«Қазақстан адамзаттың материалдық емес, мәдени мұраларын қорғау конвенциясын ратификациялаған ел. Отандық мәдениетімізді әлемдік мәдени кеңістікке тұтастыру, Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын ел ішінде де сыртында да белсенді насихаттау, батыл ілгерілету, ұлттық төл брендтерімізді қалыптастыру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.» Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мәдени саясаты концепциясынан.
Біз бұл кісімен өте ерекше жерде, өте қызық жағдайда – Ежелгі Сауран қаласында, Nomad-Explorer жобасының «Оңтүстік аңыздары» экспедициясында таныстық. Сапардың соңғы күні болатын, «Айкөне» ежелгі қазақ гимнастикасын тірілтуші Абай Ақатұлы Баймағамбетов деген кісі келіпті» деп лагерь дүрлігіп кетті. «Жақсыны көрмекке» деп арнайы қонақтарға тігілген ақшаңқан қазақ үйлерге қарай аяңдадық. Кейіпкерім өзі сары, көзі көк, артық ауыз сөзі жоқ, сәл етжеңділеу болғанымен қимылы ширақ кісі екен. Бұрыннан таныс адамдардай бірден шүйіркелесе жөнелдік.
Әңгімелесе жүріп Әбекең екеуміз Сауранның ескі қабырғалары мен тарих ізі жатқан тас көшелерін аралап келеміз. Жүре-жүре шаршадық қой деймін, бір тастың үстіне отыра кеттік. Бұл жер Сауранның әйгілі қалқымалы қос мұнарасының артындағы көне медресенің орны еді.
Сауран қаласы – Түркістан-Қызылорда тас жолының бойында орналасқан тарихи-мәдени нысан. Бір кезде Еуропа мен Азия көпестерінің тоқайласатын ең ірі сауда торабы болған жер. Тендердің ұтылуына қарай, анда-санда археологтар келіп әр жерін шұқылап кететіні болмаса, қазір қалың қабырғаларын жаңбыр кеміріп, сары барқыт топырағын жел сапырып қаңырап бос қалған, күзет те жоқ. Бірақ бүгін мұнда халық ығы-жығы еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген зиялысы мен қоғам қайраткері бар, саясаткері мен әнші-
өнерпазы бар, турисі мен жергілікті халқы бар мыңға тарта адам жүр. Себебі экспедиция қорытындысы бойынша ашық аспан астында алып гала-концерт өтпек.
Осы кеште Абай мырза «Тұран» тобының жетігеншісі Ержігіт Әлиевтің дауысын Алланың қолына берген қасиеті арқылы өзгертіп жібергенін өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көрдім. Мені қойшы, музыканттардың өзі тюнерлеріне (дауыс диапозонын өлшейтін құрал) қайта-қайта қарап, дауыс диапозоны 5 минутта 2 тонға кеңейіп кеткенін айтып, бұл құбылысқа таңғалысып жатты.
«Айкөне» дегеніміз – өзіндік ерекшелігі бар кәдімгі гимнастика десе де болады екен. Сыртқы күштің әсерінсіз адамның өзі омыртқаны керу арқылы айналасындағы бұлшық еттерге күш түсіріп, қан айналымын қалпына келтіре отырып тәнді сауықтыру әдісі. Ежелде қазақ даласында жекпе-жек жауынгерлері, жарақшылар, сынықшылар, емшілер осы әдіспен айналысқан көрінеді.
– Абай аға, «Айкөнені» қайдан үйрендіңіз?
– Мен бір кездері Мұрат Әжінің «Қыпшақ даласы жусанының иісі» атты кітабын оқыдым. Сол кітап менің дүниетанымыма түбегейлі әсер етті ғой деп ойлаймын. Көптеген орыс сөздерінің түбірі түрік сөздері екенін (чугун, изба, алтарь, колокол, икона) сол жерден оқып білдік. Мына жаттығулар әлі ашылмаған сол бір кездерде менің санама әлдебір үн «Айкөне» деп сыбырлағандай болды. Кім қалай түсінерін білмеймін, бірақ бір тылсым күш маған жас кезімнен қуат беріп келеді. Осылайша «Айкөненің» атауы жаттығуларынан бұрын келді. Мен оны Көкпен тікелей байланыстырамын. 1997 жылдары жақын туыстарыма: «Бір жылдан соң медицина саласында жаңалық ашамын!» дедім. Ешбір медициналық білімім жоқ мен, бұл сөзді қайдан айтып отырғанымды білмеймін. Шынымен де арада бір жылдан аса уақыт өткенде Алла Тағала маған осы жаттығуды аян есебінде берді. Алғаш 6 жаттығу келді. Шәкірттеріме үйрете бастадым. Ешқандай сыртқы ортаның әсерінсіз, терең бұлшықеттерге күш түсіру арқылы қан айналымын кемеліне келтіріп, 15 минуттың ішінде омыртқаның қызып шыға келуі шынымен де бәрін таңғалдырған еді. Қарапайым жаттығудың құдіреті соншалықты – терлеп шыға келесің. Мұндай иогада да, цигунда да жоқ. Бұл 1998 жылдың қыркүйек айының 29-ы болатын. Сол айда Алла Тағала 8 адамға осындай ерекше қасиет дарытты.
– Олар кімдер еді?
– Біреуі – португалдық, бір қытай, мен және қалған бесеуі есімде жоқ. Дүниенің әр түкпірінде бірақ осы менікіне ұқсас қасиет оларға да берілді. Бірақ арамызда тек бір адам ғана қалуы керек еді.
– Мистикалық оқиға секілді екен…
– Білесіз бе, бұл ешқандай да мистика емес, бұл өз көзіммен көріп, басымнан өткізген шындық. Әрине оған сену қиын болар. Оны тек өз басынан өткізген адам ғана түсіне алады. Мәселе де осында. Дегенмен, айтайын… Қазан, қараша айлары осындай арпалыспен өтті. Екі айға жуық қиналыстан соң, өткен өмірімдегі кейбір нәрселерден бас тартып, Алла Тағаланың бергенін алуым керек деп шештім. Бірақ бұл таңдаудың өтеуі де оңай болған жоқ. Егер бұл жолдан тайсам, Алла бойыма қондырған қасиетін қабылдамасам, жақын туыстарыма зияным тиетінін сезіндім. Сол күзде ғайыптан тайып үш бөлмелі пәтерлі болдым. Жалғыз кілемнен басқа түгім жоқ сол үйге келуші науқастар сыймайтын еді. Бірте-бірте маған өз қалам – Павлодар тарлық ете бастады да ірірек қалаға қоныс аударуды ұйғардым. Сөйтіп, көше-көше ақыр аяғында Ресейден – Новосібір, Мәскеу, Санкт-Петербургтен бір-ақ шықтым.
– «Айкөне» жаттығулары қазақ руларының атымен аталады екен. Неліктен олай және қай рудың аты қай жаттығуға лайық екенін қалай анықтадыңыз?
– Ресейде «Айкөнені» ерекше емдік дене шынықтыру (ЛФК) жаттығулары ретінде денсаулық сақтау комитеті мақұлдады. Бірнеше патент алдым. Санкт-Петербургте 4 клиника аштым. Мәскеу мен Омбыда клиникамыздың филиалдары жұмыс істеді. Қазір «Айкөне» жаттығуларының саны 11 мыңның үстінде. Оның 2 мыңнан астамы дене қимылы арқылы болса, 7 мыңы транс жағдайында жасалады. Бұл – қазақ халқының игілігі, көне жәдігері, мен оны тек жаңғыртушымын. Бұл жаңалығымды мен Норбеков, Бубновскийлер секілді өз атыммен байланыстырып алсам да болар еді, алайда олай істеуге бір құдіретті күш мені жібермеді. Бұл жаттығулардың аты сөзсіз қазақша, оның ішінде көне қазақ сөздерінен болуы керек болды. Сол үшін мүйізі қарағайдай қазақтың қанша зиялысының алдына барып, ақыл сұрадым. Бірақ толыққанды жауап таба алмадым. Тек 13 жыл өткен соң 2011 жылы Жайлау деген туыс ағам «жаттығуларыңды неге қазақ руларының таңбаларымен байланыстырмайсың?» деген ерекше ой айтты. Сол ойдың ішінде мен іздеген идеяның дәні жасырынып жатқан еді. Уақыт өте келе бір нәрсені анық түсіндім: мен өзім орыстілді адам болғандықтан санам да орысша ойланып, орысша қорытынды жасайды екенмін. Көптеген қазақ сөздерінің мағынасын білмедім және оған қатты өкінетінмін. Шынымды айтсам, бұған дейін қазақ руларының әрқайсысының өз таңбасы болатынынан мүлдем бейхабар едім. Содан, қызығып зерттей бастадым. Ең кереметі сол, қазақ таңбалары жай ғана сызық немесе сурет емес, өте ұзақ уақыттың ақпараттық жүгін арқалап тұрған, энергетикалық күші бар ғажайып құбылыс екен. Өкінішке орай, бұны көпшілік қазір ұмытып кетті. Білесіз бе, бір таңбаны бір кітап оқығандай ғибрат алып оқып шығуға болады және ол білім шексіз жалғаса береді.
Осылайша әр жаттығуға қазақ руларының аты берілуі керек деп ұйғардым. Әр жаттығуға белгілі бір рудың атын берерде сол рудың иесі, киесі болған әруақтарының рұқсаты мен батасын алып отырдым. Сондықтан да «Айкөненің» әр жаттығуын жасау кезінде сол жаттығуға аты берілген рудың ұранын қосып айтса, ем әсері жақсырақ жүреді.
– Бұл айтқандарыңызды қазақтар түсінеді, ал емделушілеріңіздің арасында басқа да ұлттың өкілдері бар ғой, олар қалай қабылдайды?
– Дұрыс байқадыңыз, бұл жаттығулардан адам атқа мінгендегідей, садақ тартып немесе жайшылықта ер үстінде отырғандағыдай күйге енеді. Бұлшық еттер мен жүйке жүйесі солай жұмыс істейді. Питерде бізге орыс, украиндер көп келетін. Мен оларға «сендер қазақ емессіңдер, сондықтан бұл күйді толық сезіне алмайсыңдар» деп қалжыңдайтынмын. Сонда олар: «Абай, егер мына кеселден құтқарар болсаң, біз қазақ болуға дайынбыз» дейтін және онысын жан-тәнімен шынайы айтатын.
– Ол клиникаларыңыз әлі бар ма?
– Екі клиникамды бұрынғы әйелім жүргізіп отыр, қалғанын өзім Қазақстанға көшетін болғасын, жаптым. Қазір Алматыдамын.
– Бұл жолдағы ұстазыңыз кім болды? Туған-туыстарыңызда бар ма бұл өнер?
– Менің ата тегімде де, ана тегімде де үлкен емшілер болған. Бірақ мені бұл өнерге көбірек баулығын, жарықтық, нағашы әжем болатын. Өзім сегіз ағайынды едім, қазір алтауы тірі. Бәрінің бойында белгілі бір дәрежеде қасиет бар. Бірақ оның ішінде тек қарындасым екеумізде ерекше. Қалғандары әлі жастау, иншалла, олар да өз саласын тауып, ел-жұртына адал қызмет етеді деп сенемін.
– Ал балаларыңызда ше?
– Алла берген алты баламның да бойында мендегі қасиет бар. Мақтанғаным емес, жалаңаш қолмен сүйек формасын өзгерте аламын. Қол, аяқ, мұрын сүйектерін түзетуге болады. Осы қабілетке менің балаларым да ие. Бірақ мен экстрасенс емеспін, бар болғаны бойымдағы қасиет арқылы мұқтаж жандарға көмектесуші инструктормын. «Айкөне» қазақ жаттығуының насихатшысымын.
Әркімнің бойында өзіне ғана берілген қабілет-қасиеті болады. Соны тауып дұрыс дамыта білсе, өмірдің өз қағидасын бұзбаса, әр адам 120 немесе одан да көп жыл өмір сүре алар еді. «Айкөне» жаттығулары сол қабілетті ашуға сөзсіз көмектеседі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Авторы: Мақсат Ясылбайұлы, фото: Дмитрий Ругис