Құстар – табиғат атаулының ажырамас бөлшегі іспетті. Табиғатқа сән беріп, аспанға көрік сыйлайтын да құстың түрлері бар. Сондықтан болар жер бетіндегі тіршілікті құстарсыз елестету мүмкін емес. Басқа басқа қазақта құсқа қатысты айтылған мақал-мәтел, жазылған шығармалар, теңеулер мен аңыз-әңгімелер жетіп артылады.
Атап айтқанда, ел ішінде құстардың ұшып-қонуы мен жүріп-тұруына қарап жыл мезгілін болжап, ырым-жоралғы жасайтындар да бар. Қазақтар аққуды махаббатқа, қарлығашты ынтымаққа, қыранды ғаламат күшке теңесе, ал сауысқанды сақтыққа, бұлбұлды әсем дауыстың иесі деп білген.
Ал сұңқар құсы жылдамдық пен ептіліктің, алғырлық пен зеректіктің символына айналғандай. Одан бөлек «қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» деген тұрақты сөз тіркесі және бар.
Сұңқар – жұптасып тіршілік ететін жыртқыш құстар отрядына жатады. Ол өз жемін күндізгі уақытта, көкте немесе қонақтап отырған құстарды үркітіп жіберіп, ұшқан бойда іліп әкетеді. Одан бөлек қоян секілді ұсақ аңдарды жүгіріп бара жатқан жерінен теуіп қалып жолынан жаңылыстырады.
Қазақ дүниетанымында өжеттілігімен көзге түскен ер-азаматтарды ақ сұңқарға теңеу дағдысы бар. Бұл жабы емеспін, тұлпармын, құладын емес, сұңқармыз деген мақсатта айтылса керек.
Фото: Алтынбек Қартабай, Ерболат Шадрахов