Қазақтың Торыш даласындағы алып тастардың сырын ғалымдар әлі күнге дейін ашып бере алмай келеді. Адам қолымен қашап жасалғандай әсер қалдыратын ерекше тастар Маңғыстау облысындағы тұтас бір алқапты алып жатыр. Ол тастар жайлы жергілікті халық арасында аңыз да жоқ емес. Оның бірі былай дейді: «Ықылым заманда Маңғыстау жеріне дұшпанның бірнеше жүздеген жауынгері келе жатады. Ал жергілікті халықтың оларға қарсы тұрарлық қауқары қалмағандықтан қолдарын көкке жайып Тәңірден «Қалың жауды жерімізге келтіре көрме, олар тұрған жерінде тас болып қатып қалсын», – деп Алладан көмек сұрады делінеді.
Кейбірінің бойы ересек адамнан да биік табиғи жәдігерлер жайында ақтаулық геолог Геннадий Тарасенко ол тастарды табиғи құбылыстан пайда болуы мүмкін деген ойда. Ал, ғылым тілінде оны «конкреция» дейді.
Ғалым «Ол радиал-сәулелі нысан. Сондықтан ондай тастар шар тәрізді болып келеді. Конкрециялар болпылдақ шөгінді, құм және балшықтан құралады. Аспан астындағы мұндай жәдігерлер 120-180 млн. жыл бұрын пайда болуы әбден мүмкін. Ол шамамен мезозой дәуіріне сәйкес келеді», – деген пікірде.
Фото: Ерболат Шадрахов