..."/>
САЯХАТ

Соло

Калифорнияның Йосемити аңғарын артта қалдырып, Алекс Хоннольд фри соло әдісімен ешқандай сақтандырусыз Эль Капитанның оңтүстік-шығыс бетіндегі 900 метрлік тік жартастың бойымен жоғары өрмелеп келеді. Он жыл бойы армандаған белесті бағындыру үшін ол бір жарым жылдай жаттығып, 2017 жылдың 3 маусымында дегеніне жетті.

2016 жылдың қарашасы. Йосемити ұлттық паркінде таңғы сағат 4:54.

Толған Ай сәулесі Эль Капитанның оңтүстік-батыс беткейіне түскенде Алекс Хоннольд гранитті шыңға саусақтарының ұшымен ғана жабысып тұрды. Ол көптеген кәсіби альпинистерге ұзақ уақыт мүмкін еместей көрінген әлемнің ең кескінді жартасына «фри-соло» әдісімен, яғни жеке өзі еш сақтандырусыз өрмелеп келеді. Бұл – 900 метрден астам тік жартастың шыңына арқансыз жалғыз көтерілу дегенді білдіреді.

Ол аяғын қойғалы жатқан граниттің тегістеу бөлігіне маңдайшамының жарығын бағыттады. Жартастың Хоннольдтан бір метрдей жоғарғы тұсында қолға ілігер тіреу болмады. Одан әрі біраз өрмелесе, жайпақтау шым, көлемі жұмыр тастай төмпешіктер мен шағын жарықтарға ілігеді. Солардың көмегімен Алекс мықты саусақтарының арқасында жоғарыға өрмелеп келеді. Ал жартастың мына Фрибласт деп аталатын тік бетімен жылжу үшін һас шеберлік пен байсалдылық қажет. Альпинис­тер мұны «үйкеле өрмелеу» деп атайды. Алекс бірде: «Бұл шынының үстімен көтерілгенге ұқсайды», – деген-тін.

Қазір, құлауға болмайды. Фри соло өзге қауіпті спорт түрлері секілді емес. Қателессең, өліп кетуің мүмкін. 60 қабатты үйдің биіктігіндей жартаста арқансыз тұрғанда «бәлкім» деген сөзге орын жоқ.

Хоннольд Йосемити аңғарының Эль Капитан атымен белгілі шыңында тұр. Ол «Тафт Пойнт» ұшына көз тастауды. Әр жылдың бірнеше айын ол парктің көзтартар гранит құламасы мен қойтастарына арнап, өрмелейді. «Йосемити – менің әлемдегі ең сүйікті жерім», – дейді ол.

Алекстен 180 метр төмендегі бөренеде отыр­ған менің екі көзім оның маңдайындағы сәулеге түсті. Ол бір минутқа жуық еш қозғалмады. Сол кезде ол маған мәңгілікке қатып қалғандай сезілді. Неге екенін білемін. Ол осыдан жеті жыл бұрын ойластырып, санасын тұмшалаған жоспарын енді ғана іске асыруда.

Ханнольдтың ерлігін түсіріп жүрген оператор тау соқпағына түсіп, көк тіреген алып жартастың түбіне жақындап келеді. Мен оның рациясынан шыққан статикасын естіп отырмын. «Алекс бас тартып жатыр», – деді ол.

«Құдайға шүкір» деймін ішімнен. Алекс аман қалатын болды.

Онымен кейін сөйлесермін. Дегенмен оның неліктен жоспарды орындаудан бас тартқанын білемін. Ол оны сезіне алмауда. Әрине, ол сезініп жатқан жоқ, бұл барып тұрған ессіздік. Бәлкім, мен өзімді олай еместігіне сендіріп те жатқан болармын.

33 жасар Хоннольд музыка тыңдағанды ұнатады. Эль Капитанға шығар алдында Хоннольд да­йындығын бірнеше жерде пысықтағанды жөн көрді. Сондай шыңдардың бірі Марокконың Биік Атласы.

Альпинизм әлемінің кей тұлғалары фри солоны спорт қатарында тіпті көрмейді. Сын тағушылар мұны шоуға теңеп, оны есерсоқтыққа балайды. Мұндайды орындаймын деп жүріп, жан тапсырғандар спортқа жаман ат әкелетінін алға тартады критиктер. Ал қалғандары, бұдан артық спорт жоқ, бұл спорттың шыңы деп біледі. Бұл қатарда мен де бармын. Фри солоның «атасы», аустрия­лық альпинист Пауль Пройстың әрекетін осыған жатқызуға болады. Ол альпинизмнің негізгі мәні тауды «жасанды көмекпен» емес, физикалық және психологиялық қабілетпен бағындыру деген болатын. 27 жасына дейін Пройс 150 шыңды белбеусіз бағындырып, Еуропаны дүр сілкіндіреді. 1913 жылдың 3 қазан күні Аустрия Альпілерінің солтүстік жотасындағы Мандкогель бағыты оның соңғы сапарына айналды.

Дегенмен Пройстың идеялары өлген жоқ. 1960-1970 жылдары оның идеялары альпинис­тердің жаңа легінің «еркін өрмелеуіне» серпін береді. Ал арқан мен қауіпсіздік құрылғыларын альпинистер жоғары өрмелеу үшін емес тек қауіпсіздік мақсатта пайдаланатын болды. Фри соло тарихындағы келесі елеулі тұлға – 1973 жылы жарқ еткен «жалындаған» Генри Барбер. Ол қауіпсіздік белбеуінсіз Йосемитидің Сентинел Рок шыңының 457 метрлік солтүстік беткейін бағындырып, альпинизм әлеміне жаға ұстатты. Үш жылдан соң 19 жасар лос-анджелестік Джон Бачар Йосемитидің 91 метрлік алып жартасы Нью-Дайменшнсті жалғыз бағындырды. 1987 жылға дейін бұдан ірі жетістікке жеткен ешкім болмады. Бірақ сол жылы канадалық көнбіс Питер Крофт бір күнде Йосемитидің қос атақты жолы Астроман мен Рострумды бірінен соң бірін еркін соло әдісімен бағындырды.

Фрисолошының тірі қалу-қалмауы саусақтарға тікелей байланысты. Өрмелес бұрын Хоннольд күнделікті дайындыққа 90 минутын арнап, фургонындағы арнайы құрылғыда шеберлігін шыңдап жүрді. Соңғы жылдары бұл көлік оның үйіне де, көшіп-қонып жүретін лагеріне де айналды.

2007 жылы 22 жасар сакраментолық ұялшақ, бейкүнә жүзді, бота көзді Алекс Хоннольд Йосемити аңғарында бой көрсеткенге дейін Крофттың ерлігін қайталайтын жан болған жоқ. Ол Крофттың Астроман-Рострум жетістігін жаңартып, альпинизм әлемін дүр сілкіндіреді. Келесі жылы осы тәсілмен ол қос атақты жартасты – Зион ұлттық паркіндегі Мунлайт Баттресс пен Йосемитидің Хаф-Домының солтүстік-батыс бетін бағындырады. Бұл бағдарлардың ұзақ әрі техникалық тұрғыдан қиын болғаны сонша, оларға қауіпсіздік белбеуінсіз өрмелеу ешбір альпинистің ойына кіріп шықпапты. Ал Алекстің бұдан да үлкен жасырын жоспары бар-тұғын.

Эль-Капитанды еркін соло әдісімен бағындыру идеясы Алекске аяқ астынан адреналин алу үшін сап ете қалмағанын айта кеткен жөн. 2009 жылғы алғашқы экспедиция барысында ол менімен бұл ойымен бөліскен болатын. Оның толыққанды байсалдылығы мен аса қиын жартас бетінен оңай қозғалатын қабілеті айтып тұрған сөздерінің құр даңғойлық емес, өзгеше дүние екеніне сендіретін.

Алекс Эль Капитанның бірнеше бағдарын зерттеп алып, альпинизм майталмандарының сынақ алаңына айналған және көтерілуі бірнеше күнді талап ететін атақты Фрирайдерге тоқтады. Ұзындығы 30 метр шамасындағы арқан альпинистің тепе-теңдікті сақтау, икемделгіш, дер кезінде дұрыс шешім қабылдау мен эмоциялық төзімділігін, білек, иық, қол мен аяқ саусақтарын, арқа мен қарнының мықтылығын сынайды. Кейде күннің тасты қатты қыздыратыны соншалық, ол қол ұстатпайды. Қас қағым сәтте ауа-райы құбылып, жылы жел ағындарының орнына дауыл келіп, температура күрт түсіп, минусқа баруы да әбден мүмкін. Күтпеген жерден жарықтардан су шығып, саңылаулардан ара, құрбақа мен құстардың сумаң ете қалуы ықтимал. Аяқ тіреген, қол ілінген нық тұрған тастардың өзі сыр беріп, орнынан қозғалуы бек мүмкін.

Фрибласт – өрмелеудің ең қорқынышты тұсы. Алайда мінсіз физикалық дайындықты қажет ететін бөлігі әлі алда, жоғарыда тұр. Онда Ханнольдтың мұржа тектес үлкен жарықшақтан жоғарыға баяу жылжу үшін бар өнері мен қабілеті керек. Ол жерде адам сенгісіз маневр арқылы бұралаңдап өрмелеуге тура келеді. Аңғар табанынан 700 метрдей биіктікте соңғы белес, аса шебер техникалық дайындықты талап ететін, халық «Қойтас проблемасы» деп атап кеткен жартастың тегіс беті бар.

Қауіпсіздік белбеуін киген Хоннольд дайындығын Фрирайдер бөлігінде пысықтап жатқан кезі. Ол альпинистің саусақтарынан бастап, башпайларына дейін денесінің барлық мүшесін, сондай-ақ рухани әрі физикалық төзімділігін сынайтын қиын белестің бірі.

Фрирайдерде Алекс бір жыл бойы жүздеген сағатын арқандарға байлаулы күйде әр бөліктің хореографиясын жетілдірумен, шиеленіскен қол әрі аяқты жылжыту кезектерін жаттаумен өткізді. Артынша, ол «қорапшаға», яғни RAM ProMaster фургонына кіріп алатын (соңғы 12 жылда фургондар Алекс үшін ара-тұра мобильді лагерь әрі үйдің қызметін атқарып келеді). Онда ол дайындықтың әр мәліметін спиральді дәптерлеріне жазып отырды.

Кештердің бірінде фургонындағы асханада веган асын дайындап жатқан одан мен: «Сонымен, дайындық қалай жүріп жатыр?» – деп сұрадым. Сол күні ол «Қойтас проблемасына» дайындалған болатын.

«Мен одан 11-12 рет еш құламастан аман өттім, – деді ол, – бірақ бұл үлкен психология­лық дайындықты қажет ететіні сөзсіз». Ол 11 қадамын маған ыммен көрсетіп берді.

Дегенмен «Қойтас проблемасына» дейін ол өмірмен өлім арасында тұрған бұл есептің дене түршіктірер тұсы – Фрибласттан аман өтуі керек. Мен қауіпсіздік белбеуін киген жаттығуларының бірінде оның жанында болдым. Қараша айындағы өрмелеу кезінде де ол үстіге жетпей, кері сырғып, жерге түсті. Менің санағым бойынша, ол мұнда осымен үшінші рет сүрініп тұр. «Бұл жол, расында да, өте қауіпті. Ол маған ұнап тұрған жоқ», – деді ол маған қабырғаны көрсетіп тұрып. Сол сәтте мен Алекстің бұл тұсты қанша пысықтап, өткергенімен, өзіне ешқашан көңілі толмайтынын ұғындым. Бұл – жоспардың ол бағындыра алмайтын бөлігі екен. Мұны оның да мойындағаны абзал.

Бар керек-жарағы, яғни аяқ киімі мен бор салынған сөмкесін ұстаған Хоннольд Эль-Капитанның шыңында тұр. Фрибласты бағындыру үшін төрт сағат кетті. «Тас төбеңде, құрып кеткір, шегі жоқ қабырға тұрса қалай алаңдамайсың, алаңдағанда қандай!» – дейді ол ақыры. Келесі белес қандай? «Жерге қайта түскен соң зейнетке шықпайтын шығармын енді?! Күндердің күнінде бұдан да зорын бағындыруға жазсын», – деп тіледі Алекс.

2017 жылдың 3 маусымы. Алекс ойдағысын жарты жолдан қалдырғанына жеті ай өтті. Сенбі таңдарының бірін Эль-Капитанның етегіндегі шалғында қарсы алдық. Телескопыма үңіліп тұрмын. Аңғар табанынан 183 метр биіктікте Алекс өрмелеп барады. Ол он жылдай жанын жегідей жеген әйнектей тегіс Фрибласт бөлігіне жеткен. Әдетте бірқалыпты қозғалатын оның бұл жолғы іркілістері маған ұнай қойған жоқ. Аяқтарымен қабырғаны тепкілеуі жол таппай жатқандай әсер берді маған. Ақыр соңында, ол жылдар бойы армандаған жылтыр беткейді өткерудің сәл-ақ алдында тұрды. Бірнеше метрден кейін ең қиын бөлігі артта қалады. Сол сәтте демімді ішіме тартып алыппын… Бұдан кейін тағы бір белес, тағы бір сынақ «Қойтас проблемасы» бар. Дегеніне жету үшін ол тағдырын шешетін әлі талай маневрді мінсіз орындауы керек. Алайда бұл жолы ол кері шегінбек емес. Алекс Хоннольд альпинизм тарихындағы ең ірі әрі ғажап өрмелеуді ойдағыдай орындағалы тұр.

Авторы: Марк Синнотт, фото: Джимми Чин

Марк Синнотт 2014 жылы жарияланған теңіз жартастарына өрмелеу туралы мақала авторы. Фотограф Джимми Чин National Geographic түсірген «Фри соло» деректі фильмінің қосалқы директоры.


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля