..."/>
ЗЕРТТЕУ

Ақ түсті алып жұмбақ

Алып ақ акуладан үрейлі мақұлық жоқ шығар. Мына акула Аустралия суларында әдейі торға отырғызып қойған жүзгішке қайта-қайта келіп қарады. Бірақ «адамдардың акулаларға қауіптілігі олардың адамдарға қауіптілігінен әлдеқайда жоғары», – дейді ғалымдар.

Алып ақ акуладан үрейлі мақұлық жоқ шығар. Мына акула Аустралия суларында әдейі торға отырғызып қойған жүзгішке қайта-қайта келіп қарады. Бірақ «адамдардың акулаларға қауіптілігі олардың адамдарға қауіптілігінен әлдеқайда жоғары», – дейді ғалымдар.

Ақ түсті алып жұмбақ

«Жақ сүйектер» фильмінен кейін алып ақ акулалардың атағы жер жарды. Біз олар туралы неге өте аз білеміз?

MM8287_150515_12038

Аустралияның Нептун аралдары маңындағы таза сулар – алып ақ акуламен кездескісі келетіндер үшін ең ыңғайлы жер. Мына біреу балдыр орманынан скатқа қарай бет алып барады.

Эрик Вэнс

Суреттерін түсірген Брайан Скерри

Сіз алып ақ акуламен табиғи ортада бетпе-бет кездескенде күткендей әсерге бөленбейсіз. Бір қарағанда, ол теледидардан үнемі көрсетіп жататын қатыгез мақұлыққа мүлде ұқсамайды. Тығыздап толтырған шұжықтай бортиған, тіпті жуан семіз десе де болады. Аузын ашқанда миығына мысқыл үйірілген болбыр бұғағы денесімен бірге былқ-былқ етеді. Әлемдегі ең ірі жыртқыштың бірі деп жүргеніміз, қырынан қарағанда, езуі жиылмайтын қылжақбастан айнымайды.

Сізге қарай жүзін бұрғанда ғана неліктен оның жер бетіндегі ең қорқынышты мақұлық саналатынын түсінесіз. Алдынан қарағанда, оның басы жұмсақ та бұғақты емес, V-әрпіне ұқсап жебедей үшкірленіп кетеді екен. Жымысқы жымиыстың табы да қалмайды. Шамамен, екі тоннаны шайнай алатын, биіктігі бес сантиметрдей тістер қатарын көресіз. Акула сізден еш қаймықпастан, жайлап жақындап келе жатады. Басын біресе әрі, біресе бері бұрып сізге барлай қарайды. Сосын Жаратқаныңыз жар болып, Құдайыңыз оңдаса, ол қайтадан қылжақбасқа айналып, теңіз тұңғиығына сіңіп, өз жөнімен кете барады.

Алып ақ акула – ең танымал мұхит балығы. Солай бола тұра, біз ол туралы өте аз білеміз және бізге белгілі көп ақпараттың өзі шындыққа жанаспайды. Ақ акуланы қатыгез жыртқыш деуге болмас (керек десеңіз, олардың өзі сақтанып жүреді), үнемі жеке-дара да жүрмейді және олар сарапшылар ойлағандағыдан анағұлым ақылды. Тіпті «Жақсүйектер» фильмінің әйгілі сюжетіне негіз болған 1916 жылғы Джерси жағалауындағы шабуылдың өзін алып ақ акула емес, бұқа акула жасауы мүмкін.

Біз олардың қанша жыл жасайтынын, қанша ай буаз боп жүретінін, қанша жасында өсіпжетіліп ересекке айналатынын дәл білмейміз. Алып ақ акуланың күйлегені мен балалағанын да әлі ешкім көрген емес. Олардың санын, тіршілігінің басты бөлігін дәл қай жерде өткізетіні туралы да мәліметіміз аз. Калифорния, Оңтүстік Африка немесе Аустралияда тіршілік ететін автокөліктің үлкендігіндей ірі жануарды көзіңізге елестетіңізші. Ғалымдар оны хайуанаттар бағында бақылап, ғылым мекемелерінде, кейде, тіпті цирктерде де зерттеп алып, жұптасу дағдысын, миграциялық жолын, әдет-қылығын бүге-шегесіне дейін айтып бере алады. Бірақ су астындағы жағдай басқаша. Алып ақ акула жағаға қалаған уақытында келіп, қалаған уақытында кетеді, терең теңіз жағдайында олардың артынан еріп отыру мүмкін емес. Әйнек қабырғалы аквариумдарда да тұрғысы жоқ. Еркіндігі шектелгенде, олардың кейбіреуі қоректенуден бас тартады немесе бастарын қабырғаға ұрғылап, мазасы кетеді (бірнеше аквариум иелері өз қауіпсіздігі үшін және аквариумның басқа да тұрғындарына шабуылдай бергендіктен, алып ақ акуланы босатуға мәжбүр болған).

Кейп-Код маңайында алып ақ акула итбалық тұлыбындағы фотокамераға қарады. Бұл – осындағы акуланы бейнелеген өте сирек кездесетін жоғары сапалы кадр. Өйткені алып ақ акулалар тұзақжемге немқұрайды болғандықтан, оларды суретке түсіріп алу өте қиын.

Кейп-Код маңайында алып ақ акула итбалық тұлыбындағы фотокамераға қарады. Бұл – осындағы акуланы бейнелеген өте сирек кездесетін жоғары сапалы кадр. Өйткені алып ақ акулалар тұзақжемге немқұрайды болғандықтан, оларды суретке түсіріп алу өте қиын.

Әйтсе де, ғалымдар заманауи технологияларды қолдана отырып, қатты мазалап жүрген екі жұмбақтың шешуін табуға жақын қалуы мүмкін: Алып акулалардың саны қанша? Олар қайда барады? Осы екі сыр ашылса, өзімізді акулалардан қорғау мен оларды бізден қорғау мәселесі анағұрлым жеңілдер еді. Алып ақ акуланы бар қырынан жақсы танығанда, әлемдегі ең қатерлі жыртқыш деп жүргеніміз қорқынышымызды үстемелей түсер ме екен, әлде адамдарда оған деген аяныш сезімі оянар ма екен?

ЖЕТІ МЕТРЛІК БАЛЫҚ АУЛАҒЫШ ҚАЙЫҚ жаздың жайма-шуақ бір күні Массачусетс штатының шығысындағы Кейп-Код мүйісінің оңтүстігінен ашық суға шықты. Жолаушылар – үш ғалым, сатып алған билеті бар екі кісі, екі журналист және кеме капитаны – орындықтарға жайғасып, алдарында жатқан Нантакет аралына қарай көз тігіп отыр. Үстілерінен 300 метр биіктікте ұшып бара жатқан ұшақтың барлаушы ұшқышы қатты білінетін жаңаанглиялық акцентпен радиодан: «Оңтүстікке қарай бір керемет акула кетіп барады!», – деп саңқ ете қалды.

fhkhjlj

Балықшы-биолог Грег Скомэл қуанып кетті. Ол борт сыртынан ары бір жарым метр жалғастырыла созылған, теңіз қарақшысының сатысы сияқты, жан-жағы қоршаулы тақтайдың үстінде тұр. Голливудтің әйгілі фильмінің кадрына ұқсауға тек гарпун мен ағаш аяқ қана жетіспейді.

Есесіне, қолында – үш метрлік сырыққа ілінген GoPro фотоаппараты. Капитан моторды от алдырғанда екі езуі құлағына жетіп, балаша мәз болды.

2004 жылдан бұрын алып ақ акуланы Шығыс жағалау суларында көрген адам өте аз еді. Кейде жағажай маңынан біреуі жалт етіп, жоқ болып, кейде кішігірім біреуі балықшылардың ауына түсіп қалатын, бірақ ол өте сирек жайт еді. Басқа жерлерде алып акулалар жиналатын бес «орталық» немесе территория бар, олар итбалық жеу үшін АҚШ-тың Калифорния штатының жағалауынан еш кедергісіз төмен түсіп, Мексиканың Төменгі Калифорния түбегіне дейін, Оңтүстік Африка және Аустралияның оңтүстік жағалауына барады. Шығыс жағалауда «акулалар орталығы» да жоқ, итбалық та көп болмайтын. Ол жерде тұрақты мекені жоқ кезбелер жүреді. Сосын 2004 жылы бір ұрғашы акула Массачусетстің Woods Hole деген жеріндегі таяз суларға адасып жүріп кеп қалды.

Нептун аралдары маңайындағы судан атып шыққан алып ақ акула. Ғалымдар оны арқа жүзбеқанаттарынан, тыртықтарынан және ақ және сұр түсті бөліктерін бөліп тұратын аратіс сызығынан ажыратады.

Нептун аралдары маңайындағы судан атып шыққан алып ақ акула. Ғалымдар оны арқа жүзбеқанаттарынан, тыртықтарынан және ақ және сұр түсті бөліктерін бөліп тұратын аратіс сызығынан ажыратады.

20 жылдан бері акулалардың денесіне электронды құрылғы орнатумен айналысып келе жатқан Скомэл үшін бұл – мың жылда бір болатын мүмкіндік. Алып ақ акула ауласына өзі кеп тұр! «Мен үшін бұл – нағыз олжа. Мұндай мүмкіндік енді қайта келмейді», – дейді ол қырау шалған ұйпа-тұйпа шаштарының астынан ақсия күлімсіреп. Скомэл және оның әріптестері сол акуланы әйгілі ертегі кейіпкері, адасып қалған Гретель деген қыздың құрметіне атады. Сөйтіп, артынан қалмай жүріп, денесіне электронды құрылғы орнатты. Құрылғы Атлант мұхитындағы ақ акулаларға байланысты көптеген жұмбақты шешіп берер еді. Бірақ ол 45 минутта істен шығып қалды. «Қуанышым су сепкендей басылды, өйткені ақ акуланы зерттеу мүмкіндігінен айырылдым, жұмысым тұралап қалды», – дейді Скомэл.

Скомэлдің алып ақ акуланы зерттеуден басқа да жұмыстары болды. Ол бірнеше жыл бойы Гретель мұнда жалғыз келді ме екен деп ойлаумен жүрді. 2009 жылы «Еңбек мерекесі» күні жағдай күрт өзгерді. Бір ұшқыш мүйіс маңынан бес ақ акуланы байқап қалғанын айтып келді. Скомэл cол аптаның аяғында олардың бәріне құрылғы орнатып үлгеріп: «Шаттыққа бөлендім. Адреналинім көтеріліп кетті. Жүрегім алқымыма тығылды. Қиялым шындыққа айналды», – деп жүр.

Содан бері ақ акулалар жазда жыл сайын келетін болды, кейбіреулер Кейп-Кодты алтыншы «орталық» атай бастады. Ол жерде қанша ақ акула бар екен? Бұл сұраққа жауап беру үшін біз АҚШ-ның Калифорниясынан Мексиканың Төменгі Калифорниясына дейінгі аралықты зерттедік. Акулаларға санақ жүргізуді алғаш қолға алған – Скот Андерсон. Әрине, ақ акулаларды санау құрлық жануарларын, тіпті теңіз сүтқоректілерін санаудан әлдеқайда күрделі. Сондықтан ғалымдар акула қозғалысы туралы болжамдар жасап, сосын оны баршаға таратады.

dfdf

Калифорнияда бірнеше жайылым бүкіл орталыққа ортақ еді. Өзге топтар да түрлі болжам жасап, осы мәліметтерді мыжғылаумен болды. Бір зерттеудің нәтижесі акула саны біз ойлағаннан он есе көп дегенді айтты (Бұл санаққа акуланың шабақтары да кіріпті. Шабақтар туралы ақпарат аз болғандықтан, өзгелер оларды санамаған). Көп кешікпей, ғалымдар өзге орталықтардағы акула санын да айқындай бастады. Оңтүстік Африка ғалымдары ол жақта 900-дей акула бар дегенді айтты. Тағы бір топ Калифорния орталығының бір бөлігі – Мексиканың Гваделуп аралдарында – акула популяциясы 120 бастың айналасынан аспайды деген мәлімет берді.

Алып ақ акулалар саны көбейіп жатыр ма, азайып бара ма? Әлемде 4000 жолбарыс пен 25 000 Африка арыстаны бар екен. Ең төменгі көрсеткіш бойынша қарасақ, ақ акула популяциясы жойылып кету қаупі төнген жолбарыстың жағдайына ұқсас. Ең жоғары көрсеткіш бойынша қарасақ, осал түр санатындағы арыстандар санына жақындап қалыпты. Бірнеше сарапшы оларды «жойылудың алдында тұр» дейді, тағы біреулер оптимистік пікір айтады. Кейбіреулер итбалық популяциясының ұлғаюы ақ акуланың құрып бара жатуының белгісі десе, екінші біреулер итбалық көбейсе, акула да көбейгені дегенді алға тартады. Акулаға байланысты ақпаратпен айналысатын аустралиялық статистик Аарон Мак Нейл акулалардың Кейп-Код мүйісі маңайынан көрінуі және Оңтүстік жартышарда белсенділік танытуы соңғы пікірдің растығын дәлелдейді. «Соңғы онжылдықта, ақ акулалардың азайып бара жатқандығын білдіретін ештеңе байқамадым», – дейді Мак Нейл. – Иә, әлсіреу бар екені рас. Бірақ ол жойылып бара жатыр дегенді білдірмейді. Бәлкім, өте баяу өсіп жатыр деп айту керек шығар».

Екі акула итбалық іздеп, Нептун аралдарына жақын жүзіп жүр. Ақ акулалар шоғырланып тіршілік етпейді, әйтсе де, оларды үнемі жападан-жалғыз жүреді деп те айтуға болмайды. Олар кейде жемтіктің айналасына жиналады.

Екі акула итбалық іздеп, Нептун аралдарына жақын жүзіп жүр. Ақ акулалар шоғырланып тіршілік етпейді, әйтсе де, оларды үнемі жападан-жалғыз жүреді деп те айтуға болмайды. Олар кейде жемтіктің айналасына жиналады.

Оптимист болуға себеп бар. Ақ акуланы аулайтын балықшы некен-саяқ, тіпті жоқ десе де болады. Әрі «Жойылып кету қаупі төнген түрлерді сату» туралы Халықаралық конвенция бар. Бұл келісім ақ акулаларды екінші рейтингке, яғни ең күшті қорғау рейтінгіне кіргізді. Өйткені олар балықшылардың ауына кездейсоқ түседі. Саны аз болғандықтан, сол ауға кездейсоқ түсудің өзі мұхиттардағы тепе-теңдікті сақтауда зор рөл атқаратын ең мықты жыртқышқа қатты зиян келтіруі мүмкін.

АҚ АКУЛАЛАРҒА біздің көмегіміз керек пе, жоқ па деген мәселені шешу үшін біз олардың санын айқындап қана қоймай, қайда баратынын да білуіміз керек. Олардың миграциясы құстар мен көбелектердікіндей біркелкі емес. Олар тұрақсыз, кейбірі жағалаудан алыстамаса, тағы бірі ашық теңізге шығу үшін жүздеген шақырымды артқа тастайды. Бәрі бірдей емес, бірақ көпшілігі жылы су мен салқын судың ортасында жүреді. Жүзу жолдары да әр бөлек.

Бүгінде, спутник арқылы ақпарат алмасатын ұзақ қашықтағы, ұзақ мерзімді құрылымдардың арқасында ғалымдар біраз құпияның басын ашты. Олар Калифорния мен Mексикада күздің аяғына қарай ақ акулалардың жағалаудан кетіп қалатынын бірнеше жыл бойы бақылаған. «Біз қазір олардың қайда баратынын білеміз: Тынық мұхиттың ортасындағы терең жерге барады, – дейді ақ акулалардың миграциялық факторларын зерттеумен айналысып жүрген биолог Сальвадор Йоргенсен. – Олар бұл «дәмханаға» неге үйір, ол жағы белгісіз. Мен мұны акулаларға арналған Burning Man фестиваліне ұқсатам. Олар «мұхит шөлі» деп аталатын аймаққа бағыт алады, ол жерде не істемек, түсінсем бұйырмасын».

Биолог Грег Скомэл – акулалардың сүйікті жері Кейп­Кодты бейнекамераға түсіріп жатыр. Жаңа тарих дәуірі басталғалы бері олар бұл демалыс орнына үнемі қайтып оралатын болды.

Биолог Грег Скомэл – акулалардың сүйікті жері Кейп­Кодты бейнекамераға түсіріп жатыр. Жаңа тарих дәуірі басталғалы бері олар бұл демалыс орнына үнемі қайтып оралатын болды.

Бәлкім, жұптасатын болар, ол рәсімді әлі еш адам баласының көрмеуі де сондықтан шығар. Ол аймақ Калифорния штатының үлкендігіндей, мыңдаған метр терең. Бақылауды қиындататын да осы жағдай. Спутниктік құрылымдар ұрғашыларының түзу бағытта жүзетінін, ал еркектері – өздеріне жұп іздей ме екен жоғары-төменді су қабатында жүретінін көрсетеді. Калифорния ақ акулалары тіршілігінің көмескі эскизі осылай салынды. Жаз бен күзді итбалық жеп өткізгеннен кейін олар бойына жинаған қуат көзіне сеніп, ұрпақ өрбіту үшін терең мұхитқа аттанады. Істерін тындырып болған еркектері жағалауға қайтады, ал ұрғашылары басы ауған жаққа жүзіп барады да, бәлкім, іштеріндегі балаларын туғанша бір жыл, кейде одан да ұзақ сол жерде тұрақтайды. Жаңа туған шабақтар Оңтүстік Калифорниядағы «жайылымдарға» келіп, үлкейгенше сондағы балықтармен қоректенеді. Сосын оңтүстікте немесе солтүстікте итбалық аулап жүрген үлкендеріне қосылады.

Мұны акула тіршілігінің толық көрінісі деп айтуға әлі келмес. Ұрғашылары мен еркектері «дәмханада» ұзақ уақыт бірге болмайды, шабақтардың қайда туылатыны бізге беймәлім күйінде қалады. Бірақ осының өзінен көп нәрсені ұғуға болады. Популяция жақсарғанда, жас өскін де көбейеді. Оңтүстік калифорниялықтардың біз жақта акула көп дейтіні де содан болар. Скомэл ақ акулалардың миграциялық дағдысын жете түсінбесе де, олардың бұл жердегі тарихы ұзақ екеніне сенімді. Ол Кейп-Кодтың батысындағы Нью-Бедфордағы кеңсесінде шығыс жағалаудағы үндістер мекендерінің археологиялық қазбаларынан шыққан итбалық сүйектері туралы мәлімет жиналған құжатты ашты. Ол сүйектер итбалықтардың популяциясы Тәуелсіздік Декларациясын жарияламастан бір ғасыр бұрын шамадан тыс көп аулаудың салдарынан қатты зардап шеккенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, АҚШ-тың 240 жылғы тарихында санаулы ғана Атлант сұр итбалығы қалған. Бүгінде, «Теңіз сүтқоректілерін қорғау туралы заңның» арқасында, итбалық колониялары Жаңа Англия маңында да тіршілік етуде. Итбалық болған соң, акула да қайтып оралды.

ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ТАМЫЛЖЫҒАН БІР КҮНІ тунец пен семсер балық іздейтін ардагер барлаушы ұшқыш Уэйн Дэвисті ертіп, енді оған ақ акуланың ізін кестіру үшін екі кісілік ұшаққа отырдық. Орталықтағыдай емес, бұл жердің суы өте таяз екен, көзі өткір кісі акуланы әуеден-ақ байқайды. Ұшақ жоғарыға көтерілген 30 минуттың ішінде жетеуін көрдік, олар ашық суда жүрген сұр итбалықты жағажайды торуылдап жүр екен. Кері қайтар жолда Дэвис екеуміз бірнеше жағажайдың үстінен ұшып өттік.

Жергілікті халық жаңа көршілерімен жақындасып та үлгеріпті. Жануарлардың тұлыптары, футболкалар, постерлер сатылуда, «Акулалар алқабы» атты тақырыпта өнер көрмесі өтуде.

Тіпті жаңа соғылған орта мектепте ақ акуланы бойтұмар етіп алыпты. Акула образы көбінесе көңілді де күлімсірегіш боп көрсетілуде. Бірақ акулатанушылар олардың өткір тістері де бар екенін ұмытпауды ескертуде.

Кейп-Кодта ақ акула итбалық-жемтұзақты тістеп жатыр. Акулалар, итбалықтың тырнағынан қорқатын болу керек, жемтігіне аса сақтықпен шабуылдайды. Олар әдетте жемтігін тістеп алады да, сосын кері қайтып, қансырап жан тапсырғанша күтіп тұрады.

Кейп-Кодта ақ акула итбалық-жемтұзақты тістеп жатыр. Акулалар, итбалықтың тырнағынан қорқатын болу керек, жемтігіне аса сақтықпен шабуылдайды. Олар әдетте жемтігін тістеп алады да, сосын кері қайтып, қансырап жан тапсырғанша күтіп тұрады.

Акуланың адамға шабуылдау дерегі өте сирек. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша, Калифорниядан тыс жердегі суларда акула тісіне іліккен серфингшілер 17 миллионнан біреу. Суда жүзушілер арасында одан да сирек – 738 млн келушілердің ішінде біреу ғана. Кейп-Кодта кісі өлімі бола ма деп емес, оның қашан болатынын сұраңыз. Жаңа Англияда адам өлімімен аяқталған жағдай соңғы рет 1936 жылы орын алыпты. Бірақ жақында бірнеше рет қауіпті жағдай болды. 2012 жылы ақ акула бір суда жүзушінің екі аяғын тістеп алған. 2014 жылы Плимутте каякпен келе жатқан екі кісіні акула төңкеріп тастаған, бірақ олар аман-есен қашып құтылыпты.

Акулалар қауіпті шабуыл жасаса, Массачусетс штатының акулалардан қорғану шараларын ойластырып жүрген орталықтарымен бірлеспек ойы бар.

Итбалық пен теңіз арыстанының популяциясы өссе, өздерінің бұрынғы аңшылық алқабына оралып, жағалаудағы айырыла жаздаған мекенін қайта жаңғыртып әлемдегі акулалар да белсенділік көрсетуі мүмкін.

Басқа жағынан алғанда, алып ақ акулалар жойылып кетпеуге барынша тырысып, тіршілік үшін бар күшін салып жүруі де мүмкін. Біз қорқынышымызды жеңіп, осы мақұлықтарға көмек қолын соза аламыз ба? Аяныш сезімінен ада бұл құбыжықтардың көзіне жылы қарауға болар ма екен?

MM8287_150919_25645

Қозғалыстағы акулаларды көруге дайынсыз ба? Интернеттен ngm.com/Jul2016 мекенжайына кіріп, Брайан Скерри түсірген бейнефильмді көріңіз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля