..."/>
NATIONAL GEOGRAPHIC

Нәзік мәміле

MM8307_160314_059263

Әскери күзет Коломбодағы Галле Фейс Грин бағындағы ұлттық туды төмен түсірді. Ең ірі шаһарда сингалдар мен тамилдердің 26 жылдық қақтығысының белгісі де қалмаған.

Шри Ланка тек жеті жыл өткенде ғана аяусыз азамат соғысының ауыр салдарын сезіне бастады: мұнда мыңдаған адам үйсіз қалып, тағы соншасы із-түзсіз жоғалған.
MM8307_160222_047593

Бойскауттар президент үшін ән салғалы жатқанда полицейлер қауіпсіздікті бақылап тұр. Скауттардың жыл сайынғы жиыны биыл алғаш рет Солтүстік аймақта – Джаффнада өтті.

Босқын тамилдердің лагерінде ер адам баласының тасасында тығылып тұр. Талай қан төгілген соғыстың елесі әлі санадан өшкен жоқ. Мыңдаған тамил өз үйлеріне қайтуды аңсайды.

Босқын тамилдердің лагерінде ер адам баласының тасасында тығылып тұр. Талай қан төгілген соғыстың елесі әлі санадан өшкен жоқ. Мыңдаған тамил өз үйлеріне қайтуды аңсайды.

Авторы: Роберт Дрэпер Фото: Эми Витейл

Әйел қолына пошта маркасының көлеміндей ғана болатын сурет ұстап тұр. Ата-анасының үйінен тапқан күйеуінің жалғыз суреті – осы. Жігіт жағалаудағы Маннар қаласынан шыққан қарапайым балықшы, ал бұлар бұрыннан Шри Ланканың Солтүстік провинциясының орталығы – Джаффна қаласында тұрып келе жатқандықтан, ата-анасы қызының бұл некесіне қарсы болған. Суретінен көрініп тұрғандай, өзі сияқты тамил ұлтынан шыққан ол – дөңгелек жүзді, өзіне сенімді жігіт. Он жыл бұрын жоғалып кеткен күйеуінің кішкентай суретіне тесіле қараған жанары өткен күндердің тұңғиығына сүңгіп кетті.

1999 жылы қыз 17-де болғанда Үндістанның оңтүстігіндегі босқындар лагерінде олар бір-бірін сүйіп қалады. Екеуі де сингалдар бақылайтын Шри Ланкадағы ұзақ та мәнсіз соғыстан қашып жүрген. Аспаннан бомба «жауып» жатқанда Джаффнадағы қыздың отбасы көршілердің денелерін аттап-пұттап қашқан. Жігіт болса кіші қарындасын үйінде армия офицері атып өлтірген соң Маннардан кетіп қалған. Екеуі неке қидырып жатқанда қыздың анасы үнсіз қарап тұрды.

Олар Маннарға 2002 жылы қайтып келді, жігіт қайығы мен ауын алып теңізге шықты. Алдымен ұлды, сосын қызды болды. Аз да болса нәпақа табу үшін ол тамилдердің қарсыласушы жасақтарына канистрмен жанармай сатты. Маннардағы тамил жігіттері арасында жиі кездесетін кәсіп болғандықтан, әйелі бұл жұмыстан көп қауіп етпеді. Күйеуі «Маған бірдеңе бола қалса, мені іздеуге тырыспай, анаңа қайт» деп ескерткенде, әйелі бұған онша мән бермеген. 2006 жылғы 27 желтоқсанда мотоцикліне мініп кеткен ол сол кеште де, одан кейін де үйіне оралмады.

Әйелдің жалаң аяқтары қасынан әтеш жүгіріп өтті. Қалың ойдан қамыққан ол суретті қойды да, құлағалы тұрған алакөлеңке үйдегі басқа әйелдерге қосылып, асүйдің шаруасына кірісіп кетті. Бүгін бүкіл отбасы осыдан бір ай бұрын асқазан обырынан қайтыс болған аналарын еске алуға жиналды. Бауырларының бірі келе алмады. Ол қазір заңсыз түрде Парижде жүр, өзі жұмыссыз. Оны кезінде Шри Ланка әскері азаптаған. Егер қайтып келсе, онда балықшы жігіт сияқты, басқа да мыңдаған тамил еркектері секілді мұны да еш ескертпестен, еш негізсіз, құжат жүзінде айып тақпастан, тіпті ешкімге ештеңе айтпастан, көшеден ұстап әкетуі мүмкін.

Өрілген шашы беліне түсе, ноқат, кәді, бұршақ, тапиока сияқты вегетариандық тағамдарды дастарқанға қойып елпілдеп жүрген 34 жастағы әйел қайғыға бой алдырмағандай көрінеді. «Білемін, күйеуім тірі», – деді ол кесімді түрде. Ол анасының қазасына қайғырып, жол бойындағы дүңгіршекте күріш пен телефон карточкаларын сатқаннан мандытып ештеңе таба алмайтынына қайғырмайды, керісінше оның бойында «күйеуім тірі» деген сенім орныққан. Өзінің және отбасы-ның қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жарияламауды сұраған балықшы әйелінің басты уайымы – жеті жыл бұрын аяқталған соғыстың жұмбақ тұтқынына айналған күйеуінің тағдыры.

Маннар қаласының мектептен қайтып келе жатқан балалары. Шриланкалықтар білім алуға деген конституциялық құқығын ерекше қастерлейді. Жарым түнде шам жарығымен сабақ оқып отырған балаларды жиі кездестіруге болады. Бұл елдегі ересек тұрғындардың 95 пайызы хат таниды.

Маннар қаласының мектептен қайтып келе жатқан балалары. Шриланкалықтар білім алуға деген конституциялық құқығын ерекше қастерлейді. Жарым түнде шам жарығымен сабақ оқып отырған балаларды жиі кездестіруге болады. Бұл елдегі ересек тұрғындардың 95 пайызы хат таниды.

Шри Ланканың өз басында да дәл осындай мәселе болған. Ол да бір кездері әлемнің карталарынан жоғалып кеткен. Оңтүстік Азиядағы жаңа аймақтық держава болады деген ел бұрыннан бықсып жатқан этносаралық алауыздықтың кесірінен қанды соғыстың шылауында қалып, халықаралық қауымдастықты мойындататын мүмкіндігін жіберіп алды. Елді біріктіруге уәде берген жаңа үкімет келгелі сол үміт қайта оянды. Биылғы сәуірде АҚШ-тың Біріккен ұлттар ұйымындағы елшісі Саманта Пауэр президент Майтрипала Сирисена бастаған үкіметтің ерекше жетістіктерін қуана құптады.

Дегенмен, үкімет Пауэр немесе басқа шетелдік лауазымды тұлғалардың көңілін аулауға міндетті емес. Соғыс аяқталғалы өзін көште қалғандай сезініп, сингал көпшіліктің бұлардың ауыр халіне көз жұма қарағанына қапалы болып жүрген аз ұлт – тамилдердің жайы бұдан гөрі маңыздырақ. Кішкентай сурет ұстаған әйелдің де мәселесі – осы. Оның күйеуі сияқты жоғалған жандар табылмайынша, Шри Ланка да қайта бас көтермек емес.

«ӘЛЕМ БІЗДІҢ БАСҚА ЕКЕНІМІЗДІ БІЛСЕ ЕКЕН ДЕЙМІЗ»

Харша де Сильва, сыртқы істер министрінің орынбасары

Тамшы пішіндес аралдың Джаффнадан былайғы батыс жағалаудағы жолының үштен екісін Шри Ланканың әкімшілік астанасы – Коломбо алып жатыр. Ол – соғыстың жарасы байқалмайтын, сәнді де шулы қала. 700 мыңдай халқы сингал буддистер, тамил индуистер және мұсылмандар болып теңдей бөлінген, әрі олар өзара етене тіршілік етеді, жұмыс істейді, тек анда-санда араларында кикілжің болып тұрады. Шри Ланканың болашағына қатысты сан сауалмен келген адам Коломбодан үміттендірерлік жауап табады.

2016 жылдың 8 қаңтарында, Шри Ланка Махинда Раджапаксаның жеке-дара билігін әлемді таңқалдырған бейбіт әрі таза сайлау арқылы құлатқанда, бұл қала ерекше сабырлылық танытқан. Сол шешуші күннен бері елдің жаңа серкелері «Шри Ланка заманауи демократиялық ел ретінде әрекет ете алады» дегенге бүкіл әлемді иландыруға құлшына кірісті. Сирисена әкімшілігі жемқорлыққа батқан сот жүйесін реформалап, шамадан тыс ұлғайып кеткен мекемелерді жекешелендірді, Қытай компанияларымен жасалған күмәнді инфрақұрылым келісім-шарттарының кесірінен қордаланған көп қарыз мәселесін шеше бастады. «Біз түрлі уәде беріп, онысын үш күннен кейін ұмытып кететін бұрынғы адамдар емеспіз. Біздің басқа екенімізді, айтқан сөзімізді бұлжытпай орындайтынымызды әлем білсе екен дейміз», – дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Харша де Силва.

Коломбоға ұшып келген кісі ондағы сансыз көп туристік орындарды — Дамбулла мен Полоннарува храмдарын, хайуанаттар бағындағы пілдер мен леопардтарды, таңғажайып шай алқаптарын, серфингтің Меккесі саналатын Аругам бұғазын көріп, Шри Ланканың 26 жыл бойы жан түршіктірерлік қанқасап ұлтаралық қақтығыстың ошағы болғанын сезбестен, бір-екі аптадан соң елдеріне қайтып кетуі әбден мүмкін. Бірақ географияның өзі жолаушыны соғыстың көзге көрініп тұрған салдарын көрсетпей, аулаққа алып кетеді. Коломбо елдің сингалдар көп қоныстанған оңтүстік бөлігінде орналасқан, көбі буддизм дінін ұстанатын олар жалпы халықтың 75 пайыздайын құрайды. Елдің ең көрікті орындарының барлығы дерлік оңтүстікте орын тепкен. Ал Солтүстік провинция – көзге онша түспейтін, жазық әрі шөлейт алқапта жатқан аграрлық өңір. Оның үстіне бұл жер көбіне индуизмді ұстанатын Шри Ланка тамилдерінің отаны саналады, олар ел халқының 11 пайыздайын құрайды.

Солтүстік пен Шығыста кезінде «Tamil Eelam жолбарыстарын азат ету армиясы» (Шри Ланканы тамилдер Eelam деп атайды) бақылаған де-факто мемлекет болған, бірақ қазір талқандалған. Сол-түстіктегі майдандарда «бүлікшілдерді» жеңу құрметіне орнатылған биік ескерткіштер баршылық.

Бірен-саран туристермен қоса кейде аралдың басқа бөлігінде тұратын шриланкалықтардың өздері де солтүстікті тамашалауға келіп жатады. «Олар тек жеңісті көруге келеді», – дейді бұл жайында ұлты тамил банк қызметкері күйінішін жасыра алмай.

«Бұл – жіберіп алған мүмкіндіктер жылнамасы», – дейді Шри Ланка үкіметінің премьер- министрі Ранил Викремесингхе.

Ол елдің әлі де жүзеге аспаған экономикалық әлеуетін меңзеп отыр. Географиялық жағынан алғанда Қытай мен Үндістанның түйіскен жерінде, саудаға аса қолайлы орында орналасқан, құнарлы жер мен білімді халық та – жаратушының берген бір сыйы. Бұл ел ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияның дағдарысқа түскен кәсіпорындарына иелік етуде Сингапурмен бәсекелес болуды көздеген.

1972 жылға дейін Цейлон атауымен белгілі болған бұл ел қайта-қайта ауысқан үкіметтердің кесірінен өз мүмкіндіктерін жіберіп алды, соның алғашқысы сәтсіз аяқталған социализм болса, соңғысы – он жыл билікте болған Раджапаксаның тамыр-таныстыққа құрылған билігі еді. Оның ауыл шаруашылығына негізделген үкіметі «тым популистік сипатта еді», – дейді Викремесингхе. «Ол халыққа еш нәрсе бермей, тек өз әулетінің үстемдік құруына мүдделі болды».

«Шри Ланканың кішкентай Ниагарасы» атанған Әулие Клэр сарқырамасының маңында шай жапы-рағын теріп жүрген әйелдер. Шай экспортынан экономикаға жылына 1,5 миллиард доллар түседі.

«Шри Ланканың кішкентай Ниагарасы» атанған Әулие Клэр сарқырамасының маңында шай жапырағын теріп жүрген әйелдер. Шай экспортынан экономикаға жылына 1,5 миллиард доллар түседі.

Британдық HALO Trust үкіметтік емес ұйымының жұмысшысы «Тамил жолбарыстарының» бекінісі болған жерді минадан тазартып жатыр. Ұйым жұмысқа көбіне тамилдерді алады, олардың жартысы — жесір әйелдер. Олар 212 мың мина тапқан. Үкімет бұл істі 2020 жылы аяқтауды көздейді.

Британдық HALO Trust үкіметтік емес ұйымының жұмысшысы «Тамил жолбарыстарының» бекінісі болған жерді минадан тазартып жатыр. Ұйым жұмысқа көбіне тамилдерді алады, олардың жартысы — жесір әйелдер. Олар 212 мың мина тапқан. Үкімет бұл істі 2020 жылы аяқтауды көздейді.

Шри Ланканың «жіберіп алған мүмкіндіктері» экономикалық саясатпен шектелмейді. Этностық жікшілдіктің қайта-қайта белең алуы елдің дамуын тежеді. Ағылшын колонизаторлары үстемдік құрған 133 жылда жалақысы жоғары жұмыстар тамилдерге берілсе, сингалдар жартылай білікті жұмыс күші ретінде саналған. 1948 жылы Шри Ланка тәуелсіздігін алғаннан кейін де жаңа басшылар елді біріктіруге тырыспаған. Сингал саясаткерлері аралға б.з.д. 500-жылдары қоныстанып, әлемдегі ең көне буддистік мемлекетті құрдық деген ұлтшыл ұрандарды көтерді. Сонымен қатар олар «тамилдер үкіметтегі жұмыс орындарының үлкен бөлігін әділетсіз иемденген» деген ескі пікірді қолдады.

Шри Ланка үкіметі тамилдерді жүйелі түрде маргиналдандырып отырды: шай плантацияларында жұмыс істеу үшін Үндістаннан келгендердің ұрпақтары сайлау құқығынан айырылды, университеттердегі қызмет орындарын сингал ғалымдарға алып берді, сингалдарға тегін жер беріп, Шығыс аймақта көпшілікті құрайтын тамилдердің арасына қоныстандыра бастады. 1956 жылы сингалдар үстемдік еткен парламент сингал тілін мемлекеттік тіл етіп жариялады. Экспорт пен импорт саласындағы лицензиялар көбіне оңтүстіктегі сингал бизнесмендерге берілді, үкімет Солтүстік аймақтың дамуына көп көңіл бөле қоймады.

1970-жылдары солтүстік бөлініп шығу туралы бастама көтере бастады, «Тамил жолбарыстары» да осы кезде құрылды. 1983 жылы «жолбарыстар» тұтқиылдан шабуыл жасап, армияның 13 жауынгерін өлтірді, бұл этностар арасындағы қақтығысқа түрткі болып, мыңдаған тамил қаза тапты. Тамилдерден жанкешті бүлікшілер бейбіт тұрғындарды қынадай қырды. Шри Ланкада азамат соғысы басталды. Шетелдік инвесторлармен қоса миллионға жуық білікті және жартылай білікті мамандардың төрттен үші елден кетіп қалды.

2005 жылы президент болып сайланған Раджапакса «жолбарыстарға» қарсы соғысты үдетті. Төрт жылдан соң үкімет әскері бүлікшілер мен тамилдердің ондаған мың бейбіт тұрғынын көл маңындағы кішкене алқапқа қуып тықты. 2009 жылғы мамырдың ортасында олар «Тамил жолбарыстарының» соңғы өкілдерін және құрсауда қалған бейбіт тұрғындарды өлтірді. Соғыс бітті. Осы соғыстың кесірінен 100 мыңға жуық адам қаза тапқан болуы мүмкін.

Қатігездік тек бір тараптан жасалған жоқ. «Тамил жолбарыстары» 1990 жылы Солтүстік аймақтан 70 мың мұсылман тұрғынды қуып шықты. Олар тамилдердің мыңдаған жасын күштеп әскерге алды. Олардың храмдарды, пойыз дар мен автобустарды, ұшақтарды бомбалауын нағыз қатігездік әрекет деп атауға болады. Мақтансүйгіш Раджапакса билігі тамилдер жеңілген соң да оларды кемсітуін тоқтатпады. Үкімет тамилдердің саяси белсенділерін ұзақ уақыт еш айып ақпастан қамауда ұстады. «Олар армияның көмегімен бүкіл тамил аймағын жаулап, оны сингалдардың өздеріне қайтып бермек болды», – дейді жаңа үкіметтегі министрлік басшысы, ұлты тамил Д.М.Сваминатан. Мұнымен қоса олар «із-түзсіз жоғалып жатқандарға еш қатысымыз жоқ» деді.

Раджапаксаның Шри Ланкада «көпшілік тираниясын» қалыптастыру идеясы халықаралық қауымдастықтың ұстанымына томпақ келді. 2010 жылы Еуропа Одағы адам құқықтарының бұзылуына байланысты тұрақты даму және лайық ты басқару салаларында бұл елге берілетін ынталандыру қаржысын тоқтатты. Раджапакса әкімшілігінің соғыс қылмыстарын зерттеудегі жарым-жартылай әрекеттері үшін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2014 жылы өз комиссиясын жіберді. Халықаралық қауымдастықтың кәріне іліккен Шри Ланка тағы да құрдымға кетіп бара жатты.

Мен Солтүстік аймаққа Раджапакса сайлауда жеңілерден үш апта бұрын, 2014 жылдың соңында алғаш рет бардым. Журналистер мен БҰҰ тергеушілерінің солтүстіктегі соғыстан кейінгі ахуалды сипаттағанынан мезі болған билік онда барар жолды тас бекітіп тастады. Онда баруға рұқсат алу үшін Қорғаныс министрлігімен айлар бойы келіссөз жүргізу керек. Ақырында әупіріммен рұқсат алған мен, гид және аудармашы үшеуміз таңертең Коломбодан көлікпен шығып, алты жарым сағаттан соң бір кездері бүлікшілердің бақылауында болған аймақтың шекарасындағы Омантай деген шаңдауыт ауылға, алғашқы өткізу бекетіне келдік. Армия офицерлері қағаздарымызға шұқшиып, әлдекімдерге телефон шалып, сұрақтың астына алып, көлігімізді тексеріп, өзара күбірлесіп, ақыр соңында амалсыздан әрі қарай жіберді.

Солтүстік-шығыс жағалаудағы балықшылар майбалық толы ауларын жинап жатыр. 2011 жылдан бері жағалаудан 34 мың мина жиналған. Онда мыңнан астам адам тұрады.

Солтүстік-шығыс жағалаудағы балықшылар майбалық толы ауларын жинап жатыр. 2011 жылдан бері жағалаудан 34 мың мина жиналған. Онда мыңнан астам адам тұрады.

Он күндік сапарымызда сағат сайын өткізу бекетіне кезіге бердік. Солдаттар гидтің мекен-жайын, аудармашымның (әйел адам) ұялы телефон нөмірін талап етті. Даусынан ішіп алған сияқты көрінген офицер бір күні түнде телефон шалып, менің сапар бағытымды пысықтап сұрады. Сенімді адамдарымыз бізбен сөйлескен кісілерге армия қысым көрсетуі мүмкін деген соң сұхбаттарымызды шіркеулердің ішінде, қонақүй бөлмелерінде, елсіз жол бойында, көлігіміздің ішінде жасырын түсірдік. Тамилдердің отаны толық әскериленген аймақ қалпында қалыпты. Сирисена президент болып сайланғанына он ай толғанда, араға шамамен бір жыл салып мен қайта бардым. Бұл жолы ешқандай құжат талап еткен жоқ, Омантайдан соң өткізу бекеттері де болмады. Солдаттар қасымыздан жайбарақат өтіп жатты. Өткен-кеткен тамилдерді аңдып, көшенің бұрыш-бұрышын торуылдаған солдаттарды да байқамадық. Джаффнада «газетке қоқан-лоққы жасалыпты, саяси демонстрацияларды басып тастапты» дегенді естімедік. Шри Ланканың басып алынған аймағы, әсіресе, сырттан келгендерге еркін сияқты көрінді.

Мен сөйлескен тамилдер өрекпіген оптимизмімді басып тастады. «Аздап тыныс алуға мүмкіндік берілді, бірақ бұл түбегейлі өзгеріс емес пе деп қорқамын», – деді жергілікті белсенді. Оның айтуынша, үкіметтің Қылмыстық тергеу департаментінің қызметкерлері әлі де қоғамдық жиындарға келгендерді суретке түсіріп алады екен. «Солтүстіктегі баспасөз оңтүстіктегі БАҚ сияқ ты жұмыс істей алатындарына сенбейді. Әскерилер біздің кеңсені әлі күнге аңдып жүр», – деді тамилдердің басты газеті – «Утаянның» бас редакторы Валлипурам Каанамилнатан.

Бүгінде елдің 200 мыңға тарта қарулы күштерінің төрттен үші әлі де Солтүстік аймақта орын тепкен. «Әскер саны әлі азаймайды, себебі қауіп жүз пайызға сейілген жоқ», – деді Шри Ланка армиясының бұрынғы командирі, генерал Дая Ратнаяке. Оның айтуынша, солдаттардың көбі қазір ауыл-аймақтарда мина жинап, храмдар мен мектептер салып, ағаш отырғызумен айналысып жүр. Бірақ, менің байқағаным, олар  Джаффна аймағындағы ірі қонақүйлерге иелік етеді. Гольф алаңдарын, йогурт зауыттарын да солар ашып алған. Сүтті сиыр ұстап, олардың өнімдерін базарға сататын да – солар. «Олар жерді де, тыңайт қышты да тегін алып жатыр, сондықтан олар Джаффнадағы фермер 20 рупияға сататын өнімді үш рупияға сата алады, – деді үкімет министрі Суаминатан. – Сондықтан біз әскерилерге «жерді халыққа қайтаруларың керек» дегенді қадап айттық».

2015 жылғы сайлауға дейін Раджапаксаның бауыры Готабаяның қарамағында болған әскерилер жаңа әкімшіліктің сөзіне құлақ аспай, соғыс кезінде тәркілеп алған бес мың гектардай жерді қайтармай отыр.

Буддистер монахы орманда жалғыз адасып жүрген жерінен табылған теңбіл елікті тамақтандырып тұр. Б.з.д. I ғасырдың жазбаcы сақталған орында монахтар әлі де тұрып жатыр. Шри Ланка — буддизмді ұстанып келе жатқан ең көне ел.

Буддистер монахы орманда жалғыз адасып жүрген жерінен табылған теңбіл елікті тамақтандырып тұр. Б.з.д. I ғасырдың жазбаcы сақталған орында монахтар әлі де тұрып жатыр. Шри Ланка — буддизмді ұстанып келе жатқан ең көне ел.

«Жерімізді қайтарып алатынымызға ешқандай сеніміміз жоқ, – деді 1990 жылы жерін әскер тартып алғалы кедейлердің лагерінде тұрып жатқан 46 жастағы тамил әйелі. – Олар менің жеріме қонақүй салып тастаған. Содан табыс тауып отыр. Енді соны жайдан-жай бере салады дейсіңдер ме?»

Әйелдің 20 жасар баласы осы лагерьде дүниеге келіпті. Туғалы бері көргені – төбесінен су ағып, еденін шаң басқан, құлағалы тұрған құжыра. «Өзіңіз көріп тұрғандай, мұнда бала бағу мүмкін емес», – деді әйел. Күйеуі туралы сұрап едім, ол біраз уақыт үнсіз тұрды да, ойға батқан үнмен: «Күйеуімнен сегіз жыл бұрын көз жазып қалдым. Оны ақ көлікпен ұрлап әкетті», – деді.

Балықшы үйге қайтпағанда, әйелі «күйеуім қайықпен теңізге шығып кеткен болар» деп ойлапты. Оның телефонға жауап бермеуі тосын көрінген. Бірнеше күннен соң күйеуінің мотоциклін тауып алған ол полицияға барыпты. Олар «Бірдеңе естісек, сізге хабарлаймыз» деп шығарып салыпты. Балықшының әйелі Маннар көшелерінде жоғалып кеткен тамил еркектері туралы әңгімелерді жиі ести бастады. 2008 жылы мотоциклімен кетіп бара жатқан жиенін де басына мылтық кезеп, әлдекімдер алып кеткен. Баланың анасының айтуынша, оны ұрлауға әскери-теңіз күштерінің қатысы бар, мұны бір теңізшінің өзі мойындаған-мыс.

Тамил үнділері Джаффна түбегіндегі Пойнт Педрода «Маси магам» фестивалін тойлауда. Олар храмдағы пұттарды теңізге алып келіп, жуындыру рәсімін өткізеді, зияратшылар да күнәларын «жуып кетіреді».

Тамил үнділері Джаффна түбегіндегі Пойнт Педрода «Маси магам» фестивалін тойлауда. Олар храмдағы пұттарды теңізге алып келіп, жуындыру рәсімін өткізеді, зияратшылар да күнәларын «жуып кетіреді».

Джаффнадағы ауруханада медбике жаңа босанған анамен сөйлесіп тұр. 1987 жылы Шри Ланкаға бейбітшілік орнату үшін келген Үндістан әскері 60­тан астам емделуші мен қызметкерді өлтіріп тастаған. Қазір аурухана қалыпты жұмыс істейді, мұнда түрлі ұлт пен дін өкілдері келіп ем алады.

Джаффнадағы ауруханада медбике жаңа босанған анамен сөйлесіп тұр. 1987 жылы Шри Ланкаға бейбітшілік орнату үшін келген Үндістан әскері 60­тан астам емделуші мен қызметкерді өлтіріп тастаған. Қазір аурухана қалыпты жұмыс істейді, мұнда түрлі ұлт пен дін өкілдері келіп ем алады.

Балықшының әйелімен қоса, Маннардағы, Солтүстік аймақтағы күйеулері жоғалған басқа да әйелдер өз жанайқайын естіртуді ұйғарыпты. Олар полицияға шағымданып, аяғы жеткен түрмелердің бәріне барып шығыпты. Коломбоға барып, үкімет мүшелерінің қабылдауын талап етіпті. Бірақ ештеңе шығара алмаған. Азаматтарының өлгенін растайтын құжаттары болмағандықтан, олар мұрагерліктен де, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемнен де қағылып отыр. Балықшының әйелі Раджапаксаға және Папа Францискке хат жазыпты. Күйеуім армияның бақылауында болған аймақта 2006 жылы жоғалып кеткен. Екі жас балам бар. Маған көмектесіңіздерші. Жаппай көмілгендер, құпия әскери лагерьлер туралы ақпараттар болды. 2015 жылы БҰҰ тамилдерден 15 мыңнан астам адамның жоғалғанын айтты. Шри Ланкадағы халықтың айтуынша, бұл сан тым аз. Ал Раджапакса үкіметі өз кезегінде жоғалғандардың барлығы шетелге қашып кеткен деген тұжырым жасады, бірақ мұның ешқандай дәлелін келтірмеді.

2015 жылы БҰҰ Шри Ланкадағы соғыс қылмыстарын жан-жақты айыптайтын есебін жариялады, онда Раджапакса билігінің «жылдар бойы көзжұмбайлықпен және қылмысты жасырумен айналысып келгені» айтылады. «Екінші мүмкіндікті пайдаланамыз, қазірдің өзінде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді премьер-министр Викременсингхе. Оның айтуынша, мұндағы ең бастысы – тамилдердің жаңа Шри Ланканың құрамдас бөлігі екенін сезінуіне жәрдемдесу. «Олар басқа бәріміз сияқты қалыпты өмір сүргісі келеді», – деді ол.

«Мен кездескен жарларынан көз жазып қалған он тамил әйелі қалыпты өмірге қалай орала алады?» деп ойладым. Олар тіпті жаңа билік келсе де ашық сөйлеуге қорқады. Балықшы әйелінің тәтесі ұлын заңсыз ұстап отырғандардың үстінен сотқа арыз түсіргенде, үкімет өкілдерінің қысымына тап болыпты. Наразылық шеруіне шығам дегендерін қорқытып кетіпті. Осы көктемде ондаған тамил жігітін еш айып тақпастан түрмеге қамаған. Үкіметтің тамил үнділерді аңдуы Раджапакса үкіметімен байланысы бар деп есептелетін буддистердің экстремистік топтарының қайта бас көтеруімен тұспа-тұс келді. Премьер-министрмен кездесуден бірнеше күн бұрын Джаффнада балықшының әйелімен жүздестім. Оның қолында жоғалған күйеуінің жаңа суреті бар, мұнысын газетте шыққан мақаладан қиып алыпты.

Суретте түрменің біркелкі ақ киімін киген, қабақтары түксиген 168 еркек отыр. Жігіттердің көздері қара бояумен жасырылған, оның үстіне сұрғылт көшірмеден қамаудағы тамилдерді бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Ал көзі жасаураған әйел үшін бұл онша қиын емес. «Бұл суретте менің күйеуім бар. Оны анық ажырата аламын. Көршілердің арасынан үш әйел кейбір адамдарды шырамытты. Әйел: «Оны танып тұрмын. Мынау – менің күйеуім», – деді шегелей.

Артынан әлгі түрме де табылды. Әйелдің күйеуі онда болмай шықты. Маннардан жоғалғандардың ешқайсысы онда жоқ екен. Премьер-министр ден: «Көпшіліктің сөзі рас болып, бұл кісілер әскерилердің қарауындағы жасырын жерлерде қапаста отыруы мүмкін бе?», – деп сұрадым.

– Ондай жер жоқ, – деді ол. – Біз әскерилермен сөйлестік, олардың айтқаны – осы.

– Сонымен?..

– Олардың барлығы қаза тапқан, – деді ол.

Былтырғы маусымда Шри Ланка үкіметі 1994 жылдан бері 65 мың адамның жоғалғанын мойын даған. Сондай-ақ үкімет жоғалғандардың істерін тергеу үшін арнайы мекеме құратынын және олардың отбасы мүшелері жәрдемақы алып, өмірін әрі қарай жалғастыруы үшін «жоғалғандығы туралы» куәлік беретінін айтқан. Олай болса, Шри Ланка да өткеннің елесін ұмытып, алға қарай қадам бастайтын шығар.


Эми Витейл Қытайдың алып пандаларды өсіру үрдісінің суреттерін жариялады. Оған қол ұшын берген жазушы Роберт Дрепер 2016 жылы Вирунга ұлттық саябағы туралы жазды.

САРА ИСААКС

САРА ИСААКС

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля