..."/>
ЗЕРТТЕУ

Апатқа ұшыратқыш акула

MM8288_140514_00012_360r

Ұзын жүзбеқанаттылар мен лоцман балықтар бірге жүзеді, бірақ бұл акулалар адамнан үркіп қалған. Ол акулалар коммерциялық аулау салдарынан мүлде азайып кетті.

Бір кездері ұзын жүзбеқанатты акулалар мұхитты билеп-төстеп, теңізшілердің зәресін ұшыратын. Қазір олар ізім-қайым жоқ.

Авторы: Глен Ходжес

Фото: Брайан Скерри

1971 жылы АҚШ-та «Көк су, ақ ажал» деректі фильмі экранға шығып, бірден көрермен ықыласына бөленді. Бірақ бұдан 45 жылдан кейін түсірілген Оңтүстік Африкадан 150 шақырым қашықтықта кит қаңқасына үймелеген ұзын жүзбеқанатты акулалардың бейнежазбасы одан да бетер таңдандырды.

Оның ғажаптығының екі себебі бар: біріншіден, сүңгуірлер акулаларды киноға қауіпсіздік торының сыртына шығып түсірген; жем жеп жүрген акулалар арасында тұрып киноға түсіру әдісіне бұрын-соңды ешкімнің батылы бармаған тәрізді. Екіншіден, мұндай көрініс енді қайталанбауы мүмкін. «Олардың көптігі сонша, санау мүмкін болмады, – дейді сүңгуірлердің бірі Валери Тейлор. – Мұндай көрініске енді сіз ешқашан куә бола алмайсыз. Бәлкім, кейін, болашақта біреу көрер, бірақ оған да күмәнім бар. Ал сіздің енді мұншама акуланы көрмейтініңіз анық».

Жерсеріктік құрылғы орнатып және жеке құжаттық ен салынған ұзын жүзбеқанаттылар Багамның Кәт аралында жүзіп жүреді. Ен салып бақыламастан бұрын ғалымдар олар туралы өте аз білді.

Жерсеріктік құрылғы орнатып және жеке құжаттық ен салынған ұзын жүзбеқанаттылар Багамның Кәт аралында жүзіп жүреді. Ен салып бақыламастан бұрын ғалымдар олар туралы өте аз білді.

Бір кездері ұзын жүзбеқанаттылар саны жағынан ең көп мұхит акулалары санатында болған. 1969 жылы шыққан беделді The Natural History of Sharks кітабы олар туралы «бәлкім, жер бетіндегі салмағы 45 келіден асатын ірі жануарлардың арасында саны жағынан ең көбі болар» деп те жазған. Бірақ олар ғылыми тұрғыда жеткілікті зерттелмеді. Әлеумет олардың қамын онша ойламады: нәтижесінде, акула жүзбеқанаттарының саудалануы және балықтардың көптеп аулануы кесірінен бәрі қазір жоқ боп кетті.

«Біз бұл түрді бүкіл әлем болып жойып жатырмыз», – дейді бұл акулаларды зерттеген аз ғалымдардың бірі Демьян Чапмән.

– «Жақсүйектер» фильмін көрген болсаңыз, ұзын жүзбеқанаттылардан хабарыңыз бар болғаны. Олар – жапон сүңгуір қайығы АҚШ кемесі Indianapolis-ті суға батырғанда команда мүшелеріне жабылған акулалардың ең көбі. Оқиға бүгінгі ұрпаққа сол апаттан аман қалған капитан Куинттің монологынан кейін танымал болған». Ол: «Суға 1100 адам құлады, оның 316-сы аман шықты, қалғанын акулалар алып кетті», – деді.

Куинт әңгімесінде біршама шын деректер айтқанымен, команданың бастан кешкенін дәл суреттеп бере алмады. Бұл шындық: команданың 1200-ге жуық мүшесінің 900-ге жуығы суға тірі күйінде кетті, олардың басым көпшілігі келесі бес күндегі тамұқтық жағдайға шыдамай көз жұмды.

Бірақ мен Indy-дің матросы, 92 жастағы техастық, аса сөзшең емес Клитас Лебоудан суда өткізген күндердің ең қиыны не болды деп сұрағанымда, ол ойланбастан: «Шөлдеу», – деп жауап берді.

– Бір кесе су үшін бәрін беруге дайын болдым.

– Акулалар ше?

– Олар кейде жан-жағымызда жүзіп жүрді, бірақ бізге тиіскен жоқ.

92-дегі Лайле Уменхоффер: «Акулалар тым жақындап кеткенде теуіп жіберетінбіз. Олардан қатты қорықтым деп айта алмаймын. Бізді басқа қиындықтар мазалады», – дейді. Құтқарушылар келгенге дейін тірі қалғандардың бір-бірінен 250 шақырымнан астам жерге алшақтап кеткені белгілі болды, олардың бастан кешкен жағдайы да әртүрлі. Өлгендер тіріліп келсе, талай әңгіме айтар еді. Бірақ мен былтыр жазда сөйлескен, қазір көзі тірі 31 адамның 14-інің ешқайсысы акулаларды бастан кешкен зобалаңның ең ауыры деп есептемейді. Куинттің «қалғанын акулалар алып кетті» деуі техникалық тұрғыдан дұрыс. Бірақ шындығына келсек, олардың көбі жарақат, суық, тұншығу, шөл және тұзды суға улану тәрізді себептерден ажал құшты. «Акулаға жем болғандарды көрдім, бірақ олар бірнешеу ғана», – дейді тірі қалған 89 жастағы Дик Телен. Бірақ ол одан екі немесе үш есе көп адамның теңіз суын ішуден өлгенін көріпті. Қауымдастықтың бір мүшесі айтпақшы: «Куинт шөл туралы ештеңе айтқан жоқ».

Ұзын жүзбеқанаттылар кеуде жүзбеқанаттарын жайып тастап, шексіз мұхит айдынында жемтік іздеуде. Жеуге жарамды бірдеңе табылғанда мұқият тексеріп алады.

Болған оқиғаны бұрмаламай жеткізу керек, өйткені ұзын жүзбеқанаттыларды ажал сепкіш жауыз деп суреттеу салдарынан жеуге жарамды бұл түр жойылып кетуі мүмкін. Құрлықта көбейіп кеткен жыртқыштардың көзін жойып отыруды түсінуге болады. Олар экологиялық азғындауға ұшыратады. Ұзын жүзбеқанаттылардың жоғалып кете жаздауы мұхит экожүйесіне қалай әсер етті? Оны ешкім білмейді. Бұл түрдің жеткілікті зерттелмегені сонша, олардың кемуінің басқа түрлерге тигізетін әсерін айтпаған күннің өзінде, бұл акулалардың азаю себебін анықтауға талпынудың өзі кем мозаиканы құрастыруға тырысумен бірдей боп тұр. Және біз бұл акулаларды адамжегіш хайуан деп қабылдасақ, жетпейтін бөлшектерді табуға тырыспаймыз да ғой. Егер Indianapolis қазір батса, оның адамдарын ұзын жүзбеқанаттылар мазаламас та еді және бұл көңіл жұбатарлық жаңалық боп қабылданбас та еді.

Режиссер Джой Ромейро Кәт аралы маңында ұзын жүзбеқанаттыны жақыннан түсірді. Мұны адам жегіш деу – асыра айту, дей тұрғанмен, адамға сақтық қажет-ақ. Себебі олардың «Сәлем!» дегені – соғып өтуі.

Режиссер Джой Ромейро Кәт аралы маңында ұзын жүзбеқанаттыны жақыннан түсірді. Мұны адам жегіш деу – асыра айту, дей тұрғанмен, адамға сақтық қажет-ақ. Себебі олардың «Сәлем!» дегені – соғып өтуі.

БІРДЕ АЛҒАШҚЫ АКВАЛАНГИСТ ЖАК КУСТО ұзын жүзбеқанаттыларды: «акулалардың ең қауіптісі», – деп атады, бірақ акулалармен жиі кездесетін тәжірибелі сүңгуірлер бұл түрге мұқият қарағанды дұрыс көреді. «Су астына түсудің бірегей нәтижесінің бірі – ұзын жүзбеқанаттарды көпшілік пікірі бойынша қабылдамай, шынайы мінез-құлқын өз көзімізбен көруімізде, – дейді «Көк су, ақ ажал» экспедициясының тағы бір сүңгуірі Стән Уотермән. – Біз тамаша тәжірибеден өттік, өйткені біз тордан шыққанда акулалардың не істейтінін білген жоқпыз».

Олар Indianapolis апатынан аман қалғандар айтқан талай жайтқа куә болды: ұзын жүзбеқанаттылар жақын кеп соғып өтуден жасқанбайды, тіпті қайта-қайта кеп тиіседі. Бірақ адамдар топталып, оны үркітіп жіберсе, шабуыл жасамауы да мүмкін, әсіресе, егер мұхитта басқа да жемтік жеткілікті болса. Біз жүз шақты рет тексеріп-зерттедік, сосын олар бізді «күш жұмсауға тұрмайды» деп санап, кетіп қалды.

Ұзын жүзбеқанат – ересек шағында дене тұрқы 2,5 – 4 метр, қорқыныш тудыратындай ірі, батыл да бірбеткей акула. Ашық мұхит дегеніміз – экологиялық шөл, сондықтан олар мұхит айдынын шарлағанда күш-қуатын барынша үнемдеуге және жолда кездескеннің жеуге жарамды-жарамсыз екенін анықтағанда мейлінше аз уақыт жұмсауға тырысады. Олар су айдынында ұзын жүзбеқанатын жайып тастап жүзіп келе жатады, апатқа ұшыраған кеменің төңірегінде қалықтаған теңізші, киттің өлігі, тунец үйірі тәрізді жемтікті көргенде тоқтай қап, тексереді. Егер маңайда сізден басқа жемтік болмаса, акула қаһарына мінеді. Ал жағдай басқаша болса, көбінесе тиіспей кетіп қалады.

октябрь-мастер2-72

Десек те, ұзын жүзбеқанаттылардың мінез-құлқы туралы ең қызықты әңгімелердің бірі кеме апаты мен сүңгуірлерге байланысты емес. 1950- жылдары Мексика шығанағындағы балық шаруашылығы зерттеушілері бір ұзын жүзбеқанаттың қарнын жарғанда қатты таңғалды. Одан 2,5 – 4,5 келідей тунец шықты. Өйткені акулалар кішкентай тунецтерді қуып жетіп аулайтындай жылдам емес. Әлгі зерттеушілер бір күні тунец үйірінің арасымен ауыздарын арандай ашып, жүзіп келе жатқан бір топ ұзын жүзбеқанаттыларды көрді. «Балықтарды қуып немесе аулап күш жұмсаудың еш қажеті жоқ», – дейді зерттеушілер. – Ұзын жүзбеқанаттылар тунецтердің ауызға жүзіп келе жатып, өздері кездейсоқ секіріп түскенін күтеді».

«Әрине, мұндай қылықты қазір бақылау мүмкіндігі бар деп айта алмаймыз, ең сорақысы, сол көріністі түсірген зерттеушілердің өзі ұзын жүзбеқанаттыларды ақырын жақындатуға жол ашып берді. Олар АҚШ суларында өндірістік балық аулаудың қандай түрін дамытуға болатынын көрсетіп берді», – дейді Джулия Баум, – шығанақтағы ұзын жүзбеқанат популяциясындағы өзгерісті бағалау үшін 1950-жылдар мен соңғы кезде ауланған балық туралы ақпаратты салыстырған теңіз экологы. Олар бұл ауларды тунецтер үшін қойған еді, қараса – ауға түскен балықтарды жеп, өздері де ауға шырматылған акулалар қаптап жүр. Зерттеушілерде тунецтерді өндірістік деңгейде дамыта аламыз ба деген күдік туындады, өйткені акула өте көп кезікті.

5334534

Балықшылар екі шешімге келді: тунецтерді жеп қоймай тұрғанда акулаларды атып тастау керек және оларды ұстайтын бөлек ярусты ау орнату қажет. Акула жүзбеқанаттарының қомақты ақша тұратынын олар да түсінген еді. Осы екі шара акулаға деген жек көрушілік пен Азиядағы жүзбеқанат сорпасына деген сұраныстың өсуі салдарынан, соңғы бірнеше онжылдықта жер бетіндегі акула популяциясына қатты зардап шектірді. Бұл, әсіресе, ұзын жүзбеқанаттылардың санын күрт төмендетті. Баумның зерттеуі олардың популяциясы Мексика шығанағында 2004 жылы 99 пайызға азайғанын көрсетті. Баумға сын айтушылар болса да, тағы бір зерттеу Атлант және Тынық мұхиттарындағы акулалардың да жоғарыда айтылған мөлшерде азайғанын көрсетті.

2010 жылға қарай ұзын жүзбеқанаттылардың жағдайы қиын екені анық болғаны сонша, найза балық пен тунец аулауды бақылайтын бес халықаралық ұйым ұстап алынған ұзын жүзбеқанаттыларды кеме бортында сақтауға тыйым салды. Сөйтіп, олар акула тұқымдастардың ішінде алғашқысы болып қорғауға алынды. 2013 жылы Жоғалу қаупі төнген түрлерді қорғау жөніндегі Конвенция (CITES) жүзбеқанаттыларды заңды түрде сатуға қатаң шектеу қойды.

Бұл шаралар тым жеткіліксіз, тым кеш емес пе деген сұрақ туындайды. Жиі ауланатын сүйекті балықтардың көбісінің популяциясы қайтадан тез қалпына келеді. Өйткені олар тіршілік циклында жыныстық жағынан ерте жетіліп, бірден мыңдаған уылдырық шашады. Ал акулалардың көбі баяу жетіледі, сосын жылына бір рет немесе екі жылда бір кішкентай шабақ балалайды. Бұл факторлар оларды көп аулауға сезімтал және жоғалып кетуге бейім етеді. Ұзын жүзбеқанаттыларға келетін болсақ, «олар жыл сайын балалай ма, екі жылда бір балалай ма, оны да білмейміз», – дейді теңіз биологы Эдд Брукс. – Тіршілік дағдысынан хабарың аз жануарды қалай қорғайсың!?».

Қазір екі жүзбеқанаттыны көрсек, қуанамыз, ал 50 жыл бұрын олар жүздеп саналатын. Оларды адамға шабады деу артық десек те, кеме апаты кезінде суға кеткендерге жабылатындығымен аты шыққан.

Қазір екі жүзбеқанаттыны көрсек, қуанамыз, ал 50 жыл бұрын олар жүздеп саналатын. Оларды адамға шабады деу артық десек те, кеме апаты кезінде суға кеткендерге жабылатындығымен аты шыққан.

Брукс – бұл олқылықтың орнын толтыруға әрекет жасап жүрген ғалымдардың бірі. Ол 2010 жылдан бастап Багам аралдарының Кәт аралы маңайында ұзын жүзбеқанаттыларға бақылайтын құрылғы орнатып жүрген зерттеу командасының бір мүшесі. «Кәт аралы – ұзын жүзбеқанаттылар көптеп кездесетін жер бетіндегі соңғы орын», – дейді ол. Бұл Брукс және оның әріптестері акулаларға жасаған жан-жақты да практикалық зерттеулердің алғашқысы емес. Бұл – жалпы, ұзын жүзбеқанаттыларға жасалған бұрынғы және соңғы зерттеулердің алғашқысы.

Кәт аралы Атлант мұхитының терең суларын жағалауға ұрғылап жатқан континентальды шельфтің ең шетінде орналасқан. Марлин және тунец тәрізді ірі мұхит балықтары көптеп мекендейтін тамаша жер. Осыдан 10 жыл бұрын Кәт аралы балықшыларының аулағанын ұзын жүзбеқанаттылар ұрлап, зиян келтіріп жатыр екен деген қауесет тарай бастады.


Грант Брайан Скерридің табиғат аясында жүргізетін зерттеу жұмыстарының бір бөлігін National Geographic қоғамы қаржыландырды.


Сирек кездесетін мүмкіндікті сезген фотограф Брайан Скерри, сүңгуір операторды жалдап, акулаларды су астынан суретке түсіруге көмектесуін өтінді. Олардың ісі табысты болып, Кәт аралынан жиі суға түсетін болды. Айтылған сөзді ғалымдар бірігіп іске асырып жатыр.

«Бұл жобаны біз бұрыннан орындағымыз келген, – дейді теңіз биологы Люси Хоуи. – Бірақ біз оның болатынына сенген жоқпыз, өйткені оларды табамыз деп ойлаған жоқпыз».

Брукс пен Демьян Чапмәннан тұратын Хоуидің командасы 100-ге жуық ұзын жүзбеқанаттыларға спутниктен бақылайтын құрылғы

орнатты. Ол акулалардың қимыл-қозғалысын және басқа да мәліметтерді жазып алады. Олар айтарлықтай бірнеше жаңалық ашты: біріншіден, акулалар Атлант мұхитында серуендесе де, жылдың басым бөлігін Багам аралдарының қорғалған суларында өткізеді. Ол жерде ярустық балық аулауға 1990-жылдары тыйым салынған, ал акулаларды саудалық мақсатта қолдануға 2011 жылдан бастап рұқсат жоқ. Акулалар ауланбайтын заңмен қорғалған алқаптың болуы түрлердің қалпына келуіне зор көмегін тигізуі ықтимал.

Екіншіден, ұзын жүзбеқанаттылар уақытының 93 пайызын су беті мен жүз метр тереңдік арасында өткізеді екен, яғни тунец және басқа да балықтар мол кезде ерте коммерциялық балық аулау салдарынан акулалардың көптеп құрып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан сол тереңдіктегі балық аулауды шектеу консервация шараларына көмегін тигізуі мүмкін.

Үшінші ашқан жаңалық көңілге секем ұялатты. Кәт аралына жиі келетін популяцияның саны 300-ақ акула сияқты. Бес жыл бұрын ен салып кетіп қайта оралған бұл суды зерттеушілер бастапқыда ойлағаннан анағұрлым аз акула мекендейді екен деген тұжырымға келді.

Басқа жерлерде салыстырмалы түрде үлкен популяция мекендеуі ықтимал. Ұзын жүзбеқанаттылар Қызыл теңізде, Кайман және Гавай аралдары маңайында жиі кездеседі. Бірақ ол жерлердегі акулалар жеке-дара немесе шағын ғана топ боп жүреді, сондықтан олардың жалпы саны туралы нақты болжам айту мүмкін емес.

Ендігі кезек күттірмейтін мәселе – олардың балалайтын жерін табу дейді Хоуи. Хоуидің командасы тапқан төртінші жаңалық – Кәт аралындағы ұрғашы ұзын жүзбеқанаттылардың көбісі буаз. Бірақ олар Кәтте балалайды дейтіндей еш белгі жоқ. «Біз Багамнан еш акула шабағын көрген жоқпыз, – дейді Хоуи. – Олардың қай жерде балалайтынын білсек, сол жерді қорғар едік. Сонда бұл түрді қорғау ісіміз алға басар еді».

УАҚЫТТЫ КЕРІ БҰРУ ДА, бұзылған тазалықты қалпына келтіру де мүмкін емес. 1950 жылдардағы салыстырмалы түрдегі таза теңіздер қазір келмеске кетті. Бірақ Багамның шығысынан Мексика шығанағына дейін созылып жатқан Куба өткен шақпен жалғастыратын көпір тәрізді боп тұр. АҚШ-тың 50 жылға созылған сауда эмбаргосы Кубаның экономикалық дамуын баяулатып қана қоймай, табиғи байлықты игеруді де тұралатып тастады. Нәтижесінде, Куба жағалауындағы теңіз бастапқы күйінде сақталған қорлардың бірі боп тұр.

Қазір Куба үкіметі акуланы ақтау жобасымен айналысуда. Соңғы алты жылдан бері Куба акула аулайтын балықшыларды қатаң бақылауға алған. Олар АҚШ-тық әріптестері естісе, қуанатындай мәліметтерді тауып жатыр. Кубаның солтүстік жағалауындағы Кожимар деген кішкентай ауылда акулаларды көптеп аулап жатыр. Олардың ауына түскен акулалардың ішіндегі ең көбі – ұзын жүзбеқанаттылар. Ауға негізінен жастары түседі, кейде кішкентай шабақтары да түсіп қалады.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля