Ақтөбе өңіріндегі Байғанин ауданы аумағында өзіндік ерекшелікке ие бір жер бар. Ол Үйтас деп аталады. Оған бару үшін алдымен Қарауылкелді ауылынан шығып, батысты бетке аласыз. Содан соң айдаладағы елсіз жазықпен бірнеше шақырым жол жүресіз. Сол уақытта көзіңізге қарауытқан үлкенді-кішілі бейнелер шалынады. Жақындап келіп байқасаңыз, бұлар бөлек-бөлек болып дөңкиіп жатқан түрлі пішіндегі қойтастар. Олардың саны – алтау. Ең үлкенінің биіктігі 4,2 метр, ал көлемі 5-6 адамның құшағына әзер сияды.
«Адам аяғы жете бермейтін жердегі бұл неғылған тастар? – деп ойлайсыз іштей. – Мүмкін біреулер мұны осында әдейі әкеп тасады ма екен?» Олай дейін десең, бұлар ешқандай КамАЗ бен БелАЗ-ға сиятын дүниелер емес. «Жоқ, әлде… Бұл осында бұрын бір карьер болып содан қалған белгі ме?» Бұлай деп пайымдауымыздың да еш қисыны келмейтін сиқты. Себебі, өзіміз сөз етіп отырған жерде ешқандай тау-тас немесе қиыршық құм массиві көрінбейді. Төңірек ақселеу тербелген боз жусанды кең дала.
– Осы Үйтас туралы, – деді ойланып тұрған бізді әңгімеге тартқан жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ермекбаев, – ел арасында мынадай жорамал бар. Ол: «Бұл аспаннан түскен метеорит жарықшақтары емес пе?» – деген пайымдау. Иә, жарықшақтар… Солай болуы бек мүмкін. Өйткені осыдан мың, әлде миллион жыл бұрын әлдебір аспан денесі нақ осында түссе, бұл жерде Сібірдегі Тунгус сияқты алапат ойық орны қалар еді. Көріп тұрсыздар, мұнда ол жоқ. Соған қарағанда бұл метеорит тұңғиық әуе төрінен төменге қарай зымырап келе жатқанда, ауадағы үйкеліс әсерінен шытынап, жан-жаққа ұшқан оның үлкенді-кішілі жарықшақ тастары да болуы мүмкін-ау.
Даладағы тылсым сырын ішіне бүккен жұмбақ тастар туралы өлкетанушы міне, осылай деді. Оған негіз де бар сияқты. Себебі, осы Ақтөбе облысының Байғанин өңірімен іргелес Ырғыз ауданында Жаманшың атты жер бар. Оған осыдан миллион жыл шамасы бұрын метеорит құлаған. Оны 1941 жылы ғалымдар Л.Яншин мен А.Вахромеевтің экспедициясы іздеп тауып, зерттеген. Олардың сонда жазған ғылыми мақаласында мынадай жолдар бар. «…Алып аспан денесі Ырғыздан 40 шақырым жерге келіп түскен. Оның орны 5-6 шақырым аумақты алып жатыр. Метеориттің ауыр салмағы мен жерге соғылғандығы алапат жарылыстан пайда болған ойпаттың тереңдігі 700 метрді құрайды».
Біз көрген Үйтас сол метеориттің жарықшақтары емес пе екен? Ондай аспан денелері жерге жүздеген шақырым қалғанда төңірегіне ірілі-ұсақты тас бөліктерін шашыратып келіп, дала мен орман-тоғай алқаптарын жайпап түсетінін телеарналардан көріп жүрміз ғой. Сондағы көрсетілген деректі фильмдердегі өмірлік мысалдарды ескере отырып, Байғанин ауданындағы Үйтас пен Ырғыз өңіріндегі Жаманшың ойпатындағы жарықшақтарды салыстыра зерттеп көру керек деген ой айтпақпыз. Олар біртекті ме, жоқ па? Мәселе, міне сонда.
Авторы: Жанболат Аупбаев
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы