..."/>
ЗЕРТТЕУ

Ұнатқан затыңызды неге ұнатасыз?

Талғамыңыз жақсы деп ойлайсыз ба? Онда сізге сенім жоқ екен! Қоршаған орта, шығу тегіңіз бен геніңізге алғыс айтыңыз.

Сізді талғамыңыздан жақсы ешнәрсе білмейді. Тағам, шарап, романтикалық партнер не сіз дауыс берген кандидатқа қарап-ақ болмысыңыз­­ды анықтауға болады. Талғам – болмыс! Еркін таңдау мүмкіндігі, яғни әбден ойланып барып, рационалды түрде қабылданған шешімдердің арқасында ұнату мен ұнатпау талғамыңыз қалыптасты деп ойлайсыз ба? Онда сіз оңбай қателесесіз…

Toxoplasma gondii-мен таныс болғаныңыз дұрыс. Индиана университетінің медицина факультетінде жүргізген зерттеуімнің нәтижесінде жалғыз жасушалы T. gondii паразитінің тіршілік иесінің мінез-құлығын қалай өзгертетінін байқадым. Ол тышқанды мысықтан қорықпайтындай ете алады. Ал кейбір зерттеулер ол тіпті  адамның болмысын да өзгертіп (аса мазасыздық) жіберуге қауқарлы екенін көрсеткен.

Бұл зерттеулерден кейін маған «біздің назарымыздан тыс қалып, ұнату мен ұнатпау талғамымызға әсер етіп, болмысымызды өзгертіп жатқан өзге де дүниелер бар» деген ой маза бермеді. Ғылыми еңбектерге үңілген сайын мен ғажап әрі үрейлі шындықпен бетпе-бет келдім: біздің әрекеттеріміз жасырын биологиялық күштермен реттеледі екен. Біздің мінез-құлқымыз әрі қалауымызға генетика құрылымы, генімізге қатты әсер ететін қоршаған орта, ағзамызды паналап, біздің жү­­йемізге сансыз микробтармен бірге енетін өзге де гендердің әсері зор.

Қуырылған тамаққа құмар болып келетін олар көп адам ұнататын көкөністерді мүлде қаламайтыны «бәлкім, олар емес, мен сау емес шығармын» деген еріксіз ойға жетеледі. Брокколи жаныма неге жақпайды?

Мен оны жек көргім келген жоқ. Сондықтан мен бұл астан неге жиренгенімді зерттеуге кірістім. Бағыма орай ғылымның да бұған айтары бар екен. Ғалымдар адамзаттың 25 пайызы брокколиді менікіндей себептермен ұнатпауы мүмкін екенін анықтап, мұндай адамдарға суперталғампаздар деген ат та беріліпті. Бүкіл гәп дәм сезу рецепторлары құрылымындағы ген вариациясында болып шықты. TAS2R38 гені брокколиде жетіп артылатын тионесепнәр секілді ащылау химикаттарды бірден сезеді. Осылайша өз дезоксирибонуклеин қышқылында (ДНҚ) бұл компаундты жиіркенішті ащы қылып тіркейтін дәм рецепторлары барын білдім. Бұл ДНҚ-ның менің ағзама зиян келтіруі мүмкін өсімдіктерден сақтаған түрі болса керек.

Мұндай жауапқа уайымым сейілмек түгіл еселеніп кетті. Жатырға түскенге дейін «ген сататын дүкенге» барып, таңдау мүмкіндігіміз болған жоқ қой бізде… Қазіргі болмысымды анықтайтын тағы қандай дүние менің құзырымда емес? Мен қаншалықты менмін?

Ал әйелге келгендегі талғамым ше? Мұнда енді еш күмән болмауы тиіс. Дегенмен негізінен бастасақ: мені неге еркекке емес әйелге тартады? Бұл кештердің бірінде, жағажайда демалып отырып жасаған саналы таңдауым емес. Бұл менің табиғатым. Адам жеңсіктігінің генетикалық компоненті әлі түсініксіз болса да бұл таңдау емес екендігі анық.

Сексуалдық ориентациямызға қарамастан бойымызда қарсы жынысты тартымды көретін туабітті сезім атрибуттары бар. Оймақ ауыз, от шашқан көз, қолаң шаш секілді ерекшеліктер көбіне тартымды деп бағаланады. Біршама зерттеулер көрсеткендей сүйкімді адам өзіне жұп, жұмыс не ақша табу мәселесіне келгенде әлдеқайда табысты болып келеді екен. Тіпті, сот та шырайлы жүзіңізге қарап, сізді «ақтап» шығуы мүмкін.

Эволюцияны зерттейтін психологтардың айтуынша, шындығына келгенде, біз не істесек те, түпсанамыз қалайда тірі қалып, біздің генді репродукциялау немесе біздің ген бар жақындарымызға (туған-туыс) көмектесу амалын қарастыратын көрінеді. Сондай-ақ олардың пікірінше, біз тартымды санайтын көптеген физикалық ерекшеліктер кәдімгі зор денсаулық пен сол кездегі бабының белгілері екен.

Жаныңыз жай тапса, тартымдыларға да жоқ дейтіндер табылатынын біле жүріңіз. Әйелдерге ер азаматтар киген жейдені иіскетіп, қолтық тұсы исін бағалатқызған аса танымал зерттеудің нәтижесінде әйел мен еркектің иммундық жүйесі неғұрлым ұқсас болса, иісі де соғұрлым сасық болатыны анықталған. Бұған өте орынды эволюциялық мысал да бар: ерлі-зайыптының иммундық гендері өте ұқсас келсе, олардың ұрпағы патогендерге қарсы тұра алатындай дұрыс жабдықталмауы мүмкін. Осыған байланысты иіс рецепторлары прокси, яғни сенімді уәкіліміз ретінде іске кірісіп, потенциалды парт­нердің ДНҚ-сы қаншалықты сай келетінін анықтайды. Мұндай зерттеулер адамдар арасында химияның барын растайды. Біреу сіздің ұсынысыңыздан бас тартса, оны жеке басыңыздың кемшілігі деп емес, ағзаңыздың бас тартқаны деп қабылдағаныңыз дұрыс.

Өмірдегі таңдауымызға келгендегі геніміздің алып жатқан орасан орнына көңілім қалып, оны мойындағаннан кейін мен ДНҚ қолы жете қоймас деген үмітпен саяси талғамымызды зерттеуге кірістім.

Соңғы жаңалықтарға сүйенетін болсақ, ғалымдар әдетте саяси спектрумның қарсы бетіндегі адамдармен ассоцияцияланатын айқын тұлғалық ерекшеліктерді анықтаған екен. Мәселен, либералдықтар ашық мінезді, креативті әрі жаңаға құмар келсе, консерваторшылар ұқыпты, дәстүрлі көзқараста әрі тұрақтылықты қалайтын болып шықты. Туған кезде бір-бірінен айырылып, бөлек ортада өмір сүрген егіздердің өзі түбінде бірдей саяси ұстанымға келетіні біздің саяси компасымызға генетикалық компонент ұсынады.

Тағы бір зерттеу либерал мен консерватор миының нақты бір бөлігі ерекшеленетінін және ол қандай да бір күйзелістік жағдаяттарға түрліше әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Мәселен, консерватордың бадамша денесі, яғни «қорқыныш сезіміне жауап беретін орталығы» үлкенірек келетіндіктен олардың өзіне ұнамаған фото не дыбысқа физиологиялық реакциясы күшті келеді. Мұндай биологиялық ерекшеліктердің арқасында қос тараптың неге тіл табыса алмайтынын аңғару қиын емес. Өйткені сіз оның пікірін өзгертуді емес, биологиясына қарсы шығуға шақырып жатырсыз.

Бұл мысалдар айсбергтің ұшы ғана. Шындығы сол құмарлықтан бастап, тартымдылық мен қорқыныш сезіміне дейін әрбір адамның мінез-құлқы генетикасында жазылған. Алайда бұл сіз ДНҚ-ға құл болдыңыз деген сөз емес. Адам миының кереметтілігі сондай ол, тіпті, ДНҚ сырын да ашып алды. Генді редакциялау арқылы біз өз генетикалық инструкцияларымызға қарсы шыға білген алғашқы тіршілік иелері болмақпыз.

Ғылым сіздің сіз емес екеніңізді дәлелдеді. Өзімдікі деп ойлап жүрген әрбір әрекет пен тұлғалық ерекшеліктеріңізге ықпал етіп жүрген биологиялық гремлин бар. Бастапқыда мұндай шындық естен тандырады, бірақ білім – бұл күш. Теріс қылықтарымыздың молекулярлық негізін білу арқылы ғана біз оны «ауыздықтай» аламыз. Таңдау ешкімде де болмағанын қабылдау арқылы ғана бізде эмпатия туып, өзгелерге жанымыз көбірек ашитын шығар?! Бәлкім, біз өз-өзімізді толық бақылап тұрған жоқпыз деген түсініктің арқасында мақтап не кінәламай түсіністікпен қарауға ұмтылатын шығармыз…

 

 

Билл Салливан Индиана университетінің медицина факультетінің фармакология мен микробиология профессоры. Оның «Pleased to Meet Me: Genes, Germs, and the Curious Forces That Make Us Who We Are» кітабын мына сілтеме арқылы таба аласыз shopng.com/books.

 

 

Авторы: Билл Салливан

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля