Авторы әрі суретін түсірген
ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛДЕР
Халықаралық фототілші ретінде дүниенің небір алыс қиырларын шарлаумен ке лем. 20 жыл шетте жүргендіктен болар, өз елім өзіме сыры мол жұмбақ дүние боп көріне бастады. Сосын, 2014 жылы – елге оралған бетте шет елдерді қалай аралап зерттеген болсам, өз елімді де солай аралауға бекіндім. Қолымда – камера. Бірақ «кәдуілгі» камера емес, смартфонды пайдаландым.
Бұрын жеке жобаларыма деп жаныма үзбей фотоүлдір салып жүретінмін. Жұрт қалай қарар екен демей-ақ, қалаған нәрсемді түсіре берем. 2010 жылы қолыма алғаш рет смартфон түскенде барып білдім, менің жұмысыма таптырмайтын құрылғы екен. Өзі шағын, әрі оңтайлы, қалтаға сап жүре бересің.
Бірақ ол кезде жұрт оны баланың ойыншығы деп қарайтын. Содан Ауғанстанға біреуін ала бардым. Ондағылар соғыс сияқты маңызды тақырыпты ашуға «кәсіби» фотокамераның орнына телефонды пайдаланудың ақылға сыймайтынын айтты. Уақыт зулап өте шықты. Қазір әлем басқа, инстаграмда 400 миллионнам астам адам отырады. Күнделікті өмірімізді телефонмен суретке түсіру үйреншікті әдетке айналған.
Десе де, смартфонды қолдану қиындықтары мен техникалық қолайсыздықтары көп. Түсіру жылдамдығы мен оптикалық тұнықтығы жағынан менің үйреншікті камераммен бәсекелесе алмайды. Бірақ сонда да жарайды. Маған өзім қайта зерттей бастаған Америка мәдениетіндегі мәңгілік және өткінші саналатын құндылықтар дүниесі жайлы түсірілген суреттерімнің қалай болса солай, жылдам түсірілгені керек.
Соңғы екі жылда Айова (менің өскен ортам), Миннесота (қазіргі тұрғылықты орным), Висконсин (отбасым жазда демалатын жер) сияқты көптеген штаттарды аралап шықтым. Қай жерге барсам да, Америка табиғатының әр алуандығына куә болумен келем. Суретте – саяхатқа арналған үй-көліктің бір жақ қабырғасына салынған сурет Оңтүстік Дакотадағы тауларға ұқсайтын көрініс.
Де-Мойндегі жаңбырлы түн. Сусын сататын дүкендердің қасынан өтіп бара жатқан жәрмеңкеге келушілер (сол жақта). Бала кезімде дәл осы жерден ата-анам дүкен ашып, тартылған сиыр етінен жасалған сэндвич сататын. Оң жақтағы суретте – Төртінші шілде мерекесінде сусырғанақта сырғанап жүрген жиенім Адель. Әпкемнің үйі бала кезімізде тұрған үйден бірер шақырымдай ғана жердегі тас жолдың бойында орналасқан. Өткен өмірімнің куәсіндей болған жерлерді суретке түсіру әрі тосын, әрі көңілге медеу. Үйге шауып барып келуге де болады.
Уақытымның көбі Америка қонақүйлерінде өтеді. Солардың көбі көңілді құлазытып жібереді. Қаудырлаған пластик тәрелке мен бір рет пайдаланылатын кесеге құйып берілетін таңғы ас үнемі кіреберісте күтіп тұрады. Содан болар, Хьюстонда орналасқан осынау қонақүйдегі таңғы асқа берілген Техас штатына деген өлшеусіз махаббатты бейнелейтін вафлиді көргенде таңданбасқа шара жоқ.