Үндістанның солтүстік-шығысындағы Бангладеш шекарасына жақын маңда, ну орман арасында әлеуметтік құрылымы өзгеше, шағын Молинонг ауылы орналасқан. Жергілікті Хаси тайпасына жататын бұл елді мекендегі тұрғындар саны – шамамен 500 адам. Ең қызығы, шағын ауылда күні бүгінге дейін ежелден келе жатқан матриархат дәстүрі салтанат құрған. Молинонг тұрғындары арасында мұрагерлік те, дүние-мүлік те, меншік пен билік те анасынан қызына беріліп отырады. Бұндағы әйелдер, тура мағынасында, басқару құқығына ие.
Каролин Клюппель бүгінгі заманғы дәстүрден тыс осынау өзгеше әлемді өз көзімен көргісі келген болатын. Осы арманмен Берлиннен шыққан суретші «адам айтса нанғысыз таза, тыныш һәм бейбіт» ауылда екі жыл тоғыз ай бойы Хасилер отбасында тұрды. Сөйтіп, Клюппель Хаси тайпасы мәдениетіне ерекше қанықты. Хаси тұрғындары байлық пен меншіктегі мүліктерін кенже қыздарына («хаддух») мұра етіп қалдырады, күйеулері әйелдерінің үйінде тұрады, ал балаларына анасының тегі беріледі.
Молинонг ауылындағы қыздар бойжеткенше мектепте білім алады. Кейбірі 11-12 жасқа толғанда Мегхалая астанасы Шиллонгке барып оқуын жалғастырады. Сосын колледжге оқуға түсуіне болады, әйтпесе Молинонгке қайта оралып, ата-анасына қамқорлық жасайды. Бір қызығы, қыздар өздері таңдаған адамға тұрмысқа шығады, мұнда ажырасу немесе жалғыз қалу айып болып саналмайды. «Алайда отбасында қыздың болмауы көп жағдайда өкініш тудыруы мүмкін. Өйткені тек нәзікжанды қыздар ғана ұрпақ сабақтастығына кепіл бола алады. Қызсыз отбасы «нап-дах» немесе «ошағы сөнген» болып саналады», – дейді Солтүстік-шығыс Хилл университетінің антропологы Валентина Пакинтейн.
Жеті жасар Аниша Нонгрум шайнайтын темекі ретінде қолданылатын, «квай» деген атаумен белгілі арека тұқымдарымен безендірілген бас киім киеді (сол жақта). Сегіз жасар Ибапинтген Хонгджии маса торына тығылады. Клюппель осындай «тәкаппар, өздеріне бек сенімді» қыздар іс-әрекеттеріне жауапты болулары тиіс», – дейді. Бірақ олар әлі де болса, бос уақытында өзенге секіріп ойнайтын, балық аулайтын, айғайлап жүгіретін балалар ғой…
Оның пайымынша, мұндай әдет-ғұрып хасилік қыз-келіншектердің бірнеше адаммен көңіл қосуы салдарынан баланың әкесінің кім екенін анықтау қиындық туғызған ертерек заманнан бастау алады. «Не болмаса ата-бабалары соғыстың кесірінен өз қауымына қамқор бола алмаған кезеңнен де басталуы мүмкін», – дейді ол.
Апалы-сіңлілі үшеудің үлкені, тоғыз жасар Фида Нонгрум өзінің жатын бөлмесіндегі шармен ойнағанды ұнатады (жоғарыда). Ал күндердің күнінде сіңлісі Аниша олардың үй шаруасын басқаратын болады.
12 жастағы Беслинда Хоңдуп сиыр сирақтарын алу үшін еңкейіп тұр. Хасиліктер кейде бұл сирақтардан сорпа жасайды. Бір қызығы, үнділердің басым бөлігі индуизмді ұстанады, ал Молинонг ауылының тұрғындары христиан болғандықтан сиыр етін жей береді.
Десе де, қазіргі таңда Молинонгтағы ауыл кеңесін ерлер басқарады, бірақ олардың мұрагерлікке, меншік құқығына ие болуы сирек кездеседі екен. Клюппельдің айтуынша, әлгі ерлердің кейбірі өздерінің статустары екінші орында тұрғанына реніш білдіріп, гендерлік теңдік туралы мәселені де көлденең тартады.
Валентина Пакинтейн Хаси еркектерінің әйелдерді көкке көтере құрметтейтініне қатты таң қалды. Бұндай таңданыс, тіпті, оның да ерекше сурет топтамаларын дүниеге келтірген. «Мен дүниедегі барша адамзаттың біз өмір сүріп жатқан патриархаттық әлемнен басқа да мәдениеттердің бар екенін білгенін қалар едім. Тіпті адамдар кейде осы жүйе жайлы тереңірек ойланса екен деп ойлаймын», – дейді ол.
Авторы: Джереми берлин
Фото: Каролин Клюппель