23 жастағы әуе-ғарыш инженериясы мамандығының студенті Эмили Бриер Қызыл ғаламшарға Жердегі хат-хабар жүктелген шағын уақыт капсуласын жіберуді көздейді. Осы жоба басшысы ретінде ол Құрама Штаттар бойынша барлық колледж студенттерін осы мақсатты бірге орындауға шақырды.
— Ғарыш кемесі бөгде ғаламшарлықтармен тілдесуге арналған ақпарат тасымақ. Сонда сіз кіммен байланыс құрмақсыз?
— Уақыт капсуласы адамзатты Марс ғаламшарына аяқ басып, оны игеруге шақырады. Күндердің күні ол жаққа көшіп барғанымызда уақыт капсуласы National Geographic мұражайында немесе Смитсон институтында қаншалықты алға ілгерілегеніміздің белгісі ретінде тұратын болады.
— Уақыт капсуласын қалай құрастырмақсыз?
— Бұл жұмысты қолжетімді бағада – дүкендегі етік қорабының көлеміндей CubeSat ғарыш кемесімен орындауға болады. Жобаға қатысу үшін студент болуыңыз керек. Біз әртүрлі университеттерде алуан түрлі қосалқы жүйе құрамыз. Мәселен, Массачусетс технология институтының зертханасы иондық электрлі қозғалысты сынақтан өткізуде. Ал Стэнфорд зертханасы ғарыш аймағын зерттеуде. Біз осынау үлкен ғылыми міндетті орындауға атсалысатын қосымша күшпіз.
— Уақыт капсуласы неден құралмақ?
— Капсула дүниежүзіндегі адамдар жүктеген цифрлық суреттерден, бейнежазбалардан және дыбыс жазбаларынан тұрады. Ондағы ақпарат Жер ғаламшарының толық әрі анық бейнесін қамтамасыз еткенін қалаймыз. Біз Марс ғаламшарына бір елдің немесе жекеменшік компанияның мүддесімен емес, адамгершілік тұрғысынан қараймыз.
ФОТО: РЕБЕККА ХЕЙЛ, NGM ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ
АТАЛМЫШ МАҚАЛА КӨЛЕМІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ БОЙЫНША ӨҢДЕЛІП, БАСЫЛДЫ