Малала Юсуфзай дүниеге келген кезде Пәкістандағы ауылдастары оның ұл болмағанына кейіп, ата-анасына аянышпен қараған екен. Қазір 18-дегі Малала Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының ең жас иегері ретінде әлемге әйгілі болды. Оның саясат сахнасына қадамы 11 жасында, талибандықтарға қарсы күрескен блогер ретінде басталған-ды. Осы жолда өміріне жасалған қастандықтан да аман қалды. Кейіннен дүниежүзінде білім беруді қолдау мақсатында «Малала» қорының негізін қалады.
– Егер сіз қазір Пәкістанда тұрып жатсаңыз, біліміңіз болмаса, онда өміріңізді қалай елестетер едіңіз?
– Менің екі не үш балам болатын шығар. Қазір жасымның 18-де болғанына, солай бола тұра әлі тұрмысқа шықпағаныма қуанамын. Білімсіз адам өз өмірін басқа біреудің жетегінде өткізеді. Лаңкестік әрекеттер жиі орын алатын, қыз баланың мектепке барып, білім алуына тыйым салынған қоғамда мен ойымды ашық айтудан сескенген емеспін. Өміріме қастандық жасалады деп қаймыққан да жоқпын. Мен тәуелді болудан қорықтым. Білім нәрінің сусынына қанбай, дәрігер не мұғалім секілді қалаған мамандық иесі бола алмай өмір сүруден қаймықтым. Қазіргі таңда қыздардың көбі арыла алмай жатқан мұңға толы өмірді сүруден қорықтым.
– Қыздардың жоғын жоқтайтындай батылдық бойыңызға қайдан бітті?
– Ата-анам үнемі мені қолдап, ойымды ашық білдіруге, мектепке барып, білім алуға құқығым бар екендігін айтып отыратын. Дәл осындай құқық Сват жазығындағы көптеген қыздарға, соның ішінде менің жақын құрбыларыма берілсе ғой. Егер олардың ата-анасы да солай істесе, қыздардың білім алу құқығы туралы ойымызды бәріміз бірге ашық білдірер едік. Айтайын дегенім, менің басқа қыздардан еш айырмашылығым жоқ. Егер құқық берсе, менен де жақсы пікірлер айтатын батыл қыздар көп болатын. Алайда тағдыр оларға ондай мүмкіндік бермеді.
– Балалардың қолынан бірдеңе келе ме?
– Әлемде білімнен шеттетілген 60 миллионнан астам қыз бала бар. Мен солардың атынан сөйлеу бақытына ие болып отырмын. Әйтсе де әр бала үшін өз үнінің әлемге естілетініне сену, өз үнінің күші бар екеніне сену аса маңызды. Қанша жаста екеніңіз шарт емес, өзіңізге сенуіңіз керек. Болашағымыз жарқын болсын десек, дәл қазірден бастап осы іске кірісуге тиіспіз. Дүниежүзінде миллиондаған бала бар. Егер осы миллиондаған бала жұмылса, олар қуатты әскерге айналар еді. Сонда басшылар да балалардың сөзіне құлақ асар еді.
ФОТО: ДЖОН РУССО