Мәтін, фото: ДЖАСПЕР ДУСТ
Альпілік қайнар бұлақтарда маужырап отырған жапон макакаларының суреттері жетіп артылады. Ал мен осынау әйгілі қар маймылын басқа қырынан көрсеткім келді. Әрқайсысының өзіне тән белгілері мен ерекшеліктерін фото тілімен жеткізуді көздедім. Сондай-ақ осы жұмысым арқылы адамдар макакалардың мәдениеттегі орны мен оларды қорғаудың маңызын түсінер деп үміттендім.
Жапон макакасы өз туыстарының ішіндегі қиыр солтүстікті мекендейтін жалғыз тіршілік иесі. 2007 жылы Джигокудани Яен-Коуэнге (жабайы қар маймылдары саябағы) алғаш барғанымда макакалардың адамға қатты ұқсайтынын көріп, таңғалдым. Олардың бет қимылдары мен іс-әрекетін түсіну өте оңай. Шынымды айтсам, айнадағы түріме немесе қыздарыма қарағанда осы мақұлықтарды көргендей боламын.
Содан бері бұл жерге сегіз рет келіппін. Бәрін қосқанда, шамамен, екі жарым ай болады. 1960 жылдары макакалардың онсейнде (бұлақта) шомылғанын көрдім. Алайда олар келушілерге санитарлық қолайсыз жағдай тудыратын. Кейін, макакаларға арналған бөлек хауыз жасалды.
160-қа жуық маймыл шомылатын бұл жер бүгінде туристер арасында өте танымал. Сондай-ақ ол – жергілікті халықтың нәпақасы. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан адамдар саябақ маймылдарын көру үшін билет сатып алады.
Ұзақ жылдар бойы зерттеуден кейін кейіпкерлерімнің түр-тұлғасын барынша шынайы жеткізіп, ерекше мінез-құлқын паш етуді мақсат тұттым. Адамдар осы маймылдардың денсаулығына және туризмнің оларға тигізетін әсеріне назар аударғанын қалаймын.