Марс ғаламшарында мұздықтар бары бәрімізге белгілі. Сондай ақ, қызыл ғаламшардың атмосферасында оттегі барын да білеміз. «Ендеше, онда өсімдік өсіруге бола ма?» деген көкейкесті сұрақ адамзатты толғандыратыны рас.
Иә, болатын тәрізді. Нидерланд экологтары Марс бетіндегі топырақтың химиялық құрамымен сәйкестендірілген топырақта өсімдіктің 14 түрін сынақтан өткізді. Топырақ құрамында фосфор, азот, калий, магний, кальций және темір сияқты өсімдіктің өсуіне қажетті барлық құнарлы заттар болды. («Марсиандық» фильмінде (кітабында) ғарышкердің нәжісті тыңайтқыш ретінде пайдаланатыны секілді жағдай орын алған жоқ). Бірнеше айдың ішінде өсімдіктердің көбі, мәселен, төменгі суреттегі сәбіз аман қалды. Алайда Марстағы топырақтың кемшілігі – ондағы күнге қақталған түйіршіктер өте майда, сондықтан ылғалды ұстап тұра алмайды.
«Марсқа бақша салу идеясы ғылыми тұрғыдан қызықты болғанымен, жүзеге асуы мүмкін бе?». «Жоқ», – дейді топырақты зерттеуші эколог Уайгер Уэймилинк. Марс ауасындағы оттегі мөлшері тым аз, климаты суық және мұнда жердегідей өсімдіктерді жоғары деңгейлі радиациядан қорғайтын электромагниттік өріс жоқ. «Марс тұрғындары өсімдіктерді күмбезді ғимараттардың немесе арнайы жасақталған шатырлардың ішінде өсіруге мәжбүр болады», – дейді Уэймилинк. Десе де, топырағын пайдалану мүмкіндігі бар. – Дэниел Стоун
ГРАФИКА: NGM ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ. ФОТО ЖӘНЕ ДЕРЕК КӨЗДЕРІ: ВАЙГЕР УЭЙМИЛИНК, ВАГЕНИНГЕН УНИВЕРСИТЕТІ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