Кения мен Танзания аймақтарын мекендейтін Масай тайпасы жартылай көшпелі және бақташылық өмір салтын ұстанады. Әлемдік өркениеттен тысқары өмір сүріп келген тайпаның аз ғана уақыттың ішінде ғаламторды меңгеріп, жылдам хат-хабар алысуды игеріп алғаны мәдениеттанушы антрополог ғалымдардың таңданысын туғызбай қоймады. Сөйтіп, олар зерттеу нысанына айналды.
Әсіресе, Вирджиния политехникалық институтының қызметкері, география ғылымдарының докторы, профессор Тим Бэйрд осы бір оң өзгерісті жіті бақылауда ұстады. «National Geographic» ұйымы бөлген гранттың есебінен масайлықтардың ұялы телефонды қолдану ерекшеліктерін зерттеді. Осы уақытқа дейін өркениеттен оқшау өмір сүріп келген олар тез арада хат-хабар алысып, ақпаратпен бөлісудің қаншалықты маңызды екенін түсінгендей. Қарапайым шаруалар ауа райын ғаламтордан біліп отыратын болды. Мал бағасын да ғаламтор арқылы белгілейді. Тіпті жеке өмірлерінде де өзгеріс пайда болды. Бұрын көне дәстүр бойынша, жас қыздар екі жақтың келісімімен өздерінен үлкен ер адамдарға күйеуге шығатын. Ал қазір өздерімен жасты бозбалалармен араласуға мүмкіндіктері бар.
Ақшаны телефонда сақтауға болады. Бұны білген масайлықтар мобильді банкингпен (сондай-ақ алаяқтықпен) таныса бастады. Бетпе-бет кездеспей-ақ жүзеге асырылатын іскерлік операциялар, жылдам әрі анағұрлым қауіпсіз. Бэйрд масайлықтарды бір жерге жинап, ұялы телефон мәдениеті жайлы пікірлерін сұрағанда, еркектер көбінше қыз-келіншектер мен сиырларды суретке түсіретінін айтқан. Бэйрд бұған қатысты талай сын-ескертпелер естіді.
Мәселен, ХХІ ғасыр технологиясы шалғайдағы өңірлердің қаймағы бұзылмаған ұлттық мәдениетіне кері әсерін тигізді деушілер көп болды. Алайда масайлықтардың өздері мүлдем басқа пікірде. Олар ұялы телефонға күн көріс құралы ретінде қарайды. Ал ұлттық мәдениеттеріне тигізер ешқандай зияны жоқ деп санайды. – Дэниэл Стоун