..."/>
ЗЕРТТЕУ

Теңіз мырзалары

Тасбақаның қабыршығы секілді қатты заттарды уатуға арналған тістері мен араны бар акула, еш нәрседен қорықпайтыны анық. Сол себепті ол жолда кездескен камераның да дәмін көруден бас тартар емес.

Су астына түсуді жаңа үйреніп жүрген сүңгуір мұхит әлеміндегі жыртқышпен бетпе-бет келіп, оны басқа қырынан тани түсті.

Авторы: Глен Ходжс

Фото: Брайан Скерри

Багам аралдарындағы жолбарыс акуланы су астында жақыннан бақылап тұрған сүңгуір. Бір қарағанда қауіпті боп көрінген жыртқыш өзіне жақын келген сүңгуірлерге тиісе бермейді.

Мен «Ажал араны» фильмін 1975 жылдың жазында алғаш шыққан кезде көрдім. Ол кезде 9 жаста едім. Броуди алып акуланы өлтіретін сәтте залдағылардың шу ете қалғаны әлі есімде. Киноның маған ұнағаны сонша, түсімде акула көрдім. Ол әжетхана түбегінен атып шығып, мені дәліз бойымен қуа жөнелді.

Бүкіл америкалықтар бастан кешкенді мен де кештім. «Ажал араны» фильмін бәріміз ұнаттық. Сондай-ақ акуладан өлердей қорқатын болдық. Балалық шағым Коннектикут жағалауындағы ата-әжемнің үйінде өтті. «Ажал аранынан» кейін суға түссем болды, әлдеқайдан акуланың арандай аузы атылып шығып, аяғымнан бас салатындай боп тұратын. Менен екі жас кіші қарындасымның кинодан қорқып қалғаны соншалық, судың ең саяз жеріне ғана түсетін. 1900 жылдан бері Коннектикут жағалауында акула адамға бар-жоғы екі-ақ рет шабуылдаған. Бірақ көңіліңмен сезінгенмен, болған жайттар санаға ешқашан маза бермейді екен.

Ал мен осынау иллюзияны тас-талқан еткім келді. Акулалардан сәл де болса қорықпайтын адамдар – оларды жақсы білетін жандар. Ал акулаларға сүңгуірлерден өзге жақын келетін адам жоқ. Жұрт балалары мен үй жануарлары жайлы қалай тамсана айтатын болса, Жолбарысты жағажайда зерттеумен айналысатын сүңгуірлер де жолбарыс акулалар жайлы тап солай тамсана әңгіме қозғайды. Әрқайсысына бөгенейлеп ат қойып алып, жеке мінез-құлықтарын сүйсіне әңгімелеуге құмар. Олардың түсінігінше, акулалардың адамға шабуылдау көрсеткіші итке қарағанда әлдеқайда төмен (шынтуайтында, олардың адамға шабуы тым сирек кездеседі. 2015 жылы тек Құрама штаттар бойынша 34 адам ит талап көз жұмса, әлем бойынша акуланың шабуылынан 6 адам жазым болған).

Багам аралдарының қорғауға алынған бөлігінде жолбарыс акулаларға төнетін қауіп жоқ, бірақ олар бір жерде ұзақ тұрақтамайды. Сөйтіп, мекен ауыстырып жүрген кезде балық аулаушы кемелердің қармағына жиі түсіп қап жатады. Дегенмен жолбарыс акулаларға қарағанда, акуланың өзге 70­тен аса түріне төнген қауіп әлдеқайда жоғары. Табиғат қорғаушылары олардың құрып кетуі мүмкін деп дабыл қағуда.

