ЗЕРТТЕУ

Саудия арулары: өзгеріс жолында

Саудиядағы ТҮСКІ АС Өзін «өмір салты туралы блог жазатын адаммын» деп таныстырған тіс дәрігері Әлжази әл-Рақан (түрегеп тұр) эр-Риядтағы сәулетті мейрамханада құрбыларымен бас қосты. Саудия­лық әйелдердің медицина және білім саласында жұмыс істеуіне бұрыннан рұқсат бар, бірақ екеуінде де жынысына қарай қызметтер бөлек көрсетіледі. Бүгінде университеттерде оқитын жігіттерден гөрі қыздардың саны басым. «Олардың жаңа мамандық алуға мүмкіндіктері бар. 20-дан енді асқан қыздарға қарасам, олар өздерін анағұрлым батыл ұстайды» – дейді әл-Рақан.

Саудиядағы ТҮСКІ АС Өзін «өмір салты туралы блог жазатын адаммын» деп таныстырған тіс дәрігері Әлжази әл-Рақан (түрегеп тұр) эр-Риядтағы сәулетті мейрамханада құрбыларымен бас қосты. Саудия­лық әйелдердің медицина және білім саласында жұмыс істеуіне бұрыннан рұқсат бар, бірақ екеуінде де жынысына қарай қызметтер бөлек көрсетіледі. Бүгінде университеттерде оқитын жігіттерден гөрі қыздардың саны басым. «Олардың жаңа мамандық алуға мүмкіндіктері бар. 20-дан енді асқан қыздарға қарасам, олар өздерін анағұрлым батыл ұстайды» – дейді әл-Рақан.

Өз үйінің қонақ бөлмесіндегі төсекке жайғасқан Нуф Хасан бізге араб кофесін ұсынып отырып «headhunted» («сұранысы жоғары білікті маман») деген сөзді үйреніп алды. Ағылшын тілі курсында ол мұндай сөзді оқымаған екен, сондықтан естіген сәтте құлағына майдай жағып, маған қайта-қайта айтқыза берді. «Иә, маған сұраныс күшті. Маған бұрын да ұсыныстар көп түсетін. Бірақ бұл жолы бастығым тіпті: «Сенің кеткеніңді қаламаймыз, бірақ мынау – жақсы ұсыныс екен деді», – деп сөзін бастады ол.

Италиялық стилистің эр-Риядта ұйымдас­тырған, тек әйелдердің кіруіне рұқсат берілген мына сән шоуында саудиялық бақуат­ты әйелдер жаңа киім үлгілерін тамашалап отыр. Модельдер әдетте шетелдіктер, себебі бұл мұнда әлі де ерсі кәсіп саналады. Әйелдің жаңа той көйлегі мен макия­жын тек күйеуі, не құрбылары ғана көре алады. Қалтасы көтеріп, мұнда келгендерді осының бәрі еліктірмей қоймайды.

Италиялық стилистің эр-Риядта ұйымдас­тырған, тек әйелдердің кіруіне рұқсат берілген мына сән шоуында саудиялық бақуат­ты әйелдер жаңа киім үлгілерін тамашалап отыр. Модельдер әдетте шетелдіктер, себебі бұл мұнда әлі де ерсі кәсіп саналады. Әйелдің жаңа той көйлегі мен макия­жын тек күйеуі, не құрбылары ғана көре алады. Қалтасы көтеріп, мұнда келгендерді осының бәрі еліктірмей қоймайды.

Нуф – қолаң шашты, бидай өңді, тостағандай көздері күлімдеп тұратын 32 жастағы әйел. Күйеуі Сами және екі кішкене ұлымен бірге тұратын пәтерлері Сауд Арабиясының астанасы – эр-Риядтың халқы тығыз орналасқан ауданындағы үш қабатты ғимараттың бір қабатын алып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын алғаш кездескенімде ол азық-түлік өнімдерін өңдейтін фабрикадағы кіл әйелдерден құралған эксперименталды бөлімде оншақты адамды басқаратын менеджер қызметін атқарып жүрген еді. Бұл Сауд Арабиясындағы әйелдерді ақы төленетін жұмысқа тартуды көздейтін жалпыұлттық бағдарлама аясындағы шара болатын. Өзін аттай қалап алып кеткен жарық құралдарын құрастыратын зауытта Нуф қазір ол кездегіден он есе көп адамға басшылық жасайды. Оның жалақысы да еселеп артқан.

БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ БӨЛіну Эр-Риядтағы барлық тамақтану орны Саудияның бөлекше заңдарына бағынуы тиіс. Өзара жақындығы жоқ ерлер мен әйелдерді бір-бірімен араластырмау үшін кезек те, касса да, тіпті тамақ ішетін орын да екіге бөлінеді. Десе де, кейде келушілер бұл белгілерді қаперге алмайды. Басқа бірде-бір мұсылман елінде жоқ қатаң салтты сақтаған Саудия үкіметі қоғамда тәртіп орнатып, дәстүрді сыйлау үшін ер мен әйелді осылай жіктеуді талап етеді.

Эр-Риядтағы барлық тамақтану орны Саудияның бөлекше заңдарына бағынуы тиіс. Өзара жақындығы жоқ ерлер мен әйелдерді бір-бірімен араластырмау үшін кезек те, касса да, тіпті тамақ ішетін орын да екіге бөлінеді. Десе де, кейде келушілер бұл белгілерді қаперге алмайды. Басқа бірде-бір мұсылман елінде жоқ қатаң салтты сақтаған Саудия үкіметі қоғамда тәртіп орнатып, дәстүрді сыйлау үшін ер мен әйелді осылай жіктеуді талап етеді.

«Олар маған лақап ат қойды», – дейді ол. Нуф ер кісілердің кіруіне тыйым салынған бөлімде әйелдерге басшылық етеді, дегенмен саудиялықтардың тілімен айтсақ, компания менеджерлері деңгейінде «аралас» жұмыс істейді. Яғни бір-бірімен қандас туыс не некелес емес ерлер мен әйелдер күн сайын жақын жүреді. Олар ресми сыпайы есімінен бөлек бір-бірін қосымша атпен атайды. Мәжіліс үстелінің басында бірге отырады. Кейде қайсыбір құжаттарды қатар отырып тексереді. Сауд Арабиясы – Жер жүзіндегі гендерлік тұрғыдан ең қатты бөлінген ел. Мемлекеттегі әйелдердің күнделікті өмірінде тәуекелге толы, солқылдақ әрі шектен шыққан өзгерістер орын алып жатыр. Ал жаңа еңбек заңдарына, сондай-ақ бұрынғы король Абдулла бин Абдулазиздің қолдауына сүйенген бірнеше буын қазіргі заманауи әрі нағыз саудиялық қандай болуы керек деген төңіректе қызу пікірталасқа түсіп жүр. Бұл екі ұғымның арасындағы қарама-қайшылық әлі күнге жетіп артылады. Мәселен, ерлермен бірге жұмыс істеуді ойлағысы да келмейтін әйелдер баршылық.

