Қуатты батареяларға деген сұраныстың шарықтауымен Боливия өз жеріндегі алып сор тартқан топырақтан литий өндіру арқылы байлыққа кенелуді армандап отыр. Алайда оның қарапайым боливиялықтарға қаншалықты пайдасы тиетіні белгісіз.
Боливияның вице-президенті Альваро Гарсиа Линера мені сенбінің бір таңында Ла-Пас қаласындағы Мурильо алаңына қараған кеңсесінің сыртында қабылдады. Осы сыпайы саясаткер өз елінде марксист идеологиясына жанымен берілген ұстанушы ретінде танымал. Бірақ бүгін ол өзін капитализмнің белсенді жарнамашысы ретінде көрсетіп жүр.
Айтылып отырған мәселе литийге қатысты. Бұл – батареядан қуат алатын заманауи әлеміміз үшін аса маңызды элемент. Вице-президент мырза маған нандырғандай, ол Боливия болашағының да кепілі. Оның болжамы бойынша төрт-ақ жылдан кейін бұл «ұлттық экономиканың қозғаушы күші болмақ». «Оның игілігін барлық боливиялықтар көретін болады, – деп ол сөзін жалғастырды, – олар кедейшіліктен арылып, орта тап өкілі ретінде тұрақты өмірге бетбұрмақ. Ғылыми-технологиялық салалар бойынша білім алу арқылы олар жаһандық экономиканың зиялы қауымы қатарына қосылады».
Боливияның экономикалық құтқарушысы деген литийді оның көзі болып табылатын Уюни сортаңының мәселесін шешпей, өндіре бастау мүмкін емес. Бұл – ауданы 10 000 шаршы шақырымнан алқап. Оны қалпына келместей бүлдірмеген күннің өзінде астындағы байлықты шығару кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық.
Ол менен: «Салар де Уюниде болып көрдіңіз бе?» – деп сұрады.
Мен ол жаққа жақында баратынымды айтқанда вице-президент мырза ностальгияға түсіп кеткендей көрінді. «Саларға барып, түнейтін кезіңде астыңа көрпе жайып жатыңыз, – деп ол маған ақылын айтты. – Пинк Флойд әндерін қосыңыз. Аспанға қараңыз. Содан кейін не айтпағым келіп отырғанын өзіңіз де түсінесіз».
Әлемнің ең ірі cортаң даласына бір күнге созылатын сапар кезінде Оңтүстік Американың ең кедей елінің тұмса табиғатын да көріп қалуға болады. Ла-Пастың орталығынан басталатын жол Эль-Альто қаласына бір-ақ апарады. Бұл – Боливияның байырғы тұрғындардың саны жөнінен екінші ірі өкілдері – аймаралар тұратын жұмысшы табы қаласы. Алдағы жеті сағат бойы тегіс алқапқа жеткенше тек еңіске қарай жүріп отырамыз. Артынша, жолымыз шамамен 3650 метр биіктіктегі орманның шөлейт аумағында жалғасады. Күн түскен бойда жазықтық бетін сортаңның бозарған сағымы басады.
Саларға күн батпай жеттім. Содан бір шақырымдай жерді оның жылтыр әрі қатқыл бетімен қозғалып отырдым. Көлігімнен түскенімде мұндай қара суықта ашық аспан астында көрпе жайып тастап қана жата алмайтындығымды ұқтым. Десек те, көрініс ғажайып: айнала ақ түсті теп-тегіс ен дала. Шөл даланың үстінен көмкерілген бұлтсыз көк аспан мен көз ұшындағы тау шыңдарының көрінісі тіптен керемет. Жолсыз жазықтықта мотоциклдер мен жол талғамайтын көліктер ғана жүйткиді. Дала кезген мына адамдар Боливияның вице-президенті сөзімен айтқанда «қардай аппақ шексіз үстелдей» кеңістікке көз тастай шарлайды.
Көзге көрінбейтін Салардың жер-жерінде бульдозерлер пішіні бірдей алып буландыру тоғандарын жасап жүр.
Бізге мәлім жәйттар аз емес. Біріншісі, мына сортаң даланың астында дүниежүзіндегі литийдің мол қоры жатыр. Ол планетамыздағы бүкіл қордың 17 пайызын құрауы мүмкін. Екіншісі, литий кен орнын игеру Боливия үкіметі үшін тығырықтан шығып, 40 пайызы кедей тұратын халықтың бейнет тартқан өмірін түзейтін бірден-бір жол. Және ең негізгісі, бұл жол толық зерттелмеген. Демек оның бұрынғы жобалардай сәтсіз болуы ғажап емес.
Бүгінгі күні Боливия әлі де өткеннің сарқыншағынан құтыла алмай отыр. Елдің аймара тайпасынан шыққан тұңғыш Президенті Эво Моралес билікке 2006 жылы келген. Ол соңғы ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзінде испандықтардың отарлау саясатынан «зардап шеккенімізге 500 жыл» толғанын баса айтты. Десек те құлдыққа салып, ұлт мәдениетінен айырған қасіретті кезең шамамен екі ғасыр бұрын аяқталған. Кейіннен елдің географиялық орналасуы мен билік басындағылардың орашолақтығы оның дамуына тұсау салуда. 1905 жылы Чилиге қарсы соғыста Тынық мұхит жағалауынан айырылғаннан кейін Боливия экономикасы тоқырауға ұшырай бастады. Көршілес Бразилия мен Аргентина жаймен өркендей дамыса, Боливия ондаған жыл бойы әскери төңкерістер мен сыбайлас жемқорлықты бастан өткерді.
Боливия экономикасының тарихы тосын әрі бітпейтін көтерілу мен құлдырау циклдерінен тұрады. Бұл жағдай табиғи ресурстарға тәуелді елдерге ортақ болса да, Чили сияқты Латын Америкасының кей елдері экономикаларын сауатты дамытуға қол жеткізе білді. Тез, бірақ баянсыз пайданың соңынан ерген Боливия үкіметі, керісінше, минералдық ресурстарын өндіру ісін шетелдік компанияларға берген жағдайы аз болмады. Вице-президент сөзімен айтқанда: «Біз шикізат активтерімізді ақылмен шешетін комбинацияны таба алмадық, интеллигентті мәдениетті қалыптастыра алмадық. Осының кесірінен еліміз табиғи ресурстарға бай, бірақ халқы кедей».
Бір қызығы Латын Америкасы елдері ішінде Боливияны көп адам біле бермейді. «Буч Кэссиди мен Сандэнс Кид» фильміндегі Боливияның камея рөлі оның жартылай жасырын сипатының метафорасы іспеттес. Бар қазба байлығын шетелдіктер сорып жатқан елдегі қылмыстың жәйі де мәз емес.
Аталған фильмдегі екі кейіпкер тонайтын оқтан шұрқ тесік болған пойыз жайындағы эпизод бір кездері тіршілігі қыз-қыз қайнаған шахтерлер қаласы Пулакайоның негізгі көрікті жерлерінің бірінде түсірілген. Бүгін ол қаңырап бос қалған елес қалаға айналған.
Себебі ел Үкіметі Пулакайоның шахталарын 1959 жылы жауып тастаған. Мұндағы қызу тіршілік тоқтағанда қаладан 20 шақырымдай қашықтықтағы тау-кен өнімдерін тарату орталығы Уюни де өз жұмысын тоқтатады деп болжанған-тұғын. Бірақ 1980 жылдары туристер мекенін іздеп жүрген Хуан Куесада Вальда есімді туристік оператордың Саларға көзі түседі.
Сол кезге дейін мына сортаң жерге боливиялықтар географиялық аномалия деп қана қарайтын. «Салар ешқашан мәдени құндылыққа ие болған емес, – дейді Уюни мэрі Патрисио Мендоза, – бұл алқапты көргісі келетіндердің өзі «адасып кетеміз, шөлдеп өлеміз не ламаларының табаны жарақат алып жолда қаламыз» деп тартыншақтайтын.
Саларды көрген кезде Куесада жерден жеті қоян тапқандай күй кешкен. «Ол бұл жерді сата алатындығын білді», – дейді қызы Люция.
Кейін Куесада түгелдей дерлік сор топырақ кірпішінен соғылған алғашқы бірнеше қонақүй тұрғызады. Қызық қуған шетелдіктер ұшы-қиырына көз жетпейтін сортаң тартқан боз далаға жылыну үшін келе бастайды. Бүгін тұзды қонақүйлерде күнде жиын, күнде той. Ал Уюни колледж жасындағы саяхатшылар үшін таптырмас демалыс орнына айналып отыр.
«Бәлкім, біздің экономикамыздың 90 пайызы туризмнен тұратын болар», – дейді Мендоза.
Боливияның экономикалық түңілулерінің ұзын да түнеріңкі тарихында Салар қарапайым да болса бір жарқын сәті болып табылады.
Бірақ енді Боливияны жаңа болашақ күтіп тұр – литий болашағы.
Ертеректе алтын, өткен ғасырда мұнай өнімдері қандай маңызға ие болса, алдағы жылдарда литийдің «дәурені» туады деген үміт бар. Ол компьютер, ұялы телефон мен өзге де электрондық құрылғылардың батареяларының маңызды компоненті ретінде пайдаланылады.
Жаһандық нарықтың литийге деген жылдық сұранысы 2017 жылы шамамен 40 000 метрикалық тоннадан асып түсті. 2015 жылдан бері оған деген сұраныс жылына 10 пайызға артып келеді. Ал осы уақыт аралығында литийдің құны шамамен үш есе артқан.
Электрлі көліктердің сұранысқа ие бола бастауымен оны пайдаланушылар қатары да арта түсетінге ұқсайды. Goldman Sachs инвестициялық компаниясы электрлі көліктер жанар-жағар маймен жүретін транспорттың орнын басқан сайын литийге деген сұраныс жылына 70 000 метрикалық тоннаға дейін арта береді деп болжайды. Литий қорына бай ел тұрғындарына бұдан былай кедейшіліктен қорқуға негіз жоқ.
Литий Антарктикадан басқа барлық континентте өндірілсе де, әзірге белгілі ақ алтын қорының төрттен үші Анд тауларындағы Альтиплано-Пуна үстіртінде орналасқан. Сортаң қойнау қатты кендер «литий үшбұрышы» деп белгіленген аймақ Чили, Аргентина мен Боливия жерінде шоғырланған. 1980-жылдардан бері Чили литийді тұзды судан өндіріп келеді және оның Салар-де-Атакама сортаңы аталған элементтің Латын Америкасындағы негізгі көзі саналады. Чили үкіметі шетелдік инвесторларға асқан қонақжайлылық танытты. Әлемдегі ең ірі мыс экспорттаушысының тәжірибесі де мол. 1990-жылдардың соңында Аргентинада тұзды судан литийді сүзіп ала бастады.
Боливияның литий қорына осыған дейін қол сұғылмапты. «Аргентина мен Чилиде қоғамдық-жеке серіктестік бойынша қалыптасқан мәдениет бұрыннан бар, – дейді 1980-жылдары Салардың литий потенциалын зерттеген алғашқы геологтар қатарында болған Балливиан, – мұнда үкімет жеке инвестицияны қабылдағысы келмейді. Мұнда капитализмге деген өшпенділік бар».
Моралестің сайлануы байырғы аймара тайпасы үшін айрықша сүйеніш еді. Алайда жаңа Президенттің көздеген саясаты шетелдік капиталға қарсы еді. Моралес мұнай кәсіпшілігімен бірге тау-кен өндірістерін де ұлттандыруға бел шеше кіріседі.
2008 жылы Моралес пен Гарсиа Линера Салардағы литий қорына назар аударды. «Бұрынғы үкіметтер ешқашан литий өндірісімен айналысқан емес, – деді Гарсиа Линера, – олардың көздегендері ресурстарды шығарып әкетуге негізделген отарлаушылық экономиканы қайта жандандыру-тұғын».
Жаңа үкіметтік жұмыс қағидасы – «100% мемлекеттік!» не кәсіпорындардың толықтай мемлекет иелігінде болуы. «Біз Саларды өзіміз, боливиялықтар болып игереміз, литий өндіруде өзіндік әдіс-тәсілімізді де ойлап табамыз, сонан кейін бізге жаһандық нарыққа жол аша алатын шетелдік компаниялармен серіктестік құрамыз деп шештік», – дейді Гарсиа Линера.
Бұл ұран аймаралық Президенттің аузынан шыққанда қосымша да мағына тудыратындай. Аймаралар Салар кенінің айналасында орналасқан халықтың басым бөлігін құрайды. Сортаң дала Боливияның экономикалық төңкерісінің эпицентрі болатынын жариялау жұмыс орындары ашылып, бейнетің артта қалатынынан хабар беретін белгі іспетті.
Гарсиа Линера батыл түрде Боливияның литийі «әлемді қоректендіретін отын» болады деп уәде етті. Ол 2030 жылға қарай ел экономикасы Аргентина мен Чили экономикасымен теңесетініне сенімді екенін айтты. Моралес сенімді түрде Боливия 2010 жылға қарай литий батареяларын, ал 2015 жылға қарай электр көліктерін шығаратын болады деп болжаған-тұғын. Бұл болжамдар қате боп шықты. Литий өндіру шығыны көп әрі күрделі іс. Ол айтарлықтай шетел капиталы мен жоғары технологияларды қажет етеді. Боливия сияқты дамушы ел үшін өз бетімен көлік шығару ешқашан мүмкін емес еді. Сонымен бірге басқаруды мемлекетке жайдан-жай бере салатын шетелдік компанияны табу да оңай шаруа емес.
«Көптеген компаниялар Салар кенін игеруге құлықты екенін анық түсінесіз, – дейді Гарсиа Линера, – біз оларды қабылдамай отырмыз. Салар боливиялық мамандардың басқаруында болуы тиіс. Сондықтан осы мәселе шамалы қиындықтар тудырып отыр».
Дей тұрғанмен Салар де Уюни қоры кез келген болжамнан асып түседі деген уәдеге сенген Моралес әкімшілігі 2013 жылы Боливия шетелдік серіктес табады деп айтқан болатын. 2018 жылға дейін серіктес табылмады. Әлдебір неміс компаниясы кәсіпорын акциясының 49 пайызына ие болу шартымен 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құяды деген ақпарат та тараған.
Боливия үшін ең үлкен кедергі – жобаның ғылыми жағы. Саларда жауын-шашын мөлшері басқа кендермен салыстырғанда айтарлықтай көбірек болғандықтан булану процесі баяу жүреді. Салардағы литий қорында магний концентарциясы да көбірек. «Чили литийінің құрамында магний пропорциясы 5-ке 1, ал Уюниде ол 21-ге 1. Бізде концентрация мөлшері төрт есе жоғары, – дейді боливиялық инженер-химик Мигель Парра, – сондықтан оларда өндіріс әлдеқайда жеңілірек. Біз үшін ең үлкен қиындық магний мен литийді ажыратып алу».
Мен Паррамен Боливияның Ллипи литий пилоттық зауытында таныстым. Ол 2008 жылдың қараша айында жоба басталғанынан көп өтпей зауыттың өндіріс жөніндегі директоры қызметіне тағайындалып, сол кезден бері жұмысын жалғастырып келеді. Зауыт пен литий өндірілетін сортаңды кен орындарын жалғайтын 15 шақырымдық жол салынып бітпегенше, жел мен жауын-шашын инженерлерге айтарлықтай кедергі келтіргені бар.
Моралес үкіметінің он жылдан бергі жалғыз жетістігі Потоси шахтерлер қаласындағы батарея шығаратын кішкентай Ллипи зауыты. 2013 жылы бірнеше миллион доллар инвестиция құйылғаннан кейін, бұл жерде литий өндіріле бастады. Шағын мемлекеттік кешенде боливиялық 250 адам жұмыс істейді, олардың арасында көршілес аймара ауылдарынан келгендері некен-саяқ.
Сапа бақылау директоры Виктор Угарте мені қоршалған зауыт аумағына ертіп кірді. Тур бірнеше минутқа ғана созылды. Технологиялық процесс тұздыққа жеткенге дейін қатқыл беткі қабатты бұрғылау жұмыстарынан басталады. Тұзды су артынша буландыру тоғандарына айдалады. Ол жерде ол буланып, литий сульфаты кристалдануы үшін химикаттар қосылады.
Мұнан кейін ерітілген литий сульфаты тиелген автоцистерналар жалғама жол арқылы үш қабатты зауыттың ең жоғарғы қабатына бағыт алады. Бұл сұйықтық алдымен Потоси қаласынан әкелінетін әктаспен араластырылады. Угарте айтқандай: «Бұл процестің ең күрделі бөлігі, осы арқылы магний бөлініп шығып, литийдің қажетті таза бөлігіне қол жеткізіледі».
Сұр паста түріндегі магний компаундтарынан тазаланғаннан кейін қалған сұйықтық екінші қабаттағы кальций сульфатын сүзіп алу процесінен өтеді. Литий карбонатын алу үшін салқындатылған сұйықтыққа химикаттар қосылады. Осыдан кейін ол екі сағат кептіріліп, қаптарға салынады. Шамамен 20 пайыз мөлшері 300 шақырым қашықтықтағы Потоси батарея зауытына жөнелтіледі. Қалғаны түрлі компанияларға сатылады. «Біз айына бар болғаны екі тонна литий өндіруден бастадық, – деді Угарте маған сапарым барысында, – қазір біз бес тоннаға дейін өндіреміз» (сол уақыттан бері зауыт басшылығының мәліметінше, олар айына 30 тонна өнім шығаруға қол жеткізген).
Мен Ллипи зауытының бар мүмкіндігі қандай екенін сұрадым. Ол көрсеткішті индустриялдық деңгейге, яғни жылына 15 000 тоннаға дейін жеткізуге болатынын айтты. Содан кейін мен осы кішкентай зауыттың алдағы бес не одан да көп жыл ішінде батареяға қажетті литий бойынша индустрия стандарты – 99,5 пайыз тазалық деңгейін сақтай отырып, осыншалық амбициялы мақсатқа қалай қол жеткізетінін қиялдап көруге тырыстым.
Ойға басқа да сұрақтар оралады: Боливия мына үйілген сұр қалдық магнийді қайтпекші? Үкімет магний хлориді жол бетінде қатқан мұзды ерітуге қолдануға болатынын айтады. Алайда оның осыншалық көп мөлшерде керектігіне сене қою қиын. Әрі магнийді литийден бөліп алу үшін қолданылатын әктас экономикалық тұрғыда құны қымбат зат болып табылады. Боливия үкіметі әлдебір әдіспен әктас қалдығын азайтатын өңдеу технологиясына ие екендігін айтады. Алайда оның мөлшері сұрақ тудырады. Боливиялық геолог Хуан Бенавидестің айтуынша, «Чили мен Аргентинада шығарылатын өнімнің экологиялық зияндылығы аз. Алайда біз, шынымен, оң нәтижеге сенім арта алмаймыз, өйткені Боливия литийіндегі магний мөлшері тым жоғары. Бар білетініміз, өндіріс өскен сайын әктас қолданысы да арта бермек».
«Біз қандай да бір кері әсерді болдырмас үшін қолға алынған алдын алу шараларын айтып, ерекше мақтан тұтатынымыз бар, – дейді Гарсиа Линера, – іс жүзінде, мұның материалдық шығыны мен қоршаған ортаға келтірер зияны аз болмасы анық».
Ең көп мазаны алып отырған сұрақтардың бірі: литийді бөліп шығарып алу үшін қанша мөлшерде су қажет болады? Сортаңды кен орнына екі өзен келіп құяды. Екеуі де киноа өсіретін бағбандар үшін аса маңызды – Боливия осы псевдоастық өнімінің әлемдегі екінші ірі өндірушісі. Боливия үкіметі қолданылатын судың 90 пайызын тұзды судан алынатындығын айтса да, кей сарапшылар жерасты су көздері өзгеріссіз қалатындығына күмән келтіруде. «Жыл өткен сайын су ең негізгі қажетті ресурсқа айналатыны сөзсіз, – дейді Балливиан, – Боливиядағы өзге кез келген кен орнына қарағанда мұнда тіпті көп мөлшерде су қажет болады».
Және ең соңғысы, Салардың топырағы әлі көп мөлшерде бүлінбеген күйде. Шексіз қаталдығына қызығатын туристерден бөлек, бұл жер чилилік қоқиқаздардың жұптасу мекені болып табылады. «Зауыт бұл қорықтардан әлдеқайда қашық орналасқан, – дейді Гарсиа Линера, – бұл біздің қоршаған ортаға деген жауапкершілігімізді көрсетеді».
Кейбірінің ұзындығы сегіз футбол алаңынан асатын бірнеше буландыру тоғандары сортаң кен орнында ретімен орналасқан. Туристердің жұлдызды аспан астында қонуға болатын жерлері олардан қашықта. Қазір эксплуатацияланып жатқан аймақ бұл үлкен жоспардың титтей бір бөлігі ғана. Мына тылсым алқаптың басым бөлігін, ерте ме кеш пе, Боливия игере бастайтыны анық.
«Біздің мақсатымыз – ұзақ мерзімдік жобамен айналысу. Сондықтан Салар түгел игеріледі», – дейді Энергетика вице-министрі Луис Альберто Эчазу Альварадо.
Мен Салар маңындағы ауылдарды аралап шықтым. Моралестің литий жобасына тұрғындар скептикалық көзқараспен қарайды, іштерінде уайымдайтындары да жоқ емес.
Аймақтағы аймаралардың көбі saleros, яғни тұз жинап, оны өңдеуші зауыттарға өткізіп, күн көреді. «Үкімет бізді еш құлақтандырған емес. Біз, тіпті литийдің не екенін, оның қандай пайдасы бар екенін де білмей келдік», – дейді ашынған Хьюго Флорес. Ал Тахуа елдімекеніндегі ауыл кеңесінің бір мүшесі былай дейді: «Мына қыстақта литий жобасында істейтін адам жоқ. Біз ауылдағыларға жалақысы жақсы жұмыс ашылады деп ойлаған едік. Бұл мәселе көңілді қатты жабырқатып тұр». Ллипи зауытының директоры Парра амалсыз иығын көтеріп, білімі жоқ адамдар үшін жұмыс аз екендігін мойындады.
Өкпесі қара қазандай көңілі толмағандардың алдын, бәлкім, Даниэль-Кампос провинциясының орталығы – Ллика кеңесінің төрағасы Рикардо Агьера Тикано бастаса керек. Салардың түгелдей дерлік аумағы осы провинцияда орналасқан.
«Біз зауыт толық қуатына енген кезде миллиондаған пайда әкелетінін түсінеміз, – деді ол шашылған кеңсесінде отырып, – скептицизміміз сол, одан бізге не пайда? Жобаның игілігін алдымен өндіріс жүзеге асырылып жатқан өңірде тұратын адамдар көруі тиіс емес пе? Және ол игілік ақшамен ғана шектелмейді. Жастардың болашағы үшін мұнда химия ғылымының факультеті немесе білім алу мүмкіндігі жасалуы тиіс. Үш жыл бойына осыны сұрап келеміз. Қазір біз Мемлекет Басшысымен кездескіміз келеді. Ол мұнда келмегелі көп болды».
Агьера келесі сөздерін саралай сөйлеп: «Боливиялықтар сабырлы халық, бірақ қажет болса, олар нақты әрекетке көшетін әдеті де жоқ емес», – деді.
Оның сөзіне ешкім күмән келтірмейді. 1946 жылы Президент Гуальберто Вильярроэльді төзімі таусылған халық Плаза Мурильо алаңында көше шамы бағанына дарға асып тастады. Вильярроэль еңбек реформаларын жүзеге асырады, бірақ кеншілер талаптарын күшейткен кезде ол кеншілерге қарсы репрессивтік шаралар қолданып, шалыс басады. Вильярроэль асылған алаң менің вице-президентпен кездескен алаңға жақын орналасқан. Лликадан қайтіп бара жатқанда өткеннің осы қаралы оқиғасы есіме түсе берді, түсе берді. Иә, Салар қоры мол шексіз даладай көрінгенімен, іс жүзінде оның да таусылар шағы болады.
Автор: Роберт Дрейпер, фото: Седрик Гербехай
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе,
shopnationa