14 наурыз адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні. Еліміздің Батыс өңірлерінде Көрісу күні (Амал күні) қызу тойлануда. Қытымыр қыстан аман-есен шыққан адамдар жаратқанға шүкіршілік айтып, тәубе келтіреді, тек имани амалдар жасауға тырысады. Дәл осы күні бір біріне өкпе-назы бар ағайындар араздасуын қойып, татуласып, табысады. Себебі, бұл күнді қазақтар – «Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тиеді» деп ұққан.
Амал таңын қарсы алған әр шаңырақ ертемен жақсы тілек тілеп, дұға жасайды. Бұл жас кіші ауыл-қала тұрғындары ерте тұрып, жасы үлкендерге сәлем береді. «Жасыңыз құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп бір-біріне тілек тілеп, жылы лебіздерін білдіреді.
Бұл күн адамдар бір-бірімен көрісіп қана қоймай, үлкендерге құрмет көрсетілетіндігімен ерекшеленеді. Ал үлкендерді құрметтеу дәстүрі қазақтар үшін бір күнмен шектеліп қалмайтыны белгілі. Жағдайы бар адамдар мал сойса, малдың жайы жоқтары қыстан қалған сүр етін асып, Наурыздық жасайды.
Наурыз мерекесіне байланысты «амал кірді», амал келді» деген сөз тіркестері айтылады. Шығыс елдеріне тиесілі күнтізбе бойынша, наурыздың басталуы «хамал» яки амал айының бірінші жұлдызына тура келеді екен. Ал «хамал» сөзі тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады.
Ертеде қазақтар бұл күнді «амал» деген екен. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді.
Фото: Саби Майемеров