..."/>
ЗЕРТТЕУ

Жиделібайсын жерінде таңғажайып үңгір табылды

Журналист Марк Синнотт Байсынтау қырқасында орналасқан жартастан салбырап тұр. Бұл жер асты әлемін бұған дейін 8 экспедиция зерттесе де, ешкім үңгірдің қаншалықты ұзын екенін айта алмаған.

Журналист Марк Синнотт Байсынтау қырқасында орналасқан жартастан салбырап тұр. Бұл жер асты әлемін бұған дейін 8 экспедиция зерттесе де, ешкім үңгірдің қаншалықты ұзын екенін айта алмаған.

Өзбекстаннан табылған алып үңгірге ғалымдар «Дарк стар» деп ат қойды. Ол – жер астының «Эвересі» болуы мүмкін.

«Толған ай» дәлізінде мұз кристалдары мол. Ұзындығы 250 метрлік камера – «Дарк старда» табылғандардың ең үлкені. Үңгірдің пішіні ауа райының мың жылдық тарихынан сыр шертетіндей.

«Толған ай» дәлізінде мұз кристалдары мол. Ұзындығы 250 метрлік камера – «Дарк старда» табылғандардың ең үлкені. Үңгірдің пішіні ауа райының мың жылдық тарихынан сыр шертетіндей.

Үңгір сыртындағы ауа райы +38 °С ыстық. Ішіндегі температура – 1 °С мен +3 ° С шамасында. Бұл айырмашылық үңгірдің болмысын сақтап қалуда. Тереңге түскен сайын мұздарды тастар алмастырады.

Үңгір сыртындағы ауа райы +38 °С ыстық. Ішіндегі температура – 1 °С мен +3 ° С шамасында. Бұл айырмашылық үңгірдің болмысын сақтап қалуда. Тереңге түскен сайын мұздарды тастар алмастырады.

Авторы: Марк Синнотт

Фото: Робби Шоун

«Қорықпаңыз, бұл жерде адасып кетпейсіз»

Үңгірдің түпсіз көрінген қараңғы қуысынан Лариса Позднякованың акцентті дауысы саңқ етті. Ол менің ойымды оқып қойғандай – бар тілегім жер астындағы 1,5 шақырым тереңдікте адасып кетпеу. Бірнеше сағат бойы «Дарк стар» (Қараңғы жұлдыз) деп аталатын құпия жерасты әлемі тереңіне бойлаған сайын, одан қалып қоймайын деп жанталаса еріп келем.

30-дардағы тәжірибелі спелеолог Лариса бұралаң жолда ширақ, әбжіл ептілікпен жылжып барады, ал еш тәжірибесі жоқ мен бейбақ оның артынан ырсылдап, ебедейсіз тырмысудамын. Тас қараңғыда маңдайшамның жарығы бір метрден асып жұтылып кетеді. Сондықтан біз көртышқан секілді қыбырлап, мыңдаған өткелдерден арқан бойымен қозғаламыз. Бұл өткелдер картаға түсіп қойған, алайда өзімді бағдардан жаңылып қалғандай сезіндім. Мен секілді өрмелеуші әрі альпинист үшін бұл – навигацияның мүлде өзгеше түрі. Қауіпті аймақтарда жүру тәжірибем болғанымен, үңгір түбінде қағаз картадан қайран жоқ, GPS жұмыс істемейді, не бағытыңды белгілейтін аспан денелері де көрінбейді. Лариса болмаса, топырақ басқан мына ирелең арасында кері шығар жолды таба алмайтынымды білемін.

Әупірімдеп қуып жеткенімде, Лариса «Дарк стардың» көп жерасты көлінің біріне жетіп тоқтапты. Ол сақтандырғыш белдігіне бекітілген өмілдірікті алып, төбедегі тасқа бекітілген берік арқанға ілді. Арқан көлдің үстімен өтіп, қараңғыға сіңіп жоқ болып жатыр.

Бұл – жүзуге салқын, ызғарлы көл үстімен су костюмінсіз спелологтарды алып өтетін арқанжол. Лариса маған жымия қарап, зымырай жөнелді. Оның сары бұрымы маңдайшам сәулесін жөнсіз сабалап, мені үрей құшағына қалдырып, қараңғыға енді де кетті.

Команда мүшесі «Дарк стардың» жаңа кіреберісі болуы мүмкін екі үлкен босағаның біреуін зерттеу үшін әктасты жартаста салбырап тұр. Үміт ақталмады: екі жарық та қатты мұзға тірелді.

Қиыншылығымның басты себебі – Өзбекстанның шалғай түпкіріндегі тау ішінде орналасқан алып үңгір жүйесін зерттеуге көбісі ағылшынша білмейтін ресейліктерден құралған, 31 кісілік экспедициямен аттануымда болды. Орыстар үңгірдің кіре берісін 1984 жылы байқаған еді, алайда британдық спелеологтар мұнда алғаш жетіп, 1990 жылы үңгір жүйесін зерттей бастады; олар үңгір атауын 1970 жылдардағы америкалық ғылыми-фантастика жанрында түсірілген сатиралық фильмнің құрметіне қойды. Содан бері талай уақыт өтсе де, «Дарк стар» көршілес жатқан Фестивальнаямен бірге (бір күні екі жүйенің байланысы анықталуы мүмкін) әлемнің тісқаққан спелеологтарын қызықтырып келеді.

22-37-дарк-стар-6

Таң дай қақтырар бұл алып жүйе альпинистерді қызықтыратын биік тауларға ұқсас. Әйтсе де, бір айырмашылық бар: Эверест шыңы жердегі ең биік нүкте екенін білеміз, алайда жаңа әрі үлкен жерасты қуыстарын бағындыру мүмкіншілігі – шексіз. Марстың беті туралы білетініміз жер қыртысында жасырынып жатқан дүниелерден көп. Грузиядағы 2197 метрлік Крубер үңгірі – бүгінде ең терең тау үңгірі ретінде белгілі. Алайда әлі де зерттелу үстіндегі «Дарк стар» – бұл атақты тартып алуы әбден мүмкін.

Қазірге дейін сегіз экспедиция «Дарк стардың» 17 400 метрге жуық өткелін анықтады, солардың ең тереңі 900 метр төменде жатыр. Дегенмен, жүйе толықтай картаға түскен жоқ. Өйткені, бір жағынан, үңгір тұрақсыз шалғай аймақта орналасқан, екінші жағынан, өте үлкен болғандықтан зор техникалық мүмкіндік пен көптеген құрал-жабдықты қажет етеді.

Тау етегіндегі негізгі базаға дейінгі жер үсті сапарымыз да оңай болған жоқ. 22-54 жас аралығындағы әлемдік деңгейдегі спелеологтар мен ғалымдардан құралған, қатарында ресейліктермен бірге, италиялықтар, еврейлер және бір неміс маманы бар экспедиция командасымен танысу үшін Өзбекстанның астанасы Ташкентке дейін жол жүрдім. Сол жақтан біз үш апта бойы экспедиция кезінде пайдаланатын шығыршықпен жүз келіден аса тамақ тиеп, 185 шақырымнан астам шөлейт аймақты автобуспен өттік. Біз танымал туристік бағыт Самарқанға апаратын көне Жібек жолына түстік. Кейінірек таптаурын жолдан бұрылып, ауған шекарасының солтүстігіндегі Байсынға қарай бет алдық, сонда бүкіл жүгімізді кеңес заманынан қалған алты дөңгелекті әскери көлікке тиедік.

Байсынтау аймағына әупірімдеп жеткенде, тау бірте-бірте 3500 метрге дейін биіктеп, көз тартар жартастарға тарам-тарам сызықтар түсті. Алыстағы аңғардан қоян-қолтық жатқан кішкентай ауылдарды көрдік. Мұнда тәжіктер мен өзбектер ғасырлар бойы ешкі бағып, қарбыз, алхоры, алма және грек жаңғағын өсіріп, мына тауларды тесіп шыққан жерасты өзендерінен басталатын бұлақтардан су тасып тіршілік етіп келеді.

Көліктің артында отырған тәжірибелі геолог, қаба сақалды, көзілдірікті Игорь Лавровтың Қожа Гур-Гур Ата деп аталатын әк жартасты тапқанына шамамен 30 жыл өтті. Содан бері ол өзінің әріптес спелеологтарымен әлі зерттеп келеді. Биіктігі 350 метр, ұзындығы 35 шақырым болатын бұл белес көне әктас қабатына тектоникалық күштер соғылғанда тік қойтастар қабырғасына айналған. Игорь Свердловск Спелеологтар клубының 24 жастағы жас мүшесі болып жүргенде, Кеңес заманының ескі геологиялық карталарынан Байсынтаумен танысты. Бірде диуана қойшының кеңесімен, серіктесі Сергей Матренин екеуі Қайрақ деп аталатын кішкентай ауылдың мұғаліміне жолығады. Ұстаз қолдан жасалған алаумен таяу маңдағы жерасты үңгірлерін бірнеше жыл бойы зерттеген екен. «Тау қуысын қайдан таба аламын?», – деп сұрапты Игорь. «Мына жақтан», – деп мұғалім аңғардың жоғарғы жағында орналасқан біртұтас әктас белесін нұсқайды. Қойтас қатпарының астынан екі спелеолог жартастың орта тұсындағы жұмбақ тесікті байқайды. Бұл – «Дарк старға» кіретін тұс болуы тиіс.

Женя Цурихин салбыраған арқанмен өрмелеп барады. «Дарк стар» жолдары жер астында орналасса да, теңіз деңгейінен 3000 метр жоғары.

Женя Цурихин салбыраған арқанмен өрмелеп барады. «Дарк стар» жолдары жер астында орналасса да, теңіз деңгейінен 3000 метр жоғары.

Көлік жүрместей жарқабақтанған жолға жеткенде, әктасты құздың табанының сырғанақ жиегінде орналасқан негізгі лагерьге жүктерімізді жеткізу үшін 15 есекті 2 күн бойы жектік. «Дарк стардың» анықталған 7 кіре берісі де осы беттен табылады, әрі оған арнайы құралдармен өрмелеп қана жетуге болады.

Үңгірге жету үшін арқандарды тартып, шығыршықтарды орнатқанша бірнеше күн өтті. Ақыры мен үңгірдің негізгі кіреберісіне (Ижевская немесе R21 деп аталады) дейін 137 метрлік арқанмен көтерілдім. Спелеологтардың «Дарк старды» неліктен жанды, тірі жаратылыс ретінде қарайтынын түсіндім. Төменде, негізгі базада температура +38 °С айналасында болатын, алайда мұнда «Дарк стар» көмейінен ұйытқыған суық желдің өтінде қалғанымды көріп таңғалдым.

Ешкім үңгірдің желдету жүйесін толықтай түсінген жоқ, алайда сырттағы барометрлік қысым жоғары кезде бұл кіреберіс ауаны шығарып, қысым аз кезде кіргізеді. Егер «Дарк стар» осы жерден дем шығарса, онда басқа бір тұстан ауа жұтып тұруы тиіс. Бірақ қайдан? Мұз басқан төбеден төмен қарай апыл-ғұпыл түсіп келе жатып бағзы заманғы айдаһар көмейіне кіріп келе жатқандай сезімнен арыла алмадым.

Тура кіреберісте ресейлік молекулалық биолог Тоня Вотинцева қабырғаға кішілеу ақ диск қадау үшін тоқтады. Оның негізгі міндеті – үңгірдің жаңа табылған тұстарын картаға түсіру. Алдағы екі жыл бойы температурасы, ылғалдылық, көмірқышқыл газы деңгейін және барометрлік қысымын жазып алып отыратын осы дерек тіркегіш құрылғының бірнешеуі үңгірдің бойына қондырылады. Содан кейін олардың бәрі жиналып, зертханаға сараптамаға жіберіледі.

Жер астында дерек көп. Олардың көпшілігі – үңгір табанынан көтеріліп, төбесінен салбыраған сүңгілер құрамындағы сталагмит және сталактит деп аталатын минерал жыныстарда. Мұздықтардың үлгілерін алған тәсілмен ғалымдар сүңгілерден де деректер жинақтайды. Мыңдаған жылдар бойы су тамшысы әсерінен осындай жағдайға жеткен қыртыстардың химиялық құрамын зерттеу арқылы Жердегі ауа райы әр мезгілде қандай болғаны туралы дерек жинауға мүмкіндік бар.

Жыл сайын Орталық Азияның ауа райы тарихы, үңгірдің желдеткіш жүйесі мен архитектурасын түсіну үшін топ мүшелері осындағы әр бұрыштан үлгілер жинайды. Тоняның соңын ала мен де күңгірт көк түсті мұз қапасының астына сүңгіп кетіп, 250 метрдей ұзын, 30 метрдей биік «Толған ай дәлізі» деп аталатын алып камераға кірдім. Маңдайшамның жарығын көбейтіп, бөлменің ішін шолып шықтым. Қабырғалар жарықпен шағылысқан миллиондаған айналар секілді. Дәліз тұнық түнгі аспандағы жұлдыздар галактикасы тәрізді жарықтандыратын жұқа қырау тарамдарымен көмкерілген.

Міне, көзден ғайып болып, арғы бетте күтіп тұрған Ларисаға да жетемін. Солай деп үміттенемін. Командаға қосылғалы бері орыстар алау жанында сұхбат кезінде қайғылы жағдайға душар болған спелеологтар оқиғасын, оған қоса, Британиядағы үңгірде басқа бағытқа бұрылып адасып кеткен жас зерттеуші туралы айтып, менің «сарыауыз» екенімді еске салғысы келгендей көрінді. «Бір жыл өткен соң оның денесін тауып алды», – дейді орыстардың бірі. Сондай-ақ, менің, «америкалықтың» қаншалықты ауыр жүк көтере алатынымды, арқанды пайдалануымды және мазақтауға көнетінімді біліп алып, кездейсоқ тапсырмалармен мазалап тұрды.

Орындайтын бір-ақ нәрсе қалды. Өмілдірікті арқанға іліп, көлдің арғы бетіне қарай сырғанап, шамамен иглу (эскимостар баспанасы) көлеміндей болатын күмбез тәріздес қуысқа апаратын жағалауға аяқ тіредім.

Синнотт мұздық суына құлап кетуден сақтануда. Мұнда су киім кеппейді. Бұл жерде гипотермия, тобығыңызды сындырып алу не адасып кету қаупі өте жоғары.

Синнотт мұздық суына құлап кетуден сақтануда. Мұнда су киім кеппейді. Бұл жерде гипотермия, тобығыңызды сындырып алу не адасып кету қаупі өте жоғары.

Лариса мұнда жоқ болып шықты. Мұнысы – жалғыз жол таба алатынымды сынап көруі. Бұған дейін олардың сынақтарына жылы жүзбен шырай танытатынмын. Алайда қазір күлуге шама жоқ. Маңдайшаммен айналаны жылдам шолып шыққанда, камерадан шығатын екі жол көрінді. Екеуінің қайсысына Лариса кіріп кеткенін анықтау үшін құлағымды тостым, бірақ төбеден көлге тамшылаған судың дыбысынан басқа ештеңе естілген жоқ.

Ойланып алайын деп қуаты таусылып қалмас үшін жарықты өшіріп қойдым. Айнала көзге түртсе көргісіз қараңғы. Жарық фотондары миллиардтаған шақырымды тіліп өтіп, бүкіл әлемді емін-еркін шарлайды, бірақ ешқашан қайтып келмейді. Тау тереңіне апаратын қабысқан жолдар қабырғаларға жарық түсіретін маңдайшам сәулесін шектейді. Сол сәтте адасып кеткен британдық спелеолог шамы өшкенде, моласына айналған жерде жатып өзін қалай сезінгені туралы ойландым.

«ЛАРИСА!». Айқай салдым, бірақ кішкентай камерадағы дауыс қабырғадан кері қайтты. Кенет оның «қорықпаңыз, жоғалмайсыз» дегені қалжың екенін түсіндім, себебі адасып кету оп-оңай.

Мен таңдаған алғашқы өткел, бақытыма қарай, көп ұзамай тұйық жерге тірелді. Екіншісі мені су ағысымен пайда болған жұқа минералдардан құралған жылтыр тасқа әкелді. Лариса соның үстінде отыр екен.

Іштегі жарығы сығырайып көрінген, шашыраңқы қойтастың үстіндегі бағанға орналасқан қанық түсті екі шатырға, готикалық лагерь орналасқан «Т» үлгісіндегі қиылысқа бет алдық. Маңдайшамның сәулесі бағытымызға жоғары-төмен түсіп, Женя Цурихиннің «Готикалық камераға хош келдіңіз!» деген гүрілдеген дауысы естілді. Женя – топтың жетекшісі, бұл оның Байсынтаудағы 10-экспедициясы. Ол Ресей мемлекеттік институтында істейді, дегенмен, «Дарк стар» оның шынайы өмірдегі жұмысы және үңгірдің шым-шытырық байланыс жолдарын одан артық ешкім білмейді. «Ол жаңа өткелдердің қайда апаратынын зерттелмей тұрып-ақ біледі», – дейді маған жастау келген орыстың бірі.

Женя шатырлардың біреуіне қарай шақырды. Есік ашылғанда бу шығып, іштен пештің ызылдаған үнін естідім. Комбинезонымды шешіп артынан ердім. Әр экспедиция кезінде табылған жолдар түрлі бояумен белгіленгендіктен, карта адам қан айналу жүйесінің көптүсті схемасына ұқсайды. Ирелеңдеген жасыл жолақты балшық жұққан саусағымен жылжытып әкелген Женя бір нүктеге келгенде аузы-аузына жұқпай орысша сөйлеп кетті. Ол бұған дейін тапқан 37 метрлік сарқыраманы нұсқап тұр. Бұл тұс әлі бағынған жоқ.

Мен топтың басқа екі мүшесімен бірге шатырдың ішінде сығылысып, Жер кіндігінің тереңіндегі алғашқы түнімді өткіздім. Мұнда күн мен түннің айырмашылығы жоқ, уақытқа бағынышты емес кестеге сай топ мүшелері келеді, кетеді, ұйықтайды, тамақ ішеді. Мен төрт күн бойы үңгірдің түбіндегі ұсақ тасты сызатты үңгіген үш израильдік спелеологтың жүрген дыбысынан ояндым. Солардың бірі жас геолог Боаз Лангфорд: «Бізге жаңа бағыт табу керек. Қызыл көлді зерттеуге бармақпыз. Бізбен бірге жүргеніңіз жөн», – деді.

Менің киінгенімді күтудің орнына ол негізгі нұсқаулықты даңғырлай айтып, кетіп қалды. Жарты сағат өткен соң тағы да қараңғылықта жалғыз қалып, жолайрыққа тап болдым. Мұнда екі арқан бар: біреуі едендегі саңылау арқылы тікелей төмен, екіншісі жоғары қарай тұңғиыққа бағытталып, 6 метр биіктегі ойыққа батып, жоқ болады. Израильдіктердің қайда кеткенінен хабарсыз мен едендегі саңылауды таңдап, салбыраған сары түсті сүңгі қабырғалар арасынан үш жолдың қиылысын табу үшін төмен түстім.

Мен зияны ең аз нұсқаны, ауа құбырының өлшеміндей болатын, суға толы 10 сантиметрлік түтікті таңдадым. Рюкзагымды кіргізіп, басыммен алға қарай итердім. Алақаным мен білегімді тіреп, кеудемді суға тигізбей, жайлап еңбектей жылжып келем. Құбырдың төбесі тарылып, ішіме дейін жерге жабысып қалдым. Кенеттен түтікше төмен қарай кілт бұрылды. Бұл тұс өте тар болғандықтан, бұлшық еттерімнің бүгілуі түтікпен төмен қарай құлап кетуден сақтап қалды.

Жер үстінде демалып жатқанда олар музыка тыңдап, алкогольді ішімдіктерге елітеді. Орыс, италиялық, еврей, неміс спелеологтарының тілі де, діні әр түрлі. «Дарк стар» ғана бәріне ортақ.

Жер үстінде демалып жатқанда олар музыка тыңдап, алкогольді ішімдіктерге елітеді. Орыс, италиялық, еврей, неміс спелеологтарының тілі де, діні әр түрлі. «Дарк стар» ғана бәріне ортақ.

Басыма қан құйылып жатқан кезде, үңгірге қатысты тағы бір оқиға есіме түсті. Медицина мамандығында оқитын, америкалық жас студент 2009 жылы Ютадағы Натти-Патти үңгіріндегі жаңа өткелді зерттеп жүргенде төмен қарай құлдилап, аяғы аспаннан келіпті. Құтқарушылар оны тауып алып, шығарып алуға сәл қалғанда, құрал-саймандар істен шыққан екен. Құбырдың ішіне бетон толып қалғандықтан, оның мүрдесін алып шығуға мүмкіндік болмапты.

Менің жолым болды, құбыр мені су толған камераға лақтырып жібергенде, үңгір киімдерінің тасқа тиген дыбысын естідім. Израильдіктер алдымда тұр. Олар «Дарк стардың» белгісіз түкпіріне одан әрі апаратын кішілеу өткел тауыпты. Бірінші кім түседі деп дауласып тұр екен. Еврей тілінде «Бұл – менікі!» деген біреуі достарын итеріп тастап, құбырға сүңгіп кетті.

Экспедицияның уақыты аяқталуға жақындаған сайын үміт күттірген жаңа өткелдің көбі тұйыққа тірелді. Топ үңгірден шығып, Ташкентке қайту үшін ұзақ жолға әзірлене бастаған, алайда Женя мен тағы бір ресейлік Алексей Серегин сарқыраманың биігіне шығып, жаңа жол іздеуге тағы бір талпыныс жасамақ болып қалып қойды.

Үш күн күттіріп, олар ақыры негізгі лагерьге балшыққа малынып, үлкен жаңалықпен оралды. Олар сарқырамаға шығып, қайта-қайта түрткілеп жүріп, кеңдігі 23 см-дей болатын қуыстың үстінен түсіпті. Алексей жарыққа кіріп көрмек еді, басы сыймай қойыпты. Женя иықтарын қушитып, беліне дейін кіріп, бұралаңдаған мұржамен жоғары өрбелейді. Жарты сағат бойы бұралаңдаған құбыр ішінде ол үлкендігі Мәскеудегі метро туннеліндей болатын, күркіреген өзен дыбысы естілген дәлізге тап болыпты.

Оның 20 жыл бойы іздеп жүргені осы дәліз бе еді? Әлде, бұл «Дарк старды» үңгірлердің Эвересі екенін дәлелдей ала ма? Ол дәліздің қайда апаратынын көру үшін сапарын жалғастыра беруді жан-тәнімен қалайды. Өкініштісі, топтың уақыты аяқталған еді.

Жігіттердің оқиғаны баяндауы топ мүшелерін бір серпілтіп тастады. Үңгір экспедициясының керемет мәресі, яғни ирелеңдеген беймәлім жұмбақ жолдың табылуы мен Жер астында күтіп тұрған жаңа оқиғалар бәріне, тіпті «америкалыққа» да аян еді.


Марк Синноттың қызығушылығы оны әлемнің әр түкпіріндегі 30-дан астам экспедицияға апарды. Ол бұған дейін Арал теңізі туралы жазды. Робби Шоун Инсбуркта, Аустрияда тұрады. Бұл – журналға шыққан оның алғашқы мақаласы.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля