Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала елі» экспедициясының мүшелері тарихы тұнып тұрған, бірақ, әлі жіті зерттеле қоймаған жұмбақ Маятасқа ат басын тіреді. Экспедиция құрамындағы тарихшылар Қостанай облысында орналасқан қорымдағы тастар мен оларға қашалған жазулар және таңбалар жайлы өз болжамдарын жасады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Маятас – тарихы терең жер. Біріншіден, бұл жерде кен орындары көп. Мұнда алтын, вольфрам, асбест бар. Сондай-ақ, осы өлкеде көне тарихы бар жерлер де жеткілікті. Мынау Маятас деген сөздің өзі маядай үйіліп тұрған тас деген сөз. Біз көрген тастың бедерлері – Қазақстанның еш жерінде кездеспейтін бедер. Мұны табиғат жасады десек, қиялға сыймайды. Сол себепті таудың үстінде осындай тастардың екінші беті бар деп ойлаймыз. Мен таудың төбесінде қорған болуы мүмкін деген ойдамын. Мына көрген жазулар араб тіліне де, бүгінгі күнгі жазуға да келмейді, бұл басқа бір кезеңге тиесілі. Ол қандай жазу және қай ғасырға тиесілі? Сондай-ақ, осы қорымның ішінен біз әртүрлі таңбасы бар 10-15 тасты, ру, тайпалардың белгісін көрдік. Яғни, бұл ғалымдар келіп, зерттеп, назарға ілігетін жер деп ойлаймын. Сосын, осы төңіректе балбалтастар көп дейді. Қараторғай өзенінің бойында малшылар, шопандар неше түрлі жазуы бар тастар көп екенін айтады», – дейді Арқалық педагогикалық институтының ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру саласының маманы, өлкетанушы Шөптібай Байділдин.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті философия кафедрасының профессоры Жақып Қалқаман да Маятасқа қатысты өз ойымен бөлісті.
«Адамзат негізінде өзеннің жағасында, қырда өмір сүруге бейімделген. Мына жерде өзен, анау саға, мынау қыр, ал енді қырдың үстінде үй не қорған болатын болса, сол жаңағы жазулар, оюлар, бедерлер сияқты біз танымайтын заттар содан болуы ықтимал. Жазулардың барлығы сол жоғарыда тұрғанда жазылуы мүмкін. Кейіннен төмен әкелінген шығар. Жазуларға қарағанда, бұл ислам діні қабылданған уақытқа дейінгі өрнектер мен жазулар», – деп пікірін білдірді өлкетанушы.
Ал өлкетанушы Серік Елеусіздің айтуынша, қорым 6-7 ғасырға тиесілі.
«Қорымда бейнеленгендерді белгілер, көзтаңбалар дейді. Бұл керей мен арғын руларының таңбалары. Ү деген түркеш қағанының таңбасы болуы мүмкін. Менің ойымша, бұл жерде 6-10 ғасырға дейін адамдар тұрған, ал 10-11 ғасырларда адамдар үзілген», – деп ойымен бөлісті өлкетанушы.
Челябі мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалының профессоры Айбек Шалғымбаевтың пікірінше, бұл жерде қола дәуірі анық байқалады.
«Егер бұл тастар шынымен де сол уақыттан қалған болса, олар қасиетті саналуы мүмкін. Мұнда исламдық стиль жоқ, бұл исламға дейінгі стиль. Ал бұл белгілер көне ескерткіштерге кейіннен салынуы да мүмкін. Осы тамғалар, яғни, ру, тайпа белгілері қалай бейнеленген? Мамандар мен аппаратура керек, мұның барлығын зерттеу қажет», – дейді профессор.
Ақпарат:bnews.kz