Салға мінген әкелібалалылар Гранд Каньоннан төмен қарай жүзіп, Joshua Tree саябағында серуендеп келеді. Мақсат — жас ұрпақтың саябаққа деген қызығушылығын ояту.
Авторлары: Тимоти Иган және Кейси Иган, Фото: Корт Арнольд
Аризонадағы Лиз өткелі сал арқылы құрлықты жағалай жүзуге мүмкіндік береді. Гранд Каньон бойымен төрт күн бойы жүзуге дайын тұрғандардың ешқайсысы жабырқау сөз айтпады. Бір кездері мұхит табаны болған төбеміздегі тастардан бағзы заманның тіршілік белгілерін көретініміз айтылды.
Гравитациялық күштің әсерінен қалыптасқан Колорадо өзенінің жойқын ағысы бізді теңселтетіні белгілі. Каньон жоталарына өрмелеген арқарларды бақылап, шатқалдан атқылап, бір шақырымдай биіктіктен құлай аққан сарқыраманы тамашалаймыз. Түндерде шекер құмға жантайып, жұлдызы жамыраған шексіз аспанға үңілеміз.
– Қалай, мырза. Бұл жақ керемет емес пе?!
– Қап, құрығыр! Белгі жоғалды.
– Не белгі, не болды?
– Есептік көрсеткіштердің қанша болғанын көре алмай тұрмын.
– Дұрыс болды, – дедім ұлым Кейсиге.
Ол жаңа мыңжылдықтың адамы. Жасы жиырмадан асқан. Ал мен болсам «бэйби бум» кезінде дүниеге келдім. Орта жастамын. Менің замандастарым «ұлттық саябақ» десе, жанын беруге дайын тұрады. Ал ұлымның замандастарының саны бізге қарағанда көп, сондықтан олар оны сақтап қалулары шарт. Өткен түні екеуміз әлеуметтік желілерді әбден парақтадық. Твиттер, электрондық пошта, ғаламтор парақшалары, Фейсбук, Snapchat пен Yelp сайты арқылы Солтүстік Аризонадағы мексикалық мейрамханалардың бәрін тауып алдық, смартфонымыздағы GPS-тің көмегімен Флагстафтағы қонақүйге қайтар жолдан да жаңылмадық. Ал енді диета басталды.
Құрылғыларымыздан, яғни, оларды үзбей пайдаланудан тиылдық. Бар болғаны сегіз секундта қана назарға іліккен мына 2 миллиард жыл бұрын пайда болған кеңістіктен асқан антидот бар ма?
Ұзындығы 11 метрден асатын көлігіміз сал секілді басқарылғанымен іс жүзінде, кішкене қозғалтқышпен жылжитын понтон еді. Әрі, оның түрі де ескі үлгіде болатын. Жылдар бойы өзен ағысына әбден икемделгені көрініп-ақ тұр. Қайықта жол ақысын төлеген 16 турист пен үш гид бар. Маусымның +30 градустан асатын ыстық сәскесінде ескекті есіп, қою көк аспан астында жолға шықтық. Тамаша! Жолы болған аз ғана саяхатшы біз болармыз. Жыл сайын Гранд Каньон ұлттық саябағына келетін бес миллион туристің көпшілігі терең ене алмай, бар болғаны саябақ маңында селфилетіп қана қайтып жүр.
Батыс өңірде өскен отбасым табиғат аясындағы тіршілікті жанындай жақсы көреді. Ал ұлттық саябақтар біз үшін қасиетті ғибадатхана іспетті. Американың табиғи қалпындағы қасиетті мекендерін желдеткіші жоқ әмбебап көлікпен аралап, шұрықтесік шатырда түнеп жүре беруші едік. Қалтамыз қалың болмаса да, өзімізді бай сезінетінбіз. Анам былай дейтін: «Мына атақты дала – біздің жеріміз. Тумысымыздан бізге тиесілі». Кейін, үйленген соң, әйелім екеуміз де балаларымызды табиғатты қастерлеп, саябақты жақсы көруге тәрбиеледік. Йеллоустон және Йосемити, Маунтин-Ривер мұздықтары – көз тоймайтын көрікті мекендер. Алайда Кейсидің бойынан бір селқостық байқаймын және бұл барлық жастарға тән жайт па деп қалдым.
Ұлттық саябақтар қызметінің директоры Джонатан Джарвис: «Жастар, аға буынмен салыстырғанда табиғат әлемінен әлдеқайда алшақтап кеткен», – дейді. Өкпесінің жөні бар. Джарвис бұл сөзін Ұлттық саябақтардың жүзжылдық мерейтойына дейін жылдар бойы түрлі форумдарда айтып келді. «Айфон дәуірінен бұрын ұлттық саябақтар еш уақытта да ескі дүние болып саналмаған еді, — деп ескертті ол бір сөзінде. — Ұлттық саябақтар құбылған, әрі зейіні кеткен ұрпақ үшін сәні кеткен ескі дүние болайын деп тұр».
Ескі дүние?! Ол қалай сонда?! Өткен жылы ұлттық саябақтар 307 миллион турист қабылдады. Бұл ешуақытта болмаған көрсеткіш. Елу жеті жерге келушілер саны ең жоғары көрсеткішке жетті. «Дегенмен, сандарға алданып қалмаңыз», – деді Ақ үйден бірнеше көше әріректе орналасқан кеңсесінде отырған Джарвис. – Қақпадан кімдер кіріп жатқанына назар салыңыз. Олар самайын ақ қырау шалған Джарвис секілді қарттар және… мен. Бұндай құбылыстың біздің ұрпақ арасында етек алуы қауіпті жайт. Балаларымыз Американың ең басты идеясын сүймейтін болғаны ма?! Мүмкін, олар сүйіп те көрмеген шығар». Бір қызығы, Кейси мен оның достарынан табиғатқа құштарлықтың жоқтығын байқадым. Ал технология – олардың жан жолдасы. Екі елі айырылмайды. «Destination» сарапшылары жаңа буынның басым көпшілігі, нақтырақ айтқанда 71 пайызы бір апталық демалыста байланыссыз қалса, өздерін бұ дүниеден шеттетіліп қалғандай сезінетінін айтады. Ал «Бэйби бум» ұрпақтары арасында бұл көрсеткіш 33 пайыз. Көкейдегі сауалға жауап іздей отырып, әкелі-балалы біз, осылайша әлемнің ең тылсым жерлерінің біріне саяхатымызды бастап кеттік. Үмітім – балама бұл мекеннің қасиетін мойындату. Ал ол: «Instagram-ға салған алғашқы суреттерімнің әсері ұзаққа созылса екен деп үміттенемін», – деді қалжың-шыны аралас. Мен оған көзімді аларта қарадым.
Ұлттық саябақтар қызметі орталығының жүз жылдық мерейтойында саябақ бюджеті мен сақтау қызметі, туристердің көптігі, климаттың өзгеріске ұшырағаны туралы естіп, білдік. Дегенмен, саябақты күтіп-баптаушыларды ең алдымен алаңдататыны – жас ұрпақ екен. Саябақтар туристердің жасы мен нәсілінің бір тектілігі жөнінде алаңдаулы. Америка халқының төрттен бірін 18-ге толмаған жастар құрайды. Ал жаңа туған сәбилердің жартысы басқа нәсілдер немесе аз санды этникааралық топтардан болса, саябаққа келетін туристердің көбі қарттар немесе ақ нәсілділер.
«Егер біздің саябақтарымыз кәсіпорын болса, баяғыда-ақ тоқырауға ұшырар еді», – деді Джарвис кеңсе қабырғасында ілулі тұрған Гранд Тетон ұлттық саябағының кешкі шұғыласына шомылған жақтаулы суретін көрсетіп. Мен бұл суретті бұрын да көргенмін, әрі сол шыңдар арасынан жүрдім де. Дегенмен, аталмыш сурет мені әлі де таң қалдырады. Әйтсе де, осыған ұқсас бір сұлу суретті қаланың қайнаған ортасынан келген, ұлттық саябаққа аяқ басып көрмеген балаларға көрсеткен Джарвис кенеттен бірдеңені түсінгендей болды.
«Бұл олар үшін қорқынышты. Ешкім жоқ. Қауіпті. Олар менен «адамдары қайда кеткен?», — деп сұрайды. — Лос-Анжелестен келген бір топ студент те осындай сұрақ қойған еді. Тіпті, көліктен түскісі келмеген. Тып-тыныш қараңғылық олардың мазасын алып, бойларына үрей ұялатты».
Саябақ бүкіл халыққа ортақ дүние болғанымен, оны барлығы пайдалана бермейді. Джарвис Тынық мұхиты жағалауы аймақтарына беталғанда Шығанақ алқабының теміржол жүйесімен жұмысқа баратын. Ол іссапар барысында жаңа Американың түрлі демографиялық иіріміне сүңгіп кететін. Ал басқа күндері төрт сағат бойы Йосемитиге жол жүріп барғанда өзімен қатарлас адамдарды көретін.
«Ұлттық саябақтар – біздің қасиетті орнымыз», – дейді ол. Оның басшысы, Ішкі істер басқармасының хатшысы Салли Джуэлл, REI – Фитнес жабдықтары компаниясының президенті, әрі бас атқарушысы болып жүргенде мына жағдайды байқаған.
«REI – Фитнес жабдықтары компаниясында жүргенде келер 25 жылда бизнесімізге ықпал ететін үрдістерге көп назар аударып жүрдік, – деді ол маған. — Біз өте маңызды нәрселерді танып білдік. Қара нәсілдер мен латын америкалықтарда табиғат аясындағы тіршіліктен ләззат алуды шектейтін мәдени кедергі бар. Ал жастар көбінесе тек техникаға қызығады». Басқа зерттеулер де осы тектес қорытынды жасаған. Агенттіктің бес жыл бұрын жүргізген соңғы ауқымды демографиялық зерттеуі жас ерекшелігі туралы ақпарат бермегенімен, саябаққа келушілердің ішінде ақ нәсілділердің шамадан тыс көптігін көрсеткен.
Бұны реттеу мақсатында Джарвис саябақ туристерінің жаңа бет-әлпетін көрсететін шара ұйымдастырды. Жүзжылдық мерейтой кітапшасының мұқабасында айлақтан көлге секіріп бара жатқан бес балаға қарап тұрған афроамерикалық жасөспірімнің суреті бейнеленген. Олар сондай көңілді. Бұл аймақта қорқатын немесе жалғызсырататын ештеңе жоқ. Бұл адамдар жүретін саябақ. Ендігі жарнамалар туристерді, жастарды, қоңыр, қара және ақ нәсілді келушілерді бейнелейтін болған. Президент Барак Обаманың бастамасымен «Саябақтағы әр бала» атты шара былтыр төртінші сыныптағы барлық балалар мен олардың отбасына саябақтарға тегін кіру жағдайын жасады.
Джуэл «Саябақты оңалту жолына» арнаған бір сөзінде бағдарламаны 12 жылға дейін созуға уәде берді. Ол: «Елімізде табиғатқа деген сүйіспеншілігі төртінші сыныпта оянған бір дәуір ұрпақ өсіп келеді», – дейді. Агенттік 1950 жылдардағы дағдарыстан институционалды инерцияның баяулығынан өздерінің зардап шегетінін түсінді. Ол кезде саябақтардың жағдайы орташа еді. Жолдары кедір-бұдыр, қызмет көрсету орталықтары да ескірген. «Ұлттық саябақтарды жабайық» деген логотип сол кездегі «Харпер» журналының аттан салған мақаласының тақырыбы болған. Соңын ала халыққа үгіт-насихат жұмысы жүргізіліп, инвестиция тартылды, әрі автоиндустрияның «АҚШ-ты өз Шевролеңді айдап жүріп арала» атты ұраны да септігін тигізді.
Қасиетті жорық енді ғана басталды. Дегенмен, ол айтарлықтай ауқымды: саябақ қызметі орталығының маркетинг науқанының ең үлкен бөлігі. Иә, маркетингтің дезодорантты жарнамалайтыны секілді. Шотландия тумасы, табиғаттанушы Джон Мюр мұндай әңгімені естісе жаны құлазуы мүмкін. Әйтсе де, бастапқы нәтиже болашаққа сенім ұялатады. «Жастар көптеп келіп, өз елінің тарихи орындарын, әсем көріністерін, қасиетті ғибадатнамаларды тамашалауда», – дейді Джуэл. Кем дегенде, екі миллион адам «Әр бала» атты саябақтың арнайы рұқсат қағазын жүктеп алған.
Ал технология мәселесі қиындау болып тұр. Кайзер отбасы қорының зерттеуі бойынша, жастар күніне жеті сағаттан артық уақытын электронды медиаға жұмсайды. Бұл аптасына 50 сағатты экран алдында өткізеді деген сөз. Ал 11-14 аралығындағы балалар күніне шамамен 12 сағат уақытын жұмсайды.
«Біз ен даланы тоқ сымдарымен жабдықтайық деп отырған жоқпыз», – дейді Джуэл. – Алайда технологияны теріс жағынан көрсетпей, өз пайдамызға жарата аламыз ба деген мәселе толғандырады».
*2016 ЖЫЛҒЫ ДЕРЕКТЕР КӨРСЕТІЛГЕН. ОНДА АМЕРИКАЛЫҚ ҮНДІСТЕР, АЛЯСКАНЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРЫ, ГАВАЙИ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ТЫНЫҚ МҰХИТ АРАЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАМТЫЛҒАН. МЭТЬЮ У. ШВОТСКИ, NATIONAL GEOGRAPHIC ҚЫЗМЕТКЕРІ; ХАЙСАМ ХУССЕЙН. ДЕРЕККӨЗДЕРІ: ҰЛТТЫҚ САЯБАҚ ҚЫЗМЕТІ; РЕСУРСТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР ТОБЫ; АҚШ ХАЛЫҚ САНАҒЫ БЮРОСЫ
Саябақ қызметі орталығы заманға өкпелеудің орнына cандық дәуірге бойлап кетті. Агенттік жалауын желбіретіп өз тауарына көп, әрі жас тұтынушылар іздеу науқанын бастап кеп жіберді. Үнемі жаңаланып отыратын вебсайт, әлеуметтік желіде, жалпы медиада түсіндіру шаралары ұйымдастырылды және кейбір қалаларда уақытша дүңгіршектер де орнатылды. Мәселен, Нью-Йорк те әрбір ұлттық саябаққа виртуалды тур жасауыңызға болады. Дәлірек айтсақ, олар экран арқылы жастарды табиғатпен етене араласуға шақырады.
«Ұлттық саябақтарды қолымыздан келгенше АҚШ-тың бет бейнесі етіп көрсетпекпіз», – дейді Джуэл. Ол Белла Торн атты 19 жасар әртіс, әрі әнші қыздың Твиттерде алты миллион жанкүйеріне өз (#your) саябағыңды тап деп жазғаны өзінің жазғанынан әлде қайда ықпалды екенін айтады. Алайда біз маркетингпен өз даңқымызды қайта асыра аламыз ба? Арнайы маманданған топтар көмегімен келесі ұрпақ біздің саябағымыз туралы қандай ойда екенін білу бізге шынымен қажет пе? Жаңа мыңжылдық жастары мен этникалық аз топтарды шұқшия зерттеп, зерделеуіміз бір түрлі ерсі көрінеді. Бейнебір жасыл киім киген «Өте зерделі мамандар» белгісіз бір жаратылысты түсінуге тырысып жатқандай.
Колорадо өзені – қоңыр батпақ пен жаңа ғана сіркіреп өткен жауынның жөңкілген тасқыны. Саяхат кезінде ол секундына шамамен 400 текше метр жылдамдықпен ағып жатты. Яғни, секундына 478 тонна су деген сөз. Кез келген салды жұлып әкетіп, күл талқан етерлік күші бар. Қуарған Батыс өңірдегі бұл батпақты өзеннің суығы сүйектен өтеді. Себебі, ол Глен Каньон тоспасының артындағы суқоймадан басталады.
Өзендегі алғашқы күніміз асау ағыста болды. Салдың жиегіне мазасыздана жабыса бердік. Ал келесі күні асау ағынға мінуге тағы асықтық. Бір толқын қайықты орағыта айнала кеп, үстімізді малмандай су қылғанда тұла бойымыз тітіркеніп кетті. Бәріміз қуаныштан айқайлап жібердік. Жайдақ суға келгенде каньон іші де тынышталып, құстардың дауысы естіліп жатты. Жағалауға тоқтап бой жазып, жабайы гүлдердің түр-түрін тамашалап, алып табиғи амфитеатрға тәнті болдық.
Кешкісін кәуап пен портобеллодан дәм таттық. Сосын жұмсақ құмның үстіне кілем жайып, төсекқаптарымызды төседік. Күннің бату сәтін тамашаладық. Бұл бір асқақ сезім еді. Алайда Кейси екеуміз интернеттің жоқтығын енді сезінгендейміз. NBA Ұлттық баскетболдың финалы! Чемпионат! Бәрі мына ақпарат шөлінде бізге беймәлім еді. Дональд Трамп тағы не деді екен?!
Қор биржасы өсе ме, әлде құлдырай ма?» деп іштей уайымдап қоямын. Пошта мен хабарламаның бәрін жауапсыз қалдырдым. Кімнің ашуға булығып жатқанын тек көз алдыма елестетумен ғана шектелемін. Біз ғана емес, Техас штаты Аустиннен келген сегізінші сынып оқушысы, арамыздағы ең жас турист үш бірдей ұялы телефонымен бірге күн энергиясынан қуаттайтын құрылғысын қоса ала келіпті. Оның қуат көзі жетерлік. Тек байланыс жоқ. Белгі таяқшасы мүлде көрінбей қалса болды ол құрысып, бажырая қалатыны бар.
– Болды, қоя салайық, – деп кеңес бердім. –
Айналаңа назар сал. Жұлдыздарға үңіл. Қиялыңа ерік бер.
– Хат-хабарсыз қалудың не екенін енді түсіндім. Бірақ байланыс бола тұра, оны неге пайдаланбасқа? Мен танитын барлық адам халық алдында өзінің не істеп жүргенімен бөліскісі келеді. Егер дәл қазір бөлісе алмасаң, оның ақпараттық мәні жоғалады. Менің ойым осы, – деді Кейси.
Ол сөмкесіндегі құмды, құрт-құмырсқалардың көптігін, монша жоқтығын айтып шағымдана берді. Көңілім қаламаса да алдап-арбап жүрдім. Бұл – жұмақ. Ол бұл жерге келуге, жолдастарымыз—ға, тамаққа және тәуекелшілдікке қарсы болмағанымен, сыртта түнеудің қадіріне жете қоймады.
«Жағдайы жақсы ақ нәсілділер табиғи ортада панасыздықты сезінгісі келетін секілді», – дейді ол. Бұл ренішінен оның өз замандастарының шынайы тұлғасын тануға болады. Саябақ даласында шатырда түнейтіндердің саны 35 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Саябақ қызметі бұны жаңа мыңжылдық ұрпақтың өз өмірін қиындатуды ұнатпайтындығымен түсіндірді. Мен жерге төсек салуға дайындалдым. Біздің жағдайымыз анағұрлым жақсы. Тұмса табиғат пен жайлы саяхат. Бұған дейін Гранд Каньон картадағы адам баспаған иен дала болатын. Ол 1855 жылы оңтүстік-батыс аймақтағы үстірттің «барланбаған» өңірі болып белгіленді. Он төрт жылдан кейін Азаматтық соғыс ардагері, әрі көреген геолог, бір қолынан айырылған Джон Уэсли Поуэлл Америкадағы ең соңғы, ауқымды географиялық құпиялардың бірін ашты. Ол 1869 жылы каньонның ең қиын аумағына экспедициям ен аттанар алдында «Әлі қанша жүретініміз белгісіз. Алдымызда сырға толы өзен жатыр» деп жазды. Алда қандай сарқырама бар, бізге беймәлім еді. Өзенді қандай тастар бөгейді, ол да белгісіз болатын. Суды жағалай қандай құздар болмақ, оны да білмейміз». 1940 жылға дейін каньонды бар болғаны 250 адам ғана бастан аяқ қайықпен жүзіп өткен.
«Рахмет саған, әке. Менің жолым болды, – деді Кейси. – Мен бұны көп адамға бұйыра бермейтін мүмкіндік деп түсінемін. Және әлде біреудің сәулетті сарайын жалғыз аралап бара жатқандаймын».
Келесі күні ұйқыдан тұрсақ, аспандағы жарты ай әлі көрініп тұр екен. Күн сәулесі каньон қабырғасының басын шала бастаған сәтте шатырымызды жинап, өзенге беттедік. Менің тілегім — екеуміз де асықпасақ екен. Каньонның геологиялық уақытымен жылжымасақ та, өзен жағалап, жаныма жақын Хак Финнің жолымен жүріп өтсек деймін.
Сәске кезінде Мәрмәр шатқалы аталатын арнаның бес-алты асау толқынды ағыстарынан өтіп үлгірдік. Бұл батыс өңірдегі су жобаларын басқаратын Қайта игеру бюросының еңбек сіңірген басшысы Флойд Доминидің Колорадо өзеніне тоспа салам деген тұсы болатын. Ол Глен Каньонының жоғарғы ағысына салынған алып тоспаға ұқсас құрылыс болмақ еді. Алайда оның америкалықтар үшін ең бағалы саябақтардың біріндегі алпауыт өзенге тоспа салам деген әрекеті Сикстин капелласына ағылған туристер секілді ауқымды науқан туғызды. Саябақ жанкүйерлері ақыры жеңді. Жаңа ұрпақ ішінен жабайы мекендерді келер жүз жылдықта сақтап қалу үшін дәл сондай мүдделі топ қалыптасуы қажет.
Бұл жолғы қауіп – каньонның шығыс жиегіндегі миллиард долларлық дамыту жобасы болып отыр. Етектегі трамвай рельсін жағалай қонақүйлер желісі, дүкендер мен мейрамханалар салынуы жоспарланған. Колорадо және Кіші Колорадо ағыстарының қиылысқан тұсына келіп, жағалауға тоқтағанда гидіміз осыны баяндап отырған болатын. Бұл тайпалар шежіресі бастау алған қасиетті мекен. Мұнда гондола қайығы күніге мыңдаған саяхатшыны алып келеді. Кіші ағыстың суы әлдеқайда жылы, әрі мөлдір көк түсті екен. Каньонның кіші ағысы жағына жаяу өрмелеп барып, қайтарда қайықпен қайттық. Сосын тағы бірнеше рет қайталап, басымыз меңзең болғанда барып кідірдік.
Кешкісін жағалауға шатыр тігіп демалдық. Техастан үш бірдей ұялы телефонымен келген бала әлі байланыссыз отыр. Үлкендер жағы виски cоғыстырып, шатырда әңгіме-дүкен құрдық. Біреу бірдеңені айтып, бізді сендіруге тырысты. «Қап, гуглдан қарағанда жақсы болар еді», – деді Кейси. Біз бүкіл әлемнің білімі алақанымыздағы құрылғыға тең келмейтін жерде жүрміз. Бұл бізді қатты алаңдатпады. Кейси тау жыныстарына төгілген ай сәулесіне тесіле қарап отырып, иығын қиқаң еткізді де:
– Бұл жер сондай әдемі екен. Құдды, Манхэттен секілді, – деді.
– Қалай? – деп сұрадым.
– Көз жеткісіз каньон, түрлі түсті жартастар бейне бір Нью-Йорк төңірегіндегі құрылыстардың сан құбылғанымен бірдей.
Үшінші күні басқа қайықтарды қайтарарда гидтер бір-бірімен сыбырласып жатты. Кейінірек жаңалықтарымен бөлісіп, басқа бір топтан бір адамның із-түссіз жоғалып кеткенін айтты. Кейін белгілі болғандай, ол өзенді бойлай жаяу кеткен гид болып шықты. Дәл сол күнгі қатты ағыстарда салымыз бірдеңеге ілініп қалғандай баяу қозғалып, күтпеген жағдайға тап болдық. Гид қозғалтқышты ұстап, бірде бұлай, бірде олай бұрды. Кенет қайығымыз шайқалып барып, орнына түсті. Кейси екеуміз гидке қарадық. Бұл ол ойлаған қозғалыс болмапты.
Поуэллдің экспедициясы қауіпке толы болды. Саяхатқа шыққан он адамның алтауы ғана бастан аяқ топта қалған. Екі ағаш қайық жоғалды. Соңына дейін жеткендер күнге күйіп, аштықтан бұратылып, психикалық тұрғыдан қатты күйзеліске ұшырады. «Мен бұны енді көргім келмейді», – деп жазыпты гид әрі экспедицияны жабдықтармен қамтамасыз етуші Джек Самнер.
СОҢҒЫ КҮНІ «Нұрлы періште» соқпағымен 15,3 шақырымды жүріп өтіп, 1337 метрлік биіктіктегі Оңтүстік жиекке көтерілмек болдық. Ыстықтан қашып, түн ортасында жолға шықтық. Жанға жайлы себезгі жаңбыр жауып тұрды. Аспалы көпірмен Колорадо өзенінен өтіп, сол қалпы сақталған ирек соқпақпен жоғары көтерілдік. Мұндағы тас қабаттарына 1,8 миллиард жыл болған. Жиек үстіндегі Кайбаб тас құрылымының 270 миллион жылдық тарихы бар. Әр шақырым жүрген сайын 100 млн. жылға кейінге шегініп отырдық.
Жауын күшейе келе, жартастардан сарқырамалар құйыла бастады. Қуарып, боры шығып жатқан дала құлпырып, түрлі дыбыстарға толып «Эдем» бақшасына айнала кетті. Біз жылдам жылжып, қоржынымызды қолдан қолға беріп, сүйретпе киген ақымақ туристерді сүйедік. Пластик бұйымдардан сулықтың түр түрін жасап алдық. Әрбір үш шақырым сайын демалып, тыныққан сайын сезіміміз сергіп сала берді. Жауын суының бояулы шатқалдан ығыса аққанын көрдік. Түске қарай оңтүстік жиекке де жеттік. Бұл жер сан алуан туристердің, түрлі тілдердің, қонақүй мен мейрамханалардың, дүкендер мен жалдамалы бөлмелердің ордасы болып шықты. Бір күтушімен жолығып, жөн сұрасып едім, әлгі жоғалған гидтен әлі хабар жоқтығын айтты. Бұл хабар біздің өркениетке оралған қуанышымызды су сепкендей басты.
Тұмса табиғатты қорғау үшін жас ұрпақ арасынан табиғат жанашырларын қалыптастыруға мұқтажбыз.
Жарты сағаттай ұялы телефонымызға жабысып, ақпараттан сусындадық. Қор биржасында өсім байқалмады. Жауапсыз қалған электронды хаттардың жартысы жауап бергім келмейтін хаттар болып шықты. Құрылғыларымызды шетке қойып, сырамызды сіміріп ештеңеден құр қала оймағанымызға көз жеткіздік.
ЕРТЕ КҮЗ МЕЗГІЛІНДЕ Америкадағы Альпі тауында орналасқан Солтүстік Каскад ұлттық саябағына бардым. Уашингтон штатындағы топтасқан шоқылардан құралған саябақ Американың құрлықтық 48 штатының бәріне алыс орналасқан, әрі келушілердің аяғы да саябыр. Алайда ну орман қойнауындағы Скагит өзені шатқалында Американың келесі екі ұрпағының ұлттық саябақты аралап, танысып жүргенін көре аласыз. Үкі мен қасқырға еліктеп шулаған бесінші сынып оқушылары мен табиғат жетекшілерін көзім шалды. Балалар Уашингтон штаты Беллингемдегі Берчвуд бастауыш мектебінен келген екен. Ол жердің балаларының жартысы ақнәсілді емес, әрі көбі ұлттық саябаққа келіп көрмеген. Олар мұнда Солтүстік Каскад институты ұйымдастырған үшкүндік «Тау мектебі» бағдарламасымен келіпті. Олардың гиді – табиғат зерттеушілері, саябақ қараушылары, магистранттар барлығы жаңа мыңжылдық ұрпақтары болып шықты. Ойлағанымдай, жетекшілерінің жас ұрпақтың саябаққа құштарлығы жөніндегі алаңдаушылығы бар екен. Дегенмен, тым әсірешілдеу көрінді.
«Адамдар табиғаттан жеріп тумайды, – дейді Тау мектебіне барып, жетекшілікке дайындалып келген Эмма Юарт, – орманды сүю үшін оны көбірек аралау керек». Сондықтан балаларын көз алдынан екі елі алыстатқысы келмейтін ата-аналармен жұмыс жасау керек.
Институт негізін салушы, әрі оның атқарушы директоры Сол Вайсберг өзін Кливлэнд дәстүрін сақтаған Нью-Йорктік еврей бала деп сипаттады. Жасы 62-де болғанымен, сұңғақ бойлы, адымы серпінді кісі екен. Саябаққа деген сүйіспеншілігі отбасының ықпалымен қалыптасқан. Олардың кемпингке шығуы біздің үйдің дәстүрімен шамалас болып шықты. Ол Солтүстік Каскадта маусымдық қараушы болып жүріп, келушілердің бірдейлігіне алаңдай бастаған. «Мен таулы өңірден ақнәсілділерден басқа ешкімді көрмедім», – дейді ол. Сондықтан саябақ қызметі орталығымен бірлесіп, 1990 жылы Тау мектебін құрыпты. Жыл сайын бұл бағдарламадан үш мың бала өтеді екен.
Бұл балалар шамамен екі сағаттық жерде тұрғанымен, олар үшін бұл саябақтар тылсым дүние тәрізді. Көпшілігі үйлеріндегі смартфонның бұғауынан алғаш рет осы бағдарламаның көмегімен босағанын айтты. «Олардың зейін шоғырландыру ауқымы өте қысқа», – дейді Юарт.
Саябақ қызметіндегі мен жолықтырған жоғары деңгейлі жетекшілердің көпшілігі балаларда табиғат тапшылығы синдромы бар екенін айтады. Бұл терминді 2005 жылы «Ормандағы соңғы бала» атты кітаптың авторы, жазушы Ричард Лув енгізді. Ол балаларда болатын кейбір мінез-құлықтық ақаулардың себебін олардың сыртта көп болмауымен түсіндіреді. «Салыстырмалы түрде, табиғатпен етене араласа өскен бала сирек ауырады, әрі бейімделгіш келеді», – дейді Лув. Бұған технология кінәлі.
Лувпен сөйлескенімде ол жағдайдың жақсарып келе жатқанын айтты. Ол саябақ қызметінің өткен жылғы келушілер санын еске ала отырып, «Әр бала» бағдарламасының қаншалықты танымал екенін айтады. Оның ендігі бастамасы – қала балаларын табиғатпен танысуға көптеп тарту. «Бұл өмірге құштарлықты оятатын жақсы әдіс, – дейді ол. – Саябақпен жиі байланысып, табиғатпен етене араласу ұлттық саябақтарға деген құрмет, мейірімді және саяси жігерді оятады».
Жетекшілер таулы мектепте бірнеше күннің ішінде балалардың мінез-құлқы өзгергенін байқаған. Олар ағаштар мен кішкене жануарлардың түрімен таныс бола бастады. Олардың дауысы мен иісін ажырата білді. «Ата-аналары, «балама не істегенсіздер» деп таң қалады», – дейді Берчвудтегі ұстаз Каролин Хиншоу.
Саябақ директоры Джарвис «Тау мектебі» және «Табиғат көпірі» сынды бағдарламаларды барынша құптайды. Соңғы бағдарлама жылына 30 мың оқушыны бес-алты ұлттық сая баққа апарады. Дегенмен, ол саябаққа бір рет бара салғаннан балаларда саябақшыл сезім ояту мүмкін емес дейді. «Шырт етіп шамның жанғаны секілді ойыңызда бір сәуле ұшқындайды. Дей тұрғанмен, адамды өзгерту үшін кем дегенде үш рет табиғатқа апаруыңыз керек. Алғашқы әсерден кейінгі жалғасты ықпалдар болмаса, оның пайдасы шамалы. Бізге қажеттісі – ауқымды мәдени өзгеріс», – дейді ол.
Солтүстік Каскадта жүргенімде Кейси Виргиниядағы Шенандоа ұлттық саябағына кеткен. Хард-вуд орманының түсі оған көп әсер қалдырыпты. Сүйіктісі екеуі Скайлайн Драйвпен өтіп бара жатқанда тоқтап, үйреншікті тұрыстармен фотоға түсіп күлісіпті. «Барлығы селфи болып кетті», – деп қояды.
Олар Мэри Рокқа жаяу шыққан. Тау басында өздері қатарлас жастар көп екен. Құдды, қаптап жүрген ақбөкендердей. Кейси өзі тілдеск ен адамдардың тек Шенандоға бола келмегенін айтады. Кейбірі жергілікті шарап зауытына экскурсия жасау секілді басқа мақсаттармен қыдырып жүрген сыңайлы.
Бірнеше айдан кейін Кейси екеуміз Joshua Tree ұлттық саябағына бардық. Саябақтың солтүстік Калифорния аумағында Мохаве мен Сонора шөлдері түйіседі. Лос-Анжелестен шығып, тынысыңды тарылтатын ирек жолдармен төрт сағат жүрдік. 600 метр биіктікке көтерілген соң ақыры, қыс қарсаңындағы қараңғылыққа ұқсайтын түнекке келдік. Толықсыған ай сәулесін шашып, бұл жерге белгі болған ағаштың сұлбасын көрсетіп тұр. Бағдарсыз, соқпақсыз далада шоқиған ағаштары көрінген көкжиекті бетке алып, жаяу жүрдік. Адасып кеттік.
Шөлдегі бұл аумақ Кейсидің замандастарына өзінің жоғалған әлемімен, ғылыми-фантастикалық атағымен өте танымал. Бұл жерге өнер сиқыры дарыған. Біз ерте тұрдық та, тастарды өрмелей таңырқап, басымыз ауған жаққа кете бардық. Джошуа ағаштары Доктор Сьюз салған суреттей сырлы да қызықты көрінді бізге.
Райан тауына шыққанымызда таубасындағы белгі теңіз деңгейінен 5457 метр биіктікте тұрғанымызды көрсетті. Жел ұшырып әкететіндей. Айналамыздың бәрі шексіз ашық алқап. Шыңда жаңа жауған қар жатыр екен. Райан тауында тұрған біз екеуміз де таң қалдық. Калифорнияның майда жоталарының арасында осындай алып шың барын кім білген?
Кейси маған көкірегінде бір сенімнің көктеп келе жатқанын айтты. Оның замандастары осыдан жүз жыл кейінгі ұрпақтың да Райан тауының төбесінде тұрып, осындай сезімдерге бөленуін қамтамасыз етуге міндетті. «Кем дегенде, жүз миллион жыл болған Joshua Tree саябағы біздің жалт етіп өте шыққан дәуірімізден әлдеқайда алысқа көз салуға үйретеді», – дейді ол.
Өсімдіктің 750-ге жуық түрі бар бұл саябақтың өз болмысын қаншалықты сақтап қалатыны біздің қолымызда емес шығар. Саябақ мұнда келген балаларды серуеннен аз да болса ләззат алуға үйретуі тиіс. Қас қарайып, енді артқа қайтайық деп тұрғанымда Кейсидің ұялы телефонын алып шыққанын байқап қалдым. Ол лезде қайта қалтасына салып үлгерді де, маған қарап жымиды.
– Не болды?
– Байланыс жақсы ұстап тұр екен, – деді ол жымиып.
Тимоти Иган сегіз кітаптың авторы және «New York Times» шолушысы, National Book сыйлығының лауреаты, Пулитцер сыйлығының иегері. Кори Арнольд – фотограф, кәсіби қызыл балық аулаушысы.