Жаңсақ пікірді жоққа шығару оңай шаруа емес. Өйткені ақиқат дегеніміз – сирек ұшырасатын қарапайым нәрсе немесе соған қарама-қарсы ұғым. Ертең жолбарысты жағажайда суға сүңгимін деген күні Гавайдан суыт хабар жетті. Онда акула шабуылдаған адам жан алысып, жан берісіп акуланың көзін ағызып барып, зорға құтылыпты. Аяқ сүйектері паршаланып кеткендіктен, бір аяғын кесуге тура келген. (Жігіттің аты – Тони Ли, сол оқиғадан бір айдан кейін өзімен ауызекі сөйлескем. Акуланың көзін шұқыған-шұқымағанын нақты білмейтінін, әйтеуір қолын қатты батырғанын, соның арқасында аман қалғанын айтты. Акуланы тұмсықтан ұрып қорғанудың рас болғаны ма сонда? Тони Лидің де бар қаруы сол жуан жұдырығы болған). Бұл – Оаху жағалауында осы бір ғана айда болған үш шабуылдың бірі әрі кейінгі жылдары өршіп бара жатқан акулалар шабуылының жалғасы. Осыдан кейін Гавайда жолбарыс акулалардың қозғалыс дағдысын зерттеу мықтап қолға алына бастады.

Ол кезде Софидің мені дос тұтып, иә болмаса, жеңсік асы ретінде жақын тартып тұрғанын ажырату қиын еді. Оның үстіне акуланы бір адым жерден бері жақындатпау үшін қолыма ұстап алған бір метрлік таяғым бар аса сақ ниндзяға ұқсаушы едім.

Акулалар жылы суды ұнатады, көзіне көрінгеннің бәрін қорек етеді, ерткен шабағы да көп болады. Осы жағынан алғанда, жолбарыс акулалар өзге тұқымдастарына қарағанда, өміршең келеді. Дене тұрқы да өзгелерден ірі. Ересек ұрғашыларының ұзындығы 5,5 метр, салмағы 570 келіге дейін тартады. Тек ақ акулалар мен өзге бірнеше тұқымдастары ғана бұларға қарағанда ірілеу. Менің «жолбарысты жағажайға» ат басын бұруымның басты себебі осында. Ғаламшарымыздағы теңіз суларын тұтастай мекендеуі мүмкін жолбарыс акулаларын жақыннан танығым келді.

Жолбарысты жағажайды жағажай деуге келмейді. Үлкен Багам аралдарының солтүстігінен 40 шақырымға созылып жатқан саяз сулы жағалау. Бұл араның шұбар-ала құмы, теңіз өсімдіктері мен маржан құздары он жылдан бері сүңгуірлерді өзіне тартып келеді. Жолбарыс акулалардың басты мекені осы ара әрі оларды бұл жерден бақылау аса ыңғайлы. Жағалау суының тереңдігі 6-дан 14 метрге дейін барады әрі айнадай мөп-мөлдір. Беліңе зілдей белдік байлап, су түбіне шөгесің де, жүзіп жүрген акулаларды көресің.


Акуланың мені дос, иә болмаса, жеңсік асы ретінде жақын тартқанын ажырату қиын еді. Жақындатпас үшін қолыма ұстап алған бір метрлік таяғым бар аса сақ ниндзяға ұқсаушы ем.


Техникалық тұрғыдан суға сүңгу оңай боп көрінгенімен, сүңгуірлердің үйренері қашанда көп. Менің сүңгуір жолдастарым су астына жүзден аса рет түскен. Межелі жерге дейінгі екі сағаттық су үсті жолында менен бір нәрсені ғана сұраумен болды: «Пәлі, бірінші реткім дейсің бе, сенсем бұйырмасын» «Шынымен бе, бірінші рет түскелі тұрмысың сонда?»

Межелі жерге жеткенде әңгімеміз сап тиылды. Топ жетекшілері – Винсент пен Дебра Канабал қан-жоса болған балықтарды қайықтан суға лақтыра бастады. Соның арасынша, айналамызға оншақты кариб маржан құз акулалары қаптай жөнелді. Ұзындығы 1,5-2,5 метрге жуықтайтын олар өлі балықтарға құзғынша үймеледі. Сәлден соң маржан құз акулаларына қарағанда дене тұрқы ұзындау, сидам сары акулалар әне жер, міне жерден бой көрсете бастады. Ақыры Вин алып қара сұлбаны көзі шалды. «Жолбарыс!» деп айқай салды ол. Сөйтті де, сүңгуір киімін кие сап, скумбрия салынға қорапты алып, суға қойып кетті. Ондағы ойы: қалғанымыз су астына түскенше акулаларды сонымен алдарқата тұру, әрі біз суға түскенде олар өлердей аш болмауы тиіс. Бәрі дайын болды-ау дегенде сүңгуірлердің ескертпелерінен кейін құжынаған акулалардың ортасына қарай қайықтан суға алғаш рет қарғып түстім. Су түбіне шөгіп бара жатып жаныма таяған алғашқы акуланы қағып жіберуіме тура келді. 350 келі тартатын алыпты жақыннан тұңғыш рет көруім еді.

Артынан Деббидің айтқанынан ұқтым, сөйтсем ол мені қызық көріп, маған әдейі жақындаған «Софи» атты акула екен. «Сені ұнатып қалыпты» деп Дебби қайта-қайта әзілдеумен болды. Өйткені су астында жүргенде Софидің бар назары менде болды (шынымен де, мені айналшықтап жүріп алған). Ол кезде Софидің мені дос тұтып, иә болмаса, жеңсік асы ретінде жақын тартқанын ажырату қиын еді. Олардың бір де бір оқыс, шалт қимылдарын байқаған жоқпын. Олар жаныңнан баяу жүзіп өтеді де, шеңбер жасап, әуежайға қонған ұшақ құсап балық салынған қорапқа қайтып келеді. Олардың қасында өзімді таңқаларлықтай қауіпсіз сезінем. Асырып айтқаным емес, акулалармен жүзгеннен Фрипорт әуежайынан таксимен шыққан анғұрлым қауіпті дер ем.

Жолбарысты жағажайдағы жолбарыс акулалардың көбі сүңгуірлерге әбден бауыр басып алған. Қолдан қоректеніп үйренгендіктен сүңгуірлердің қолынан қорегін алып жей береді. Тіпті біздің дағдылы кәсібімізбен таныс еместердің өзі (біз алғаш сүңгіген күні сондай біреуі болды), жалпы алғанда, сүңгуірлерге еш қауіп төндірмейді. Жолбарыс акулалар тұтқиылдан шабуылдайтын жыртқышқа жатады. Құрбандығын ұрланып кеп бас салады. Жолбарысты жағажайда қолыңды ескек етіп серфинг есуге немесе су бетімен жүзуге болмайды. Акуланың нысанасына айналу көбінде осындайдан болады. Керісінше, акулалар жүретін су түбіне түссең, сонда саған құрбандығынан гөрі басқаша қарайды. Сондықтан олармен бірге жүзу біршама қауіпсіз деуге келеді.

МЭТЬЮ В. ЧУАСТИК, NGM ҚЫЗМЕТКЕРІ ДЕРЕККӨЗ: IUCN (ХТҚБ); АКВАМӘДЕНИЕТ ПЕН БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІ.

Бірақ мүлде қауіпсіз деуге де болмайды. Жолбарысты жағажайда болған жазатайым оқиғалар жазылған таспалар бар. Соның бірінде жолбарыс акула сүңгуірдің басын жұта жаздаса, тағы біреуінде акула сүңгуірдің аяғын шайнай жаздайды. Ал 2014 жылғы бір оқиға кісі өліміне әкелді. Сүңгуір ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Бірде теңіз ұлулары бізді айналсоқтап жүзіп жүріп алды да, оларды көрген маржан риф акулалары мен сары акулалар тап-тап берісті. Ал аналар болса, біздің аяғымыздың арасына кеп тығыла кетті. Жанымыз мұрнымыздың ұшына келді. (Құйындай орағытқан акулалардың ортасында қалдым. Қасымнан зу-зу өтіп, аяғымды қағады. Жасқамақ боп әуреге түстім. Сондағы жүйкемнің жұқарғанын сұрамаңыз!) Дебби бастаған жұрт мына аласапыранда жараланып тынар ма екенбіз деп қорықты. Ол аздай, жарым тоннадай болатын үш жолбарыс акула маңымызда торуылдап жүр. Олардың да мына қанды қасапқа қойып кетулері мүмкін еді. Әйтеуір іс насырға шаппады…

Жолбарысты жағажайдан соң Гавай университетінде істейтін Карл Мейермен жолығып, Жолбарыс акулаларына қатысты соңғы зерттеулері жайлы ақылдасу үшін Оахуға ұшып келдім. Мейер бастаған зерттеу тобы жүздеген жолбарыс акулаларға спутниктік түймелер мен дыбыс жазу құрылғыларын орнатқан. Соның көмегімен жануарларды түсіне бастағандарын айтты.

Акуланың көптеген түрлерінің қайда жүріп, қайда тұратынын болжауға болатын көрінеді. «Олар күндіз бір жерде болса, түнде де тұрақты бір жерде болады. Бірақ жолбарыс акулалардан мұндайды кездестіре алмайсыз. Олар күн мен түннің кез келген уақытында көзіңізге түсе береді. Бүгін болған жеріне ертең де келеді, не ол жерге үш жыл бойы ат ізін салмай кетуі де мүмкін», – дейді Мейер.

Багам аралдарындағы маржан құздардың бүлінбей сақталуы жолбарыс акулаларға тікелей байланысты. Аустралиялық ғалымдар жыртқыштардың мұхитасты жасыл экожүйені шөпқоректілердің бүлдіруінен қорғайтынын дәлелдеп отыр.

Мейердің айтуынша, жолбарыс акулалардың бұл тосын жүрісінің бір себебі: олардың қорек іздеу дағдысына байланысты болса керек. Жолбарыс акулалар құрбандығына тұтқиылдан шабуылдайды. «Қайда баратының белгілі болса, құрбандығың да соған бейімделе қояды. Сондықтан олар күтпеген жерден пайда бола кетеді әрі бір жерде көп аялдамайды».

Гавай аралдарындағы акула шабуылының соңғы жылдары жиілеп кету себебін Мейер де жете білмейтінін айтады. 2000-2011 жылдар аралығында жылына төртке жетер-жетпес шабуыл тіркелетін болса, 2012–2015 жылдарға келгенде, жылына 10-ға тарта шабуыл тіркеліп үлгерген. Оның айтуынша, Гавай жағалауына келетін адам санының артуына байланысты шабуыл да жиілей түсетін көрінеді.

Ал шабуылдың күзге қарай жиілеп кетуіне келетін болсақ, Мейер ол кезде жолбарыс акулалар аралға уылдырық шашуға келетінін айтады. Аналық жасушалары жетілген ұрғашы акулаларға көптеп қор жинауға тура келеді. Бейсболдың үлкендігіндей жұмыртқаларының санынан жаңыласың. Бір жылда 80-дей шабақ балалайды. Бұл нені білдіреді? Жағалауға баратын буаз акулалар аш болатындықтан, жыртқыштық түйсігі әдеттегіден жоғары болады. Бірақ шабуылдың күз кезінде жиілейтіні жергілікті гавайлықтарға талай ұрпақтан бері келе жатқан таныс көрініс (серфингшілер бұл кезді «акула айы» деп те атайды). Бәлкім, жылдың аталмыш кезінде акулалардың арал маңына көптеп жиылуы соның нәтижесі болар.

Оның үстіне, Гавайдағы халық саны артып келеді, сондай-ақ теңіз тасбақалары санының күрт артуы да ықтимал факторлардың бірі. Жасыл теңіз тасбақасы талай жылғы заңсыз аулаудан кейін ақыры 1978 жылы федералдық қорғауға алынды. Содан бері қарай олардың саны өсе түсті. Қазір оларды Гавай жағалауларынан көру таңсық емес, әрі акулалардың жеңсік асына айналған.

Жолбарыс акула мен теңіз тасбақасы сонау ертеден бірге жасасып келеді. Екеуі де динозаврлар заманынан бері бар. Тасқа айналған қаңқаларына қарағанда, олар эволюциялық жолмен біртіндеп дамып отырған. Апандай араны, зілмауыр бұрыш тістері бір кездегі қалбыр ашқыштан айнымайды. Акулалардың ішінде тасбақаның сауытын тас-талқан етіп үгіте алатын жолбарыс акулалар ғана. Осынау бірегей қасиетінің өзі-ақ жолбарыс акулалардың ештеңені талғамайтын қорек иесі екенін аңғартады. Шина, көлік нөмірі, бояу қалбыры, мал сүйектері, жарылмай қалған снарядтар, сауыт-сайман – осының бәрін жолбарыс акулалардың асқазанынан табасыз. Бұған қарап олардың кез келген нәрсені жұта беретінін білуге болады. Демек, адам көп жерде тасбақа көп болса, акуланың шабуылы да айтарлықтай ұлғаяды.


Багам аралдарында 1993 жылы коммерциялық тұрғыда балық аулаға тыйым салынды, 2011 жылы сол маңды акулалар қорығы етіп құрды. Сөйтіп, мұхит экожүйесі қайта қалпына келе бастады.


Бірақ «акуланың адамға шабуылынан да» маңызды дүние барын ұмытпаған жөн. Жолбарыс акула мен теңіз тасбақасының арасындағы қарым-қатынас ғаламдық мұхит экожүйесінің саулығы үшін алар мәні ерекше.

Аустралияның батыс қиырындағы Акула түбегінде Флорида халықаралық университетінен келген Майк Хейтхаустың жетекшілігіндегі топ жолбарыс акулалардың теңіз тасбақалары мен дюгоньдердің (теңіз сиырларының) мұхит тағанындағы жайылымды орынсыз отаудың алдын алып, экожүйенің тепе-теңдігін сақтайтынын құжат жүзінде дәлелдеп шыққан. Зерттеушілердің байқауынша, бұл олардың теңіз жануарларын жаппай жей беруінен ғана емес. Бар болғаны, акуланың қарасы көрінгеннен-ақ тасбақа мен дюгоньдердің дағдысы өзгеріп сала береді. Содан барып «үрей ландшафы» пайда болады да, акулаға мүмкіндігінше жем болмас үшін ойланып жайылатын болады.

Ғалымдар Гавайда түсірген тұрқы 0,91 метр болатын жаңа туған акула төлінің өн­бойы айрықша жолақтарға толы. Осы ерекшелігіне қарай олар жолбарыс акула деп аталған. Акула есейген сайын жолақтары да өшкіндей береді.

Бұдан шығатын қорытынды, теңіз тасбақасын қорғау үшін әуелі теңіз жыртқыштарын да қорғауға алу керек. Олар мұхит экожүйесін күйреуден сақтайды. «Егер акуласы аз, теңіз тасбақасы көп Бермуда сияқты жерлерге қарасаңыз, ондағы теңіз жайылымдарының құрып бара жатқанын байқайсыз», –дейді Хейтхаус.

Багам аралдарында 1993 жылы коммерциялық тұрғыда балық аулаға тыйым салынады, 2011 жылы сол маңды акулалар қорығы етіп құрады. Сөйтіп, мұхит экожүйесі қайта қалпына келе бастады. Бірақ іргелес жатқан Атлант мұхитының батысында, ішінде Бермуда аралы да бар, акулалар дұрыс қорғалмаған. Салдары да жүрек ауыртарлық. Батыс Атлантта жолбарыс акуланы зерттеумен айналысатын Майами университетінің теңізші-биологы Нейл Хаммерчлагтың айтуынша, Акула түбегіндегідей жолбарыс акулалардың басымдығы болмағандықтан, мұндағы теңіз тасбақалары тіршілік дағдысын өзгерте қоймаған. Себебі, Атлант жолбарыс акулалары саны күрт азайып кеткен. «Флорида мен Багам аралдарын зерттеумен айналысам. Айырмашылығы жер мен көктей. Дене тұрқы мен саны жағынан да айырмашылығы үлкен. Багам аралдарындағы акулалардың өсімі жақсы. Ал Флоридадан жолбарыс акуланы емге таппадық. Екеуінің арасы бар-жоғы 80 шақырымдай ғана». 2012 жылы Флорида штаты жолбарыс акуланы аулауға тыйым салатын заң қабылдады. Бірақ шығыс жағалау бойындағы заң қабылдаған жалғыз штат ретінде қалып отыр. Яғни, федералдық заң шеңберінде, белгілі бір шекте АҚШ суларынан акулаларды коммерциялық және балықшыларды қолдау мақсатында аулауға рұқсат етілген.

Жағалау маңының дамуы, теңіз суының ластануы, коммерциялық балық аулау, акула қанатынан сорпа дайындау сияқты жолбарыс акулалар бетпе-бет келген қиындықтарға еш қатысы жоқ. Бірақ адам өміріне қалдырған әсері ерекше болды. «Ажал аранынан» кейін адамдар акула десе, төбе шаштары тік тұратын болды, оларды қарадай жек көріп, өшпенділіктері оянды. 1970 және 1980 жылдары акула аулаушылар турнирлері АҚШ-тың шығыс жағалауларында кең етек жайды. Кейбір жерлерде қазірдің өзінде де «құбыжық акулаларды» кемежайға асып қоятын дәстүр әлі де жалғасып келеді. Былтыр жазда осындай турнирлердің бірінде болдым. Сол баяғы көрініс. Баласын ерткен әйел қан-жоса ауызын камераға ашып тұрған камо-акуласын көрсетіп, баласы да өзімен бірге қайталасын дегендей, «Қандай қорқынышты!» деп қояды.

Үнді мұхитында жабысқақ балықтар акулаға ілесіп жүр. Еріп жүру арқылы олар күш үнемдеп, жыртқыш терісінің үстіндегі паразиттерді азық қылады. Акула қорегінен де ауыз тиіп қалуға мүмкіндік бар.

Акулалардың қорқынышты екені рас. Кауай аралында Майк Кутс деген жігітпен екі күн бірге болғаным бар. 1997 жылы 18 жасында бодибординг теуіп жүріп жолбарыс акулаға оң аяғын жұлдырған. Содан көп өтпей серфингке қайта оралған ол жүзер кезде акула туралы еш ойламайтынын айтады. «Гавай аралдары – мұхит мәдениетінің бесігі», – деді ол маған. «Мұнда адамдар сәби күндерінен осы жағалау суында жүріп ержеткен. Олар акуланы шыбын құрлы көрмейді». Тамырын басып көрмек боп, үй алдындағы алаңқайда ойнап жүрген балалардан акуладан қорқатын-қорықпайтындарын сұрап ем, бұндайды да адам сұрай ма екен дегендей бірден «Жоқ!» деген жауап айтты. Олардың жас шамасы алғаш көрген кезімдегі менің жасыммен қарайлас көрінді.

Былтыр жазда, жолбарысты жағажайдағы сүңгу жұмысын жоспарлап жүрген кезім болатын. Оңтүстік Каролинада акула адамға шауыпты деген хабар гу ете қалды. Жаңалықтар Оңтүстік Каролина жағалауынан 360 келілік акула ауланыпты деп жар сап жатты. «USA Today» акуланы – «құбыжыққа», ал балықшыларды «қаһармандарға» теңеді. Гавайдан үйге оралған соң, әлгі мақаланы қайта қарап шықтым. Кемежайда ішек-қарны ақтарылған акуланың ілінген суретін көріп, дене тұрқы сонымен шамалас бір кездегі Софи көз алдыма келді. Кім біледі, мүмкін, кінә акулада болар, мүмкін, оны өлтірген адамдар айыпты шығар.


Жолбарыс акулаларын тірідей көру үшін су асты әлеміне фотограф Брайан Скерримен бірге саяхат жасаңыз: ngm.com/Jun2016.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля