Авторы: Вероник Гринвуд
Фото: Макс Агилера-Хеллвег
таңертеңгілік, Луизиана штаты Лейк-Чарльз қаласының сыртындағы соқпақпен келе жатқан велосипедші жол жағасында жатқан жас әйелдің денесін көзі шалып қалды. Адам танымастай соққыға жығылған екен, полиция оның денесіндегі ерекше тату суреттен 19 жастағы Сиерра Бузигард деген азаматша екенін анықтады. Шериф Тони Манкусо басқаратын Калькашу аймақтық бөлімшесінің тергеушілері бірден марқұм өмірінің соңғы сағаттарында не істеп, не қойғанын анықтауға кірісті. Бузигардпен сол кезде кездескен адамдар оған телефондарын пайдалануға берген екен. Полицейлерге ол телефон соққан нөмірлер біраз жайтты аңғартты.
Бузигардқа қол жұмсаған адам да біраз айғақ қалдырыпты. Детективтер қыз өмір үшін алысқан кезде тырнағының астында қалған тіннен ДНҚ-ның айқын белгісін тапты. Қылмыскерді табу үшін оларға сәйкестік қажет болды. Бузигард терген нөмір құжатсыз жұмыс істеп жүрген мексикалық азаматтардікі болып шықты. «Сондықтан біз Көші-қон бөлімімен жұмыс істеп, ДНҚ жағындыларының үлгісін жинап, аудармашыларды жұмысқа тарта бастадық», – дейді Манкусо.
Алайда мексикалықтардың ешқайсының ДНҚ-сы қылмыс орнынан алынған үлгіге сәйкес келмеді. Ол Федералдық тергеу бюросының CODIS (ДНҚ-лардың бірыңғай индекс жүйесі) базасындағы бұрынғы қылмыскерлер, жоғалып кеткендер, қамауда отырғандар ДНҚ-сына да сәйкес келмеді.Зерттеушілер адамдардан қандай да болсын мәлімет сұрастыруды жалғастырып, қашанда байланыста болуды өтінді. Бузигардтың туыстары ақпарат бергенге $10 000 сыйақы тағайындады. Бірақ қылмыс сол күйі ашылмады.
2015 жылдың маусымында полиция бөліміне қызмет ететін зертхананың белгілі ДНҚ сарапшысы Моника Куэлл ДНҚ үлгісіндегі ақпаратты қолданудың жаңа әдісін ойлап тапты. Енді күдікті мен ақпараттар базасындағы ДНҚ-ның керегі болмай қалды. ДНҚ-ны фенотиптеу деп аталатын бұл технология тін қалдырған адамның географиялық шығу тегін, қарашығы мен шашының табиғи реңкін, тіпті бет әлпетін көз алдыңа елестетеді екен. Куэллдің ойына бірден қылмыс орнында қалған ДНҚ-дан өзге еш айғақ жоқ Бузигард ісі келді. Ол Манкусо мен осы іспен айналысып жүрген лейтенант Ле Бланшарға хабарласты. Олар ДНҚ тінін Парабон нано–зертханасының фенотиптеумен айналысатын биоақпарат бөлімі директоры Еллен Грейтокқа жіберді.
Осы жерде тергеу ісі күтпеген жерден басқа арнаға бұрылды. Детективтер қолда бар дәлелдерге сүйене отырып қаніпезер қылмыс жасағаннан кейін бұл аймақтан дереу із суытқан мексикалық топтың бір мүшесі болуы мүмкін деп болжады. Алайда Парабон компаниясы жасап шығарған ДНҚ-лық портреттегі адам аққұба өңді, секпілбет еді. Шашы қоңыр және көзі жасыл немесе көк түсті. Сараптама нәтижесі бойынша, оның шыққан жері Еуропаның солтүстігі екені анықталды.
«Біз райдан қайтып, алғашқы бағытымыздың бұрыс болғанын мойындадық», – деді жаңа біліммен қаруланған оптимистік көңіл-күйдегі Мансуко. «Біз бір күні қылмыскерді табамыз, өйткені қолымызда ДНҚ жағындысы мен тиімді әдіс бар. Біз қылмыскердің қандай адам екенін білеміз. Тек оның кім екенін білмей жүрміз».
ДНҚ-лық фенотиптеу – криминалистика ғылымына жаңадан енген әдіс. Кейбір сыншылар оның пайдасы қаншалықты дегенді алға тартады. Оның негізінде жасалатын түр-әлпет – фотосурет емес, генетиканың топшылауы. Адам сыртқы келбетінің көптеген аспектілері ДНҚ-да кодталмаған. Сол себепті, әрқашан бәрін ДНҚ сараптамасы арқылы анықтай алмайсыз. Мәселен, кімнің сақалы барын немесе шашы боялғанын дегендей. Дей тұрғанмен, «Parabon» компаниясының «Snapshot» деп аталатын фоторобот жасау қызметін қырықтан астам құқық қорғау орындары тұтынады. Адам геномын зерттеудің негізін қалаған Крейг Вентер де басқа да ғылыми зертханалар сияқты өзінің «Human Longevity» атты жаңа медициналық компаниясында ДНҚ арқылы түр-әлпетті қалпына келтіруді зерттеп жатыр.
Бүгінде жоғары технологиялық түрлі сот-медициналық әдістер пайда болуда. Компьютерлік томография сканерлері дәрігерлерге компьютерлік томография кәдімгі аутопсия арқылы мәйіттің іш құрылысынан табылмаған белгілерді анықтау үшін виртуалды аутопсия жасауға мүмкіндік береді. Мәйіттің денесіндегі бактерия оның нақты қай уақытта көз жұмғанын анықтауға көмектесе ме, жоқ па? Зерттеушілер соны анықтау үстінде. Олар тіпті қылмыскерлердің түр-тұлғасын қылмыс орнынан табылған ДНҚ арқылы ғана емес, сонымен бірге олардың артында қалған бактерияның микробты қолтаңбасы арқылы анықтауға болатынын зерттеуде.
Көбіне фильмдер және «CSI» сынды телевизиялық шоулар арқылы таныс криминалистика әдістерінің тарихы тереңде. 1910 жылы Томас Дженнингс саусақ ізінің негізінде адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, жауапқа тартылған алғашқы америкалық болды. Оған ұрлық кезінде Кларенс Хиллер атты адамды атқаны үшін айып тағылды. Қылмыскер жаңадан боялған терезе алды тақтайына саусақ іздерін қалдырып кеткен екен және саусақ іздерінің төрт бірдей сарапшысының куәлігі Дженнингсті айыпты деп тануға және өлім жазасына кесуге толық негіз болды. Жоғарғы сот оның апелляциялық шағымына жауап ретінде түр-тұлғаны анықтауда саусақ іздерін пайдаланудың бағзы заманнан келе жатқанын көрсетті. «Фараондар өздерінің саусақ іздерін қолтаңба ретінде пайдаланды», – деді олар. «Және Англияның сот жүйесі үлкен жетістікке жетті. Ол жақта бұл әдіс 1891 жылдан бері мыңдаған қылмыстық істерді мүлтіксіз шешуде қолданылып келеді». Сот алдын ала ескерту жасады. Себебі, мұндай дәлелді түсіндіруге орташа деңгейдегі адамның тәжірибесі аздық етеді. Оны қазылар алқасына жеткізе білетін мамандар ұсынуы тиіс. Үкім сол қалпында қалды және Дженнингс дарға асылды.
ХХ ғасырдың соңына қарай сот залында сан түрлі тергеу әдістері болды. ФТБ талдаушылары қылмыс орнында табылған шашты күдіктілердің шашымен салыстыру арқылы куәлік берді. Шашты сараптамадан өткізу мамандары басқа да қасиеттерімен бірге шаштың бетін қаптап тұратын микроскопиялық қабыршақтардың пішінін, қалыңдығын, шаштың түсін және ішіндегі пигмент түйіршіктерінің құрылысына назар аударады. Ал тіс іздері сараптамасының көмегімен мамандар құрбан денесіндегі тіс іздерін күдіктінің тісімен салыстырады. Бұл әдіс 1970 жылдардың басында кеңінен қолданылды.
1981 жылы Колумбия округінің Вашингтон қаласында тұратын бір әйел өз пәтерінде шабуылға ұшырады. Оны ауызы мен көзін байлап зорлап кетті. Жәбірленуші полиция суретшісіне шабуылшының түр-әлпетін сипаттап суретін салдырды және бір айдан кейін офицер тыңшыларға он сегіз жастағы Кирк Одомды нұсқады. Оның түр-әлпеті эскиздегімен сәйкес келеді деп сенді. Одомның анасы сол күнді есіне түсіріп, ұлының үйде болғанын айтты. Себебі, Одомның әпкесі босанып, ана атанған болатын. Жәбірленуші фотосуреттердің ішінен Одомның суретін кібіртіктеп әрең алды. Сосын оны Одомның өзімен салыстырып, бірден таныды. ФТБ талдаушысының кейінгі куәлігі бойынша, Одом шашының жәбірленушінің іш көйлегінен табылған бір тал шаштан микроскопиялық жағынан ешқандай айырмасы жоқ екені анықталды. Сөйтіп, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Одом 22 жылдан астам ғұмырын темір торда өткізді.
1992 жылы Кэмерон Тодд Уиллингхэмге Техас штаты Корсикана қаласындағы үйіне өрт қою арқылы үш бірдей жас қызын өлтірді деген айып тағылды. Өрт орнын зерттейтін тексерушілер көмірдей жанып кеткен едендегі іздерге түсініктеме берді. Өрт тұтанған жерлердегі белгілерге қарап, оның қасақана ұйымдастырылғаны, яғни жанармай қолданылғаны туралы қорытынды шығарды. 2011 жылы Техас штаты осы іске қатысты айғаққа берілген түсініктемені теріске шығарды. Бірақ Уиллингхэм үшін тым кеш болды. Оны жеті жыл бұрын өлім жазасына кескен болатын.
2004 жылдың мамыр айында Орегон штатында адвокат қызметін атқаратын Брэндон Мэйфилдтің де басынан осындай жағдай өтті. Адвокаттық кеңсесінде ФТБ қызметкерлері оның қолына кісен салды, зеки сөйлеп, дөрекілік көрсетті. Агенттер оған тұтқындау себебін ашып айтпады. Сөйтіп, себебін білу үшін кісендеулі күйде бұйрық қағазын оқуына тура келді. Оның саусақ іздері «Integrated Automated Fingerprint Identification System» мәліметтер базасынан табылды және ФТБ-ның саусақ іздерін зерттейтін екі бірдей сарапшының қорытындысы бойынша, оның саусақ іздері 191 адам өмірін жалмаған Мадридтегі лаңкестік жарылыстар кезінде пайдаланылған материалдар салынған пластик дорбадағы саусақ іздерімен сәйкес келіпті. Алайда испан тергеушілері мұнымен келіспеді. Мэйфилдті тұтқындағаннан кейін арада екі апта өткенде олар саусақ іздерінің иесін анықтағандарын айтып хат жазып жіберді. Олардың ойынша, ол – алжирлік азамат. Бостандықта жүрген лаңкестік топ жетекшісінің бірі.
Бұл оқиғалардың бәріне ортақ нәрсе – әдістер мен түсініктемелерде зерттеуден гөрі субъективті талдаудың басымдығы. Мәселен, шаш сараптамасы тым әсіреленіп кетті. ФТБ өз талдаушыларының шашты микроскопиялық салыстыруға қатысты қайта қаралған істердің 90 пайызында қате мәлімдеме жасағандарын мойындайды.
Тіпті, саусақ іздері дәлелінің растығы күмән туғызды. Компьютерлер сиямен түсірілген немесе мәліметтер базасынан іздеу арқылы электронды түрде сканерленген саусақ іздерін сәйкестендіру жағынан жақсы жұмыс істегенмен, латентті саусақ іздерін күдіктінің саусақ іздерімен салыстыруға келгенде адамның қырағы көзі қажет. Компьютердің де қателесуі мүмкін. Латентті іздер көбіне көмескіленіп немесе бұлдырланып кететіндіктен, сәйкестендіру жұмысы ең білікті деген мамандарға тапсырылады. Олар өз кезегінде субъективті қорытындыларын шығарады. Зерттеу жұмыстарының бірінің нәтижесі бойынша сарапшыларға саусақ іздері қылмысын мойындаған немесе қамауда отырған күдіктіге тиесілі екені айтылған кезде дәл сол саусақ іздері туралы әрқайсысы әртүрлі қорытынды шығарыпты. Ал Брэндон Мэйфилдке қатысты істе федералды мәлімдеме талдаушылардың бұрын-соңды болмаған ұқсастықтардың барына өздерін сендіргенін көрсетеді.
2009 жылы Ұлттық Ғылым Академиясы саусақ, тіс іздерінің, қан шашырандысының, тіннің, жазудың, оқ таңбасының және криминалистикалық зерттеудің басқа да діңгектерінің ғылыми негіздеуін жіті тексеруге шақыратын сыни мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемеде криминалистика әдістерінің біреуінен басқа ешқайсысы айғақтың және белгілі бір тұлғаның немесе дерек көзінің арасындағы байланысты жоғары деңгейде толыққанды көрсете алмайтыны туралы жазылған.
NAS мәлімдемесінде қатаң тексеруден өткен криминалистикалық әдіснаманы құқық қорғау орындарының емес, ғылыми зертханада қызмет атқаратын ғалымның жасап шығарғаны кездейсоқтық емес. 1984 жылы британ генетигі Алек Джеффрис таңғаларлық шындыққа тап болды. Ол өзінің тәжірибесінде әрбір адамның бөлшектелген ДНҚ тізбектеріндегі белгілерден бөлек, ата-анасынан берілетін генетикалық код болатынын айтты.
Джеффристің жаңалығы ДНҚ сынақтарының алғашқы легінің негізін қалыптастырды. Үш жылдан кейін Джеффристің зертханасы жыныстық жәбір көрсеткен 17 жастағы күдіктінің және Орталық Англияда екі жасөспірім қызды өлтірген қанішердің ДНҚ-сын тексеруден өткізді. Жәбірленушілердің денелерінен табылған шәуеттің ДНҚ-мен сәйкес келмейтінін көрді. Осылайша ДНҚ-ны ең алғаш рет қылмыстық істе қолдану күдіктіні кінәлі деп тануға емес, ақтап алуға әкелді. Кейінірек ДНҚ скринингінен қашқақтаған нағыз қанішер арада біраз уақыт өткен соң қылмысын мойындады.
ДНҚ айғағының да кемшін тұстары жоқ емес. Қылмыс орнынан зертханаға апарылып бұрынғы қалпына келтірілетін үлгімен кез келген жерде бөтен ДНҚ араласып кетуі мүмкін. Осылайша дәлдігі төмендей түседі. Шәуеттің, сілекейдің немесе тіннің айқын ДНҚ үлгісі бұрыс сәйкестендірудің мүмкіндігін жоққа шығаруы мүмкін. Есесіне, күдіктінің қолы тиген заттағы шағын ғана ДНҚ іздерінің нәтижесінің дәлдігі одан да төмен болуы ықтимал және талдау жүргізетін маманды даярлау қаншалықты маңызды болса, зертхана жағдайында ДНҚ реттілігін анықтау да соншалық маңызды. 2015 жылдың сәуір айында Колумбия округіндегі ДНҚ сараптамасы жасалған қылмыстық зертхана он айға жұмысын тоқтатты және аккредитациялық комитет талдаушылардың біліксіз және ақылға қонымсыз процедуралар қолданғанын анықтағаннан кейін жүзден астам істер қайта қаралды.
Ұлттық Ғылым Академиясының криминалистиканы қайтадан қарап шығуға үндейтін мәлімдемесінен кейін жеті жыл өтті. Оның ұсыныстарының бірі – Ұлттық криминалистика институтын құру. Алайда үкімет дереккөздері бойынша, оны жүзеге асыруға қаржы тапшылығы кедергі келтіруде. Ал саусақ, тіс іздерінің және басқа да белгілердің жеке адам түр-тұлғасын анықтауда қаншалықты тиімді екенін білу мақсатындағы зерттеу жұмыстары жүргізілу үстінде. NAS мәлімдемесінен кейінгі алғашқы бес жыл ішінде Ұлттық әділет институты нәтижесінде 600 ғылыми жұмыс және мәлімдемелер жасалған жобаларға 100 миллион доллар жұмсады. Алайда жұмыс өте баяу жүруде.
Саусақ табын анықтаумен айналысатын Оңтүстік Дакота мемлекеттік университеті статистика мамандығының профессоры Седрик Нейман – талдаушылардың өз нәтижелеріне қаншалықты сенімді екенін анықтаудың тиімді жолын табуға атсалысып жүргендердің бірі. Нейман және басқалар саусақ іздерін салыстыруға пайдаланылатын анағұрлым объективті әдістерін жетілдіруге үмітті.
Мұндай стандарттарды өңдеу – криминалистика ғылымын жоғары деңгейде дамытудың кілті. Ұлттық стандарттар және технология нституты (NIST) аспаптарды калибрлеудің алдыңғы қатарлы әдістері тізбесін жасап шығаруға, саусақ табын салыстырған кезде түрлі үдерістерді қолдануға және гильзаларға, ДНҚ-ны енгізу мен есірткі сараптамасы сияқты басқа да нәтижелерге түсініктеме беруге көмектесуде. Ұлттық стандарттар және технология институты директорының криминалистика жөніндегі көмекшісі, химик-талдаушы Джон Батлер: «Түптің түбінде, сенімділікке бағытталған әдістердің деңгейін көрсететін стандарттар пайда болады», – дейді.
Қазіргі уақытта сот-медициналық зертханалардың 80 пайыздан астамы жалпылама аккредитациядан өткен. Бұл дегеніміз, олар алдыңғы қатарлы әдістерге қойылатын негізгі талаптарға жауап береді. Алайда сот-медициналық жұмыстардың көбі зертхана сыртында – полиция бөлімшелеріндегі сот-медициналық бөлімшелерде орын алады. 2014 жылы сауалнама жүргізіп, зертханаларды және полиция бөлімдерін қамтитын мыңнан астам сот-медициналық орындарды зерттеген авторлар 70 пайыздан астамының аккредитациядан өтпегенін анықтады.
Мнукиннің айтуынша, тағы бір кедергі – сот сақшылары болып табылатын судьялардың шаш және тіс іздерінің сараптамасы сияқты сенімсіз айғақтарды қабылдауды жалғастыруында. Мұндай куәлік сот залында осылай қабылдана беретін болса, сот-медицина сарапшылары елеулі өзгеріс енгізуге бейқамдық танытады. «Судьялар дәлелділік орнату қажеттілігін, қате жиілігінің алдын алуды әлі жете түсінген жоқ. Сот жүйесі іс-шара қолдануды кейінге қалдыра берді»,– дейді Мнукин.
Алайда өзгеріс қарқыны баяу болғанмен бойға үміт ұялататын белгілер бар. Осы жылдың ақпан айында Техас криминалистика комиссиясы елде алғашқы болып тіс іздерінің шынайылығы толық зерттеліп, расталмайынша сот отырысында оны айғақ ретінде пайдалануға мораторий жариялауға ұсыныс білдірді. Бұл шешім былтыр күзде техастық Стивен Марк Чейни бостандыққа шыққан кезден бастап жүзеге аса бастады. Стивенге тіс іздерінің айғағы негізінде адам өлтірді деген айып тағылып, 28 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кейіннен бұл айғақтың ғылыми тұрғыдан шынайы емес екені анықталды.
2015 жылдың 1 қыркүйегінде Луизиана штаты Лейк-Чарльз қаласындағы Калькашу ауданының полиция бөлімі бұқаралық ақпарат құралдарына Сиерра Бузигардтың өліміне қатысты күдікті ақ нәсілді ер адамның суретін шығарды. «Parabon NanoLabs» зертханасы жасап шығарған бұл сурет адамның сыртқы келбетін ДНҚ арқылы анықтау қаншалықты шынайы немесе жалған екенін көрсетеді. Бет-жүзінде өзіне тән өзгешелік жоқтың қасы және ешқандай эмоция байқалмайды. Бейкүнә көздеріне қарап балалық шағы бақытсыз болған деп айта алмайсыз. Зұлымдық жасауға жаны құмар немесе заңды жек көретінін білдіретіндей тістеніп тұрған жоқ. Суреттегі адам сіздің немере ағаңыз, кеше ғана гастрономда сізге қызмет көрсеткен ер кісі немесе колледжде экономика пәнінен өткен дәріс кезінде ғашық болып қалған жігітіңіз болуы мүмкін. Тіпті, ол 2009 жылы жас келіншекті өлімші етіп сабаған ер адам болуы да ықтимал.
Бузигард ісінде қылмысты тексеру кезінде ДНҚ-лық фенотиптеу әдісі көмек ретінде бірінші рет қолданылып отырған жоқ. Технологияның бұрынғы формасы – ДНҚ-ны тек қана күдіктінің географиялық шыққан жерін анықтау үшін пайдалану 2003 жылы Луизиада бірнеше адамды өлтірген қанішерді құрықтауға септігін тигізді. Сол сияқты Бузигардтың өліміне қатысты істе де полиция қылмыскерді шыққан жері бойынша іздеді. Алайда ДНҚ профилі күдіктіні мүлдем бөтен адамдардың арасынан іздеп жүргендерін көрсетті.
Әдіс-тәсілдердің анағұрлым жаңа түрлері бәріне белгілі генетикалық түп-тамырына ие физикалық белгілері бар рулық профильдерге толыққанды түсініктеме береді. Шығыс азиаттардың да, еуропалықтардың да терісі аққұба болады және бұған әртүрлі негізгі генетикалық ықпал себеп. Еуропалықтар терісінің қуқыл өңді болуы геннің SLC24A5 деп аталатын ерекше түріне байланысты. Еуропалықтардың барлығы дерлік мұндай геннің екі бірдей көшірмесіне ие. Ал еуропалық еместер мұндай нұсқаның тек бір ғана көшірмесіне ие және мұндай көшірмелердің ешқайсысы жоқ адамдармен салыстырғанда терілері анағұрлым ақшыл болып келеді. Пенсильвания штаты университетінің биологиялық антропология мамандығының профессоры Марк Шривер: «Егер афро-америкалықтармен бірге бір бөлмеде отыратын болсам, олардың қайсысы сондай генге ие екенін тап басып айтып бере аламын. Терісінің түсінен-ақ байқауға болады», – дейді.
Белгілі бір қасиеттерді кодтайтын ген нұсқаларын қадағалаудан бөлек ДНҚ-лық фенотип ғалымдарына геномның бойында шашырай орналасқан жалғыз нуклеотидті полиморфизм (SNPs) деп аталатын майда вариацияларын іздеуіне болады. Әдетте, олар шаштың және көздің түсі, секпілге бейім тері, тұлғаның құлақ ұшының ұзын немесе қысқа болуы сияқты физикалық белгілермен байланысты.
«Parabon» және Вентердің «Human Longevity» зертханаларының ғалымдары бұнымен тоқтап қалмай, жалғыз нуклеотидті полиморфизм құрылымының және адамның бет-әлпет белгілерінің арасындағы байланыстарды анықтау мақсатында ауқымды компьютерлік мәліметтер базасын пайдалануда.
Теория жүзінде, бет-пошымы алуан түрлі әртүрлі ұлт өкілдері өздерінің ДНҚ-ларын мәліметтер базасына неғұрлым көбірек өткізсе, қылмыскерлердің түр-тұлғасын анықтау жеңілдей түседі. ДНҚ арқылы адам көзінің және шашының түсін болжауға бағытталған сынақ ойлап тапқан Эразм Роттердам атындағы университет профессоры Мэнфред Кейсер: «Бізге жарияланған дәлелдің жетіспейтіні анық. Мыңдаған адамның ДНҚ үлгілері мәліметтер базасына тіркелмеген адамның нақты түр-тұлғасын анықтауға септігін тигізер еді. Фенотиптеу әдісін жүргізетін зертханалардың атқарып жатқан жұмыстары расталып, дәлел ретінде көрсетілуі тиіс», – дейді. Қазіргі уақытта «Parabon» зертханасы Солтүстік Техас қолданбалы генетика институтының басшысы, ФТБ-ның бұрынғы ДНҚ сарапшысы Брюс Бюдоулмен бірігіп, өз әдіснамасына негізделген шағын сынақты жүзеге асырып жатыр.
«Parabon» зертханасының бас директоры Стивен Арментраут: «Компания жасап шығарған бет-әлпет реконструкциясын тиімді пайдаланудың жолын білу маңызды», – дейді. Тек бір ғана күдіктінің тұр-тұлғасын анықтап қана қоймай, суреттегі тұлғаға түр-әлпеттері мүлдем сәйкес келмейтін адамдарды қатардан сызып тастау керек. Мәселен, Бузигард өліміне қатысты істегі мексикалық жұмысшылар.
«Болашақта біз бұны тексеру ісі басталардан бұрын жасайтын боламыз. Күдіктілер тізіміне кімнің енетінін, ал кімнің енбейтінін алдын-ала анықтаймыз» дейді Арментраут. Зерттеу аясының тарылуы нәтижесінде «Parabon» жасап шығарған фенотиптік суреттегі адамға ұқсас күдіктінің ДНҚ-сын қылмыс орнынан табылған нақты үлгімен салыстыруға болады. Тағы бір айта кетерлігі, «Парабонның» фенотиптік суреті нақты тұлғаларды анықтауға арналмаған.
Макс АгилераХеллвег – фотограф, режиссер әрі дәрігер мамандығын игерген. Максты оның ДНҚ-ның негізінде жасалған суретінен тани аласыз ба? Ол үшін to ngm.com/ Jul2016. мекенжайына кіріңіз.
Қылмыс орнында жұмыс істеу қалай екен?
С.Бузигардтың денесі табылған жерді суретке түсірдім. Жақсы жер екен. Бойымды мұнда ажал құшқан адамға деген құрмет сезімі биледі. Суреттерім арқылы оқиғаны баяндағым келді. Бәлкім, Бузигардты өлтірген қанішердің қолға түсуіне көмектесер.
«Мен бұл хабарламаны атап айтып өтер едім», – дейді Арментраут. – «Бұл жаңа технологиялар құқық қорғау орындарының жұмысын шынымен де жақсартып келеді».
Сиерра Бузигардтың өліміне қатысты қылмыстық істі шешуге үмітті Лейк-Чарльз детективі Лес Бланшар былтырғы қыркүйекте «Parabon» зертханасы жұртшылыққа суретті көрсеткен сәттен бастап өзіне және қасындағы тобына көптеген ұсыныстардың келіп түскенін айтады.
Десе де, мақаланы аяқтап, баспаға ұсынғаннан бері әлі ешқандай сәйкестік табылмады.