..."/>
ЗЕРТТЕУ

Фотограф-дәрігер

Телефоныма қоңырау келмеуі дәрігерге оқып жүргенімде басталды. Өмірім маған тиесілі емес-тұғын. Интерн дәрігер ретінде мен кейде аптасына жүз сағатқа жуық жұмыс істеп, бірден 18 науқас қарайтынмын. Тіпті анам да маған қоңырау шалуын доғарды. Есесіне, мен телефоныма қай вирусқа қандай антибиотик жазуым керектігін көрсететін, емді анықтауға көмектесетін калькулятор мен есімде қалмайтын зертханалық сандарды сақтайтын медициналық әпликейшн орнатып, соларды көп пайдаландым.

Бір күні телефоным шырылдады. Мен кезекпен науқастарды қарап жатқан болатынмын. Дереу дәлізге шықтым. Нөмірді тани алмадым, бірақ код Уашингтоннан еді. Бұл маңызды қоңырау болса керек деп ойладым ішімнен. Дәлізде тұрып: «Иә», – деп сыбырлап үн қаттым.

«Сәлем, Макс, бұл – Тод, – деген жарқын дауыс естілді. – Саған бір жұмысым бар». Оның сөзінен оклахомалық диалектті бірден байқадым. Тод Джеймс – National Geographic мекемесінің фоторедакторы.

Әңгіме бағаналық жасушаларға жасалатын зерттеу туралы екен. Ол мені әлемнің түкпір-түкпіріне соны суретке түсіру үшін жібергісі келетінін айтты. Тод сөйлеп жатқанда, ескіні еске түсіре бастадым. Камера құшақтап, жаһан кезу өте қызық. Сен ең маңызды тұлға болмасаң да, сондай адам не дүниенің қасынан табыласың. Мен 20 жыл бойы фотограф болып қызмет еттім. Бұдан әрі «вуайер» болғым келмейтінін түсінгенде, қызметімді доғардым. Тәжірибе өз басымнан өткенін қаладым.

Нейрохирургтың омыртқаға ота жасау процесін фотоға түсіру тапсырмасы барысында өзіме жаңа мансап жолын таптым. Айқара ашылған, қол тимеген, аппақ жұлынмен жұмыс істедім. Мен түнектен еш шықпаған, жарықты көруге арналмаған нәрсенің жарыққа шомып жатқанын түсіндім. Таңқалғаным сонша, өзімді Айға бет алған «Аполлон» ғарыш кемесінің бір мүшесі сезіндім. Сол сәтте қалған ғұмырымды қайда өткізгім келетінін ұқтым. Өзім қызмет ететін барлық журналға хабарласып, медицина мен дәрігерге қатысты тапсырманың барлығын маған берулерін сұрадым. Шамамен он операцияны суретке түсіргеннен кейін, өзім де дәрігер бола аламын-ау деп ойладым.

«Білмеймін, дәл қазір қарауым керек науқастарым бар, – дедім Тодқа, – саған кейін хабарласамын». Бұл менің науқастарды аралап, емдерін бекітіп, карталарына толтырып, дәрігер болып жүрген кезім еді. Қазір қайта екі ұдай ойға баттым. Әлемді көру, түстер мен жарықты, оқиғаны баяндау стилін, камераның жиегінде нені қалдырып, нені алып тастау керектігін таңдау бақыты ойымнан еш кеткен емес. Сол күні мен резиденттік бағдарлама директоры орынбасарының есігін қақтым. Ол зерттеу редакциялашы болатын – іріктеу айымның жақындап қалғанын еске салды. «Бұл зерттеу ғой. Солай емес пе?» – деп қуанып кеттім.

Мен бірден Тодқа хабарластым. Ол тапсырманы 23 күнде аяқтауға болатынын айтты. 13 елден сурет түсіріп әкелу керек екен. Сапарды мен жұмыс істейтін UMass Memorial медициналық орталығынан бастадық. Мұнда бағаналық жасушаларды қолданып, қызыл жегі ауруын емдеу бойынша клиникалық сынақ жасалып жатқан болатын. Әрмен қарай Еуропаға аттандым.

Берлинде ХІХ ғасыр дәрігері Рудольф Вирховтың баяғы зертханасына бардым. Ол – бүкіл жасушаның бұрыннан бар жасушалардың бөлінуінен пайда болатынын ашқан адам. Мен полипотенттік бағана жасушаларының күшін паш ететін туынды жасағым келді. Түгелі дара бағандық жасушадан түзіле алатын: өлі туған шаранының басынан алынған шаш, ми, үлкейтілген жүрек, бауыр, сүйек пен тіс секілді патологиялық үлгілерді қаттау арқылы абстрактілі адамды жасап шығардым.

Экспонометрді қалай қолдануды ұмытып қалыппын, қалғаны есімде екен. Көп ұзамай реанимация және интенсивті терапия бөліміндегі алғашқы бақылауымды бастадым.

Бір жылдан соң, өз интерндерім бар, бағыт беруші резидент дәрігер ретінде қай салада маманданған жөн деп ойлап жүрдім. Сосын түсіндім. Менің сурет пен фильм түсіріп, оқиғаларды ешкім бет ала алмай оқитындай етіп баяндағым келетінін түсіндім. Мен дәрігер қызметімен қош айтыстым. Термен келген қаншама ғылыми білімге ие болдым. Ауруларды қарауды тәжірибеме қосып, адам табиғаты туралы академиялық білім деңгейін меңгердім. Бұл қоңырауға жауап беруім керек болатын. Бұл шығармашылыққа жетелейтін қоңырау еді.

Нені, нешеде жейтініңізге мән беріңіз!

Майкл Розен – дәрігер, Кливленд клиникасының денсаулықты жақсарту жөніндегі аға қызметкері әрі New York Times газетіне шығатын көптеген бестселлер авторы.

Майкл Крупейн – The Dr.Oz Show телебағдарламасының бас дәрігері. Екеуі де біраз уақыт дұрыс диетаны мықты денсаулықпен байланыстырып келген-тұғын. Алайда олардың «Нені, нешеде жеу керек» кітабында қазіргі ғылымның салмақты бірқалыпты ұстау, кей аурудың алдын алу я емдеу, ұзақ, сапалы әрі бақытты өмір сүру үшін тағамды қашан жегеніңіз қандай ас жегеніңізбен бірдей маңызды екені айтылған.

Кітап баспадан желтоқсан айында шықпақшы. Оған дейін дәрігер-авторлар National Geographic сауалдарына жауап берді.

Бізге тамақтану ғылымы туралы айтып бересіз бе?

Бәріміз белгілі уақытта ояну, ұйықтау не басқа әрекеттерді жасауымыз үшін химиялық сигналдар беретін биологиялық сағатымыз – циркадалық ритм туралы білеміз. Ал тамақ тұтынуымызды денеміздегі химиялық реакциялармен үйлестіретін ас сағаты барын бәрі біле бермейді. Бұл сағаттың көрсетуінше, ең тиімді жол – күннің бірінші жартысында энергияны көбірек, ал күннің соңына таман азырақ жұмсау. Бірақ біздің тәніміз бәрін керісінше жасағысы келіп тұрады. Күннің соңында көп, ал таңертең аз калорияны талап етеді. Бұл – энергияны бойыңда сақтау артықшылық болып табылған ескіліктің сарқыншағы. Мұндай тамақтану режимі қазір зиян десек артық емес. Адамдарға жасалған зерттеу бұл жүйенің салмақ қосуға, созылмалы аурулар мен мезгілінен бұрын қартаюға әкеп соғатынын көрсетті.

Осы себепті біз тәбетімізді жеңіп, ішкі сағатымызбен сай келетін таңертең көп, кешқұрым аз тамақтануымыз керек. Біз мұны «chrononutrition» деп атаймыз.

Бұл тамақтану жүйесінің басты принциптері қандай?

Тамақтану әдетімізге аздаған өзгеріс енгізу ішкі жүйелерімізді синхронизациялауға көмектеседі. Әсіресе, екі нәрсе маңызды:

  1. Күн батқанда, яғни шамамен он екі сағат бойы тамақтануды азайтыңыз. Түнгі уақытта тоңазытқыш рейдтерін доғарыңыз!
  2. Таңертең мен түс мезгілінде көбірек, кешке аз жеңіз. Калория­ларды күннің соңына сақтамай, алдын ала жаратып тастасаңыз, тәніңіз барынша жақсы жұмыс істеп, сау болады.

Кітапта біз жалпыға ортақ жағдайлар тізімін, өздігінен дайындауға болатын ең үздік тағамдарды ұсынып, кеңестеріміздің қандай ғылымға негізделгенін түсіндіреміз.

Қарапайым қорытынды:

Ішкі сағатқа көну арқылы өміріңізді ұзартып, сапалы ұйқы, көбірек энергия мен жақсырақ денсаулыққа қол жеткізесіз. Бұл аурудың алдын алуға, кей жағдайда оны тізгіндеуге не оның бетін қайтаруға көмектеседі.

Сұхбат көлемі ықшамдап алынды.

 

«Нені, нешеде жеу керек» кітабы кей өмірлік ситуацияларда сіздің тәніңізге арқау болуы мүмкін астарды ұсынады:

АШУ ҚЫСҚАНДА

Қуырылған ноқат жеңіз. Оның құрамында пайдалы ақуыз бен талшық бар. Сонымен қатар ол аш әрі ашулы адам сүйсінетіндей қытырлайды.

АЛҒАШҚЫ ЖҮЗДЕСУ

Кездеспес бұрын энергия­­ны біртіндеп арттыратын тағам жеп, жүйкеңізді тыныштандырыңыз. Оған авокадо, грек жаңғағы (пайдалы майлар) мен тұтас дәнді тостының (күрделі көмірсу) үстіне туралған күркетауық еті (пайдалы ақуыз) жатады.

АУЫРҒАНДА

Тауық сорпасын ішіңіз. Ол шырыштың тұтқырлығына әсер етеді әрі оның құрамында қабынуға қарсы қасиеті бар ингредиенттер көп.

СҰХБАТТАСАРДА

Сұлы жармасы ботқасына үгітілген зығыр себіңіз. Бұл – зейініңізді арттырып, бастың ми қабығының қызметін жақсартуға көмектесетін пайдалы майлар мен дәрумендердің қайнар көзі. Кофе назарыңыз бен проблеманы шешу қабілетіңізді күшейтеді. Кездесуден 45 минут бұрын 1-2 кесе ғана кофе ішіңіз.

МИЫҢЫЗДЫ ҚАЛПЫНДА САҚТАҒЫҢЫЗ КЕЛГЕНДЕ

Ақсеркенің құрамында есте сақтауды жақсартатын пайдалы майлар өте көп.

БАСЫҢЫЗ ЖИІ АУЫРҒАНДА

Асжапырағының құрамында бас сақинасының ұстап қалуының алдын алатын B дәрумені мен басқа да қоректік заттар бар.

ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ БЕЙІМ БОЛСАҢЫЗ

Көкөніс, әсіресе, кіресгүлділер (гүлді қырыққабат, орамжапырақ) жеңіз. Олардың құрамында бұл кеселмен күресетін қоректік заттар бар.

 

Мақала мен фото авторы: Макс Агилера-Хелвег


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля