..."/>
БЕЗ РУБРИКИ

Алып ағаш аңыздары

Іңір қараңғылығы қоюланып қалған кез еді. Жаркент қаласындағы қонақ үйдегі үкінің ұясындай бөлмеде екі адам теледидар хабарын көріп отырғанбыз. Көз алдымызда – Латвия өңірі. Оператор объективі экраннан бойы алты қабат үйдің биіктігіне жететін, діңінің жуандығы төрт-бес метр келетін ағаш көрінісін жайып салды. Диктордың сөзіне қарағанда Балтық бойы ормандарында бұдан асатын алып жоқ. Мамандар оның қай уақыттан бері өсіп тұрғанын да анықтап, есептеп қойған. Емен 330 жаста болып шықты. Бірақ… иә, бірақ соңғы кездері ол уақыт сынына шыдай алмай сыр бере бастапты. Бұл жағдай ағаштың ұшар басындағы бұтақтарының қурап, ондағы жапырақтардың солғын тартуынан анық байқалған. Мұны көрген латыш бағбандары табиғаттың өз еліндегі қайталанбас осы бір сыйын қаз-қалпында сақтап қалу үшін бар күш-жігерлерін жұмсайды. Олар биолог ғалымдардың ақыл-кеңесі бойынша арнайы жасалған шприц арқылы емен діңіне «укол» жасап, ауруға шалдыққан бұтақ тармақтарының клеткаларына минералды қоректік сұйық заттар жіберіп отырады. Соның нәтижесінде алып ағаш тіріліп, қайтадан бұрынғы қалпына келген. Таңданарлық әрі риза боларлық оқиға!

– Мұндай алып ағаш бізде де бар ғой, – деді жанымда отырған осы өңірдегі өлкетанушы ұстаз Қали деген жігіт.

– Солай ма?

Осылай деп оған бұрылған мен одан өзі білетін сол мәселе туралы айтып беруді сұрадым. Оның әңгімесіне қарағанда, бұл өңірде діңінің көлемі киіз үйдің орнындай үлкен бәйтерекке тең келер ештеңе жоқ сияқты. Өзі ес білгелі бері ол ондай алып қарағашты басқа жерден кездестірмеген, көрмеген. Жаркенттен 15 шақырым жерде өсіп тұрған оны жергілікті жұрт «Жуан ағаш», «Жалғыз ағаш» деп атағанымен, табиғаттың бұл сыйының нендей құпиясы барлығын жөнді білмейді.

Келесі күні әлгі жерге бару үшін аудан орталығынан ертелетіп шығып кеттік. Суы сылдырай ағып жатқан Өсек өзенінен өткен соң, машина батысқа бағыт түзеді де жыңғылды тоғайға келіп кірді. Содан соң белес-белес құм бұйраттар басталып, ол қызыл керіш топырақты аңғарға дейін бізден қалмай ілесіп отырды. Сай ішіндегі арантіс тастар, қос қапталдағы төбе беткейлерін жаңбыр суы шайып, жел мүжіген жартастар кім-кімге де болмасын Майн Рид пен Фенимор Купер шығармаларында суреттелетін Орталық Американың Кордильер тауларын, Колорадо шыңырауларын еске түсіргендей. Айтып айтпай не керек, осы аңғар нағыз шытырман оқиғалы фильм түсіруге лайық жер сияқты. Детективті киноға бұдан артық табиғат фонын іздесең де таппайсың.

– Міне, алып ағаш!

Қали нұсқаған жаққа жалт қарағанымызда бәріміз де сілейіп тұрып қалдық. Керемет! Қарсы алдымызда жеке дара орман тұр. Сөйтсек, орман дегеніміз түйенің беліндей бұтақтарын жан-жаққа жайып жіберген жалғыз қарағаш екен де, қарағаш дегеніміз бір шоғыр орман болып шықты. Жаңылтпаш сияқты бұл сөйлемнің мәнін дұрыс түсініңіздер, құрметті оқырман. Іздеп келген алып қарағаштың сырт көрінісі алғаш көрген адамға шынында да нақ осындай әсер қалдырары анық. Неге десеңіз оның діңінің өзі киіз үйдің орнындай жерді алып жатыр. Бәйтеректің биіктігі 15-17 метрге дейін көкке бой созған да, оның жан-жаққа тараған көп бұтақтарының ішіндегі ең ірі төртеуі өз салмақтарын көтере алмай төмен иіліп, жерге жеткен соң қайта жоғары көтеріліп төңіректі кезіңкіреп кеткен. Алгебрадағы синусоида сызығы сияқты ирелеңдеген ол томардай бұтақтардан тараған өскіндер қаншама? Міне, мұның бәрі табиғаттың сирек кездесетін осы бір сыйының алып жатқан жер аумағын одан әрі үлкейтіп, сырт көрінісін сұсты етіп көрсете түскен. Ол тамырлары топырақтан адырайып шығып жатқан, түйенің беліндей бұтақтары айдаһардай бүктетілген зәулім қарағаш емес, жерді темір топшы болат тұяқтарымен бүре шеңгелдеп қалғып кеткен алып самұрық секілді. Оның айналасында бізден гөрі ертегідегі тау көтерген Толағай жүрсе, ал анау сәйгел қуып келген сиырлардан гөрі бұл алып ағашқа динозаврлар көлеңкелеп, мамонттар сүйкенсе жарасатындай. Олай дейтініміз бұл ғаламат қарағаштың өзі ерте дәуірден қалған бір белгі сияқты.

