..."/>
АРХИВ

Қарағайдай қазақтар

2006 жылы күзде атақты аяқдоп шебері Тимур Сегізбаевты арнайы іздеп барып, ол кісімен асықпай сұхбаттасқаным бар. Сондағы: “Балалық шағыңыздағы есіңізден кетпей, жатталып қалған ерекше жәйттер болды ма? Болса ол қандай өмір суреттері деп айтар едіңіз?” деген бір сұрағым әлі есімде. Оған Тимур Санжарұлы: “Ондай нәрселер көп қой. Солардың ішінен бір ғажайыпты ғана бөліп айтып берейін, – деді. – 50-ші жылдардың басы. Алматы. 11-12 жастағы кезіміз. Құрдастарым Жәнібек Сауранбаев, Диас Омаров бастаған бір топ бала мектептегі сабақтан кейін 28-панфиловшылар паркінің спорт алаңына келеміз. Сөйтеміз де Октябрь Жарылғаповтың волейболшылар командасының тордан қиыс кеткен доптарын әкеліп беруге қолғабыс тигіземіз. Сондай сәттердің бірінде кенет менің көзім көрші алаңдағы өтіп жатқан баскетболшылар бәсекесіне, олардың арасындағы бойы керемет ұзын, денесі де өте зор жігітке түсті. Ол басқалар сияқты алаөкпе боп көп жүгірмейді. Қарсыластар жағынын шегіне өтіп алып, ыңғайлы сәтті күтіп тұрады да қояды. Серіктерінің ебін тауып, өзіне қарай лақтырған добын көрсе, оны иілмей не секірмей-ақ қағып алып, шығыршыққа тастай салады. “Бұл кім?” – дейміз аң-таң болып. Сөйтсек, ол бойы 2 метр 34 сантиметр Уәйіс Ақтаев деген чешен жігіті болып шықты. Кейін сұрастырып білсек, тұрқы жағынан өте ерек бұл баскетболшы сол кездегі КСРО көлемінде ғана емес, бүкіл әлемдегі ең биік ойыншының бірі екен. Ал сол ғажайып жан – қайталанбас құбылыс иесін қазір кім біледі? Ешкім де. Егер Алматының көнекөз тұрғындарынан сұрастырып, архивтерден cypeтін іздестіріп тапса, сол Уәйіс газетке жазатын жақсы-ақ тақырып болар еді, шіркін!”.

Тимур Санжарұлының осы әңгімесінен кейін мені 6ip қызық ой билеп алды. “Уәйіс Ақтаевты қоя тұрайық. Ол өз алдына бөлек әңгіме, – деймін іштей. – Өйткені, оны сол 50-60-шы жылдардағы газет-журналдар арқылы талай елдің білуі мүмкін. Ал сондай, сондай болмаса да соған жетеғабыл жандар біздің мына өзіміздің қазақтардың арасынан шықпады ма екен? Соны
іздеп көрсек қайтеді?”.

Осы ойдың жетегіне берілген біз төңірегімізге сұрау салып, бұл тақырыпты игеруге ынты-шынтымызбен кірісіп кеткеніміз бар. Сөз ретіне қарай айта кетейік, жазушы Тауман Төрехановтың “Дала Геркулесі” атты тарихи романында ертеде сондай бір қандасымыздың бар болғандығы айтылыпты. Бойы 2 метр 30 сантиметр ол кісі XIX ғасырда өмір сүрген атақты Есет батыр екен. “Бұл бабамыз жайында нақты дерек қалдырған сол замандағы орыс зерттеушісі Е.Ковалевский”, – дейді кітап авторы. Хо-о-ш! Ал бертінгі XX ғасырда ше? Іздеп жүріп бұл кезеңнен де бір қандасымызды тапқан сияқтымыз. Ол – 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының алтын жүлдегері, КСРО құрама командасында ойнаған жалғыз баскетболшы қазақ Әлжан Жармұхамедов дер едік. Сол кездегі жарық көрген “Спорт” анықтамалығында оның бойының ұзындығы 2 метр 7 сантиметр деп көрсетіліпті.

Осындай деректерді жинастырып жүргенімізде “Казахстанская правда” газетінің 2005 жылғы 11 қарашасында жарияланған шағын хабардан Сабыр Тәнекеев атты бір ауыл адамының аты-жөнін кездестіріп қалдық. Бойы 2 метрден асатын бұл қандасымыз Жамбыл облысының Мойынқұм өңірінде тұрады екен. Осыны оқып, жергілікті жердегі тиісті орындармен хабарласқаннан кейін кейіпкерімізбен кездесуге жолға шықтық.

Бұл 2007 жылдың маусым айы еді. Сабыр Тәнекеев ағамызбен аудандық әкімдік үйінде отырып әңгімелестік. Аға дейтін себебіміз, ол кісінің жасы сол кезде 71-де екен. Ұлы Отан соғысының алдында қарапайым шаруа отбасында өмірге келіпті. Ғұмыр бойы Мойынқұм өңірінде еңбек етіп, өмір сүріпті. Және осы ауданнан аттап басып ешқайда шықпаған, шет жаққа бармаған.

– 18-19 жасқа келгенімде болуы керек, – деді әңгіме иесі. – Мені Отан алдындағы борышымды өтеуге шақыру үшін тізімдеуге аудандық әскери комиссардың үйге келгені есімде. Сонда: “Жалғыз баламыз еді. Бұл алысқа кетсе, күніміз не болады?”, – деп әке-шешемнің зар жылағаны бар. Қонақ оған қараған жоқ. “Бойыңның ұзындығы ғажап екен. Сендей жастарды әскерге алмауға болмайды. Ертең комиссариатқа келесің”, – деді де полуторка мәшинесіне мініп, жүріп кетті. Бірақ ауылдан ұзай бере көлігінің өзектегі сазға тығылып, жүре алмай қалмасы бар ма? Мен дереу жүгіріп отырып барып, мәшиненің арт жағын батпақтап жалғыз өзім тік көтеріп алып, саздан шығарысып жібердім. Сонда мына қимылыма аң-таң қалған комис­сар: “Жарайды, мен сені әскерге шақырудан босаттым. Қарт әке-шешеңді бағып, ауылында жүре бер”, – деді риза болып.

– Содан кейін сіздің құдай берген осы бойыңыз бен керемет күшіңізді көруге іздеп келген ешкім болған жоқ па?

– Болды. 1959 жылы-ау шамасы. “Алматыдағы физкультура техникумынанмын. Оқуға жүр. Алып кетейін”, –деп бір орыс азаматының біздің үйге бас сұққаны есімде. Сорайып тұрған бойымды өлшеп, қатты таң қалды. 2 метр 12 сантиметр екенмін. Пошымыма қонақ керемет қызықты. Қайта-кайта үгіттеді-ау дейсің келіп. Баруға бейіл едім, бірақ тағы сол әке-шешемнің зарлап қоя бергені. Содан қойшы, ол жолы да алыс сапардан қалып қойдым да осы ауылдан өмір бойы алысқа ұзай алмадым емес пе. 1957 жылдан 1994 жылға дейін өзіңіз келіп отырған Мойынқұм ауданындағы Жамбыл кеңшарында меха­низатор болып еңбек еттім. Зейнетке шыққаныма 12-13 жылдың жүзі болды.

– Бойыңыздың ұзындығы 2 метр 12 сантиметр екен. Ал салмағыңыз ше?

– 102 килограмм тартамын қарағым.

– Бәрекелді! Жігіт кезіңізде полуторка мәшинені шопақ құрлы көрмей, көтеріп алғаныңызға қарағанда күшіңіз де біраз болған-ау шамасы.

– Кезінде 150 литрлік жанармай толы бөшкені арбадан көтеріп алып немесе оны қайта орнына қоюға онша көп қиналмайтынмын. Қазір енді ондай күш қайда қарағым…

– Қанша балаңыз бар?

– Тоғыз перзенттің әкесімін. Олардан 15 немере көріп отырмын. Ұрпақтарымның ішінде бойы жағынан маған тартып келе жатқандары да бар.

Ауылдағы шаруа адамы Сабыр ақсақал осылай деді де үнсіз қалды. Қариядан бұдан артық не сұрауға болады. Ол кісі білгенін айтып отыр. Бір ескеретіні, қартайғалы бері ақсақал 3-4 сантиметр шөгіпті. Қазіргі бойы 2 метр 8 сантиметр екен.

…Арада жылдар өтіп жатты. Біз еліміздегі бойы ұзын қандастарымызды іздеуді тоқтатпадық. «Қай жерде кім бар?» – дейміз түрлі басқосулардағы әңгіме тақырыбы жоғарыдағыдай жағдайға ойыса қалғанда. Сөйтіп жүргенде 2011 жылы «КТК» телеарнасынан: «Шымкентте Қалдыбай атты жігіт тұрады. Бойы – 2 метр 14 сантиметр», – деген хабарды естіп қалмасымыз бар ма? «Іздеп баруымыз керек, – дедік іштей. – Сөйлесуіміз қажет». Ойымыз осылай дегенмен, сапарымыз түрлі науқандық жұмыстардың салдарынан кешіге берді. Ақыры биыл… иә, биылғы көктемде Оңтүстік өлкесіне жолымыз түсті-ау әйтеуір. Қонақ үйге орналасқан бойда «Жеті жарғы» қоғамдық қорының қызметкері Нұрсұлтан есімді жігітпен Қалдыбай жұмыс істейтін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне тарттық. Өкінішке қарай онда ол жоқ болып шықты. «Бір жағдаймен сұранып, Алматы облысының Ұзынағаш ауылына жол жүріп кетті», – деді кафедрадағы әріптестері. Тосуға уақыт тапшы. Қайта айналып келуге жағдай көтермейді. Ақыры: «Тәуекел!» – деп телефон арқылы тілдесуге бел байладық. Сөздің тоқетері, Қалдыбай Атажановтың сондағы айтқанынан мына төмендегідей жайға қаныққанымыз бар, құрметті оқырман.

Ол 1953 жылы Өзбекстанның Әмудария ауданындағы Жұмыртау ауылдық кеңесіне қарайтын өңірде дүниеге келіпті. Әкесі Бақытжан мен анасы Тұрсынбике мал бағуды кәсіп етіп, «айранын ұрттап, қойын құрттаған» қарапайым еңбек адамдары екен. Олар 8 перзент көріпті. Қалдыбай солардың үлкені болып шықты. Оның дене тұрқындағы ерекшелік 1967-1968 жылдардағы мектепте оқып жүрген 7-8 сыныптарда байқала бастаған. Ал Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған 1972-1975 жылдардағы Тынық мұхиты флотындағы қызметі кезінде бойы 2 метрден анық асқан еді.

– Елге оралған соң, – деді осы арада ол, – Алматыдағы спорт және дене тәрбиесі институтына оқуға түсуге бел байладым. Бұл қазіргі спорт және туризм академиясы ғой. Міне, сонда білім алып жүргенімде бойымның ұзындығы 2 метр 14 сантиметр болғанын білдім. Студенттік өмір аяқталып, қолыма диплом тигеннен кейін Шымкентке келдім. 1983 жылдан бері осындағы технология институтында, қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің техникалық мамандықтарға арналған дене тәрбиесі кафедрасында жұмыс істеп келемін.

– Жарайды. Енді мынаны айтыңызшы. Өзіңіздің бойшаң болуыңыз сізге қайдан келген қасиет деп ойлайсыз? Ілгерілі-кейінгі уақыттардағы әулетіңіздің арасында еңселілік ерекшеліктеріне ие жандар болған ба?

– Өзімнің естіп-білуімше әке-шешемнің түп тегіне жататын жандардың бәрі ірі кісілер екен. Мәселен туған атам Нұржанның бойы 1 метр 98 сантиметр болса, оның баласы, яғни, менің әкем Бақытжанның дене тұрқы 1 метр 85 сантиметр-тін. Ал нағашыларыма келсем, Қожахмет ағамның бойы 1 метр 90 сантиметр еді де Марқабайдікі 2 метр 5 сантиметр болатын. Демек, біздің тұқымымыздағы бұл ерекшелік екі жақтан да бар сияқты.

– Салмағыңыз ше? Ол қанша?

– 105 килограмм тартамын.

– Аяқ киіміңіздің өлшемі?

– 50-ші размер.

Әңгіме осымен бітті. Телефондағы қысқа да нұсқа сұхбаты үшін біз Қалдыбайға рахмет айтып, жолға жинала бастадық. Содан көп кешікпей Ташкент жақтан тағы бір тың деректің табылғаны!.. Оны айтқан сондағы қазақ қауымдастығының құрметті мүшесі, ақын Мекембай Омаров болды.

– Өткен қыстағы өтінішіңді ұмытқаным жоқ, – деп бастады сөзін ағамыз. – Білетіндерден сұрастырып көрсем, бізде, осы Ташкент іргесінде Құралбай Қосақов деген қандасымыз өмір сүріпті. «Бойының ұзындығы 2 метр 17 сантиметр еді», – дейді білетіндер. Соғысқа дейін Шыршық өзенінде сал айдапты. Одан кейінгі бейбіт уақытта шағын ағаш пароммен судың арғы-бергі бетіне ат-арбалы адамдарды өткізуді кәсіп етіпті. Ел арасында өте сыйлы адам болған. Кейін еңбегі ескеріліп, Ташкент шаһарының шетіндегі бір көшеге ол кісінің аты беріліпті.

– Ұрпақтары бар ма?

– Бар. Хабарласып сөйлестім. Бала-шағасы төменгі Шыршықта тұратын болып шықты. Құжаттар солардың қолында. Ескертіп айтар жәйт, осыдан 2-3 жыл бұрын оларға Өзбекстан астанасындағы қазақ тілінде шығатын  газет тілшісі барыпты. Әңгімелесіп болған соң алдағы жазылатын мақалаға керек деп Құралбай ағаның альбомдағы келісті суретін сұрап алыпты. Содан бері газетке жарияланған материал да жоқ, фото да жоқ. Енді соны табу керек болып тұр. Келетін ойың болса, хабар бер. Бәрін де бірлесе отырып іздеуге күш саламыз.

– Барамын, – дедім мен мына сөзді естігенде дегбірім қалмай. – Барамын. Күтіңіз!

Қарағайдай қазақтар… Олардың дерегі. Өмірбаяны. Кескін-келбеті. Солардың тағы біреуінің тағдырын білу үшін енді Ташкентке сапар шегуге тура келіп тұр. 

 

Автор: Жанболат АУПБАЕВ

Фото: Жанболат АУПБАЕВ мұрағатынан

СОҢҒЫ МАҚАЛАЛАР

АРХИВ
Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля