Далай Ламаның Үндістанның Дхармсаласында орналасқан қуғындағы сарайының ішінде біз бірнеше баспалдақпен көтеріліп, одан кейін дәлізге түстік. Терезелерден түскен жарық болмаса, бөлменің іші қараңғы. Терезеден осыдан 60 жыл бұрын Далай Лама жас рухани, әрі саяси көсем есебінде қытайлардың тұтқындауынан құтылу үшін Тибеттен кеткен Гималай тау жоталары менмұндалап тұр.
Бөлмеде басы артық дүние жоқ. Бөлменің бұрышында үлкен орындықтың үстінде аяқтарын айқастыра жайғасқан Далай Лама отыр.
Біз Әулие 14-ші Далай Ламаның жеке әлемінен сыр шертетін осы бір сирек сәтке куә болу үшін ақырын алға жылжыдық. Буддизм дініндегі рақымшылық бодхисатвасының адам бейнесі көзін кенеттен ашып қалды.
«Сәлем бердік» деді ол жымия күліп.
Ол басын изеді. Тибеттіктердің дәстүрі бойынша бұл кезде сен де олар құсап алақаныңды бір-біріне қойып, басыңды июге тиіссің. Я буддашы, я тибеттік болмаған соң, менің иілгенім ебедейсіздеу шығып жатты. Мен Әулие Әкейдің дәстүрлі достық пен құрмет есебінде маңдайға маңдай тигізу рәсімінде басымды қайта-қайта тез көтеріп қойып жаттым.
Бұрнағы жылдардағы кездесулерде мен сасқалақтағанымнан ол кісінің қолын еш ойланбастан алып, көмекшілерінің көзін бақырайтып қойып төс қағыстырып қоятынмын тіпті. Сол себепті де, бұл жолы бәрін өз тәртібімен істемек ниетте едім. Бірақ алға жылжып, еңкейе бергенім сол еді, ойнақылана күлген Далай Лама жақындап келіп менің оң қолымды алып, қайта-қайта сілкілеп, мені өзіне тартты. Біздің маңдайымыз тақасып қалды. Сосын ол мейірлене күлді.
Далай Лама әдетте ресмилікті көп ұстана бермейді. Тибет буддашылары ол кісіні киелі санаса да, ол өзін «мен әдеттегі Будда монахымын» дейді. Кездескен сәтте ол кісі сізбен сөйлесу үшін қашанда даяр тұрады. Оған еш адам, я басқа бір дүние кедергі бола алмайды.
Егер тақыр бас болсаңыз, ол кісі әуелі сіздің, сосын өзінің шаштан ада құйқасына қол тигізіп мәз болып күледі. Кейде қолыңды жібермей ұстаңқырап, көзіңе үңіледі де, мейірлене ыржияды. Оған жымимай жауап беру еш мүмкін емес. Жасы 80-ді алқымдаған Далай Лама бүгінде өткен өмірі мен болашақ жайлы бәрін ашық айта береді. Кең ауқымды сұхбат барысында ол ажал тырнағынан қайтып қашып құтылғандығы, Қытайдың ресми билік өкілдерімен арадағы қарым-қатынас, өзінің бүгінгі күннің түйткілді мәселелеріне деген көзқарасы, қарттықпен күрес және адамзат баласының ертеңгі күнге неге үмітпен қарауға тиістігі жайлы әңгіме қозғады.
Тибеттен кеткен алпыс жыл ішінде, Далай Лама Тибет елінің мәдениеті, діні мен өзіндік ерекшелігін сақтап қалу үшін 60-тан астам мемлекетте болды. Оны кез келген адаммен сөйлесіп кете алатын қарапайымдылығы үшін де жаһан жұрты қатты қадірлейді. Әлбетте, бір заманда Далай Ламаны Тибеттен басқа жерде көп түсіне бермейтін. Әлемнің ең биік нүктесінде тұратын тибеттіктер оның сұлбасы пайда бола қалған жерде жерге бас ұрып, оған қошемет білдіруге дайын тұрады. Өйткені оны XV ғасырдан бері дүниеден өткен бұрынғы 13 бірдей Далай Ламаның реинкарнациясы деп түсінеді.
Ол 1937 жылы жоғары дәрежелі монахтар Далай Ламаның жаңа ізбасарын іздеп оның ауылдағы шағын үйіне бас сұққан кезде бар-жоғы екі-ақ жаста болатын. Монахтардың айтуынша, сол кездегі кішкентай бала көп заттардың ішінен бұрынғы Далай Ламаларға тиесілі бұйымдарды, атап айтқанда, таяқ пен таспихті дәл тапқан. Ол сол кезде монахтарды танып, біреуінің атын да атаған сияқты. Қысқасы, бірнеше сынақтан өткен бала осыдан кейін жан-жағын ұшы-қиыры жоқ жазық далалар қоршап жатқан биік таулар арқылы үш айлық жолға шығады. Тибеттің Рухани Көсемі есебінде асыл тастармен көмкерілген, арыстан бейнесіндегі таққа отырғызылған баланы Тибет астанасы Лхасада теңіздей толқыған халық күтіп алады. Ол кезде оның жасы төртте болатын.
Оның тағдырының өзгеруіне Мау Зе Дуң қатты әсер етті. Коммунистік революция арқылы құрылған Қытай Халық Республикасының әскері 1950 жылы Тибетке басып кірді. Қытайдың Лхасаны бетке алған сан мың әскеріне қарсы тұруға Тибет дайын емес еді. Тибет үкіметі Далай Ламаны қауіпсіз жерге орналастыру үшін оны қаладан алып кетеді. Бірақ халқының тағдырына алаңдаған ол келіссөз жүргізу арқылы, бәлкім, бейбітшілік бітім жасармыз деген оймен кейін қайтуға шешім қабылдайды.
Далай Лама Маумен Бежіңде бетпе-бет кездескен кезде 19 жаста еді. Араға ондаған жылдар салып, сол кездесуді еске алған ол өзінің Мауға деген көзқарасының өзгеріп, тіпті оған елді қайтіп дұрыс басқару жайлы ақыл-кеңес берген Қытай басшысына таң-тамаша болғанын да жасырмайды. Лхасаға сенім мен үміт арқалап қайтқан ол енді бейбіт заман орнайды деп сенді.
Бірақ Қытайдың бақылауында отырған тибеттіктер алаңсыз өмір сүре алмады. 1960 жылы Халықаралық заңгерлер комиссиясы Біріккен Ұлттар Ұйымына берген баяндамада «тибеттіктерге жасалып отырған қаталдық пен қысымның, жауыздық пен қорлаудың шектен асып кеткені» жайлы сөз болады. Сондай-ақ осы баяндамадан «Тибет елінің ежелгі мәдениеті мен дінін жойып жіберуге жасалып жатқан әрекеттердің» де бар екенін көруге болады.
Тибеттіктер бірте-бірте бас көтере бастасымен, Қытай билігі жоғары лауазымды ламалар мен ресми адамдарды қамауға ала бастады. 1959 жылы наурыз айының 10-ында мыңдаған тибеттіктер Далай Ламаны қорғау мақсатында оның Лхасадағы жазғы сарайын айнала қоршап тұрып алады. Олар қытай билігінің «тараңдар» деген бұйрығына үзілді-кесілді қарсы шығады.
«Мен күннен-күнге ушығып бара жатқан жағдайды бәсеңдетуге барынша күш салдым» деп еске алады Далай Лама.
Қытайлықтар біз сарайды қорғау мақсатында ішке енеміз деп сәлемдеме жібереді. Олардың сарайды қорғаймыз деп алып, оны нысана қып отырмасына кім кепіл?! Енді сарай ауласына миномет снарядтары да түсе бастады. Наурыздың 17-сі күні осы уақытқа дейін екіұдай күй кешіп отырған Далай Лама енді жан сауғалаудан өзге жол жоқ деп шешті.
Үстіне қара түсті ұзын әскери киім киіп, иығына винтовка асынған ол дәл сол түні сарайдан сытылып шығып, басы ауған жаққа қарай кете барды.
Бұл қарлы Гималайдағы қуғын-сүргіннің басы еді. Ол кезде мұқым әлем бұдан мүлде хабарсыз болатын. Лхасаның сыртындағы 4694 метрлік өткелден өткеннен кейін Далай Лама шағын керуенге кездеседі. Ол керуеннің ішінде қытайлар қалаға тастап кетті деп ойлаған оның шешесі бар еді. Қытайлар дереу шекараның бәрін жауып, қашқындардың соңынан әскер жібереді. Далай Лама Лхаса өзенінен өткен түні қытай күзетшілерінің қолына түсіп қала жаздайды.
Осы сәтті еске алғанда оның көз шарасы ақырындап ұлғая берді. «Қытай Халық Азаттық Армиясы өзеннің екінші бетінде, біздің даусымыз жететіндей таяқ тастам жерде тұрды, – деп еске алады ол. – Қыс мезгілі, өзен суы аз болатын. Жағдай төтенше қиын еді, әупірімдеп аман қалдық».
Боран мен нөсер жаңбыр, үрей мен шаршауға толы он төрт күннен кейін Далай Лама Үндістанның шекарасына жетіп, өзі айтпақшы, «бостандыққа» шықты. Бұл 1959 жылдың 31 наурызы болатын. Үндістанның Премьер-министрі Джавахарлал Неру жиырма үш жасар оған босқын мәртебесін бергеннен кейін оның қуғындағы өмірі басталды. Бұл трагедияның тек басы еді.
Далай Лама қашып кеткеннен кейін арада екі күн өткенде қытай әскері жазғы сарайды артиллериямен, ал жиналған адамдарды автоматпен атқылады. Халықаралық Заңгерлер Комиссиясының 1997 жылғы баяндамасына сүйенсек, «Тибеттің мәдени және діни мұралары мен түгелге жуық әдияраттары 1976 жылға дейін-ақ жермен жексен болды. Он мыңнан жүз мыңға дейінгі аралықта тибеттіктер өлтірілді». Қасиетті кітаптары өртеліп, Тибет тілі жоғалудың аз-ақ алдында қалып, кімде-кім Далай Ламаның суретін ұстаса қамауға алынған.
«Тибетті Тибет қып тұрған дүниелерді құрту түбегейлі қате, – деді даусын көтеріп Далай Лама. – Оларға бұлай істеуге болмайды. Олар Тибет мәдениетін сыйлау керек».
Тибетте болып жатқан оқиғаларды алыстан бақылап отыру соншалықты ауыр болса да, ол күш көрсетуге үзілді-кесілді қарсымын деуден таймай келе жатыр. Осыншалықты ашу-ыза мен күйікке қалай төтеп беруге болады деген біздің сұрағымызға ол «тибеттік монахтар Наланда философиясы негізінде оқып-жаттығатындықтан… Біз өмірге тура қараймыз… Біз үшін адамзат баласының бәрі бір-біріне бауыр» деп жауап берді.
Текетіресті дипломатиялық жолмен шешу тетігін іздеп, жер шарын шарлап шыққан Далай Лама Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне де жүгініп бақты. Ол 1987 жылы Уашингтонда бейбітшілік жоспарын жария етсе, 1988 жылы Еуропа Парламентінде сөз сөйледі. Тибет халқының атынан Далай Лама бетпе-бет кездескен әлем көшбасшыларының ішінде АҚШ президенттері, Конгресс мүшелері мен Иоанн Павел ІІ-ші Папа да бар.
Қытаймен болған келіссөздердің бірінде ұсынған оның «Ортақ Жол» жобасы тәуелсіздіктен бас тартып, екі жаққа да пайдалы автономия құру арқылы Тибет мәдениетін сақтап қалуды көздеген еді. Далай Лама 1989 жылы Нобельдің Бейбітшілік Сыйлығын алғанымен, Тибетті қорғауға шамасы келмеді.
«Ортақ Жол» жобасы қателік болды ма деген сұраққа Далай Лама одан әлі де болса үміттенетінін жасырмады. Ол Қытайдың қазіргі Президенті Ши Жин Пиннің коррупциямен күресте айрықша батылдық танытқанын атап көрсетіп: «70 жылдық қатаң саясаттан кейін жаңаша ойлау басталды… Алдағы 2-3 жылда бір өзгеріс болып қалуы мүмкін», – деп ой қорытты.
Арада қаншама жылдар өтсе де, Далай Лама өзі бір заманда тастап кеткен туған жерін әлі де болса аңсайды. Бірақ ол солай істемесе, Тибеттің ежелгі буддалық дәстүрлері бұл күнде сақталып қалар ма еді, қалмас па еді?!
Ол Будда ілімінің даналығын адамзат баласына жеткізу үшін жұмыс істеді. Адамдарға мейлінше аз күйзеліп, мейлінше бақытты болу жолдарын көрсетті. Буддизм мен заманауи ғылымның өзара байланысын жиі тілге тиек ететін Далай Лама ми үшін рақымшылықтың қаншалықты пайдалы екеніне дәйек мысалдар келтіреді. «Тибеттік рух өлген жоқ, – дейді ол. – Тибеттік рух – айрықша мықты. Кішкентай үйден айырылсаң, үлкен үйге тап боласың». «Үлкен үй дегеніміз не?» деп сұрағанымызда, ол: «Тұтас әлем», – деп қысқа қайырды.
Алайда, бүгін оны әлем жұртшылығы көп көре бермейді. Оған бұрынғыдай жүріп-тұру қиындады. «Қазір бұрынғыдай емес, тез шаршап қалам. Қанша дегенмен жас та келіп қалды», – дейді ол. Көтеріліп, түскен кезде тізесі де қақсайды. Сол үшін де былтырғы Солтүстік Америкаға жоспарланған кездесулер өтпей қалып, сапар Еуропамен шектеліп жатты. Оның 2019 жылғы кестесіне көз жүгіртіп қарасақ, ол өзінің үйі іспетті Үндістаннан көп жырақтай қоймайтын сияқты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қуық асты безі қатерлі ісігін емдеткен Далай Лама бүгінде дерт атаулыдан ада. Ол өз жасына қарағанда әлдеқайда жас көрінеді, сөзі де ширақ. Десе де, көмекшілері оның күнделікті жұмыс кестесін барынша шектеп жатыр. Қанша жерден ұзақ жұмыс істегісі келгенімен, әдетте кешкі беске дейін созыла беретін кездесулер, бүгінде түскі астан кейін өтпейтін болған. Кей күндері Далай Ламамен кездесуге келген мыңдаған адамдар кезек күтіп тұрып қалады.
Еңіс жолмен ол өзара сыбырласқан жұртқа беттеп келеді. Қарақұрым жұрттың төбесі көрінген сәтте ол тоқтап, жылы жүзбен бәріне қол бұлғайды. Сосын баспалдақпен тез-тез басып көтеріледі де, адамдарды жеке-жеке қабылдайтын үлкен ағаш орындығына жайғасады. Кемтар баласын баспалдақпен көтеріп әкеле жатқан әйел көз жасына ерік береді. Орта жастағы әйел аузына дем үрлеп, сырқаттан айығуға көмектесуін өтінеді. Ол айтқанын орындайды. Балдаққа сүйенген егде кісі оған тәні қалай қиналатынын айтады.
«Бәріміз де өлу үшін туылдық», – дейді Далай Лама.
Қайсыбір тибеттіктер, Далай Лама өліп қалса, Тибеттегі алты миллион мен сыртта жүрген жүз мыңнан астам тибеттіктің тағдыры не болады деп кәдімгідей алаңдайды. Дхармсаладағы апта сайын өтіп тұратын кешкі асқа жиналатын ақын, зерттеуші, суретші, Тибет саясаткерлері мен белсенділері осы жайтты қызу талқылайды.
Сөзді алғашқы болып алған Ганди мен Кіші Мартин Лютер Кингтің постерлерінің қасына жайғасқан Тензин Цунду: «Біз – оның ізбасарларымыз… Еш халықта мұндай көшбасшы болған емес – деді. – Бұл бостандық үшін күрес… Біздің алдымызда қыруар міндет тұр. Қайрат көрсететін уақытымыз келді».
Әлі де нақты не істеу керек екенін білмейтін олар Далай Ламаның «Орта Жол» жобасымен тоқтаймыз ба, жоқ па деп өзара пікір таластыруда. Саясаткерлердің бірі Қытайдың Тибетке жасаған барлық қысастығын ескере отырып, бәлкім Далай Ламаның күш көрсетпеу позициясын ұстанған да дұрыс шығар деген ой айтады.
Далай Ламаның жеке әдияраты саналатын Намгяль Монастыріндегі Эбботт Тхамтог Ринпош сұрағымызды естігенде бойын тіктеп алды: «Әулие Әкей дүние салса, күніміз қараң болады. Бұл әлемде ондай көшбасшы жоқ».
Таңалакеуімде әдияраттағы жас монахтардың Будда дұғаларын дауыстап оқыған дауысы көкке көтеріледі. Алтылар шамасындағы жүздеген бала үлкен терезелері бар оқу бөлмесінде кітапқа үңілген күйі әндетіп отыр.
Тау биігінен төгілген таң шұғыласы бөлмеге енген бойда биіктігі бір метрлік Далай Ламаның портреті ілінген қабырғаларға алтын жіптей себезгілеп, жас балалардың жүзін жап-жарық нұрға бөлейді. Біреуін жаттауға бір күн уақыт кететін ежелгі дұғаларды қайталау «ойыңды орнықтырып, жадыңды күшейтіп, ақылыңды көбейтеді» дейді ұстаз. Рақымшылық сұрап дұға жасап отырған балалар «Жер бетіндегі тіршілік атаулының игілігі үшін Будданың дәрежесіне жеткізе гөр!» деп жалбарыну үстінде.
«Адамзат баласының бәріне рақымшылық жасаған кезде, соларды бөліп-жаратын өшпенділік қайда қалады» деген біздің сұрағымызға Далай Лама бір сәт үнсіз отырды да «мұның бәрі қолында күш-қуаты бар қайсыбір адамдардың әлі де болса мәселені күшпен шешуге болады дейтін ескі сыңаржақ пікірден арыла алмауынан болып отыр» деді. Дей тұрғанмен, адамзат баласы араға сексен жыл салып барып, Далай Лама айтпақшы, «әжептәуір есейді».
Жалпылама айтқанда, оның қазіргі әлемнен үміті зор. Ол «жеті миллиард адамзат баласының айналып келгенде бір қауым» екенін түсінетін уақыты жетті деп есептейді. «Адамдардың өмірін жақсартуға «тамшыдай болсын қосылған үлес мені бақытты етер еді», – дейді Далай Лама.
«Адамзат баласына қосқан өз үлесіңіз турасында не айта аласыз» деген сұраққа ол таңырқай қарап: «Бұлай ойлау дұрыс емес», – деп бізге ескерту жасады. Оның айтуынша, жақсылықты адам баласы атын шығару үшін жасамайды, ол оған бар ынта-жігерімен, күш-қуатын сарқа жұмыс істеуі керек. «Мен күн сайын бар тәніммен, жаныммен, тіліммен, ойыммен Жер бетіндегі барша тіршілік иелерінің игілікті өмірі үшін дұға жасаймын…және оны соңғы демім қалғанша жалғастыра беремін. Мынау жаһан мен тіршілік, қайғы-қасірет бар кезде мен де осында болам, қызмет істеймін. Менің негізгі дұғам осы», – деп ол орындығынан тұрды. Оны күткен адамдардың қарасы қалыңдап кетіпті. Өзара сыбырласқан монахтар сағаттарына қарағыштап жатыр. Жүрісі баяулағанымен, әлі де әзіл-қалжыңы таусылмаған Далай Ламаның артынан біз де сыртқа шықтық. Қалың түскен тұманнан тау көрінбей қалыпты. Ол бізбен қолын бұлғап қоштасты. Қайта тұрып адамзат баласының қайғы-қасіретін сейілту үшін оған демалып алу керек.
Мәтінін жазған: Энн Карри, суретке түсірген: Сoумия Канделвал