Авторы: Роберт Дрэпер
Фото: Брент Стиртон
Орманшы өзінің басқаруындағы Вирунга ұлттық саябағына апаратын ойқы-шойқы жолды жөндейтін ала-құла жеті адамнан тұратын топқа сынай қарап, өзін олармен не ортақтастыратынын бірден байқады. Олардың барлығы Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы саябақ ішінде, не маңайында дүниеге келген. Барлығы – шыр бітпеген кедей. Кейін де ешқайсысы байымайды. Бәрінің де сүйікті адамдары себебі түсініксіз, қашан бітетіні белгісіз соғыс қанжарына ілігіп мерт болған.
Енді міне, барлығы саябақ үшін жұмыс істеп, шұңқырларды бітеп, арықтарды тазалап жатыр, ал бұл – тек он төрт шақырым қиыршық емес, одан әлдеқайда мәнісі зор шаруа. Бұл жол Букима орманшылар қосынын Батыстан келетін туристермен жалғайды, ал олардың ақшасы Африкадағы ең көне саябақты қолдауға септігін тигізеді. Саяхатшылар мұнда осы бақтың ең әйгілі тұрғындары – сирек кездесетін тау гориллаларын жақын жерден көру туралы армандарын орындау үшін әдейі келеді.
Оның үстіне, Букима жолы саябақтың сыртындағы фермерлерді ауыл базарларымен және әріректегі Гома қаласымен жалғайды, ал бұл – сондай белгілі болмағанымен, өте маңызды жайт. Жылдар бойы бұл жол малта тас пен шағыл құм араласқан қоймалжың болып жатқан. Жолдың нашарлығы халықтың онсыз да қиын өмірін одан сайын ауырлатып жіберген. Ал қазір саябақ жолды жөндеуге қаржы құйып отыр.
Жолды осы сияқты жергілікті тұрғындар жөндеуде. Сондықтан бұл жол жергілікті тұрғындар мен елдегі ең көрнекі мекеменің арасындағы нәзік байланыстың нышаны іспетті. Бұл жерді өз меншігі санайтын жергілікті халық оның саябаққа айналғанын жақтырмайды. Тео Камбале есімді капитан орманшының бұл жас жігіттермен жолы осы жерден екіге жарылды. Камбале – бүкіл жан-тәнімен осы саябаққа қызмет ететін адам. Мұны оның мұнтаздай таза киімінен, жасыл шалбарын етігінің қонышына ұқыптап салғанынан, аяқ киімінің жылтырата сүртілгенінен байқауға болады. Ол 55 жыл ғұмырының 31 жылын орманшылыққа арнады. Орманшы болып жұмыс істеген әкесі Камбале өмірге келген 1960 жылы Африка буффалосы сүзіп, мерт болған. Оның ағасы да орманшы еді. Ол да 2006 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Бірақ оның ажалы жабайы аңнан емес, Вирунганы жиырма жыл бойы иелігінде ұстап, талқандаған қаптаған қарулы топтардың бір мүшесінен болды.
Кедейлікте өскен бұл жігіттер Вирунганың құнарлы жерін, ағаштары мен жан-жануарын қалталы туристердің тамашалауы үшін заңмен қорғау – барып тұрған әділетсіздік деп санады. Олар жемқор үкіметке наразылық білдіре жүріп, Конгоның шығысындағы халықты тонап, зорлап, саябақтың оңтүстігіне бекінген M23 деп аталып кеткен жасаққа қосылуға мәжбүр болды. Бір жарым жылға созылған соғыстан соң 2013 жылдың аяғына қарай Біріккен Ұлттар Ұйымы әскерінің қолдауымен Конго армиясы M23-ті талқандады. БҰҰ бітімгерлері мен саябақ басшылары қарулы топтың жаяу әскері құрамында болғандардың арасынан «түзетуге келеді» деп іріктеп алғандарының арасында осы жеті жігіт те бар.
Букима жолындағы қара жұмыс – кісі тонауға қарағанда ауыр әрі табысы аз кәсіп. Бұрынғы содырлар сонда да шыдап бақты. Камбале бұған қайран қалды. Ол жігіттермен ара-тұра сөйлесіп тұратын. «Бұған дейін сендер бұл өңірге қатер төндірсеңдер, қазір жол салып жатырсыңдар. Достарыңа да айтыңдар, қарулы топтан шықсын. Себебі, ол – өмір емес. Нағыз өмірдің бастауы деген – мынау», – дейтін жолды қолымен нұсқап.
Орманшы бұл сөзі зая кетпес деп үміттенген. Ол бұлардың ауыр ахуалын да білетін. Бұлардың көбі жасақ құрамына күштеп қосылғанынан да хабардар. Жігіттердің қолдары мен арқаларындағы жантүршіктіретін тыртықтар олардың жартылай құлдықта болғанын айғақтайды. Жиырмадан енді асса да, талай зорлықты көрген оларға қарап бұл да оң аяғындағы содырдың жебесінен қалған тыртықты есіне алды. Денедегі жара – жергілікті тұрғын екендігінің айғағы сияқты. Егер олар ескі жараларын ұмытса, онда бұл саябақты сақтап қалар ма еді?
ӘЛЕМДЕ ДӘЛ ОСЫ ВИРУНГА СИЯҚТЫ МЕМЛЕКЕТ ҚОРҒАУЫНДА болса да, бір жағы әспеттеліп, бір жағы қарғыс арқалаған жер жоқ шығар. Шамамен 800 мың гектардай болатын алқапта – мұздықтардан бастау алатын өзендер, Африкадағы Ұлы көлдердің бірі, күн қақтаған саванна, ойпаттағы ну орман, құрлықтағы ең биік шыңдардың бірі және ең белсенді екі жанартау бар. Вирунгада құстың 700-ден астам түрі (соның ішінде сұлу бұлдырық пен батпақты мекендейтін Грауер сандуғашы), сүтқоректілердің 200-ге тарта түрі (арасында артқы аяқтары зебранікіндей жолақ болып келетін күлкілі аң окапи және жер шарындағы бар-жоғы 880 тау горилласының 480-і) өмір сүреді. Эдуард көлінен ағып жатқан Семлики өзенінің сағасында тұрып сонадайдан сұстанған Руензори тауларына көз салған, суға құмар сусиырлардың гүрілдеген хорының әуені не құлақ түріп, шомылып жүрген пілдердің, қаздай тізілген ұзын сирақ ләйлектердің мінсіз бейнесіне тамсанып, көкжиектен көтерілген күннің таңғы шапағына шомылған адам өзінің соншалық дәрменсіздігін сезініп, тұмса табиғаттың да күні таяп қалғанын түсінеді.
Вирунга жиырма жыл бойы соғыс аймағы болды. 1994 жылы көршілес Руандада болған этностық қақтығыс хутулардың тутсиларды қырған геноцидіне ұласып, ол шекара арқылы Конгоға жайылды. Жеңіліс тапқан хуту жасақтары мен миллионнан астам босқын Руандадан қашып, саябақтың маңындағы адамға лық толы лагерьлерді басып қалды. Кейіннен хутулардың бір бөлігі француз тіліндегі қысқартуы бойынша FDLR деп аталатын «Руанданы азат етуші демократиялық күштер» тобын құрды, Камбаленің ағасын өлтірген – солар. Бұған жауап ретінде Конгодағы тутсилар Халықты қорғаудың ұлттық конгресін (CNDP) құрып, ол кейін «23 наурыз», яғни M23 қозғалысына айналды. Осы қарулы топтардың арасында қайта-қайта болған қанды қақтығыстардың кесірінен саябақтың күл-талқаны шықты.
Конго әскерінің солдаттарымен қоса көптеген жасақ «аймақты қорғаймыз» деген желеумен бітім келісімінен соң осында аялдап қалып, тұмса табиғаттың байлығын өз қара бастарына пайдаланып, африкалық жабайы аңның етін сатуға көшті. Ну орманда мыңдаған адам әлі жүр, оларға жергілікті жерде құрылған, мақсаттары өзгермелі «Мэй-мэйдің» мыңдаған жасағы қосылды. Оларды қуып шығармақ болған орманшылардың өздері ажал құшып жатыр. Осы наурыз айында Вирунганың орта тұсында екі орманшы қаза тапты, сөйтіп, 1996 жылдан бері мерт болған орманшылар саны 152-ге жетті.
Вирунгаға басқа да соғыстардың қаупі бар. Мәселен, мұнай барлау жобасы саябақ пен оның экологиясына қатер төндіреді. Лондонда орналасқан Soco International компаниясы 2010 жылы бұл жерге концессия ұқығына ие болды. Сөйтіп, олар Вирунганың жарты аумағында, соның ішінде Эдуард көлінің маңында барлау жүргізуге мүмкіндік алды. Табиғат қорғаушы топтардың табанды қарсылығынан соң арада төрт жыл өткенде Soco кері шегінді, қазір оларда концессия құқығы жоқ деді. Алайда Уганда үкіметі саябақ пен оның бай табиғаты қол тигізуге болмайтын қасиетті нәрсе емес деп, көлдің өз жақ шетіндегі жағалауында мұнай барлауға ниеттеніп отыр.
Оның үстіне саябақ Конгодағы ішкі наразылықтың ошағына айналып отыр. Вирунга Африкадағы ең құнарлы аймақтың біріне жатады. 1925 жылы саябақ ашылғалы бұл жер қорғауға алынып, соның кесірінен әлемдегі ең кедей халық бар байлығы – табиғи ресурстарынан айырылды, ал бұл осы өңірдің төрт миллионға жуық тұрғынының наразылығын арттырды. Көп жұрт қарсылық ретінде заңды бұзып, ағаш көмірін алу үшін саябақтағы ағаштарды отап, орманға егін екті, жануарларды өлтірді. Енді біреулері «Мэй-мэй» жасақтарын құрып, бұталы жерлерді басып алып, жиі-жиі қақтығысқа бара бастады. Басқалары саябақты жою ұстанымымен басқарушы органдарға сайланып, «бельгиялық отаршылар жергілікті халықты алдап, олардың баға жетпес ауылшаруашылық жерлерін сатуға мәжбүрледі» деген уәжбен ел ішінде насихат жүргізіп жүр.
Белең алып бара жатқан бұл жаушылдық – өткінші қиындық емес. Керісінше, бұл – Верунга үшін өте үлкен қатер. «Үлкен көлемде қаржы жинай алмасақ, біз жеңіліс табамыз», – дейді саябақ директоры Эммануэль де Мерод. Оның айтуынша, бұл жерді өңдесе, жылына бір миллиард доллар пайда көруге болады. – «Біз сол көлемде табыс таба алмасақ, саябақтың күні қараң».
Аймақтағы тұрақсыздық кесірінен туристер Вирунганың тек оннан бір бөлігіне ғана бара алады, оның тек жартысы ғана туристерге ыңғайлы. Саябақтың VIP «тұрғындары» – адамға үйренген 250-300 тау гориллаларын 80-ге жуық қауіпсіздік қызметкері, құдды, бір президентті не попты күзеткендей күзетеді. Вирунга мемлекеттің меншігі саналғанымен, Киншасадағы үкімет саябақтың 8 миллион доллар болатын жылдық операциялық бюджетінің тек 5 пайызын ғана ортақ қазынаға беріп отырады. Қаражаттың көбі Еуропа долларлық су электр жүйесі сияқты үлкен жобаны қолға алып отыр. Оның мақсаты – 2020 жылға дейін аймақтағы үйлердің төрттен бірін электр жарығымен қамтамасыз ету және 60-тан 100 мыңға дейін жұмыс орындарын ашу. Нәтижесінде, аймақта бейбітшілік орнап, туризм дамиды, халықтың әл-ауқаты жақсарады, осының бәрі шығыс Конгоны титықтатқан ауыр азаптан алып шығар жаңа өмір соқпағына түсіреді деп үміттенеді де Мерод.
Жануарлар әлемі де біртіндеп қалпына келіп жатыр. 2007 жылы ағаш көмірін саудалаушылар жетеуін бірдей қырып салғаннан кейінгі жылдары тау гориллалары біршама көбейіп қалды. Орталық сектордағы Лулимби қорығында сусиырлар саны жылдам артып келеді, ал пілдер Ишаша өзенінің арғы бетіне, Угандадағы қауіпсіз аймаққа қайта жайыла бастады. Орманшылардың браконьерлерге қарсы батыл операцияларының арқасында піл сүйегі мен аң етін саудалаушыларға «Бұдан былай Вирунга әркім кіріп-шығатын ойын алаңы емес» деген нақты ескерту жасалды.
«БҰЛ ӘДЕМІ ЖЕР БОЛАТЫН, — деді Камбале бір күні орталық сектордағы арамшөп басқан Руинди қонақүйінің қирандыларын абайлай аралап жүріп. — Қонақүйге адам сыймай жататын. Тұмса табиғатты көріп, суретке түсіруге жұрттың бәрі құмартатын. Аңдар өте көп еді. Тіпті, көлік тұрағында бөкендер мен қабандар, маймылдың алуан түрі қаптап жүретін».
Осы күні бұта-бұтаға өрмелеген бабуиндерді ғана көресіз. Цилиндр пішінді бунгалолар, мейрамхана, би залы, бүгінгідей ыстық күнде мзунгу (ақ нәсілді) әйелдер күнге қыздырынып жататын бассейндер — бәрі жиырма жыл қараусыз қалғаннан шаң басып, қаңырап тұр. Орманшы көңілсіз жымиды, оның көзі алыс болашақтың тұңғиығына еніп кетті. Ол Руинди патруль бекетінің маңында туып-өскен. Камбале дүниеге келген 1960 жылы Конго Бельгиядан тәуелсіздігін алған еді. Ол кезде халқының саны 15 миллион ғана болған, бұл — қазіргі халықтың бестен бірі ғана. Ол кезде фермерге де, жан-жануарға да жер жетіп-артылатын. 1980-жылдары жас орманшы Камбале Африка буффалосына тапталып қалмас үшін ағашқа өрмелеп кететін. Қонақтарын демалтып, өзі атын Заир деп ауыстырған елдің болашағына жоспар құрған. Диктатор Мобуту Сесе Секо Руинди өзенінде балық аулауға келгенде оның қармағына құрт іліп беру міндеті Камбалеге жүктелген. «Мобуту саябаққа үлкен құрметпен қарады, — деді Конго ұлттық саябақ жүйесінің заңгері Мэтью Чингоро. — Ешкім мұнда фермерлікпен айналысып, ағашын кесе алмайтын. Ешкімнің заң бұзуға тіпті батылы жетпейтін».
Содан соң Руандадан босқындар нөпірі басталды. Руинди қонақүйі жеделдетіп есіктерін құлыптады. Барлау стансысын жансауғалаған келушілер басты. «Олар өте көп болатын, арасында қару-жарақ пен оқ-дәрі асынғандары да бар, – деп еске алады Камбале. – Адам саны өсті, оларға азық-түлік керек болды, сөйтіп босқындар ағаш көмірін, отын, тіпті, аң етін іздеп саябаққа ағылды». Бір қарулы топтан соң екіншілері шығып жатты. Оларды ажырату мүмкін болмай қалды. Конго солдаттары әскерден қашып, бұталардың арасына барып жасырынды. Кейбіреулері сол кезде хутулардың FDLR партиясымен біріккен «Мэй-мэй» жасағына қосылып, «барлық келушілерге», соның ішінде саябақтан нәпақа табуға кедергі келтіріп жатқан орманшыларға қарсы майдан ашты.
1997 жылы Мобуту режимімен қоса үкіметтің құрылымы тұтастай күйреді. Вирунга орманшыларының жалақылары күрт азайды. Олар өз күндерін өздері көруге мәжбүр болды. Біразы браконьерлерден ақша ала бастады. Дандайсыған олар орманшыдан өзі атып өлтірген буффалоны тиісті жерге жеткізіп беруді талап ететінді шығарды. Басқа орманшылар ағаш көмірін алу мақсатында ағаш отауға рұқсат беретін билет таратты. Бұл табыстың қомақты бөлігі Вирунганың униформа киген қызметкерлеріне, одан қалғаны басшыларға бұйыратыны анық еді.
Тіпті, осы салыстырмалы түрдегі тыныштық кезінде қирап жатқан қонақүй маңы ғана емес, жалпы орталық секторды бүліншілік елесі кезді. Туристер тоқтайтын орын мен Руинди стансысына әлі де адам бара алмайды. Сектор басшысы кеңсесінің қабырғалары атылған оқтан шұрық тесік болып тұр. Жақын жерде БҰҰ-ның әскери базасы орналасқан. Руиндидің әр-әр жерінде тұрған ескертулер күдікті әрекетке барған орманшылар жайлы дереу хабарлауды сұрайды.
Бір күні таңертең қарулы екі орманшымен бірге Камбале мені саябақ аумағында, Эдуард көлінің оңтүстік жағалауында орналасқан Витшумби ауылына алып барды. Ресми құжаттарда Витшумби – 400 қайыққа көлде балық аулауға лицензия берген, сонымен 5 мың адамды асырап отырған балықшылар ауылы. Ал шынайы өмірде ол – мыңдаған қайығы, 40 мыңдай тұрғыны бар, электр жарығы мен ауыз суы жоқ жұпыны қалашық.
Есесіне мұнда «Мэй-мэй» жасағы бар, олар Витшумбидің балықшылары мен фермерлерін қорғап, ақысына ақша алады. Камбале мен басқа да орманшылардың айтуынша, бұл жасақтың артында саясаткерлер тұр, заңсыз топтарды қару-жарақпен және қайықпен қамтамасыз етіп отырған да – солар. «Мэй-мэйлер» бір кездері найза, қанжармен соғысатын, – деді Витшумбиді бақылайтын жас орманшы. – Қазір саясаткерлер оларға қару беріп қойған». Ол жақында Эдуард көлінде болған «Мэй-мэймен» атыстан қалған белгі – сол жақ қарындағы оқтың ізін көрсетті. Сол атыстан бір орманшы мен Конгоның жеті жауынгері қаза тапқан.
Саябақта болған үш аптада соғыс қаупі қараңғы түндегі оттардай жымыңдап әр жерден байқалып тұрды. Витшумбиде мені солтүстікке –Лулимби сусиыр анклавына апару үшін орманшы қайығы күтіп тұрды. Жолға шығуға таяп қалғанда саябақтың қауіпсіздік директорының сапарды кейінге қалдырғаны белгілі болды. Ол телефон шалып, көлде шабуыл болуы мүмкін деп ескертіпті. Бұдан үш күн бұрын тау гориллалары мекендейтін оңтүстік секторда 300-ге тарта ауыл тұрғыны Mikeno Lodge қонақүйіне баратын жолды бөгеп тастапты. Ашулы халық электр желілерін тартуға кедергі келтіреді деген ағаштарды кесіп, оның орнына өтемақы төлемеген саябақ басшылығына наразылық білдіріпті. Оның үстіне Руанда армиясының мыңнан аса солдаттарының FDLR жасақтарын жою үшін шекараны үнсіз кесіп өткені халықты ашындырса керек. Бір аптадан соң солтүстік секторға келгенімде жерді заңсыз иеленіп алған 800-дей адамды тықсыру үшін Бени қаласының солтүстік-шығысында жатқан Маянгоусқа орманшылар отряды мен Конго әскерінің аттанғанын көрдім. Кейбір саясаткерлер жерді басып алғандарға ақша береміз деп азғырады екен.
Камбале мені саябақтың джип көлігімен Руиндиден Витшумбиге алып келген соң бірер сағат өткенде орталық сектордың есепшісі мотоцикліне отырып, біз келген жолымен үйіне қарай шығып кеткен. Алайда ізін аңдыған үш адам оны жолда тоқтатып, кеудесіне Калашников тапаншасын тақап қорқытыпты. Қолын байлап, орманға алып барыпты. Содырлар кешкісін үйіне телефон соғып, оны босату үшін 5 мың доллар беруді талап еткен.
Бұл ақпар саябақтың бас штабына да жетті. Орталық секторға жүзден астам орманшы мен Конго әскерінің солдаттары, әуеден барлаушылар, иісшіл иттер мен спаниельдер жөнелтілді. Иттер есепші жігіттің ізін тапты. Із кесушілер сол маңды айнала қоршап, әуеге оқ ата бастады. Бопсалаушылар қашып кетті. Орманнан үрейлене шыққанда саябақтағы қызметтестерін көрген есепші жігіттің қуанышында шек болмады. Бұл ол үшін жантүршіктірер ауыр сынақ болды. Оның үстіне , мұнда да Меродтың шапшаңдығы көп рөл ойнады, Камбаленің оны «біздің жалғыз үмітіміз» деп атайтынын сонда түсіндім.
БАТЫР АТЫ ШЫҚҚАН 46 жастағы Эммануэль де Меродтың келбеті бұл рөлге аса келіңкіремейді. Вирунганың жұмсақ мінезді директоры әрі бас бақылаушысының ашаң жүзді, тарамыс бейнесі өз кабинетімен де, тіпті, үстіндегі униформасымен де үйлеспейтін тәрізді. Вашингтон қаласында National Geographic қоғамының жиынында алғаш көргенімде мен де оны Меродты күтіп тұрған кісі деп ойлап қалдым. Шыққан тегі бойынша ол Бельгияның ханзадасы саналады, атасы Бельгияның Нидерландыдан тәуелсіздік алуына атсалысқандықтан, оның әулетіне осындай дәреже берілген екен. Осы суреттеуге сүйенсек, ол әлемдегі ең мазасыз соғыс ошағында жүрудің орнына жылы жемпір киіп, Бургундия шарабын ішіп, камин пештің түбінде отыратын адам. Ал Де Мерод Африкада дүниеге келіп, жастық шағын Кенияда өткізген, антрополог мамандығын алған соң өмірінің ең кемелді жылдарында осы Конгодағы қорықта жұмыс істеп келді.
Де Меродтың етжеңді жейдесі оның денесін тесіп өткен екі бірдей оқтың ізін жасырып тұр. Бір оқ оның сол жақ өкпесін, ал екіншісі асқазанын тесіп өткен. 2014 жылғы сәуірде Гомадан саябаққа қайтып келе жатқанда, Ругари ауылынан бес шақырымдай жерде тақыр даладағы жолсыз батпақта оны біреулер атып кеткен. Қастандық жасағандар сол күйі табылған жоқ. (Тергеу сиырқұйымшақталып кетті дейді оның әріптестері). Атыс жайлы ақпарат бүкіл Шығыс Конгоға әп-сәтте тарады деп еске алады Камбале. Достарының айтуынша, Мерод алған ауыр жарақаттың жалғыз салдары – ол қазір анда-санда жөтеліп тұрады.
Де Мерод Вирунганың ең құлдыраған кезі – 2008 жылы оның директоры болып тағайындалды. Алдыңғы директор сол жылдың басында ағаш көмірін саудалау тобына қатысты және гориллалар қырғынын ұйымдастырды деген айыппен тұтқындалған болатын. (Айғақ жеткіліксіз болғандықтан оған жаза кесілмеді). Алты ай бұрын саябаққа CNDP иелік етті, Руандаға арқа сүйейтін қарулы топ саябақты FDLR-дан алып алған. Де Мерод қызметке келе сала ержүрек қадам жасап, CNDP-дың штабына қарусыз барды да, орманшылардың саябаққа қайтып оралуына рұқсат сұрады. Жасақ басшысы Лорент Нкуда оның бұл өтінішін орындады. Одан соң де Мерод орманшылардың қатарын тазалауға кірісті. Олардың санын 1 мыңнан 230 адамға дейін азайтып (кейіннен 480-ге дейін қайта арттырды, олардың арасында 14 әйел бар), бар болғаны 5 доллар болып келген жалақы көлемін лайықты өмір сүруге жететін деңгейге – 200 долларға дейін өсірді. «Жемқорлыққа мүлде жол бермеу үшін осы жеткілікті», – дейді ол.
Содан соң Де Мерод жергілікті халықпен байланысты оңалтуға кірісті. Халықтың мұңмұқтажын тыңдады. Ондаған жылдар бойы саябақ өкілдері «туристерден түскен әр доллардың жартысы халыққа жетеді» деп алдаусыратып келген екен. Бұл ақша қайда жұмсалып жатқан? Жолдар, мектептер мен ауруханалар қирап жатыр. Ал пілдер егістікті жайпап тастаған.
«Де Мерод келгенге дейін саябақтың директоры бар екенін білген де жоқпыз, – дейді Вишумбидегі балықшы. – Осы күні таза киім киіп, жақсы қару ұстап жүрген орманшыларды көреміз. Оның қандай өзгеріс әкеліп жатқаны байқалып тұр». Директор тіпті конголық қарулы топтармен ымыраға келуге де тырысқан, бірақ нәтижесі алақұла. «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, орманшыларды өлімнен арашалауға мүмкіндік беретін конструктивті диалог орната алсақ, бізге керегі сол. Бірақ біздің діттегеніміз орындалмай жатыр, себебі шынайы диалог болмай тұр», – дейді Де Мерод.
Дегенмен қарсыластарын оның мысы баса бастады. 2012 жылы Шадрак Бихамба есімді аға орманшыны Эдуард көлінің жағалауында «Мэймэй» содырлары қолға түсіріп, қару кезеніп тоғайға алып барады. Бихамбаның айтуынша, жасақ басшысы қатты үрейленіп: «Бұл офицер екен. Егер мұны өлтірсек, де Мерод біздің тас-талқанымызды шығарады», – депті де, жанындағыларға орманшыны босатуға бұйрық беріпті. «Олар орманда дәурені жүріп тұрған «Мэй-мэй» болса да, де Меродтан жасқанады, себебі оның артында бүкіл халықтың тұрғанын біледі», – дейді үйіне 110 долларға электр сымын тартып береді, ал тұрғындар тұтынғандарына қарай азын-аулақ ақша төлеп отырады. 2013 жылы станса іске қосылды, ал де Мерод демін ішіне тартты.
Электр жарығы жоқ кездегі Мутванганы көрген жоқпын, бірақ балшыққа батқан ауылда бір күн болғанымда ол тез өсіп келе жатқан қалашық тәрізді әсер қалдыра қоймады. Дегенмен жергілікті халық түбегейлі өзгеріс болды дейді. Бұрын дүкенге электр қуатын беретін генератордың жағармайына бір күнде кететін ақша қазір бір айға жетеді. Оқушылар кешке үй жұмыстарын орындай алады. Ауруханалар тәулік бойы жұмыс істейді. Жұрт үтік, теледидар, CD-плейер сияқты заттар ала бастаған. Компьютер жөндейтін дүкеннің қожайыны DVD дискілерді жалға бере бастады, енді ауыл тұрғындары электронды поштамен хат жіберу үшін Бериге бір сағат жүріп бармауы үшін алғашқы интернет-кафені ашудың қамын жасап жатыр. Жеке баспахана ашуды армандаған ерлі-зайыптылар Мутвангаға Бениден 2014 жылы қоныс аударыпты. Ауылдағы 2500 түтіннің тек 500-і ғана 400 киловатт қана қуат өндіретін шағын электр стансасына қосылған. Де Меродтың командасы тізімде тұрған басқа тұрғындарға да жарық жеткізудің қамымен жүргенде саябақтың көмегімен сабын шығаратын фабрика ашылды. Онда осы өңірдің 100-ге тарта тұрғыны жұмыс істеп жатыр. «Мутванга біздің сынақ өткізетін зертханамызға айналды», – деді де Мерод.
Екінші үлкенірек су электр стансысы желтоқсанда іске қосылды, 2018 жылдың соңына дейін тағы екеуі ашылуы тиіс. Бұл төрт стансы Де Меродтың 100 мегаватт қуат өндіру мақсатын жүзеге асырады. Де Меродтың болжамы бойынша, сол электр энергиясын сататын болса, саябақ «алдағы жүз жылда қаржылық тұрғыдан тұрақты болады». Қосымша табыстың арқасында қоғамдық жобаларға және Конгодағы басқа саябақтарды қорғауға миллиондаған доллар инвестиция салуға мүмкіндік туады. Де Мерод электр энергиясы экономикалық дамуға серпін береді деп үміттенеді. «Ешқандай өндірістің болмау себебі арзан энергия болмады. Саябақ соның орнын толтырды», – деді ол. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға себепкер болатыны анық. «Бізде бизнес модельдері жоқ. Жастардың саясаткер болу немесе содырларға қосылудан басқа мақсаттары жоқ», – деді сабын фабрикасының 29 жастағы атқарушы директоры Леонард Малиона.
Де Меродтің тілімен айтсақ, Вирунганың «экономикалық моторға» айналғаны кейбіреулердің қолайына жаға қоймауы мүмкін. Басқаларын былай қойсақ, бір эпизод бойынша Конго басшылығы бүкіл аймақтың тағдырын бір саябаққа және Бельгиядан қалған мұраны бұрынғы колониалдық үкіметпен бөлісіп алған оның директорына тапсырып отырған болып шығады. Оның үстіне, саябаққа қаншалық көп үміт артса, оған қарсы халықтың көңіл-күйіне соншалық тәуелді болып қалады. Бұл ойында Де Меродтың мөлшерлемесі тым жоғары болып тұр. Ал оның зіл батпан жауапкершілігі қаруларын күрекке ауыстырып, Букимаға қарай салынып жатқан шағын ауыл жолдарында адал еңбек етіп жатқан жас жігіттердің мойнында тұр.
Жейделерінің сыртынан қызғыл-сары шағылысатын кеудеше киген жиырмалар шамасындағы екі жігіт жолдың шұңқырларын бітеп жүр. Көзі қысықтау келген ұзын жігіттің есімі – Буше Шукуру, ал үнемі аздап күлімсіреп жүретін аласалау жігіттің аты-жөні – Гато Херитиер. Екеуі бала кезден дос. Бүлікшілер келіп, ауыл тұрғындары атыс тоқтағанға дейін ондаған шақырым аулаққа қашып кеткен сайын екеуі босқындар лагерінен бір-бірін іздеп тауып алатын. 2013 жылдың көктемінде алдымен Шукуруды, оның артынан Херитиерді өз ауылдарында M23 әскерлері ұстап алды. Олар жігіттердің қолдарын байлап, саябақтың оңтүстік секторына жақын жердегі өздері жақында басып алған Румангабо әскери базасына алып барды. Осы жерде екі дос бір-бірін қайта тауып алады. Басқа мыңдаған жас жігітпен бірге бұлар да содырлардың жаттығу лагеріне мәжбүрлі түрде әскерге алынды.
Командирлер Шукуру мен Херитиерге және басқа жігіттерге Шығыс Конгода үкіметтің күйрегенін айтады. Олардың айтуынша, жақсы дайындықтан өткен соң M23-тың жаңа «батырлары» бүкіл аймақты өзіне қаратып, одан соң Киншасаны бағындыру үшін батысқа қарай шабуылдайды. Олар оқ атуды, сап түзеп жүруді, шабуыл жасап, шегінуді үйренеді. Қателескендерін басқалардың көзінше таяқпен сабайтын, кейбіреулері бұдан тіпті өліп кететін. Кейбірі мардымсыз тамақтың кесірінен аштан өлді. Оларға күніне бір стақан жүгері ұнын ғана беретін. Арада үш ай өткен соң Шукуру мен Херитиерді майданға жібереді. Қараша айында екеуі де M23-тің армия мен БҰҰ күштеріне қарсы тұрар қауқары жоқ екенін түсінеді. Олар қашып кетеді де, сол айда БҰҰ-ның штабында қайта қауышады.
Енді екеуі бірдей кеудеше киіп осында жүр. Бұлар салып жатқан жол Конгоның қарапайым стандарттарында тегіс жол саналады. Батат пен жүгері егушілер, сиыр мен ешкі бағушылар, оқушылар мен шіркеуге мінәжат етушілер бұл жолмен бұрынғыдан екі есе тез жүріп өтеді. «Жол шынымен үлкен ықпалын тигізді», – деді Херитиер томарға отырып, бетіндегі терін сүртіп жатып. «Сондықтан бұл жұмысым ұнайды. Халыққа көмегін тигізетіні анық», – деп қостады Шукуру.
– Дегенмен сегіз сағаттық азапты жұмыс үшін күніне үш доллар алатын жерде ұзақ істей алмаймыз, – дейді олар. Шығыс Конгодағы өмір қандай «сый» дайындап тұрғанын білмейтін бала күнінде Херитиер «әйтеуір бір дөкей» болғысы келіпті. «Дәрігер. Әлде тіпті президент. Неге болмасқа?» Ақшасын жинаса, Шукуру бәлкім механик болады, сөйтіп, күндердің күнінде өзінің бір дүкенін ашады. Осы жолдан бастау алатын бейбітшілік биікке – тау гориллаларына жетеді. Одан әрі бейбітшілік солтүстікке, Тео Камбале қарапайым нәрселерді армандап отырған Руинди стансысына жол тартады. Ол жақында: «Баласын ерткен арыстан Рутшуру өзенінің жағасында су кешіп жүр», – деген әңгімені естіді. Оған жеткен тағы бір жаңалық: түз аңдарының қайтып оралуымен қоса көптен бері қаңырап тұрған Руинди қонақүйі де қайта жөнделеді екен. Егер саябақ оны қалпына келтіретін қаражат таба алса.
Фотограф Брент Стиртон саябақты «зұлым күштерден» қорғау үшін соғысып жүрген орманшыларды суретке түсіру мақсатында Вирунгаға алғаш рет 2007 жылы келген.
Сізді Вирунгаға қайтақайта тартып тұратын қандай күш? Оларды досым деп санаудың өзі ғанибет. Олар – адамзат тарихындағы ең ауыр зұлматтарды бастан кешкен елдің ең таңдаулы азаматтары.