Табиғаттың осы бір сирек көрінісін сырттай тамашалап болған соң біз енді оның бүкіл болмыс-бітімімен жекелей танысып көруге бел байладық. Алғаш назар аударған нәрсеміз ағаш түбінен бұрқылдай қайнап шығып жатқан тұма бұлақ болды. Бұрын ол діңге жабысқан білектей тамырлардың бәрінің ара-арасында сыртқа сыздықтай шапшып тұрған екен. Кейін мұның көпшілігі өз-өзінен суалыпты да аталмыш ылғал көзі ағаш түбінің тек бір жағында қалыпты. Бәйтерек көлемінің осынша жуандауына, ондағы сансыз бұтақ, жапырақ атаулының өсіп, қурап қалмауына мынау бұлақ тарамдары өз кезінде аз еңбек сіңірмеген сияқты. Тоқ етерін айтқанда, көкжасыл өсімдік атаулыға бірден-бір қажет су мөлшері бұл жерде күні кешеге дейін жеткілікті болған. Ал сол «фонтандардың» мына біреуінен басқасы соңғы кезде неге тартылып қалып, жоқ болып кетті, бұл біз үшін белгісіз жұмбақ нәрсе. Осыларды байқай келіп қарағаштың тап түбінен оның ұшар зау басына көз салдық. Төбеге қарасаң тақияң түсер биіктіктің бәрін киіздей ұйысқан жапырақтар өскін шыбықтармен бірге бытыса араласып торлап тастаған. Бұл жерден көк жүзі көзге анық көрінбейді, қуатты деген күн сәулесінің өзі жаңағы кедергілердің әсерінен ағаш түбіне бозамық боп әрең жетіп тұр. Алып ағаштың алып бұтақтары-ай! Сөз орайында біз түйенің беліндей олардың әрқайсысы жаңадан салынып жатқан бір-бір үйге мықты белағаш боларлық десек ешбір қателеспес едік.

– Мұның діңінің аумағын қалай өлшесек екен?

– Құшақтап көрейік, – деді бізбен бірге еріп келген осы өңірдің тумасы Молот атты ағамыз. – Осы бәріміз бір-бірімізге қол ұшын беріп шеңбер жасасақ, ағаш түбінің көлемі белгілі болып қалар.

– Дұрыс! Табылған ақыл!

Біз бұл жерге алты адам боп келген едік. Аудандық су шаруашылығының бастығы Тоқтарбай, мектеп директоры, өлкетанушы Қали мен ұстаз Молот, жүргізуші Қадыр мен орманшы Ахметжан  және газет тілшісі мен болып бәріміз алып ағашты қоршай тізілгенімізде оған құшағымыз жетпеді. Не істеу керек ? Осы кезде беткейдегі қой-ешкі қайырып жүрген бір қарттың бұлаққа жақындап келе жатқанын көрдік. Біз ол кісіге жамырай сәлем бердік те, қызық үшін істеп жатқан мына тірлігімізді айтып, ақсақалдың қатарға тұруын өтіндік. Міне, сонда ғана… Иә , сонда ғана барып жеті адамның құшағы алып ағашты әрең орады-ау!

– Сендер менен:  «Мына бәйтерек бұл жерде қашаннан бері өсіп тұр , ол жайында ел арасынан қандай аңыз әңгіме естідіңіз, осы қарағаштың жас мөлшерін анықтауға бола ма?» – деп сұрайсыңдар. «Көпті көрген басымыз, көп жасаған жасымыз бар»,– демекші сол сауалдардың бәрі болмағанымен, біреуіне шамамен былай деп жауап беруге болады шырақтарым.

Бұлақ басында жаңа бір әзірде ғана танысқан Мұқан атты ақсақал осылай деді де бізге мына бір жайды баяндады. Қазір бәріміз алқа-қотан отырған мына жерден алты шақырымдай қашықтықтағы зиратта бұл кісінің атасы, әкесі жерленген екен. Атасы 80 жасында, әкесі 75 жасында дүние салған. Мұқаңның өзі биыл 75-ке келіпті. Міне, осы үш ұрпақтың әр кезеңдегі өмір сүрген перзенттері ғұмырынан куә боларлық дерек мынау. Ол – өзіміз сөз етіп отырған алып қарағашты бұл кісінің атасының ең алғаш байдың малын бағуға жараған бозбала шағында, ал әкесінің 7 жасында, өзінің 11-ге шығар кезінде көргендігі. Демек, бұдан мынау бәйтерек осы өңірде кемінде бір ғасырдан бері өсіп, өркен жайып тұр деп қорытынды жасауға болатын сияқты.

…Жетісу өңіріндегі бір жетілік жолсапарымыз аяқталып, Алматыға қайтып оралған соң өзіміз көрген алып ағаш бейнесі көз алдымыздан көпке дейін кетпей қойды. Сондағы алған ұмытылмас әсер келе-келе: «Еліміздің орман, тоғайларында кездесетін осындай сирек құбылыстарды ботаник мамандар есепке алып, оларға зерттеу жұмыстарын жүргізген бе? Егер ондай жұмыстар атқарылған болса, солардың қатарында Қазақстандағы өзіміз көрген жойдасыз алып қарағаштың да аты аталып қалуы мүмкін-ау? Ғалымдар сонда оған нендей ғылыми анықтама берді екен?» – деген ойларға жетелегенін қазір тіптен жасырғымыз келмейді. Оған: «Жалпы бір жерде, бірдей жағдайда, бір топырақтан нәр алып, бір ауамен демалып өсіп, өніп тұрған ағаштардың арасынан мұндай кереметтер қалай пайда болады? Оның қатарындағы басқа тұқымдас, туыстары неге сондай дәрежеге жетпеген? Биологтар осы құпияны бізге айтып берсе жақсы болар еді»,– деген сұрақтардың да қосылғаны бар.

Міне, осыларға жауап табу үшін көптеген энциклопедиялық анықтамалықтарды алып ақтаруға тура келді. Сөйтсек өзіміз сөз етіп отырған табиғат ғажайыптары бұрынғы посткеңестік елдер бойынша алты республикада бар екен. Соның алғашқысы Украинаның Хартица аралығындағы кәрі емен дер едік. Оның жасы қазір 700 жылдан асып кеткен. Биіктігі 36 метр, діңінің жуандығы 6 метр 32 сантиметр, әрқайсысының диаметрі 80-100 сантиметрден келетін 18 ірі бұтағы бар бұл ғасырлар құрдасы өз заманындағы көптеген оқиғалардың тірі куәсі саналады. Оның саялы түбіне гетман Богдан Хмельницкий өз әскерін жинаған. Азамат соғысы жылдарында бұл жерде С. М. Буденныйдың атты әскерлерінің дала госпиталі уақытша орын теуіп, нөсер жаңбырдан паналаған. Ұлы Отан соғысы кезінде гитлершілдер оны кесіп алып, Германиядағы ботаника музейіне экспонат етіп қоймақ болады. Бірақ Қызыл армияның қуатты шабуылы фашистердің ол ниетін жүзеге асыртпай тастаған. Қазір бұл алып емен баяғы сұсты да маңғаз қалпында көкке бой соза жапырақ жайып тұр.

Сөз орайында айта кетейік, екінші бір алып – Өзбекстанның Сайраб елді мекеніндегі шынарды Украинадағы кәрі еменнің құрдасы деуге болады. Биіктігі 26 метр, діңінің диаметрі 4 метр, оның жасы да 700 жылдан асып кеткен. Қазан төңкерісіне дейін осы шынардың жаңбыр өтпес саясының асты керуеншілер тоқтайтын бекет болса, азамат соғысы кезінде онда 81-ші атты әскер полкінің азық-түлік қоймасы орналасқан. Ал қазіргі таңда бұл жер арлы-берлі өткен жүргінші туристердің сүйікті мекені. Алып ағаш түбіндегі сусын, дайын тағамдар сататын буфетке аялдаған жолаушылар мұнда жүрек жалғауға тоқтайды, әңгіме-дүкен құра отырып, көңілді демалады. Осындай бір үшінші керемет Ресейдің Калининград облысындағы Ладушинский май заводының территориясында өсіп тұр. Биіктігі 40 метр, жуандығы 6 құшақ ол еменнің төңірекке жайылып кеткен бұтақтары 300 метрге көлеңке түсіреді. Орман өсірушілерден арнайы жасақталған комиссия оны егжей-тегжейлі зерттеп болған соң, бұл алыптың жасы 800 жылдан асқанын, тағы да кемінде 200 жылдай өмір сүре алатынын айтқан.

Өкінішке қарай… иә, өкінішке қарай энциклопедиялық көптеген анықтамалықтарға кірген жоғарыдағы кереметтер тобының қатарында біздің Қазақстандағы қарағаш жоқ болып шықты. Демек, ол зерттелмеген, мамандарға мұның адресі әлі белгісіз деген сөз.

Енді оқырмандарды қызықтыратын: «Осындай алып ағаштар қалай пайда болады? Мамандар оның жасын нендей тәсілге сүйеніп есептеп шығарады?» – деген сауалдарға жауап берелік. Жаратылыстану ғылымының әбден зерттеліп, өмірде өзін-өзі ақтаған тәжірибесіне қарағанда бір жерде, бірдей жағдайда өсіп тұрған ағаштардың ішінен біреуінің ойда жоқта жуандап кетуі сондағы клеткалардың бөлінуін тездететін камбий деген катализаторға тікелей байланысты екен. Мұны бізге айтқан – биология ғылымдарының кандидаты Қуанышбек Сыбанбеков. Ол қандай зат сонда? Оны түсіну үшін мынадай жайды көз алдыға елестетелік. Егер сіз кез келген шыбықты кесіп алып, оның қабығын аршысаңыз, қолыңызды балықтың шырышы сияқты жабысқақ нәрсенің тұтып қалары анық. Камбий дегеніміз міне, осы. Бұл сұйық шырыш ағаштардың өсуін, жуандауын, жерден нәр алатын тамырлардың тереңге кетуін тездетеді. Клеткаларында камбий жеткілікті бәйтеректер ауа райының қиыншылықтарына төтеп беріп, өмір сүруге бейімділік қабілеті өте күшті болады.

Ал, ғалымдар жоғарыдағы өзіміз сөз етіп келе жатқан алыптардың жасын қалай анықтап жүр, енді соған келейік. Бұл жайындағы бір тәжірибе бізге ерте кезден бері белгілі емес пе, құрметті оқырман! Ол ағашты арамен кесіп, түбіндегі өзектен басталатын ирек-ирек шеңбер сақиналарды санау еді ғой. Сонда оның қанша жыл өмір сүргендігі белгілі болып шығатын. Бірақ бұл тәсілді өзіміз әңгімелеп отырған табиғат кереметтеріне қолдануға болмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Себебі олай істесек, онда ғасырлар бәйгесінен озып келген көненің көздері өмір сүруін тоқтатады, жер бетінен мүлде жойылып кетеді. Сондықтан да ботаник мамандар аталмыш қиындықты жеңілдететін басқаша әдісті ойлап тапқан. Ол мынау: ғалымдар ең алдымен мұндай ағаштардың өз діңінен жарып шыққан негізгі тума бұтақтарды санап алады. Содан кейін бәйтеректің ұшар басынан түбіне дейін балалап кеткен барлық өскіндердегі қосымша ұсақ бұтақтардың бәрінің ашаларын есептеп шығарады. Бұлар әбден белгілі болған соң ондағы жинақталған жалпы цифрды діңнен тараған негізгі бұтақтар санына бөледі. Сонда бөлінді мен бөлгіштен шыққан айырма алып ағаштың жас мөлшерін білдіреді.

Алып ағашты көріп, танысып болғаннан кейін мұндағы бір нәрсеге қатты риза болдық. Ол осы табиғат сыйына деген жергілікті биліктің қолдарынан келгенше қамқорлыққа алып, назарда ұстауы. Бұл 2009-2013 жылдары осы Панфилов ауданына әкім болған Ермек Келемсейітовтің тұсында бастау алыпты. Оны сол кезде салған тротуар, туристер үшін жиекке қойылған орындықтар мен аумаққа маршруттық тақталардың қойылуы анық аңғартқандай. Біз осыған сүйіндік.

Авторы: Жанболат Аупбаев

Фото: Ерболат Шадрахов, Екпін Хасенжан

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля