан еріген суды ағызып барады.
Наурыздың төрт күнін бар назарын көкжалдарға аударған Миллермен және Ұлттық саябақ қызметінің биологтарымен бірге әуеде ұшып жүрдік. Саябақтан қасқырды байқаған сайын олар тікұшақ тобын шақырып, түз тағыларын ұстау үшін жерге қонады. Тағыларды тыныштандырған соң, қасқырға қарғыбау кигізіледі. Сосын дүниедегі ең ерекше тағылардың тән саулығы, мінез-құлқы мен генетикасына қатыс-ты қаны мен жүнінен анализ алып отырды.
Бұл – Деналидегі түз қасқырларын алғаш зерттеген ғалым Адольф Мюри бастап кеткен ғылыми ізденістің жалғасы. Мюри «Мак-Кинли» деп аталатын ұлттық саябаққа сан мәрте экспедиция жасаған. Соның алғашқысына 1939 жылы шыққан екен. Ол кезде қасқырлар зиян-кес жыртқыш саналатын, сондықтан саябақ қыз-меткерлері оларды көрген жерде атып салып отырған. Мюридің орасан еңбегінің арқасында, табиғи ортаның саулығы үшін қасқырлар мен басқа да жыртқыштардың рөлі ерекше екені, саябақтарды басқарғанда жануарлардың тек белгілі бір түрлерін ғана емес, тұтас эко- жүйені сақтауға тырысу керектігі дәлелденді.
Ағашы селдір, таулы белестері жабайы, табиғатты бақылауға өте ыңғайлы болғандықтан Мюридің ізімен басқа ғалымдар да Деналиге назар аударды. Осынау әлемде дүниеден ерекше көсіліп жатқан әлі де «жабайы» Америка саябақтар мен оларды қорғаушылардың рөлі туралы қате пікірлердің түбегейлі өзгеруіне әсер етті. Қазіргі таңдағы табиғатты қорғау құндылықтары мен ғылымға негізделген шешімдердің басым бөлігі де осы жерден бастау алған.
Сонымен бірге Денали жан тебірентер жабайы әлемге етене бойлауды армандайтын, нағыз шынайы табиғаттың құшағына еніп, онымен тамырластығын түйсінетін мыңдаған қарапайым туристерге зор ықпалын тигізеді. «Олар басында тек суретке түсіру үшін келеді. Әйтсе де, нағыз табиғи драманы көргеннен соң олардың жан дүниесінде өзгеріс болады. Сөйтіп, туристер мұндай аумақты қорғау керек деген ой түйіп қайтады», – дейді Саябақ бастығы Дон Страйкер.

Бөлтірігін жемтік аулауға баулып жүрген Батыс крик үйірінің арлан қасқыры қансонарда із салып барады. Екі қасқырдың мойынында биологтар таққан радиосигналды қарғыбау бар.
Денали – ғажабы мен азабы толы саябақ. Ол 1917 жылы далл қойларын және аңшылар атып алатын басқа да жануарларды қорғау мақсатында құрылған. Алғашында қызметкерлердің негізгі жұмысы шахтерлер мен теміржол салушыларға ет сататын браконьерлерді аңду еді. Шындығында, табиғатты пайдалану және қорғау арасындағы текетірес – ұлттық саябақтардың бәріне ортақ басты мәселе. Тіпті мұндай креативті қақтығыс әлі күнге үздіксіз жүріп жатқан Денали сияқты бірнеше саябақ бар.
«Саябақ ерекшелігі адамдарды шатастырады. Бір жағынан «жабайы» болғанымен, оның кей жерлеріне ұшақ ұшып-қонса, бір жерде адамдар аң аулап, тұзақ құрып жүр. Деналидің ерекшелігі – ол толық қоршалмаған. Сондықтан да оны басқару өте қиын», – дейді саябақ рейнджері Джон Леонард.
Стампид Роуд көшесіндегі үйінде кездескенімізде, Коук Уоллес менен: «Өткенде ұшып жүрген сіз бе? – деп сұрады. – Сіздер қасқырды радиосигнал арқылы аңдып жүрген шығар деп ойладық. Мен тіпті атып алатын бірдеңе бар ма деп сыртқа да шығып келдім».
Өзін «ауылдың қарапайым оңшыл консерваторымын» деп таныстырған Уоллес – әрі аңшы, әрі гид. Маған түрлі-түрлі қақпандары мен тұзақтарын, штативтің үстіне керілген қасқыр-дың үлкен терісін көрсетіп жатқан болатын. Дәл сол тұста Уоллестің телефоны шырылдады. Телефонының қоңырауы – қасқырдың ұлыған дауысы екен.
«Қалыптасқан пікір бойынша, мен – қасқырдың жауымын. Бірақ шындығында, мүлдем олай емес. Қасқыр – керемет аң. Ал мен, бар болғаны әрбір 5-7 жылда бір рет «қажетсіз» қасқырдың көзін құртып отырамын», – деді ол.
1999 жылы Уоллес «Саябақ жолында» радио-қарғыбау байланған Грант крик үйірі-нің аналық қасқырын атып алған екен. 2005 жылы саябақ шекарасының сыртында «Шығыс қанат» үйірі-нің тағы бір көшбасшы – аналық қасқырын қақпанға түсіреді. Сосын 2012 жылы ол қасқыр-лар көп жүретін алқапқа жылқының өлексесін сүйреп апарып, қақпан құрады. Бірнеше күннен кейін барса, «Шығыс қанат» үйірінің буаз қаншығы қақпанға түсіп қалыпты. Көршісі оның осы әңгімесін түгел растап шықты. Осыдан кейін оны өлтірмек болып қоқан-лоқы жасағандар көбейген көрінеді. Есесіне, бұл оның гид ретіндегі бизнесінің өркендеуіне көп септігін тигізіпті. Сол жылы Уоллес саябақ аумағында жиі жортып жүретін Грант крик үйірінің күшіктейтін жалғыз қаншығын ұстап алған екен. Соның кесірінен бұл үйірдің тұқымы жалғаспай, саны 15-тен 3-ке дейін кемиді.

Қасқырлар әдетте жемтігінің маңайын паналайды. Міне, мына бұлан олардың бірнеше күндік азығына айналуы да ықтимал. Саябақтың шекарасынан сыртқа шығып кеткендері аңшы оғы немесе қақпанынан мерт болмақ.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Уоллестің үйінің маңында адасып жүрген қасқырларды атуға тыйым салынған. Алайда Денали қасқыр-ларының ең әлсіз үйірлері шиеленіскен саяси тартыстардың қақпақылы болып келеді. Адольф Мюридің ізін жалғап жүрген әйгілі ғалым Горден Хейбер 2000 жылы аңшылардың саябақ шекарасына бойлай құрған қақпандарын байқайды. Басқалармен біріккен ол Алясканың Аңшылық басқармасын Стампид жолы мен Ненана шатқалының аумағын аңдарды атуға тыйым салатын буферлік аймақ етуге көндіреді. 2009 жылы Хейбер ұшақ апатынан қаза тапқан соң, Саябақ қызметі қорғалған аймақтың көлемін ұлғайтуға өтініш береді. Басқарма керісінше, буферлік аймақты мүлде алып тастау туралы шешім қабылдайды. Содан бері саябақ шекарасындағы көкжалдар аңшылар мен қақпан құрушылардың оңай олжасына айналған екен.
Саябақ қызметі жыртқыштардың санын шектеу мәселесінен ондаған жыл бұрын бас тартқан болатын. Алайда штат басшылығы кей жерлерде карибулар мен бұландарды көбейту үшін қасқырларды азайту бағдарламасын енгізді.
2013-2014 жылдары штаттың жыртқыштарды бақылау агенттері мен рұқсаты бар жеке аңшылар Ұлттық қорықтың Юкон-Чарли өзендерінің маңында ондаған қасқырды қырып тастады. Осының салдарынан қасқыр саны екі есеге азайды. Ең сорақысы, әлгі қырғынның ішінде Саябақ қызметі ондаған жылдар бойы зерттеу жүргізіп келе жатқан радиоқарғыбаулы бірнеше көкжал да оққа ілікті. Коттен мырза жыртқыштарды азайту бағдарламасының ғылыми негізі бар дегенінен танбайды. Алайда ұзақ мерзімдік тұрғыдан алғанда көкжалдардың жемтігі саналатын жануарлардың саны еш көбейе қоймаған.
Ал Уоллестің айтуынша, қасқырды азайту, Деналидің буферлік аймағын алып тастау шараларын баяғыда-ақ қолға алу керек еді. «Штат басшылығы федералдық үкіметке және табиғаттың қиялшыл жанашырларына доқ көрсетті ғой, – дейді ол. – Маған Деналидің қойларға арналған Мак-Кинли ұлттық саябағы болған кезі көбірек ұнайды. Кейін федералдық үкімет ANILCA-ны қабылдап, бізді мәжбүрлеп қойды».
1980 жылы АҚШ Конгресі Алясканың ұлттық деңгейдегі маңызды жерлерін қорғау туралы актісін (Alaska National Interest Lands Conservation Act – ANILCA) қабылдаған болатын. Ол бойынша 104 миллион акр жер ұлттық саябақ, орман және қорық аумағы деп жарияланды. Бұған қоса 50 миллион акр алқап жабайы табиғат санатына жатқызылып, қорғауға алынды. Кейіннен «Мак-Кинли» ұлттық саябағының атауы «Денали» ұлттық саябағы және қорығы деп қайта өзгертілді. Сосын оның аумағы 2-ден 6 миллион акрға дейін ұлғайтылды. Қорық аумағында үй-жайы барлардың жекеменшік құқығы сақталып, олардың аңшылығы мен қақпан құруларына да ішінара рұқсат етілді.

Өзі аңшы, өзі гид Коук Уоллес саябақтың сыртынан атып алған қасқырын алып барады. Штаттың аңшылық мекемелері 2010 жылы Деналидің айналасындағы атуға тыйым салынған буферлік аймақтағы шектеуді алып тастады.
ANILCA – АҚШ тарихындағы табиғат қорғау саласының ең ірі жеңісі саналады. Алайда аляскалықтардың көпшілігі оны федералдық үкіметтің штат жерін бақылаудағы шарықтау шегі деп есептейді. 1978 жылы Президент Джимми Картер Алясканың 56 миллион акр аумағына ұлттық ескерткіш мәртебесін бергенде Фейрбанкс халқы наразылық шарасын өткізді. Шеруге шыққандар президенттің қуыршақ бейнесін де өртеген еді. Ол кезде Уоллес жап-жас бала-тұғын. Ал 1979 жылы саябақ маңындағы қала тұрғындары «Деналидің үлкен бүлігін» ұйым-дастырды. Олар саябақтың ішіне шеру жасап, оқ атты, от жақты және басқа да қарсылық шараларын көрсетті.
«Мен болған жердің барлығында жұрт өздерінің ұлттық саябақтарын жақсы көреді, – дейді Деналиге келгенге дейін АҚШ-тың басқа бөліктерінде орналасқан бақандай бес саябақты басқарған Страйкер. – Мұнда бұрынғы оқиғалар қарым-қатынасқа сызат түсірген. Халық бұл аумақтың ешқашан штатқа қарамағанын, оның әу бастан федералдық жер болғанын түсінбейді. Бір жағынан, саябақтарға мән бермей, екінші жағынан, оның штатқа тигізіп жатқан пайдасының барын, әсіресе, экономикалық табысын елемеу – дұрыс емес».
Наурыз айының ортасы. Кэш Криктің жанындағы шатырлы лагерьдегі лашыққа басыңды сұққанда әлгі дау-дамайдан да, басқасынан да мүлде алыстай түсесің. Ит жеккен экспедицияға шыққалы бүгін үшінші күн. Ауа температурасының минус 25 градусты көрсетіп тұрғанына да үш күн болды. Кенеп күркенің астына қайта кірейін деп оқталдым да, көбінесе қыстыгүні көрінетін Деналиге көзім түсіп кетті. Оның ұшар басы күн сәулесіне шағылыса жарқырап тұр екен.
Шатырдан шықсам, жұрттың бәрі иттерге қарап тұр. Отыз шақты ит ырылдап, өршеленіп үре бастады. Мұндай алыс аудандарда қыс мезгілінде саябақ шекараларын күзетуге, жабайы табиғатты зерттеуге, жолдарды тазалауға, үйшіктерді жөндеуге, сондай-ақ қажетті саймандарды тасымалдауға әлі күнге иттер жегілген шана пайдаланады. Ал Деналидегі ит шаруашылығының жазғы шоуы – саябақ қызметкерлері ұсынатын аса танымал бағдарламалардың бірі.
«Иттер бізді өткенімізбен байланыстырады, әрі көпшілігіміз үшін кездесе бермейтін ерекше нәрсені көрсетеді, – дейді ит шаруашылығының менеджері Дженифер Рафаэли. – Қыста итшана сая-бақ ішінде жүріп-тұруға арналған бірден бір сенімді әрі қолайлы көлік. Моторлы шанадан бір ерекшелігі, иттер жолға әрқашан да дайын. Сосын техникада жоқ ерекше қасиет – сақтану инстинкті олардың бойында бар».

Денали рейнджерлері белгіленген шекарадан бір шақырымдай ішкері еніп, саябақтың аумағында бұлан атып алған екі браконьерді ұстады. Олардан жануардың тушасы тәркіленді.
Түстен кейін аяз сынып, біз итшаналармен үш топқа бөлініп, керуендетіп Уандер көліндегі (рейнджерлер) қорықшылар бекетіне жол тарттық. Түнгі сағат екіде иттерді тынығуға жайғастырдық. Ал өзіміз үйшіктен шығып, поляр шұғыласының көз арбайтын ғажайып сұлулығын тамашаладық.
Рафаэли: «Деналиге келушілердің көбі осыны толық тамашалай алмайды. Дегенмен иттердің арқасында ол жерлерге де баруға болады», – дей бергенде барлығымыз аспанды шарпып өткен алуан түсті пердеге аңтарыла қарап қалдық. «Қыс кезінде осындай адам сенгісіз мамыражай тыныштық та орнайды екен-ау», – деп сөзін жалғастырды ол.
Арада үш ай өткенде, маусымның соңына таман мен мүлдем өзгеше Деналиді көрдім. Кешкі сағат сегіз, ал мен «Саябақ жолындағы» кептелісте бір орыннан тапжылмай тұрмын. Жол шетінде екі бұзауын ерткен ұрғашы бұлан қаздаңдай басып кетіп барады. Жүргізушілер тоқтай қалып, оларды камераға түсіріп алмақ болып жанталасып жатыр.
1960-жылдары Адольф Мюри саябақтың ортасына қарай тасжол салу жоспарына үзілді-кесілді қарсы шықты. Кейін саябақ қызметі тасжолдың тек алғашқы 24 шақырымын ғана салу туралы ұйғарым жасап, ол жартылай жеңіске жеткен еді. Алайда келушілер саны артқан сайын тар жолға адам сыймай, ол қауіпті бола бастады. Мұншама көліктің жабайы табиғатқа тигізер зияны да алаңдатты. 1972 жылы Денали көлік санын азайту мақсатында Америка саябақтарының ішінде алғаш болып үлкен транзиттік жүйе жасады. Кейіннен басқа саябақтарда да сондай жүйе іске қосылды.
Деналидің жазда ғана баруға болатын терең түкпірлерін бір апта бойы аралап, табиғаттан рухтанып, керемет күш-қуат жинадым. Сапар аяқталар тұста «Шығыс тармақ» үйшігінде аз-маз аялдау бақытына да ие болған едім. Бұл Мюридің қасқырлар мен қойлар арасындағы қарым-қатынасты зерттеген базасы еді. Жас эколог үшін, бұл – арманның шындыққа ұласуымен пара-пар. Мұнда табиғатпен етене қалуға, тағы аңдарды дүрбі және фотоаппарат арқылы қызықтауға керемет мүмкіндік бар. Осының бәрін тек қағаз-қалам сияқты қарапайым құралдармен, шымыр аяқтың күшімен зерттеуге тура келеді. Мюри негізінен үйшікке жақын маңдағы Токлат өзенінің шығыс тармағы алқабын мекендеген қасқырлар тобын зерттеген.

Джули Коллинс үйінің алдында иттеріне тамақ беріп жатыр. Оның саябақ маңында, тұмса табиғатта тұрып жатқанына 50 жылдан асты.
Вашингтондағы бастықтары Мюриден құрғақ монография күткен болар. Ал ол болса, «МакКинли тауының қасқырлары» деп аталатын дүниетану ғылымында ерекше бағаланған классикалық еңбекті ұсынды. 1944 жылы тұтас кітап болып шыққан бұл зерттеу әлемнің назарын Токлат-Шығыс тармағы алқабына аудартты. Мюри осы кітабында алғаш болып түз көкжалдарының өмір кезеңдері мен қарым-қатынас-тарын, тұтас экологиялық жүйенің жұмысын толық сипаттап берген еді. Аңдардың айналасындағылармен ара-қатынасы әлдеқайда күрделі екенін түсінген Мюри қасқыр, тау арыс-тандары, койоттар секілді жыртқыштарды жою саясатына қарсы күресті қолға алды.
Осы ұстанымы үшін Саябақ қызметіндегілер мен оның айналасындағылар Мюриді жақтыра қоймады. Дегенмен ол өзінің зерттеулері жайында ғылыми-көпшілік журналдарға дүркін-дүркін мақала жазды. Ондай мақала шыққан сайын Америка қасқырларының даңқы арта берді. Осылайша, қасқырлар – Деналидің ерекше символына айналды.
Үйшікке келе жатқан жолда автобус жүргізушісі жолаушылардан: «Үйлеріңізге қайттыңыздар ма? Әр сағат қарбаласқа толы деп ойлайсыздар ма?» – деп сұрады. Саналы ғұмырым-ның басым бөлігінде уақытпен жарысып жанталасам деп жүріп, одан ұтылғанымды мойындағым келмеді. Сондықтан да қолымды көтермедім.
Сол күні түс ауа қалғып кетіп, ояндым. Ескі әдетпен телефонды тексермекші болдым да, кілт тоқтадым. Мұнда ешкімге хабарлама жазып, қоңырау соға алмайсың. Мұнда сағаттың әмірі жүрмейді. Үйшіктің маңайында жаяу жүріп, Мюридің еңбектерін оқып, Эмерсон айтпақ-шы, өзімді «табиғаттың ырғағына» бейімдеп, үш күнімді өткіздім. Жолға қарай жаяу қайтып бара жатып қым-қуыт автобусқа мінуге де, әлемде болып жатқан жаңалықтарды білуге де зауқым соқпады.
Тіпті саябақтың ішіндегі жаңалықтар да көңіл көншітерлік болмай шықты. Қасқырлардың саны туралы соңғы зерттеу нәтижелерімен таныстым (олар әлі аз екен). Сосын өткен қыстағы сапарымда табылған қасқырдың қанталаған өлексесіне жасалған аутопсия қорытындыларын білу үшін Стив Артурдың кеңсесіне бас сұқтым. Артурдың командасы Шығыс тармақ үйірі қаншығының денесін қардан аршып алғанда, оның мойнында қақпан болған екен. Бейшара қасқыр қақпанды қазығымен қоса жұлып алып, қансырап өлгенше саябақты кезіп жүрген көрінеді.

Саябақтың маңындағы үйінде, атып алған аңдарының ортасында демалып отырған гид әрі ұшқыш Рэй Аткинс. Аляскада гид болу – зор табыс көзі. Аткинске 8-10 күндік аңшылық сапардағы қызметі үшін 14 мың доллар төленеді.
Мамырда Артурға телефон шалған аңшы, сая-бақтың сыртындағы Стампид соқпағында (бұл аю аулау бекетінің маңы болатын) радиоқарғыбау салынған қасқырды заңды негізде атып таста-ғанын айтыпты. 2012 жылы штаттың аңшылық органдары аса кереғар кәсіп – аю аулауға (аюды атуға рұқсат беретін штаттардың көбінде оны аулауға тыйым салынған) берілген рұқсаттың ауқымын кеңейтіп, аулауға болатын аңдар қатарына гризлиді де қосқан. Көктемдегі аулау науқаны қаншықтардың күшіктеу кезеңімен сәйкес келгендіктен, буаз не жаңа күшіктеген қасқырлардың өміріне қауіп зорая түскен еді.
Оқиға болған жерге жеткенде Артур тағы бір қасқырдың өлексесін тапты. Ол радиоқарғыбауы жоқ, буаз қаншық екен. Екеуі де көп жапа шеккен Шығыс тармақ үйірінің қасқыры болып шықты. Басқа жыртқыштардың мойындарындағы GPS мәліметтеріне қарағанда, бұл маңайда басқа қасқырлар да жүр. Артур штаттың жабайы табиғатты қорғау мекемелеріне арыз айтып, бұл аймақта қасқыр аулау мерзімін ертерек аяқтау туралы ұсыныс жасады. Ресми билік бір ретке қасқыр аулау уақытын екі аптаға кері шегеруге келісті.
Деналидің қысы мен жазын қатар сезініп өткізген бес апталық сапарым тәмамдалар тұс тақаған еді. Осы кезде тәуекел деп тылсым дүниеге тағы бір сүңгіп қайтар соңғы сәттің туғанын түсіндім. Өйткені жаяу саяхатшылар автобусының артқы орындығында отырып, Ток-лат өзеніне қарай алдымен өрлеп, сосын қайта құлдилайтын әдемі жолды байқаған едім.
Таулар, көлдер арасында адасып кетсем-ау деген мысықтілеумен ешқандай карта алмастан жолсыз табиғатқа қарай жорғалап келем. Арғы беттен біршама алыста секілді көрінгенімен, жақын тұрған шатқалды байқадым. Жарты күндік серуен деп бастаған бұл сапарым сегіз сағатқа созылды. Бұған еш қамыққан жоқпын, себебі бойыма қажетті күн сәулесін алдым. Жолға қарай аяңдай келе өзімнің аюлар жайлаған алқапта келе жатқанымды аңғардым. Аузымды ашып, сөйлей бердім де, төбеден ылдиға қарап, 200 метрдей төмендегі көлшікте салқындап жүрген алып еркек гризлиге көзім түсті. Дауысымды естігенде ол артқы аяғымен тұрып, жан-жағына күлкілі кейіппен қарады. Оның бұл тұрпаты ешқандай да жыртқыш емес, балаға ұқсап кетті. Сосын аю жағаға шығып, аз кідіріп, сілкініп-сілкініп алды да, маймаңдай басып тауға қарай кетіп қалды.
Aвтобустан шықтым да, тауды жаяу аралау үшін осы арадан менімен бірге түскен саяхатшыдан қашықтай бердім. Әлгі жолаушының сөмкесінде төрт күндік тамағы, қолында ламинатталған картасы бар екен. Одан қайда бара жатқанын сұрадым. Көздері күлімдей қараған ол карта ұстаған қолын тау мен шатқал, өзен мен аспан астасқан тылсым әлемге қарай құлаштай сермеп: «Әйтеуір мына жақтарға қарай», – деп жауап берді.
Авторы: Том Клайнс
Фото: Аарон Хюэй