МЕКЕН ЕТУ АЙМАҒЫ: Орталық Америка жағалауы аймағындағы Тынық Мұхиты
ҚОРҒАЛУ ЖАҒДАЙЫ: Әлі анықталмаған
БАСҚА ДА ДЕРЕКТЕР: Үлкен Тынық мұхиты теңбіл сегізаяқтарының ұрғашылары мен еркектерін денелеріндегі өрнектері мен түстеріне қарап «арлекин» деп те атайды.
Көптеген сегізаяқ түрлері үшін шағылысып болғаннан кейін ұрғашысының өз еркегін асқа жаратып жіберуі қалыпты іс. Асқа айналып кетпеу үшін «еркек сегізаяқтар әдетте ұрғашының үстіне секіріп мініп, оның аузынан мүмкіндігінше қашық позицияда орналасады да, бәрі біткесін қашып кетеді», – дейді Калифорния ғылым академиясының теңіз биологы Ричард Рос. 1982 жылы панамалық теңіз биологы Аркадо Роданише тұмсыққа тұмсығын түйістіріп шағылысатын және шағылысу кезеңдерінің арасында бірге өмір сүретін сегізаяқтарды тапқандығын жариялады. Алайда мұндай шағылысу дәстүрі ғылымда қабылданған факт болғандықтан, оның зерттеулері ескерусіз һәм елеусіз қалды.
Шамамен 30 жылдан кейін Берклидегі Калифорния университетінің қызметкерлері Рос пен Рой Калдуел бұлтылдақ басаяқтылардың бірі – үлкен Тынық мұхиты теңбіл сегізаяғын өсіріп, зерттеді. Олар Роданишенің жаңалығын растап қана қоймай, одан да тереңдей түсті. Әдетте жалғыздықты қалайтын (тіпті каннибал болуы да мүмкін) өзге сегізаяқтылар сияқты емес, үлкен Тынық мұхиты теңбіл сегізаяқтыларының жұптары өз ұялары мен азықтарын бір-бірімен бөлісіп отырады. Олар күніне бір рет шағылысып, ұрғашылары бір ай бойы жұмыртқа басса, сегізаяқтардың басқа түрлерінде ұрғашысы бір рет ұрпақ бергеннен кейін өліп қалады. Жоғарыда айтқанымыздай, сегізаяқтардың көпшілігі шағылысу кезінде сақтық үшін арақашықтық ұстайтын болса, үлкен Тынық мұхиты теңбіл сегізаяқтары сырттай қарағанда сүйіскендердің образында (суретте), төменгі жақтарындағы тұмсықтарын түйістіре отырып шағылысады.
Ал сегізаяқтың бір ғана түрінен осынша жаңалық ашылғанын ескерер болсақ, әлі зерттеп-зерделенбеген дүниенің қаншама екендігін өзіңіз де көз алдыңызға елестете беріңіз. Жалпы мұхит атаулыда 300-ден астам сегізаяқ түрі бар деп саналса, олардың көпшілігі әлі зерттелмеген. – Патрисия Эдмондс
ФОТО: РОЙ Л. КАЛДУЕЛ