Қазақтың құтты да құнарлы өлкесінің бірі – Қарқаралы. Өңір табиғатымен ғана емес, тарихи орындарымен де ерекшеленеді. Сондай сәулетті әрі тарихи нысанның бірі – Құнанбай мешіті. Мешіт тарихы өз заманының қаһарман-қайраткері Құнанбай Өскенбайұлының есімімен тығыз байланысты. Дерекке сүйенсек, мешіт құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы толық салынып біткен. Оның Құнанбай атымен байланысты болуының сыры неде?
Қарқаралыда мешіт салу жөніндегі әңгіме халық арасында 1847 жылы қoзғалып, сол кездегі ру басшылары Сiбiр қазақтарының шекара басқармасына хат жолдайды. Оған Тобықты руынан Құнанбай да бар, 16 болыс қол қойған екен. Мешіт құрылысы үшін халықтан қаражат жиналғаны туралы деректер де бар. Ал 1849 жылы Қарқаралы уезіне аға сұлтан болып сайланған Құнанбай Өскенбайұлы ең бірінші кезекте ұлт мұқтаждығына қатысты игі шаралармен айналысуды қолға алады. Бұл бір жағынан Құнанбай қажының ертеден келе жатқан армандарының бірі – қазақ балаларының сауатын ашу еді. Сондықтан да, аға сұлтандыққа отырған Құнанбай мешіт құрылысын өз қолына алып, бас-аяғына дейін тыңғылықты қадағалағандықтан, мешіт – халық арасында Құнанбай мешіті аталып кеткен. Аға сұлтан құрылыс туралы 1850 жылдың 7 қаңтарында Сібір қазақтарының шекара бастығы Клейст мырзаға жазған хатында: «…мешіт құрылысы дін ықпалын нығайтып, Құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, халықтың адамгершілік-имандылық сезіміне өзгеріс жасау мақсатын көздейді… Сенімді түрде кірісіп, мешіттің құрылыс жұмысын өткен жылдары қауым болып жинаған қаражат есебінен және өзімнің меншігім есебінен жүргіземін…», – деп жазған екен.
Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтереді. Құнанбай мешіті Қарқаралы округіндегі ислам дінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Осы мешітке кезінде Абай да барып тұрған екен. Құнанбай қажы мешіт салу арқылы аймақта абырой-беделін арттырып қана қойған жоқ, ол ұрпаққа өлмес өнеге қалдырды.
Құнанбай мешіті бір жылдары күтімсіздіктен тозып, жойылып кетудің аз-ақ алдында болған екен. Мәселен, бір мезгілде 300 адам намаз оқитын мүмкіндігі бар мешіт кеңес заманында азық-түлік сақтайтын қоймаға, пионерлер үйіне айналса, тың игеру кезеңінде келімсектер жатағы да болған. Әбден тозығы жеткен кесенені қайта қалпына келтіру үшін 1989 жылы қарашада облыс, аудан жұртшылығының шақыруымен Алматы қаласынан Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты Құнанбай мешітін алғашқы қалпына келтірді.
Ел аузындағы деректерге қарағанда мешіт ашылған жылдары мұнда 11 қари қызмет еткен, балалардың діни сауатын ашқан. Мешітте сол кезден қалған арапша кітаптар, Құранның сол кездегі нұсқасы да сақталған.