Әлбетте мұндай жұмысты қалайтындар да бар. Бірақ олардың басым бөлігі ата-анасының, отағасының немесе «жоқ, басқа мұсылман елдері бұған рұқсат беруі мүмкін, бірақ Сауд Арабиясында ар-ұяты бар әйелдер мұндайға бара алмайды» дейтін туыстарының ырқына көніп жүр. Ер кісімен қызметтес болудан еш қымсынбайтын әйелдер де бар. Өткен онжылдықта үкімет стипендия бағдарламасымен ондаған мың саудиялық әйелді шетелге оқуға жіберді. Міне, солар елге қайтып жатыр, әрі олардың басым көпшілігі өзгерістің тезірек болғанын қалайды.

Осы екі ұстанымдағы спектрумның әйтеуір бір тұсында тұрған Нуф әйелдің ар-ұяты туралы өзінше топшылайды. Ол компания бөлімдерінің ішінде «қанша кездейсоқ болса да, ер кісілермен ешқандай физикалық жанасу болмауы керек» деген жеке тәртібін де орнатқан. «Маған дәріс беріп жүрген әйел мұны түсінеді. Мен бұндай тәртіпті балалы әйел болғандықтан, сәбиге микроб жұқпасын деген мақсатпен ғана орнатпағанымды оған айттым. Бұл – дін. Әкем, ағам, інім болмаса басқа ер кісіге қол тигізе де алмаймын. Солай дедім».

ПАЙДАЛЫ ӨТКЕН УАҚЫТ Қыстыгүні демалыстарда жол талғамайтын көлікке мініп, түрлі тағамдарды салып алып, шөл далаға пикникке шығу дәстүрі кең тараған. Бұл сапарда ерлер көлікті құмдауытта құтырта айдайды. Апалы-сіңлілі Басрилер отбасындағы бес қыздың үшеуі эр-Риядтың сыртындағы сайда демалып отыр, ал балалары мәре-сәре. Жаз күндері әйелдер мен балалар көп баратын ең жайлы демалыс орны – ауасы салқындатылатын сауда орталықтары.

Қыстыгүні демалыстарда жол талғамайтын көлікке мініп, түрлі тағамдарды салып алып, шөл далаға пикникке шығу дәстүрі кең тараған. Бұл сапарда ерлер көлікті құмдауытта құтырта айдайды. Апалы-сіңлілі Басрилер отбасындағы бес қыздың үшеуі эр-Риядтың сыртындағы сайда демалып отыр, ал балалары мәре-сәре. Жаз күндері әйелдер мен балалар көп баратын ең жайлы демалыс орны – ауасы салқындатылатын сауда орталықтары.

Сондықтан оған «Ешкімнің қолын алмайтын Нуф ханым» деген лақап ат қойыпты. Осыны айтып қарқылдап күлгені соншалықты Нуф, енді болмағанда керуеттен құлап түсетін еді. Нуфтың осы бір ақжарқын күлкісінің арқасында екеуміз жақын дос болып кеттік. Ол өзі ақылды, өзі шапшаң әрі қатал адам. Сосын мазасыз, дөрекі кісілерді ылғи әжуалап жүреді. Оның ұялы телефонында қоңыраудың біріне – «Құштарлық анатомиясы» фильмінің әуені орнатылған. Ол жиырмадан асқанда ата-анасы қалаған басқа жігіттерден бас тартып, сүйіктісі – Самимен қосылуға бел байлапты. Жас кезінде «Титаник» фильмін он қайтара көріп шыққан екен. Сауд Арабиясында кинотеатрға тыйым салынған, дегенмен консерватор шейхтер қанша кейіс білдіргенімен ондай әйгілі кинолар жазылған DVD-лерді оп-оңай табуға болады. («Титаник» фильмінде тұрмысқа шықпаған қыздың жігітпен төсек қатынасына баратын тұстарын еске салғанымда Нуф еш қымсынған жоқ. «Иә, ештеңе етпейді. Бұл – оның өз мәдениеті ғой», – деді ол).

Мұны сіздерге қазір айтып отырған себебім, Сами бізді көлікпен моллға жеткізіп салмақшы. Ал онда Нуф маған жаңа абайя таңдауға көмектеседі. Абайя – Сауд Арабиясындағы әйел-дер киюге тиіс тобыққа дейін жететін ұзын көйлек. Нуф жатын бөлмесіне барып, қара түсті абайя-ларының бірін киіп келгенше оны көріп қалыңыздар деген ойым. Батыстағы аса консервативті емес Джидда қаласында түрлі-түсті абайялар сатыла бастапты, ал эр-Риядта далада қара түстен басқа абайя киіп жүрген әйелге өткен-кеткендер көздерін аларта қарайды. Тіпті ондайлар көше аралап жүретін шариғат полицейлерінен сөгіс естуі де мүмкін. Нуф Джиддадан сатып алған үстінде қызыл нүктелері бар сұр матамен жиектелген абайясын шығарды. Қалталары да ыңғайлы, сол жақ жеңіне ұялы телефон салуға арналған қоржын тігіліпті. Нуф абайяны белдемше мен кофтасының үстінен плащ кигендей жамыла салды. Одан соң орта тұсын сырт еткізіп бекітті. Сөйтіп, бір мезетте-ақ сыртынан қарағанда ұзыншақ қара үшбұрыш формаға еніп шыға келді. Сосын арабтардың ұзын орамалы – қара түсті тархамен шашын жауып, иегінің астын орап, басын екінші мәрте айналдыра қымтады.

ӨЗІ ӘЙЕЛ, ӨЗІ САУДИЯЛЫҚ, ӨЗІ кикбоксшы Ұзақ уақыт бойы «ерлердікі» деп таныған спорт түрлерімен айналыса алмай келген қала әйелдері қазір бөлек жаттығу үшін клубтар мен үйлердегі залдарға баратын болған. 39 жастағы Хала әл-Хамрани өз үйінде қыздарды кигбоксингке жаттықтырады. Жақтырмайтындардың реакциясына қарамастан, ол «дене шынықтырушы» мамандығын алып шыққан. «Бұл тек ерлердің ісі емес. Керітартпа әйелдердің көбі мұны масқара жұмыс деп санайды» – дейді джиддалық және бір бапкер.

Ұзақ уақыт бойы «ерлердікі» деп таныған спорт түрлерімен айналыса алмай келген қала әйелдері қазір бөлек жаттығу үшін клубтар мен үйлердегі залдарға баратын болған. 39 жастағы Хала әл-Хамрани өз үйінде қыздарды кигбоксингке жаттықтырады. Жақтырмайтындардың реакциясына қарамастан, ол «дене шынықтырушы» мамандығын алып шыққан. «Бұл тек ерлердің ісі емес. Керітартпа әйелдердің көбі мұны масқара жұмыс деп санайды» – дейді джиддалық және бір бапкер.

«Әмияным қайда?» – деп сұрады Нуф. Сами әкеліп берді. Содан соң көппәтерлі үйдің табалдырығынан аттай бергенде Нуф тарханың қалған бөлігімен бетін тұтас жауып, көрсетпей тастады, оның тек жалаң қолдары ғана көрініп тұрды. Біз олардың «Тойотасына» міндік. Сами мен Нуф алдыңғы орынға жайғасты, содан соң кештетіп дүкенге бет алдық.

«ӘЛЕМДЕГІ БІРДЕН-БІР ЕЛ» ДЕП КЕЛЕТІН ҚАТАҢ ЕРЕЖЕЛЕР ТІЗІМІНДЕ

Сауд Арабиясының тұратыны белгілі. Оның бір себебі – шетелдіктердің наразылығын туғызатын, тақырыптарын айқайлатып тұрып қоятын жаңалықтар. Мәселен, Сауд Арабиясы – әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салатын әлемдегі жалғыз мемлекет. Бұл елде кәмелеттік жасқа толған әр әйел заңдық тұрғыда танылған қорғаушысының (әкесінің, күйеуінің немесе басқа да отбасы мүшесінің) толық бақылауында болады. Паспорт аларда, басқа да құжаттарды ресімдерде немесе шетелге шығарда ол қорғаушысының ресми рұқсатын алуы қажет. Ватиканды қоспағанда әлемдегі әйелдерге сайлау құқығын енді ғана берген соңғы ел де – Сауд Арабиясы. Мұнда әйелдерді алғаш рет осыдан алты ай бұрын ғана сайлаушы ретінде тіркей бастады. Тіркеу орындарына жаяу бара алмайтындарын ер кісілер көлікпен жеткізулері керек.

Сауда саласына әйелдерді жұмысқа ала бастағалы эр-Риядтағы дүкендерде «Тек отбасылар» деген белгі орнатылған кассалар пайда болды, оған жалғыз жүрген еркектер бара алмайды. Сауд Арабиясының көп бөлігінде қасында әйелі не балалары жоқ ер азаматтың әйел қызметкермен қарым-қатынас жасауына болмайды. Қай жыныс өкілі қандай тауарды сата алатыны жөнінде де нақты нұсқаулық бар. Мәселен, әйел кассир ерлердің тері күтіміне арналған заттарды, ал ер кассир әйелдердің іш киімдерін сата алмайды.

Сауда саласына әйелдерді жұмысқа ала бастағалы эр-Риядтағы дүкендерде «Тек отбасылар» деген белгі орнатылған кассалар пайда болды, оған жалғыз жүрген еркектер бара алмайды. Сауд Арабиясының көп бөлігінде қасында әйелі не балалары жоқ ер азаматтың әйел қызметкермен қарым-қатынас жасауына болмайды. Қай жыныс өкілі қандай тауарды сата алатыны жөнінде де нақты нұсқаулық бар. Мәселен, әйел кассир ерлердің тері күтіміне арналған заттарды, ал ер кассир әйелдердің іш киімдерін сата алмайды.

Сауд Арабиясында ерлер мен әйелдерге қызмет көрсететін мейрамханалардың барлығы екіге бөлінген. Біріншісі, «жалғызілікті адамдарға», яғни ер кісілерге арналса, екіншісі, «отбасыларға» қызмет етеді. Мұнда әйелдер мен балалар және оларды ертіп жүрген жақын ер туысы тамақтана алады. Қандас не некелес емес ер мен әйел өтірік туыстың рөлін ойнай алады. Алайда «шариғат полициясы әшкерелейді» деген үрей және қатал заң мен қоғамдық тәртіп олардың бұлай істеуіне жол бермейді. Таяу Шығыстың брендтері McDonalds, KFC-лермен бәсекеге түсетін сауда орталықтарындағы фуд-корттар да гендерлік принцип бойынша бөлінген, әрқайсысының мәзірлері мен кассалары екі бөлек.

Күнделікті өмірдегі барлық жағдайлар, соның ішінде ғимараттардың орналасуы да Саудия әйелдері ерлерден бөлек жүреді деген қағидаға қарай қалыптасқан. 2011 жылы Король Абдулла корольдіктегі консультативтік кеңес – Шураның құрамына әйелдерді тағайындаймын деп мәлімдегенде ел көлемінде қызу әңгіме жүрді. Консерваторлар ашу шақырса, әйелдерді жақтайтындар мұны қуана қостады. Сонда «Ол әйелдер қалай, қайда отырғызылады? Олар әріптестерімен бейне-конференция арқылы байланысып, бөлек кабинетте отыра ма?» деген сұрақ туындады. Саудиядағы мектептердің барлығына жуығы, соның ішінде мұғалімдер де жынысына қарай бөлінген. Кейбір мұғалімдер басқа жыныс өкілінің дәрістерін видео арқылы тыңдап, амалдап жүр.

Тіпті король Абулла былтыр қайтыс болғанға дейін бес жыл бойы әзірлеп, басын бастап кеткен «еңбекті феминизациялау» науқанының өзінде де жынысқа бөлу ережесі бар. Ондаған жылдар бойы әйелдер ерлермен жақын келеді-ау деген жұмыстарды істеуіне бейресми түрде тыйым салынып келген. Осы науқан аясында дүкендерге әйелдерді сатушы етіп алуға тапсырма берілді, кассирлікке қыз баланы алғандар ынталандырылды. Алайда супермаркеттегі әйел кассирлер ерлерден оқшауланып, бөлек отырады. Дүкен бөлімдерінің ортасына тұрғызылған жаңа қабырғалар әйел және еркек сатушыларды екіге бөліп тұрады. Екі жыныстың өкілдері де қызмет ететін кез келген жұмыс орнында «ерлер кіруге болмайтын» арнайы жерлер бар. Мұнда әйелдер өздерін анағұрлым «ыңғайлы» сезінеді. Мен осы «ыңғайлы сезіну» деген сөзді әйелдердің аузынан қайта-қайта ести бердім.

Корольдіктің әйелдерге жүргізуші куәлігін беруден бас тартуы халықаралық баспасөзде көп талқыланғаны сондай, мұны қолдайтын әйелдердің өздерінде белсенділік бәсеңсіп қалды. Олар уақыты келгенде Саудия әйелдері әйтеуір көлік тізгінін қолына алады деп сенеді. Эр-Риядағы қымбат заттар көрмесіне келген мына әйелдер рульде отырған кейіп танытып, суретке түсіп жатыр.

Корольдіктің әйелдерге жүргізуші куәлігін беруден бас тартуы халықаралық баспасөзде көп талқыланғаны сондай, мұны қолдайтын әйелдердің өздерінде белсенділік бәсеңсіп қалды. Олар уақыты келгенде Саудия әйелдері әйтеуір көлік тізгінін қолына алады деп сенеді. Эр-Риядағы қымбат заттар көрмесіне келген мына әйелдер рульде отырған кейіп танытып, суретке түсіп жатыр.

