
Бұл бөлім графтың 1322 жылғы шайқастағы жеңілісін суреттейді. Төменгі жазбада «Мұнда мен тұтқынға алындым» делінген. Графтың басы Понтефракта қамалында қылышпен шабылды. Бұл көріністі суреттеуге бір ғана «Өлім» деген сөз жеткілікті еді. Мәриям мен Иса Ланкастер графы Томастың жанын алуға дайындалуда. Граф өлімін көрсететін көріністер төменде сағат тілі бойынша бейнеленген. Граф әскери сот алдында. Мәтінде «Мен жазаға тартылдым» деп жазылған. Оған сөзсіз өлім үкімі кесілді. Графқа қатысты үкімді орындау үшін оны дұшпандарының арасынан салт атпен алып өтті. Мәтінде «Маған қауіп төніп тұр» деп жазылған.
Лондондағы Темза өзені жағасынан табылған, XIV ғасырға тиесілі ұзындығы 12 сантиметрлік темір тақтайша бір жағынан сирек кездесетін тарихи-діни жәдігер болса, екінші жағынан саяси насихат құралы іспеттес. Тарихи жәдігердің жоғары жағында киелі көріністер суреттелген. Оның төрт бөлігінде Ланкастер графы Томастың тұтқынға түскені, қуғынға ұшырағаны, соңғы жорығы мен өлім жазасына кесілгені баяндалады. Әрбір көрініс астында ортағасырлық француз тілінде жазылған түсіндірмелер анық көрінеді.
Граф Томас Англия королі ІІ Эдуардтың жиені әрі қас дұшпаны еді. Ол бірнеше баронмен одақтасып, корольді тақтан тайдыруға әрекет еткен болатын. Алайда Эдуард оның өзін талқандап, өлім жазасына кесті. Содан кейінгі орын алған таңғажайып оқиғалар оның қабірімен байланыстырылады. Кейіннен графты жақтаушылар әлгіндей ғажайып оқиғалар суреттелген діни тақтайшаларды жасатып, үйлеріне іле бастаған. «Бұл Ланкастер графы Томасқа арналған әрі бір жағынан корольге қарсы бағытталған үлкен саяси мәлімдеме болатын», – дейді Лондон Археология музейінің маманы Софи Джексон. «Кейіннен саяси ахуал корольдік басқару пайдасына қарай шешілгендіктен тақтайшаны лақтырып тастаған болар. Бәлкім, адамдар өз үйлерінде граф Томасқа қатысты дүниелердің бар екендігін өзгелерге өрсеткісі келмеген шығар».
А.Р. Вильямс