Жауынды ормандардың бұл мини-монстрлары жасырынудың шебері. Олардың таңдай қақтырар қасиеттері аз емес.
Әлемнің ең хикметті жәндігі деген жарыс болса, бүкір цикадалар басқаларына шаң қаптырары сөзсіз. Денесінен сүйірлене өсіп шыққан бұл шоқылар не өзі?
Membracidae тұқымдастарының көбісі ақылға қонбайтын түрімен ерекшеленеді. Мәселен Bocydium қоңызы тікұшаққа ұқсайды (жоғарыда). Мүйіз, жапырақ, жәндік нәжісі, тіпті құмырсқа мен арадан айнымайтындары да бар. Тамшыға ұқсайтын бұл тұқымдастың 700 шақтысына әлі атау берілмеген. Ал жақында ғана атауы берілген 40 түрінің қазірдің өзінде жөнді ғылыми сипаттамасы жоқ.
Осы ерекше формалар, жәндік анатомдарының түсіндіруінше, Membracidae тұқымдастарының ерекше пронотумының, яғни қалқанша тәріздес көкірек қуысының бір бөлігінің өзгеруінен шыққан. Алайда гротеск сүйір ұшындай не шар тәріздес доғаланған пронотасы бар бұл қоңыздар өз қатарының алды, креативі тасыған жаратылыс б.т.
Бұл титімдей жәндіктер дүниежүзі бойынша ағаштар мен өсімдіктерде тіршілік етеді. Сипаттамасы берілген 3200 шақты түрінің шамамен жартысы Жаңа дүниенің тропикалық ормандарында кезігеді.
Бүкір цикадалар жартылай қатты қанаттылар (Hemiptera) деп аталатын үлкен әрі алуан түрлі жәндіктер отрядының өкілдері б.т. Олардың қатарына ауыз бөліктері өсімдіктердің сабақтарын тесіп, ішіндегі нәрді соруға бейімделген Cicadellidae-ның түгел тұқымдасы да жатады. Маса сияқты цикада тектестердің де екі өзара байланысқан, инеге ұқсайтын түтікшелері бар, біреуімен шырын сорса, екіншісінде нәрдің қоюлануына жол бермейтін сөл бар.
Ғұмыр бойына бір өсімдіктің беретін азығын ғана тұтынатындықтан бүкір цикадалардың көбі экономикалық маңызды дақылдарға аса қауіп төндірмейді. Басқа тұқымдастарына қарағанда оның аз зерттелуі де осыдан болса керек. Ғылыми назардың жетіспеушілігі салдарынан осы қоңыздар туралы білетініміз аз. Сондықтан болар олардың мистикалық келбетінің мақсаты бізге түсініксіз.
Бүкір цикадалардың көзге ұратын пронотасы оларды жыртқыштардан қорғайтындығына қорықпай бәс тігуге болады. Олардың мүйіздері мен тікенектері жұмсақ еместігінен, ал жарқыраған түстері улы екендігінен хабар беріп тұрғандай. Мимикрия, яғни басқа нәрседей көріну қабілеті, қорғаныш қызметін атқарады.
Пронотасы үлкен болса да, іші бос, салмағы жоқ, бұл оларға таң қаларлық жеңілдікпен ұшуға мүмкіндік береді.
Өзара байланыс өсімдікте діріл тудырумен жүзеге асатындықтан, әзірге, осы рецепторлардың шын мақсаты түсініксіз. Ал Миссури университетінің зерттеуші маманы Рекс Кокрофттың айтуынша, дене мүшелерін бір-біріне үйкеу арқылы шырылдап «сөйлесетін» тұқымдастары кәдімгі цикадаларға қарағанда бүкірлері өсімдіктер арқылы сигнал жіберу үшін денелерін сілкілеп, шайқайды. Кокрофт пен басқа да зерттеушілер адам құлағына естілмейтін сыбдыр, тырсыл, шиқыл мен сайраудан тұратын дыбыстар хорын ашу үшін осы вибрацияларды микрофонға ұқсас құрылғымен жазып алады.
1, 12, 15: Heteronotus класына жататын мына бүкір цикада құмырсқа мен араға ұқсап баққысы келеді. 2. Aetalion reticulatum аналығы жаңа шыққан жұмыртқаларды қорғайды. 3. Phormophora maura. 4. Membracis дернәсілдерінің жыртқыштардан қорғайтын тікенектері бар. 5. Membracis elevata. 6. Chelyoidea тасбақа құмырсқаларының текстурасы мен түсін салады. 7. Cladonota класындағы бүкір цикада құс саңғырығына ұқсайды. 8. Gelastogonia 9. Adippe histrio. 10. Hypsoprora саңғырыққа ұқсайды. 11. Membracis bucktoni. 13. Ceresini 14. Hemikyptha marginata қоңызы әлемдегі ең ірі бүкір цикада түрі. 16. Stegaspis fronditia. 17. Мелипон арасы екі аналық Aetalion reticulatum қоңызы бөлген бал шәрбатын ішуде. 18. Anchistrotus «дулығасынан» айырылса да аман қала алады.
Осындай байланыс құру қабілеті арқылы бұл мини-монстрлар өз балаларын қорғайды. Жұмыртқалағаннан кейін оларды тастап кететін көптеген басқа қоңыздарға қарағанда аналық бүкір цикада ұрпақтары өсіп, ұшып кеткенге дейін қастарында болып, сақтық танытып, оларды қорғап жүреді. Сасық қоңыздар сияқты жыртқыштар жақындаған кезде ең таяу маңдағы нимфа денесін тербелту арқылы дабыл қағып, вибрациялық шырылға басады. Ұяластары да дабылды іліп алып, «хорға» қосыла сигналды күшейте түседі. Осылайша аналығы басқыншыға қарсы шығып, қанаттарымен айбаттана қағып, түйреуіштей артқы аяқтарымен соққы жасайды.
Кейде оларға құмырсқа мен өзге жәндіктер көмекке келеді. Мұндай жәрдем үшін бүкір цикада оларға бал береді. Өйткені ол өсімдік нәрін сорғанда үнемі осы сұйық тәтті өнімді бөліп шығарады.
Иллинойс табиғат тарихын зерттеу ұйымының жетекшісі Крис Дитрих айтқандай: «Құмырсқа одақтастары бар бүкір цикаданы ұстау бізге де оңай емес, қол сұқсаңыз болғаны, ондаған құмырсқа шағып үлгереді. Өкінішке орай, әпенді қоңыздар туралы біз білетін аз ғана дерек осымен шектеледі».
«Жәндіктермен жұмыс істеген ерекше. Тура бір жаңа жыл мейрамы сияқты, әр күніңіз тосын сыйға толы», – дейді МакКами.
Автор: Дуглас Мейн, фото: Хавьер Азнар Гонсалес Де Руеда