Тазалық, пәктік, әсемдік пен махаббаттың үлгісіне баланған аққуды жақыннан көргіңіз келсе желтоқсан мен наурыз аралығында Ақтау қаласына барыңыз. Себебі сол уақыттарда қасиетті құс теңіз жағалауында қыстайды. Онда сіз су бетінде қатар жүзген бірнеше ондаған аққуды өз көзіңізбен көріп, керемет сезімге бөленеріңіз анық.
Жалпы қазақ халқы аққуды қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы санағандықтан ешуақытта өлтірмеген. Керісінше халқымыз жас жұбайларды қос аққуға теңейді. Аққудың киесі болады, ал құстың киесі ұрған адам міндетті түрде бақытсыздыққа ұшырайды деп ұққан.
Сондықтан болар ақын-жазушы, әнші-күйшілер ішінде арасында аққу құсын шығармаларына қоспағаны кемде-кем. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылысуы», Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», Қорқыт, Ықылас Дүкенұлы мен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі, сондай-ақ Болат Аюхановтың «Аққу биі» соған дәлел.
Аққудың аталығын қазақтар «сапар», балапанын «көгілдір», ал мойнын «сұңғақ» дейді. Ал жалпы алғанда жер бетінде аққудың жеті түрі бар, оның бесеуі Солтүстік жартышарды мекендесе, біреуі экватордың оңтүстік бетінде кездеседі. Қазақстанда ол құстың үш түрі тіршілік етеді. Олар: сұңқылдақ аққу, сыбырлақ аққу және кіші аққу. Аққудың салмағы орта есеппен 5-10 кг аралығында болса, ең ірісі 13 кг-ға дейін жетеді.
Аққу – жұп құрып тіршілік ететін санаулы құстар қатарында. Және бір ерекшелігі жұптарын өле-өлгенше жазбайды. Бір басқанда 3-7-ге дейін жұмыртқа салып, балапандарына жұптасып қамқорлық жасайды.
Фото: Анатолий Устиненко