..."/>
EDUCATION

Бизнестен қорықпа, жас талап!

Дүниеге аты белгілі Уоррен Баффетт, Стив Джобс, Марк Цукерберг, Илон Маск секілді бизнесмен, инвесторлардың өмірдерегіне көз салсаңыз, олардың табыс баспалдағына жас кездерінде-ақ тұрғанын байқауға болады. Бірақ «менің жастық шағым өтіп кетті ғой» деп бордай үгілуге тіпті болмайды. Бизнес бастау кез келген жаста да кеш емес!

Әлемдік ірі бизнестердің бастауында шағын және орта бизнес тұр. Шағын және орта бизнес дүниенің дамыған елдерінде экономиканың негізі саналады. Еуроодақ елдерінде шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 50-75%. Мәселен, Норвегия – 70%, Польшада – 55%, Германияда – 54%, Ұлыбританияда – 52%.

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі жалпы ішкі өнімнің 30% шамасында. Биылғы «Жастар жылында» кәсіпкерлікті белсенді насихаттау күн тәртібінде тұрған шаралардың бірі.

«Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы» бірнеше жылдан бері жастар кәсіпкерлігін насихаттап, елімізде кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға күш салып келеді. Елбасы бір сөзінде: «Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізеді», – деген еді. Сондықтан, дамыған елдердегідей шағын және орта бизнесі өркендеген және негізінен жұмыспен қамтамасыз ететін көрсеткішке ұмтылуымыз қажет», – дейді Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Мақсат Қожамбек.

Ұйым жастарды табыстылық жолына бастайтын әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тіліне аудару арқылы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шабыт» жобасын бастаған болатын. Оның аясында Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы», Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол», Питер Друкердің «Друкер күнделігі», Стивен Ковидің «Жетістікке жеткендердің 7 дағдысы» атты танымал кітаптары түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударылып, тегін таратылып келеді.

Назарларыңызға қазақ тіліне аударылған бірқатар әлемдік бестселлерлердің бір парасын ұсынамыз.

“Бұл кітаптарда авторлар оқырмандарына жетістік құпиясын ашып, іс-әрекеттер жоспарын ұсынады. Аталмыш еңбектердің басты құндылығы қанша уақыт өтсе де өзінің өзектілігін жоймай, қазіргі қоғамда да табысқа жетуге бастайтын нұсқаушылардың бірі болып қалуында жатыр. Бұл кітаптар жастарға табысқа жету үшін не істеу керектігін ғана емес, оны қалай тұрақты ету қажеттілігін де үйретеді.

Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азаматтардың үлес салмағын экономикалық белсенді халықтың 60-70 пайызына дейін жеткізу үшін бұл салаға жастарды көбірек тарту керек. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жастар басқаратын компаниялар жетістікке тез жетеді екен.

Тағы бір түйткіл, жас кәсіпкерлер білім ордаларында алған білімдерінің көбінде бизнесте көмектеспейтінін айтып жатады. Сондықтан олардың оқу бағдарламаларына шетелдердегідей арнайы практикалық семинарлар мен бизнес мотивациялық әдебиеттерді енгізген дұрыс болар еді, – деп санайды Мақсат Қожамбек.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля