Тотықұстар тек адамның айтқанын қайталайды десек, қатты қателесеміз. Олар бір-бірімен де тілдеседі. Түрлі-түсті құстар тұқымдастарына кіретін суреттегі екі тотықұс диалект арқылы сөйлесе береді.
Биолог ғалым Тимоти Райт пен оның Нью-Мексико университетіндегі әріптестері Коста Риканы мекендейтін Амазон тотықұстарының дауыс ырғақтарын салыстырған болатын. Зерттеу сонограмманы пайдалану арқылы жүргізілді. Нәтижесінде барлық құстар өз тобының басқа мүшелерімен белгілі бір дыбыс арқылы байланыс орнататыны анықталды. Алайда дыбыстың акустикалық құрылымы аймақтарына қарай түрліше болып келеді. Мәселен, бір тотықұс басқасының дауысын естіген кезде өзінің де дауыс ырғағын өзгертіп, онымен қарым-қатынас орнатуға тырысады. Ғалымдар ұзын құйрықты тотықұстарды зертханаға әкеліп, олардың дауыс ырғақтарындағы өзгешеліктерді анықтады.
Адамдар мен тотықұстардың дыбыс үйренуінде ұқсастық бар екен. Мәселен, екеуі де алдымен мұқият тыңдайды. Сосын естігенін қайталайды. Дәл осындай қабілеті бар тіршілік иелері саусақпен санарлық. Осыдан-ақ адамдардың не үшін тотықұсты асырауға әуес екенін аңғаруға болады. Тотықұстар жабайы ортада бір-бірімен берік байланыс орнатып, жұптасып тіршілік етеді. Ал торға түскенде айналасындағы адамдардың дауыстарын қайталау арқылы байланысты жаңғыртуға тырысады.
«Тотықұс үшін басқа тіршілік иелерінің дыбыс мәнерін үйрену аса маңызды. Егер ол басқа тотықұстың дыбысын қайталай алса, демек ол сол топтың мүшесі», – дейді Райт.
– Скотт Бурхард