Астанадағы аспанмен таласқан ғимараттар ішінде «Астана Опера» опера және балет театрының орны бөлек. Есілдің сол жақ жағалауында орналасқан бұл өнер ордасының сыртқы көрінісі кез келген адамды өзіне қаратып қана қоймай, тамсандырып, таңдай қақтырары анық. Аса талғампаз шеберлердің қолынан шыққан театрдың ішкі құрылымы да толықтай заманауи құралдармен жабдықталған. Ал театрдың талантты труппасы орындайтын репертуары сан алуан.
2013 жылы пайдалануға берілген ол театр өзінің алғашқы театр маусымын М. Төлебаев осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын жазған «Біржан-Сара» операсымен ашқан болатын.
«Астана Опера» театры Миландағы «Ла Скала», Нью Йорктегі Метрополитен-опера және Мәскеудегі Үлкен театр секілді белгілі театрлар қатарынан орын алады.
Жалпы аумағы 9 гектар жерді алып жатқан ғимарат алаңқайы 64 мың шаршы метрге тең. Оның 3 мың шаршы метрін сахналық алаңдар алып жатса, ал оның биіктігі 13 метрден асады. Әлемнің ең озық классикалық үлгілері негізге ала отырып салынған театр ғимаратының іші-сыртынан ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді де байқауға болады. Атап айтқанда, театрдың кіреберісінде «Қобызшы» және «Жетігенші қыз» туындысы сән беріп тұрса, сыртқы маңдайшасына қола квадрига – төрт жұп ат жегілген қос доңғалаты арбада сақ патшайымы Тұмардың (Томирис) мүсіні қойылған.
«Астана Опера» театры үлкендігі жағынан әлемде үшінші орында тұр. Оны Италия, Германия, Швейцария мен Чехиядан келген шеберлер салған. Театр сахнасы жүйесінің күрделігі соншалық онда кез келген уақытта, кез келген спектакльді қоя беруге болады. Және ондағы вестибюль, фойе, көрермен залы мен сахна жоғарғы классицизм стилінде орындалған. 1250 орынға шақталған залдың акустикасымен италияндық мамандар айналысса, паркет еден, панель тақталары мен көрермендер отыратын орындықтар Италиядан алдыртылған.
Фото: Ерлан Омаров