2000 жылдық тарихы бар
Шымкент – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан шаһардың әсем табиғаты мен халқының қонақжайлылығы туралы аңыз-әңгімелер ел ішінде жиі айтылады. Жалпы қазақты әлемдегі ең қонақжай халық десе, ал еліміз бойынша қонақ күтуде алдына жан салмайтындардың көшін шымкенттіктер мен оңтүстік халқының бастап тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас. Шымқала сондай-ақ қазақ елінің негізгі сауда-саттық, мәдениет пен өнеркәсіп орталықтарының бірі.
Құс ұшар биіктен қарағанда, заман талабына сай бой көтерген биік үйлермен бірге, жасыл-желек ағаштармен көмкерілген көріністі тамашалай аласыз. Жылдың он айында төбесінен күн сәулесі түсіп тұратын қалада бүгінде жанға жайлы дүниенің барлығы бар. Соның арқасында Шымкент Қазақстанның кез келген қаласында кездесе бермейтін артықшылықтар мен ерекшеліктерге ие. Оған мына деректер мен дәйектер дәлел бола алады. Тұрғындар саны бір миллионнан сәл-ақ асатын қаладан 300-ден 700-ге дейінгі орынға шақталған бес жүзге жуық тойхана, әлемдік брендтерді саудалайтын жиырма шақты сауда және ойын-сауық орталығы, әр көшеде қаздай тізілген кафе мен мейрамхана, қысы-жазы жұмыс істейтін оннан астам спорт кешені, сәні мен салтанаты келіскен жүзге жуық қонақүй, түрлі бағыттағы оннан астам саябақ пен 600-ден астам ағаш түрі өсірілетін Дендропарк бар. Ал өнерсүйер қауым үшін екі бірдей (қазақ және орыс) драма, бірнеше жекеменшік, қуыршақ, Опера және балет театрлары, филармония, Цирк пен ондаған музейдің есігі үнемі ашық тұрады.
Шымкент тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан мен Орталық Азияның түйіскен жерінде орналасқан. Сондай-ақ, Еуропа жерінен бастау алатын автожолдар Шымкентті басып өтіп, Оңтүстік-Шығыс Азия, одан әрі алыс және Таяу Шығыс аймағын жалғайды. Ал өткен жылы еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһары шығысында – Жамбыл, солтүстігінде – Қарағанды, батысында – Қызылорда облысымен, оңтүстігінде – Өзбекстан Республикасымен шекаралас жатыр. Қала – Орынбор-Ташкент, Түркістан-Сібір, Ташкент-Шымкент-Тараз-Алматы, Ташкент-Шымкент-Түркістан-Самара, сондай-ақ «Батыс Еуропа және Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Ал қаладағы халықаралық әуежайда елімізге келетін туристер санын арттыру мақсатында жаңа терминалдың құрылысы басталды.
Шымкент маңында суға шомылуға, жағажай спорт түрлерімен айналысып, балық аулап, аңға шығуға, сондай-ақ киелі жерлер мен табиғи ескерткіштерді атпен аралап шығуға жағдай жасалған. Шымкент қаласы «Мәдени серіктес астаналар» бағдарламасына сәйкес 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілді. Шымкент қалалық Туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметовтың айтуынша, Шымқала осы күні өзіне туристерді көптеп тарту мақсатында еліміздегі ірі мегаполистермен достық бәсекеге түскенін айта кетуіміз керек. Соның арқасында қалаға келген қазақстандықтармен қатар шетелдік туристер саны да жыл өткен сайын артып келе жатқаны байқалады. «Ал мұндай үрдіс өз кезегінде қаланың одан әрі гүлденуіне ықпал етіп, үздіксіз дамуына оң әсерін тигізіп отыр», – деді Тұрар Ахметов.
Қаладан бір жарым сағаттық жердегі Тянь-Шань тауы етегінде Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы Орталық Азия мен Қазақстан бойынша ең алғаш қорғауға алынған аймақтың бірі болып табылады. Оны құру бастамасын 1920 жылы танымал гидробиолог А.Л.Бродский көтерген. Қорық бүгінде аймаққа ғана тән өсімдіктер мен жануарлардың отаны ретінде ЮНЕСКО-ның бақылауында тұр. Бұл жерден тауешкі, марал, елік, сілеусін, қар қабыландары мен қасқырларды, сондай-ақ Тянь Шань қоңыр аюын да кездестіруге болады. Қорық құстар мен өсімдіктер әлеміне де өте бай. Майдаларын айтпағанда онда мұртты гриф, бүркіт пен қыран секілді ірі жыртқыш құстар да мекендейді. Теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан ұңғымаларда тастарға қашалып салынған түрлі бейнелерден тұратын «сурет галереясын» да кездестіруге болады. Тау етегінде көздің жауын алатын қарлы шыңдардың бөктерінде түрлі-түсті альпі гүлдері жайқалып өседі. Солардың бірі Шымкенттің символына айналған грейг қызғалдағы. Жылына небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін гүл әр маусымда аймақты қызыл кілемге орайтындығымен ерекшеленеді.
Шымкенттің соңғы жылдардағы даму қарқыны расымен де адам таңғаларлықтай. Ал Шымкент қаласы атауының шығу тарихына келер болсақ, оның мағынасына қатысты ортақ пікір жоқ. Бұл жұмбақтың нақты жауабын белгілі зерттеуші-ғалымдар таба алмаған. Біреулер қала атауы «қала-бақ», «жасыл қала» десе, біреулер «жердің бет қабатымен қапталған қала» дейді. «Шым» сөзі жердің беткі қабаты, шымды қыртысы, ал «кент» қала, шаһар деген мағына береді. Кейбір зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, «Шымкент» сөзі көне шығыс тілінен шыққан. Шығыс тілдеріндегі «чиминь» («чемень») деген сөздер «жасыл алқап», «көк жайлау» деген мағына береді. Шаһар еліміздің экономикалық, әлеуметтік, ұлттық қауіпсіздік және демографиялық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Мәселен, республикамыздағы әрбір бесінші нәресте Шымкентте немесе облыс аумағында дүние келетіндігі көп жайтты аңғартып тұрғандай. Бір ғана мысал. Бар болғаны 30 жыл ішінде тұрғындарының саны бірден 258 % артып, территориясы екі есе ұлғайған Шымкент қаласының даму қарқыны осы күні көкке ұмтылған зымыранға ұқсайды. Сол себепті болар бұл қала бүгінде кім-кімді де тамсандырып, таңқалдырмай қоймайды.
Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршасаңыз, сапалы қызмет көрсету үлгісін көріп, тіл үйірер дəмді тағамнан дəм татқыңыз келсе, Шымкентке келіңіз.
Шымқала жылдың қай мезгілі, күннің қай уағында болмасын сіздерді құшақ жая қарсы алуға әзір!
Авторы: Дәурен Құдайберген, фото: Никита Бассов, Somnam Sutipond, Adnan Atac және Sasin Tipchai