Сосын:

– Түсіндіріп берші, бұл несімен ыңғайлы? – деп сұраймын.

Әйелдердің жауаптары үнемі былай басталады:

– Әйелдер бөлімінде абайяңды шешіп, еркін отыра аласың және…

– Абайяны ерлердің алдында шешсе болмай ма?

Сосын олар салқынқандылықпен басын шайқап, бір «ух» деп алады да, қайта түсіндіреді.

«Себебі біз саудиялықпыз, және Сауд Арабия-сы жерінде олай істей алмаймыз». Ең жеңіл жауап осы болар еді, дегенмен ешқайсысы бұлай айтпайды. Шетелдіктер үшін тым оғаш әрі қолайсыз көрінетін әйелдің бойын туыс емес ерлерден жасыру салты саудиялықтардың өздеріне де қиынға соғатын сияқты. Әлеуметтік қысым, дінге берілгендік, тайпаға бағыну сияқ-ты бұл дәстүрдің қалыптасуына алып келген себептер туралы айтқан әр әйел міндетті түрде ар-ұятын, егер тұрмыста болса, адалдығы мен тазалығын, ал тұрмысқа шықпаған болса, пәктігі мен ұяңдығын алдыңғы орынға қояды.

Бұл стандарттардың орындалуын тек еркектер қадағалайды деп ойламаңыз. Аналар, апайлар, қыздар, қасыңнан өтіп бара жатқан кез келген әйел сөкет қылығың үшін сөгіп кетуден тайынбайды. «Неге еркектерді қаратқың келеді? Қымтан!» – деді көшедегі бейтаныс адамдардың жекігенін қайталаған 25 жастағы эрриядтық әйел. – Өзі басынан башпайына дейін қымтанған әйел басқалардың да дәл солай жүргенін қалайды».

Абайя киіп, орамал тағатын жасқа жетпеген 12 жасар Лама Мұхаммед Болгари Джиддадағы теңіз жағалауын аралап жүр. Саудия­лық ерлер мен әйелдердің лайықты әдебі туралы ұлттық саясат жас буынға да әсер етуде. «Біз ұлы өзгерістерді бастан кешірудеміз. Бірақ бұл өзгерісті біртіндеп жүргізіп, өз ерекшелігімізді сақтап қалуды да ұмытпағанымыз абзал», – дейді король кеңесшісі Ханан әл-Ахмади.

Абайя киіп, орамал тағатын жасқа жетпеген 12 жасар Лама Мұхаммед Болгари Джиддадағы теңіз жағалауын аралап жүр. Саудия­лық ерлер мен әйелдердің лайықты әдебі туралы ұлттық саясат жас буынға да әсер етуде. «Біз ұлы өзгерістерді бастан кешірудеміз. Бірақ бұл өзгерісті біртіндеп жүргізіп, өз ерекшелігімізді сақтап қалуды да ұмытпағанымыз абзал», – дейді король кеңесшісі Ханан әл-Ахмади.

Сауд Арабиясынан Америкаға келген сайын жұрт менен «онда бурка кигізіп қойды ма?» деп сұрай береді. Сондықтан киім үлгісін түсіндіре кетсем деймін. Саудия әйелдерінің киетін көйлегі пәрәнжі (Иран) де, бурка (Ауғанстан) да емес, абайя деп аталады. Кейбір тым консервативті әйелдер абайяның бастан аяққа дейінгі түрін киеді, дегенмен ол – көбіне мойын тұсынан басталатын, судьялардың мантиясына ұқсас киім. Төмен етектілер тек аурухананың маңайында не ішінде, шетелдіктер тұратын арнайы қоршалған аудандарда және тек әйел-дерге арналған орындарда абайясыз жүре алады. (Мәселен, эр-Риядтағы ең әсем сауда орталықтарының бірінде бір қабат түгел тек әйелдерге арналған). Басқа жерде мүлде рұқсат жоқ. Ал ерлер джинсы шалбар, костюм немесе «тоуб» деп аталатын араб көйлегін киіп жүреді. Кәмелеттік жасқа толған әйелдердің бәрі, соның ішінде шетелдік корпорациялардың менеджерлері де, қонаққа келген тілшілер де абайя киюі тиіс.

Неге ғаламшардың ең қапырық аудандарының бірінде ыстықты тартатын қара түсті киім киеді? Себебі қара түс ерлерді еліктірмейді немесе Исламдағы жазбалар бойынша Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) тұсындағы әйелдер қарғаға ұқсау үшін қара түсті киім киген деген тәрізді теориялық түсіндірмелер көп. Абайяның түсін нақтылайтын, тіпті, керек десеңіз, абайя киіп жүруді міндеттейтін де заң жоқ. Егделеу келген саудиялық әйелдің айтуынша, бұдан қырық жыл бұрын адамдардың табына, отбасындағы, тайпадағы дәстүріне қарай киіну, жүріп-тұру салттары Корольдіктің әр аумағында әркелкі болған. Ол кезде 1932 жылы ғана құрылып, мұнай байлығына енді кенеліп жатқан монархия ежелгі дәстүрлерді сақтаған шөл даладағы тайпалар мен жағалаудағы космополит қалалардан құралған араб мәдениетінің мозаикасы іспетті. Қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын ерекше консервативті Ислам бүкіл елге ортақ дін саналғанымен, оның әр аймақтағы көрінісі әр түрлі еді.

11875392_531901203626792_546610811_n копия

Қарт әжелердің айтуынша, сол кездері Сау-дияның кейбір аудандарында далаға желең абайямен немесе денені түгел жаппайтын киіммен шығуда тұрған еш әбестік жоқ болыпты. «Көбіміз шәлі тартпай жүретінбіз. Некелес-пеген жігітпен мейрамханаға бару ма?! Егер өзіңді әдепті ұстасаң, оның да еш айыбы жоқ болатын. Содан… өзгерістер басталды. Мұны адамның санасын, жүрегін мәжбүрлеу басталды деген жөн шығар», – деп еске алады бұрын балалар дәрігері болып жұмыс істеген 70-тен асқан эрриядтық әжей.

Өзгеріс бүкіл Таяу Шығыста консервативтік ислам қозғалыстары бас көтерген 1980-жылдары басталды. Бұл төңкеріс Сауд үкіметіне, оның заңдылығына қатер төндірді. Күшіне мінген шариғат полициясы бүкіл корольдік аумағында саудиялықтарға әсіреконсервативті мәдениетті мәжбүрлеп енгізді. Мектеп бағдарламалары тұтас өзгертілді. Музыка исламға жат деп танылып, оған тыйым салынды. Жаяу не көлікте бірге кетіп бара жатқан ер мен әйелден неке куәлігін көрсету талап етілді.

Консерваторлар мақсаты – әйелдерді қатаң жазалау болды. Олар Батысқа еліктегені, үйден ер кісісіз шыққаны, жігіттің назарын аудартатын, елітетін дауыспен сөйлегені, түгел қара түске оранбай, Құдайдың алдында күнә арқалағаны үшін жазаланатын болды. Өзін сыйлайтын әр адам жұрт алдында жауып жүруі тиіс жерлерді арабша «әурат» деп атайды. Дүниежүзіндегі әр халықтың әурат туралы өз түсінігі бар, бірақ соңғы ондаған жылдар ішінде Сауд Арабиясы бүкіл мұсылман әлемі айтып жүргендей тек әйелдің шашын ғана емес, сонымен бірге оның балтырын, қолын, тіпті кей жерлерде бетін де әуратқа жатқызып, мұны дінге сенетіндердің санасына сіңіріп тастаған.

Америкаға тосыннан келіп, «төсіңді жартылай ашып жүрген дұрыс па, жоқ па?» деп әр әйел-ді сұрақтың астына алған кісі сияқты менің де бетті әурет деп санаудың шет-шегін анықтамақ болған әрекетіме саудиялықтар күле қарады. «Өзіміз орынды деп санаған жерде бетімізді жабамыз» дейді олар. «Отбасымыз бетті әурат деп ұйғарған имамның сөзіне ұйыса, біз де оны орындаймыз. Дегенмен кей имамдар басқаша айтуы мүмкін. Сәби күнінен білетін балалар біздің ересек болған кездегі бетімізді көргенде қозатын немесе ұялатын жағдайға жеткенде «маған қара» деп емес, «мені құрметте» деп айтқымыз келеді. Мұндағы әйелдер бетті жабу үшін арнайы тігілетін ниқабқа қатысты өзара дауласып қалады. Бірде мен эрриядтық үш феминист әйелдің ниқабқа қатысты қызу пікірталасына куә болдым. Олардың бірі «осы заманда бетін бүркеген әйел мұны өзін қоршаған қатыгез қоғамнан қорыққанынан ғана істейді», – деді. («Бұл таңдау емес! Ниқаб кию адамды адамдығынан айырады! Қалайша бұлай дейсің! Бұл таңдау емес!»)

11379218_965477033482942_2004750785_n копия

Бетті бүркеуге қатысты пікірлердің ішіндегі ең маңыздысын Нуф Хасанның аузынан естідім. Өзі істейтін фабрикадағы тек әйелдерге арналған бөлімге кіріп-шығуға қалай бейімделгенін бақылап отырғанымды байқаған Нуф Хасан бетінен шәліні алып, шәліні қайтадан бетіне жауып маған күле қарады да: «Біз үшін мұның еш қолайсыздығы жоқ», – деді. Саудия қоғамы көп жағдайда әлі күнге тайпалық деңгейде. Ерлер де, әйелдер де маңайындағылардың сұқтануынан, олардың отбасындағы дәстүрлер жайлы өсек айтуынан, тұжырым жасауынан сескенеді. Ер адам зайыбының және басқа да әйел туыстарының ар-намысын қорғауы керек. Бұл тұрғыдан онша қырағылық танытпаған еркектерді «дайуд» дейді. Бұл – жігіттің намысын жер қылатын өте ауыр сөз, тіпті «ез» деген сөз де оның толық мағынасын бере алмайды.

– Бар нәрсе олардың қалай ойлайтынында, – деді «Тойотаның» жолаушы орындығында отырған Нуф. – Ал бұл – үлкен мәселе.

Рульде отырған Сами:

– Біз дүкенге не басқа жерге барсақ, оған қарап жүргендерді байқаймын, – деді.

– Жай қарағандар емес, сұқтанып жүргендер, – деді Нуф.

Самиді қатты қобалжытатыны – еркектердің көз айырмай қарауы.

– Сосын әлгі жігіт әйелімнің бетін көрмес үшін мен Нуфқа «Жүзіңді жауып жүрші» деймін, – деді Сами.

Мен Мұхаммед пайғамдардың (с.а.у.) «ерлердің өздері нәпсілерін тыйып, басқаларды құрметтеуі керек» деген сөзі бар екенін еске салдым.

– Иә. Мен де кейде Самиге ол жігіт сұқтанғанын қойсын, себебі діннің жолы сол деймін. Неге мен жүзімді жасыруым керек? – деді Нуф.

Жолға қараған күйі Сами үнсіз қалды. Ол қаржы менеджері болып жұмыс істейді. Жиегі қара көзілдірік таққан, қысқа сақалы бар ол – өте сабырлы жігіт. Ақырында ол:

– Мен былай деп жауап берер едім: ол – мұсылман болғанымен, исламның жолын, шариғатты толық ұстанатын адам емес. Ол жігіт «Бұл әйел жүзін жасырмапты, демек, ол басқалардың бетіне қарағанын қалайды» деп ойлап тұруы мүмкін. Олар шынымен де, солай ойлайды».

Әйеліне көз қырын салған еркекті соққыға жығу көптеген елде бар үйреншікті мәселе екенін айттым.

Басын изеп, жымиған Сами:

– Жігітпен төбелесу керек болса, онда мен күн сайын төбелесер едім.

Нуф мырс етті. Қара шәлінің ар жағынан қараған ол: «Тым көп шаршама», – деді.

– Қарашы, бәрі көрінеді, сен де осылай істеп көрші.

Мен тарха киіп отырғанмын, оны Нуф тәрізді екі қайтара қаттылап орап, қалған бөлігін бетіме түсіріп қоймақ болдым. Матасы осы мақсатқа арнайы тігілген тәрізді, өте жұқа. Мәшиненің терезесінен қарасаң, бұлыңғыр, сұрғылт болғанымен, сырттағының бәрі көрініп тұр. Бірнеше көшеден кейін алдымызда самаладай жарқырап сауда орталығы тұрды.

11230338_889358277769242_357254639_n копия

Маған жаңа абайя қажет, себебі тілі ащы саудиялық танысымның сөзімен айтсақ, бірнеше апта бойы тастамай киіп жүрген абайямның тозығы жеткені сондай, оны ендігі отқа жағып жіберуге де болады. Нуфқа: «Emergency shoppinghelp pls» («Шұғыл зат алуым керек, көмектес») деп хабарлама жібердім. Ол маған «sure my dear» («Әрине, қымбаттым») деп жауап берді. Сами көлікті тұраққа қою үшін басқа отағасылармен және жүргізушілермен бірге қалды, ал Нуф мені жеделдетіп абайя сататын жерге алып келді. Мұнда шыны қабырғаның ішінен жарқ-жұрқ еткен қара түсті абайялар сататын жеті дүкен қатар тұр екен.

– Уау, – дедім мен. Нуф көзін қысты. Еркектер абайя дүкендеріне онша көп маңайламайды, сондықтан Нуф шәлісін жартылай ашып қойды. «Мына жерден бастайық», – деген ол дүкеннің есігін нұсқады да, өзі тездетіп кірді.

Қаладағы сауда орталығы – Сауд Арабиясының өзіне ғана тән шағын көріністер жүріп жататын панорамалдық сахна іспетті. Жас әйелдер балмұздақтың ыдысын немесе газдалған сусынның түтікшесін ниқабтың астындағы аузына қарай бұрыштай бағыттап жатып, сөредегі ұялы телефондарды құлақтарына тақап көріп тұрады. Саудиялық әйелдер қызметші етіп алған пәкістандық немесе филиппиндік жүргізушілер паркингте мызғып немесе алыстағы отбасыларына бейнеқоңырау шалып жатады. (Жүргізушілер қара киген әйелдердің қайсысы кім екенін қалай ажыратады? Осыны бір күні саудиялық досымнан сұрадым. «Аяқ киімдері мен сумкаларынан», — деп жауап берді ол). Ауасы үнемі салқындатылып тұратын сауда орталықтарында ойын алаңдары, жиһаз, көзәйнек дүкендері, финтес-орталықтары және супермаркеттер бар. Саудиядағы коммерция саласында әйелдер мұншалық көп келетін басқа жер жоқ. Аздан соң әрлі-берлі өтіп жатқан аяқкиімдер мен сумкаларды өзім таныс болып қалған әйелдерге теліп, қиялдай бастадым. Біреуі зейнеттегі балалар дәрігері, келесісі графика дизайнері, одан кейінгілері дүкендегі касса қызметкері, кәсіпкер, әлеуметтану профессоры, енді бірі бойы 1,8 метр болатын, аптасына үш рет баскетбол ойнайтын, бір қолмен допты себетке қарай дөп лақтыратын заңгерге ұқсап кетеді.

Әлжауһара Фаллата есімді 30 жастағы заңгер әйел қыздар мектебінің спортзалында немесе спорт клубтарында ойнайды. Жас жігіттер де ойнайтын даладағы алаңқайларға неге бармасқа?! Себебі ол жерге жігіттер барады, сондықтан абайямен баскетбол ойнау қолайсыз. Бір күні кеште бірге жаттыққан соң әңгіме бастаған Фалатта 1960 жылдарға дейін қыздардың мектепке баруына мүмкіндік болмаған елде заңгер болып жұмыс істейтініне ерекше назар аудартты. Оның айтуынша, мұнда осыдан он жыл бұрын ғана қыздардың құқықтану мамандығын оқуына жол ашылған. Үш жыл бұрын ғана алғаш рет әйел адамның тек кеңесші емес, адвокат болып жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Осы күні корольдіктегі университеттерде оқитын студенттердің жартысынан көбі – қыз балалар. 2005 жылы Король Абдулла шетелде оқыту мақсатында корольдік стипендиясының бағдарламасын ашқанда алғашқы шәкіреттер арасында біршама нәзікжандылар болды. 2014 жылғы мәлімет бойынша, содан бері Сауд Арабиясының 35 мыңнан астам әйел азаматы шетелдердегі бакалавр және одан жоғары оқу бағдарламаларында білім алған. Олардың жартысы Америка Құрама Штаттарында оқыған.

Қазір Фаллата сот отырыстарына қатысады. Бұл ерлер мен әйелдер арасында кәсіби тұрғыда толық теңдік орнады дегенді білдірмейді. Жоғары деңгейдегі жұмыстарға әйелдерді енді ғана қабылдай бастаған қоғамда жоғары білім алған әйел затының жұмысқа аз алынатыны және оларды шеттететіні туралы жиі шағым айтылады. Бұл – Сауд Арабиясынан да бұрынырақ құрылған мемлекеттерге тән ахуал. «АҚШ әйелдері жүз жылда жетпеген жетістікке біз он жыл ішінде жеттік», – деді «Балади» («Менің елім») ұлттық бастамасының негізін қалаушы Найла Аттар. – Біз жылдам өзгеру үшін тез жүріп келеміз. Меніңше, халықтың қабылдауы үшін аздап баяулатуымыз да керек».

Бизнес пен ғылым саласының көшбасшыларымен бірлескен Аттар осыдан бес жыл бұрын Саудия әйелдерін сайлауда дауыс беруге, сайлауға түсуге үгіттеу мақсатында «Балади» ұйымын құрған. Оларға тек дәстүршілдердің жаушылдығы ғана емес, тіпті кейбір амбиция-лы деген әйелдердің немқұрайдылығы кедергі болыпты. Жарты ғасырдай уақыт ішінде Сауд Арабиясы ерлерінің өзі алғаш рет тек 2005 жылы дауыс берген. Онда да қолында ешқандай билігі жоқ муниципалдық кеңес мүшелерін сайлаған. Сауд Арабиясы Корольдігі – конституциялық монархия емес. Мұнда өз алдына премьер-министр де, парламент те жоқ. Барлық бақылау бүгінде алып әулетке айналған әл-Саудтардың қолында, мемлекетке де сол отбасының тегі берілген.

image3 копия

«Біз кейде XXI ғасырда, енді бірде XIX ғасыр-да қалған сияқты боламыз, – деді бұрындары шетелдерде тұрып келген қазір эр-Риядта тұратын маман әйел көңілсіз әрі мойынсұнған кейіппен. – Өзіңізді католик шіркеуі билеген ортағасырлық Еуропада тұрып жатқандай елес-тетіп көріңіз». Оның меңзеп тұрғаны: Сауд Арабиясында догматтық діни көсемдер мен патшалық династия билікті ресми түрде бөлісіп алған, сондықтан да басқа зайырлы елдердің адамдары мұны жете түсіне алмайды. «Исламды кемсіту», «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіру» сияқты ауқымы кең ұғымдар аясында түрмеге жабылып, дүре соғу үкімі айтылып, өлім жазасына кесіліп жатады. Бұған, мәселен, блогер болу, әлеуметтік желіні пайдалану немесе айыпталған адамды ашық жақтау сияқты әрекеттер де жатқызылуы мүмкін. Өлім жазасын арқалағандардың жұрт алдында басы кесіледі. Шариғат полициясының жұмысын басқаратын мекеме (бұлар ұлттық полиция-мен қатар жұмыс істейді және олардың ақыл айтуға, сөгіс беруге, тұтқынға алуға қақысы бар) Адамгершілікті насихаттау және арсыздықтың алдын алу комитеті деп аталады.

Бұнда ерлер мен әйелдерді бөлек ұстау арқылы ғана адамгершілік пен көргенсіздікті ауыздықтауға болады деген түсінік бар. Соның өзі ерлер табиғатынан нәпсіқұмар, ал әйелдер болса азғырушы деген пайымға негізделген. Яғни әдепті мұсылман болу үшін өзге жыныс өкіліне жақындап кетуден үнемі сақтану керек деген ұғым күнделікті өмірдің бұлжымас қағидасына айналған. Тіпті, бұл жайт онсыз да абдырап жүрген шетелдіктердің алдынан қайта-қайта шыға береді. Қонақүйлерде әйелдерге арналған жүзу бассейндерінің болмайтыны немесе әйел-дерге арнайы уақыт белгілейтін себебі – еркектер олардың судағы сұлбасын көріп қоюы мүмкін. Саудиядағы киім дүкендерінің көбінде әйелдер киіп көретін орындардың болмайтын себебі: есіктің арғы жағында бөтен еркек тұрған жерде әйелдер ешқашан киімін шешпейді. Сауд Арабиясында жалғыз ғана IMAX тарихи мұражайының кинотеатры жұмыс істейді. Оның да себебі: үкімет 1980 жылдары консерваторлар төңкерісі кезінде барлық кинотеатрды жауып тастаған. Проблемасы көп Батыс фильмдерін көрсетумен қатар, қараңғы кинотеатрлар әйелдер мен еркектердің «араласып» кетуіне мүмкіндік береді.

Ал әйелдердің көлік жүргізуіне тыйым салуы ше? Саудиялық қыздар мен әйелдерге осы сауал-ды қойғанда көбінесе бір ретпен түзілетін реакциялар тізбегін байқадым. Тек ерлер ғана жұмыс істейтін такси бизнесі, жүргізушілерді шетелден алып келумен айналысатын компаниялардың мердігерлік кәсібі гүлденіп тұрғанына қарамастан, олардың бірінші айтатыны: Саудия әйелдері ерте ме, кеш пе көлік жүргізетін болады.

Кей әйелдер қазір-ақ ешкім көре бермейтін аудандарда көлік басқарып жүр. Мәселен, Сауд Арабиясының шығысы мен Бахрейнді жалғап жатқан көпірлі жолда саудиялық күйеулердің не жүргізушілердің машина тізгінін ханымдарына беріп қоятынын жиі байқауға болады.

Екінші реакция – әйелдердің көлік басқаруына болмайды деген аргументтерді ақылға салып талдау. Төмен етектілер рульде отыруға жаралмаған, олардың кесірінен апат көп болады деген тұжырымдар ақылға сыймайды. Себебі Саудия жолдарында көлік апатынан қаза болғандар санының көптігі ұлттық проблемаға айналып отыр. Әйелдер үйден қалаған кезде шығатын болса, онда олар бөтен біреумен көңіл қосып, отбасын тастап кетеді деген түсінікке келсек, «қазір ең керітартпа деген шейхтер ғана осылай ойлайды» деді менімен тілдескен әйелдер. «Абдулланың өзі бізді жұмысқа тұруға үгіттеп жатыр. Бізді басқа біреу дер уақытында жұмысқа апара ма екен деп отыратын болсақ, біз қалай жақсы жұмыс істей аламыз?» деп жауап береді олар.

Менімен сөйлескен ерлерді де, әйелдерді де қобалжытатын бір нәрсе – жүргізуші куәлігін алған соң әйел алғаш рульге отырғанда еркектер оған жауын көргендей қарайтын. «Фабрикадағы әйелдермен бұл туралы пікірлестім, – деді Нуф. – Біріне ағасы «егер машина айдап бара жатқан әйелді көрсем, көлігін тоқтатам да, өзін сыртқа лақтырып тастаймын» депті. Оқымаған еркектер көп, мен солар жайында айтып тұрмын. Олар әлеуметтік желілерге «Біз сендерге көлік жүргізтпейміз» деп жазады». Жаңағы қыздың бауыры қарындасын кемсіткендерден қорғай ма екен, әлде оларға қосыла өзі де тұқырта ма екен? Әлде екеуін де істей ме?

Ілулі тұрған абайяларды қарап жүрміз. Арасында жүгіруге немесе шөл далаға пикникке шығуға арналған кір мәшинесінде жуылатын созылмалысы, жұмысқа не туыстарға қонаққа баруға арнап тігілген, жылтыр тастармен және моншақтармен көмкерілгені де бар. Мына қызықты қараңыз, тауыс құстың қауырсынынан көз пішіні салынғаны да бар екен. «Жоқ», – деді Нуф киімді аударыстырып, саусағымен тыжырына нұсқап. «Жоқ, жоқ, жоқ». Содан соң ол жеңі қара сұр, білегі қара сәтеннен тігілген киімге тоқтады. «Мынаны қарап көр, саған ұнай ма екен. Өзі жұмсақ», – деді.

Шураның әйел мүшелері 2013 жылдың ақпанында таң азанда қызметке кірісті. Олардың кейбіреулері ниқабпен, енді бірі беттерін шәлімен жауып, біреулері жаппай ашық күйде отырды. Әйелдер ерлермен бірге үлкен кеңесу кабинетіне жиналды. «Біз, әйелдер, бөлек жайғастық, ол рас. Бірақ арамызды бөлген ешқандай қабырға болған жоқ. Осының өзі – үлкен жеңіс», – деді Шураның жаңа мүшелерінің бірі, БҰҰ-ның Тұрғындар қоры бас хатшысының бұрынғы орынбасары Торайя Обейд.

Обейд – Біріккен ұлттар ұйымында 35 жыл жұмыс істеген адам. Дегенмен, ол кәсібінде зор жетістікке жеткен, халықаралық білім алған Шураның жалғыз мүшесі емес. «Отыз адамның 27-сінің медициналық білімі немесе PhD дәрежесі бар. Олардың ішінде екеуіміз ұзақ жылдардан бері әлеуметтік тұрғыда белсенді болып, әлеуметтік жұмыспен айналысып келе жатқан ханшайымдармыз», – деді ол.

Басқаша айтқанда, король салмақты әйелдерді жинағысы келді. Сауд Арабиясында жеке әңгімеде король отбасына реніш білдіретіндерді кездестіру де соншалықты қиын емес. Елдің мұнай байлығын толық қолында ұстап тұрған да, уәкілді үкіметтің құрылуын талап еткен адамның үнін өшіріп, репрессиялық билікті қалауынша қолданатын да, халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарының ащы сынға толы шолуларын қабылдап отырғандар да – солар. Осыған қарамастан, Абдулланың есімін естігенде әйелдер қауымының жүзі жайнап сала береді. «Оның араб тілінде «La tahmeesh» деп айтқан мәлімдемесі әлі есімде. Мұнысы – «бұдан әрі әйелдерді маргиналдандыруға жол жоқ» дегені. Менімен бірге басқа әйелдер де көзіне жас алды», – деп еске алады Шураның құрамына әйелдерді қосу туралы король шешімі жариялағанда оның аудиенциясында отырған үкімет өкілі Ханан әл-Ахмади.

Әл-Ахмади Шураға мүшелікке тағайындалған. Кеңестегі басқа әйелдермен бірге ол сырт көздің «Шураға мүше әйелдер Батысты алдарқату үшін сатылғандар», «олар шайтанның өкілдері» деген секілді пікірлерге еті әбден үйреніп кетті. Көлік жүргізуге қатысты пікірталас туғанда осындай сыни пікірлер үдей түседі. Әл-Ахмади да әйелдерге жүргізуші құқығын беруді жақтайды. Алайда Нуф және Сауд Арабиясындағы басқа да көптеген адамдар сияқты ол да көлік жүргізу мәселесіне батыстың көбірек назар аударуы қолдаудың орнына керісінше ұлттың қарсылығын туғызды деп санайды. “Khalas (Жетеді), – деді ол. – Бұл мәселе тым саясиланып кетті. Кейде әйелдер көп жүрген жерге барамын, сонда адамдар қасыма келіп «Біздің көлік жүргізгіміз келеді дейсің бе? Бұл біздің басты мақсатымыз емес» деген пікір айтып кетеді».

Кез келген елдегі әйелдерден «Басты мақсатың не?» деп сұрасаң, алуан түрлі жауап аласың. Біздің байқағанымыз Сауд Арабиясында әйелдерді ең алдымен ажырасудың көптігі және жалпы ажырасу жүйесі (ажырасқан жағдайда кішкентай сәбилерден басқа балалардың бәрі әкелерімен қалады), қос стандартты азаматтық заңнама (саудиялық жігітке тұрмысқа шыққан шетелдік әйел бірден азаматтық алады, ал саудиялық әйелге үйленген жігіттің азаматтық алуы неғайбыл) және корольдіктегі қызметке орналасып, жұмыс істей бастаған әйел затына деген көзқарас (жұмыстың шектен тыс көптігі, жалақының аздығы) мәселелері толғандырады екен.

Әрбір әйел белгіленген еркектің қорғауында болуы керек деген талаптың да жағымсыз тұстары көп. Заң бойынша әйелдер қорғаушысының рұқсатынсыз-ақ жұмысқа тұруға, оқуға түсуге, медициналық жәрдем алуға құқылы. Алайда Сауд Арабиясында әдетте мемлекет заңы дәстүрден төмен тұрады, сосын заңнаманың өзі діни жоралғыларды өзінше түсіндіретіндерден немесе әйелдің отбасындағы қорқынышынан асып кете алмайды. (Мәселен, кей мекемелер қорғаушысының келісімінсіз әйелді жұмысқа алғысы келмейді). Көптеген әйелдердің айтуынша, өзінің «қорғаушылық» құқығын төмен етектіні жазалау, бақылау немесе манипуляциялау мақсатына пайдаланатын еркектер де бар.

Әйелдер айтқан күрделі әрі бір-бірінен бөлек қиындықтар – осылар. Діни наным, отбасының абыройы және мемлекеттік саясат өзара жымдасып жатқан қоғамда бұлардың барлығынан бір-бірлеп арылу үшін өте сарабдал саясат керек. «Саудия әйелдерінің ниқабтарын жұлып тастап, қолдарына жаппай көліктің кілтін беру керек, ер мен әйелдің арасын бөліп тұрған шекараны талқандау керек дейтін шетелдіктер осындай өзгерістерден қаншама саудиялық әйелдің зардап шегетінін түсінуі тиіс», – дейді әл-Ахмади. «Сауд Арабиясындағы көптеген отбасылар тек ортадағы қабырғаның аласа болғаны үшін ғана қыздарын саудагерлік жұмысқа жібергісі келмейді. Демек, осындағы қыз-дардың барлығы қызметке тұрсын десек, бұл жұмыстарға қатысты стигмалардан арылуымыз керек», – дейді Ханан ханым.

Нуфтың айтуынша, әйелдердің көлік жүргізуге рұқсат алуы үшін әлі бес жылдай уақыт керек. Бірақ оны бұл мәселе соншалықты қатты толғандырмайды. Ол, тіпті, көлік жүргізуге де құлшыныс танытпайды. «Бұл тыйым өз сеніміне адал, мемлекетіне мойынсұнған қызметтегі әйел-дің заманауи өмір ағымына ілесуіне кедергі келтіретін, ақылға сыймайтын кедергі ғой», – дейді ол. Тіпті елдің беделді ғалымдары Құранда және басқа да жазбаларда әйелдің көлік жүргізуіне тыйым салатын ешқандай талаптың жоқтығын мойындаған. Нуф пен Сами әулеттің басқа мүшелерімен ортақтасып бір жүргізуші жалдаған, оған айына мың доллар көлемінде жалақы төлейді. Бұл – көп отбасының қалтасы көтере бермейтін қаражат.

Мен тілдескен басқа әйелдер сияқты Нуф та Абдулланың өз билігін пайдаланып, ханымдарға көлік жүргізуге рұқсат бере салмағанына, оның орнын басқан бауыры Король Салман бин Абдулазиздің де мұны істемей отырғанына қуанады. «Біртіндеп болсын», – дейді Нуф. Оған «алдымен тұрмыстағы үлкен әйелдерге рұқсат берейік» деген тәрізді ұсыныстар ұнайды. Себебі, мұндай әйелдердің сұсты келбетінен сескенетін дүмшелер оларды кемсітуден именетін болады. «Бұл бәрібір болады, оған еш шүбә жоқ. Алайда егер ертең барлық әйелге бірден рұқсат бере салса, онда аласапыран басталады».

Нуф таңдап берген абайяны алдым. Бағасы $40 болатын бұл әдемі абайяның алдында жабылатын түймелері бар. Сами боулингке барайық деп ұсыныс тастаған соң, аяқ киіміммен абайяның тігісін басып тастамайын деп, оны бірден кимедім. Нуф бетін бүркеген шәліні кері ысырды. Эр-Риядтың жолдары түнде де көлікке кептеліп тұр. Нуф Самидің көлікті жүргізгеніне қарап қалды. Ол көліктің руліне отырып, газ басқышты басу – өмірдегі басты арманы емес екеніне артта отырған шетелдіктің көзін жеткізгісі келетіндей.

– Бұл – бір үлкен проблема, көрдің бе? Мен неге жолды ойлауым керек? Одан да мұнда отырып, телефонмен сөйлесейін… Міне, келіп те қалдық. Көлік қоятын орынды іздеп бас та қатырмаймын, – деді ол.

Боулинг алаңында 12 қатар бар екен. Әр қатарда тоуб киген ерлер мен абайя киген әйелдер балаларымен ойнап жүр. Бір қабырғаның қасында ер кісі мен ниқаб киген әйел шар ұратын бұрышты дәлдеп, бильярд үстелін айналып жүр.

– Әрине, сен жеңуге тиіссің. Әйтпесе, менің жаман қожайын болғаным, – деді Нуф.

Мен жеңбедім. Өзі үй иесі болғандықтан дауыстап айтуға қымсынды, бірақ Нуф үлкен басымдықпен жеңді. Ол абайяның ар жағынан боулинг тасын оңтайлы ұстап, шиіре атуға керемет машықтаныпты.

Авторы: Синтия Горни

Фото: Линси Аддарио

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля