..."/>
ЗЕРТТЕУ

Жаужүрек викингтер

MM8450_160126_01939

Басына қауырсынды дулыға киген, шынайыдан гөрі қиялдағы сарбазға ұқсаған шетландық викингтер – дәстүрлі «Ап Хелли Аа» от фестивалін тойлауда. Мейрам кезінде ұзын кеме сұлбасы отқа оранады. ЭЛЛИОТ РОСС

Байлық пен сән-­салтанатқа құмартқан олар Ауғанстаннан Канадаға дейін әлемнің 50-­ден астам мәдениетін бір-­біріне жақындатты.
Польшаның Волинг қаласындағы фестивалде найза-қылыш асынған викингтер мен славяндар бетпе-бет келді. Осындай шағын соғыстар Еуропадағы ірі жерлерді жаулап алумен аяқталып отырған. ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Польшаның Волинг қаласындағы фестивалде найза-қылыш асынған викингтер мен славяндар бетпе-бет келді. Осындай шағын соғыстар Еуропадағы ірі жерлерді жаулап алумен аяқталып отырған.
ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Автор: Хизер Прингл Фото: Роберт Клэрк және Дэвид Гуттенфельдер

528416

Викинг лорды мен оның тобын көшеде қалтырап күтіп тұрғанбыз, үстімізге салқын жаңбыр себеледі. Бұл Леруиктегі ежелгі Шетланд қаласының қаңтардағы қатал түні болатын, дегенмен ауада бір эйфория бар еді.

Екі жас баласы бар қасымдағы кісі әкімдік ғимараты артынан көтерілген қызыл түтінді байқап: «Ғимаратты түгел жағып жіберген сияқты ғой», – деді айналасындағыларға күле дауыстап. Біздің мұнда келуіміздің себебі де осы от. Бұл – Шетландтағы викингтердің ежелден келе жатқан «Ап Хелли Аа» отқа өртеу мерекесі. Басқалар сияқты мен де викинг кемесін жағу рәсімін тамашалауға келдім.

Лордтың отряды мен ондаған басқа адамдар көшеге шыға келгенде жүздеген шырақтан құралған от ағыны пайда болады. Викингтер сүйреген ұзын кеме сұлбасы көрінген сәтте жиналған топ қиқулап кетті. Шотландияның солтүстігіндегі осы жартасты жағалауға викингтер шамамен 1200 жыл бұрын алғаш аяқ басып, жергілікті көтерілісшілерді ойсырата жеңіп, жерлерін тартып алған. Шетландты 7 ғасырға жуық норвег лордтары билеп келді, ақырында олар бұл жерді Шотландия короліне кепілге берді. Бүгінде көне норвег диалекті – норн тілі Шетландта ұмытылып барады, бірақ аралдықтар өздерінің викингтік тарихын мақтан тұтады. Олар жылда «Ап Хелли Аа» фестиваліне жан сала дайындалады, тақтайларды бірін-бірі қиюластырып, викинг кемесінің көшірме үлгісін құрастырады.

Ал қазір жиналған топ теңіз серкелері мен драккарлардың ескі әндерін жамырай айтуда, ал шырақ ұстағандар кемені дуалды алаңға сүйреп келеді. Лорд белгі берген кезде топ шырақтарын кемеге лақтырып, оны от құшағына береді. Діңгекке өрмелеген тілсіз жау түнгі аспанда қызыл жалынын сумаңдатады. Бір шетте мәз-мейрам балалар аяқтарымен тарсылдата билеуде.

Сол түні мейрамға жиналғандар тойды қыздырып жатқанда мен викингтердің қиялымыздан әлі кетпей жүргеніне таңдандым. Орта ғасырларда теңізші мен жауынгер боп, ал бүгін тарихқа айналғандар фильм түсіруші, жазушы және комикс авторларының қиялында әлі де өмір сүрумен келеді. Бүгін көбіміз осы қиялдағы викингтер өмірінің қыр-сырын жатқа айта аламыз – олардың жаугершілік өмірі, өмір сүрген жерлері, қалай бақилық болғаны. Бірақ ақиқатында, викингтер туралы қаншалықты білеміз? Олар кім, дүниеге деген көзқарасы мен шынайы өмірлері қандай болған?


360° видео

Викингтердің ауыр қару-жарақтарының көрінісі natgeo.com/vikings360.

ГАБРИЕЛЬ ХИЛЬДЕБРАНД, ШВЕЦИЯ ТАРИХИ МУЗЕЙІ/CC BY; РОБЕРТ КЛАРК, ГУСТАВИАНУМ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН, УПСАЛА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МУЗЕЙІ

Викинг дәуірінен бұрын, Скандинавияда өмір сүрген бай лордтың шынжыр торлы дулығасы. Соңғы деректер қару­жарақтар викингтерге ғана тиесілі нәрсе болмағанын көрсетеді. Жоғарыдағы қылыш әйел қолбасшымен бірге көмілген.

Викинг дәуірінен бұрын, Скандинавияда өмір сүрген бай лордтың шынжыр торлы дулығасы. Соңғы деректер қару­жарақтар викингтерге ғана тиесілі нәрсе болмағанын көрсетеді. Жоғарыдағы қылыш әйел қолбасшымен бірге көмілген.

Жерсерік көріністерінен ДНҚ зерттеулері мен изотоптық талдауға дейінгі озық технологияларды қолданып жатқан археологтар мен ғалымдар көптеген тосын жауап табуда. Эстонияда ғалымдар қаза болған жауынгерлердің мәйіттеріне толы екі кемені зерттеуде. Бұл викингтер туралы бұрмаланған деректерге тосын ақпарат болып отыр. Швецияда зерттеушілер викингтердің әйел көсемі мәйітінің қалдықтарын зерттеуде. Ал Ресейде археологтар мен тарихшылар викингтерде құл саудасы бағыттарын анықтай отырып, құл саудасының викингтер экономикасындағы маңыздылығын ашты. Бір кездері біз ойлағаннан да күрделі, әрі тың дүниелердің есігі айқара ашыла бастады. «Қазір викингтерді зерттеу жұмыстары қызған шақ», – дейді Леруик қаласындағы Шетланд сенімгерлік басқару қорының тарихшысы Джимми Монкрифф.

Жалпы алғанда, жаңа зерттеулер ержүрек теңізшілердің кеудемсоқтығы мен мәдени ықпалы туралы тың мәліметтерді ашып отыр. Пайдаға кенелгісі келген викингтер Балтық және Солтүстік теңіздері арасында орналасқан туған өлкелері Скандинавияны тастап, кейінгі 300 жылда Еуропаның көп бөлігін аралай отырып, 8-ғасырдың ортасында жаһандық аренаға шықты, бұрынғы зерттеушілер мүлде зерделемеген аймақтарға сапар шекті. Желдей ескен кемелерімен, суда жүзудегі білімімен, бүгін белгілі болғандай, Швециядағы Упсала университетінің археологы Нил Прайс деректері бойынша, олар Ауғанстаннан Канадаға дейін әлемнің 37 немесе одан да көп елін шарлаған екен. Жол бойында әлемнің 50-ден астам мәдениетімен танысып, саудамен баюдың «дәмін» татты. Олар еуразиялықтардың шекпендерін, Қытайдың жібек маталарын және ислам елдерінің күміс теңгелерін қалтаға басып қайтты. Викингтер гүлденген Йорк пен Киев қалаларын салды, Ұлыбританияның, Исландияның және Францияның ірі аймақтарын отарлап, Гренландия мен Солтүстік Америкада күзет бекеттерін орнатты. Ол кездегі Еуропа теңізшілерінің ешбірі өз жерлерін тастап соншалық алысқа шығып көрмеген. «Мұндай қадамға тек скандинавтар ғана барған, – дейді Прайс. – Тек викингтер ғана».

Тарихшылар Данияда түпнұсқа күйінде сақталған ұзын үйді жаңғыртты. Мұнда тамақ от жағылатын пеште пісіріледі. Викингтер тұздалған майшабақ, арпа ботқасы мен қойдың піскен басын жейді. ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Тарихшылар Данияда түпнұсқа күйінде сақталған ұзын үйді жаңғыртты. Мұнда тамақ от жағылатын пеште пісіріледі. Викингтер тұздалған майшабақ, арпа ботқасы мен қойдың піскен басын жейді.
ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Алайда дәулетке апарар жол тек жиһангерлік және сауда-саттықпен шектелмейтін еді. Викинг шапқыншылары Британия мен Еуропаның жағалауын кезе жүріп, жай түскендей тұтқиылдан шабуылдайтын. Францияның солтүстігінде Сена және басқа өзендердің бойымен жоғары-төмен жүзе жүріп, тұтқиылдан шабуыл жасап, кемелерін олжаға толтыратын. Жан-жағына үрей шашқан викингтер бейбітшілік туралы құрғақ уәдемен Батыс Еуропадағы Каролинг империясы экономикасының 14 пайызға жуығын өздеріне қаратты. Англиядағы канал арқылы арагідік жасалып тұратын шапқыншылықтар үлкен соғысқа айналып, викингтер қолы шайқас алаңдарын қанға бөктіріп, үш ағылшын-саксон корольдігін жаулап алды.

«Викингтер дәуірі, – дейді Прайс, – нәзік жанды адамдарға арналмаған». Бірақ осы бассыздық қалай басталды? Орта ғасырлық скандинав шаруалары қалай және неліктен Еуропаға нәубет әкелді?

«Б.д. 750 жылдары өзге елдердің жағалауында шапқыншылықтар басталғанға дейінгі үш ғасырға жуық уақытта Скандинавия әлеуметтік толқу салдарынан тас-талқан болды, – дейді Прайс. – Осы кезде отыздан астам шағын корольдік пайда болды. Қырқа-қырқаларға бекініс соғып, билік пен жер таласына түсті. Осы қиын шақтардың бел ортасында қайғылы жағдайлар тізбектелді: б.д. 536 жылдан бастап кометалар мен метеориттердің Жерге ағылып, ірі жанартаудың атқылауынан құралған табиғи апаттар араласа, аспанды шаң-тозаң қаптап, күн көзін тұмшалап тастады. Салдарынан келесі 14 жылда Солтүстік жарты-шардағы жазғы ауа температурасы төмендеп кетті. Ұзаққа созылған суық пен қараңғылық орта ғасырлардағы солтүстіктің ауылшаруашылығын күйретіп, Скандинавияда өлім-жітім көбейді. Мәселен, аштық пен соғыс салдарынан Швецияның жоғарғы бөлігіндегі ауылдардың 75%-ға жуығы қаңырап бос қалды.

Шотландияда табылған алтын әшекейге толы көмбелер шапқыншылықтарда көбінесе монастырлар тоналғанын көрсетеді. РОБЕРТ КЛАРК, HISTORIC ENVIRONMENT SCOTLAND РҰҚСАТЫМЕН

Шотландияда табылған алтын әшекейге толы көмбелер шапқыншылықтарда көбінесе монастырлар тоналғанын көрсетеді.
РОБЕРТ КЛАРК, HISTORIC ENVIRONMENT SCOTLAND РҰҚСАТЫМЕН

Жұрттың үрейі ұшқаны сонша, викингтердің барлық тәңірлер, тылсым күштер, адамдар және жер бетіндегі барша тіршілік иелерінің ақыры туралы дүниежүзіндегі ең үрейлі аңызы «Рагнарок» – осы кезде пайда болған деседі. «Рагнарок» күн тұтылып, ауа-райы бұзылған және өзгерген «Фимбулвинтер» аталған зобалаң шақта басталған екен», – дейді Прайс. Бұл 536 жылы шаңды алапат басталған кезеңмен үзеңгілес мерзім.

«Солтүстікке әйтеуір жаз келіп, халық саны қайта көбейгенде Скандинавия қоғамы жаңа, қатал келбетке ие болды. Билік басындағылар айналасына мұздай қаруланған қол жинап, қаңырап қалған жерлерді иемденіп, қорғай бастады Шынайы өмірдегі «Тақ таласында», әскери қоғамда ері мен әйелі соғыс олжасын тойлайтын кезең орнады. Бұл кезеңде батылдық, озбырлық, қулық, күш көрсету қоғам құндылықтарын анықтайтын. Швеция аралы Готландта табылған сол заманның қаз-қалпында сақталған бейіттерінде екінің бірі қару-жарағымен бірге жерленген», – дейді Упсала университетінің археологы Джон Лунгквист.

Бірте-бірте қарулы қоғам қалыптасты, 7-ғасыр да скандинавтардың теңізде жүзу технологиясы түбегейлі өзгеріске ұшырап, желкен қолдана бастады.

Білікті ағаш ұсталары қаруланған жасақтарды бұрынғыдан да алыс жерлерге жылдам апаратын желдің қуатымен жүзетін кемелер жасай бастады. Кемеге мінген солтүстік лордтары мен олардың шаршауды білмейтін нөкерлері Балтық және Солтүстік теңіздерін шарлай жүріп, жаңа жерлерді кезді, ауыл-қалаларды тонап, тұрғындарын құлға айналдырды. Үйлену мүмкіндігі неғайбыл еркектер тұтқынға түскен қыздарды көндіретін, болмаса күшпен әйелдікке алатын.

Ғасырларға созылған үстемдікке талпыну, үй-күйсіз жас жауынгерлер, жаңа кемелер осының барлығы үлкен сілкініс тудырды. Викингтердің солтүстіктен нөпірлеп шығып, Еуропаның басым бөлігін отқа орап, жауыз атағын иемденулері үшін барлық шарттар дайын болды.

Шамамен, 750 жылы викинг жауынгерлерінен құралған әскер екі кемемен Эстония жағалауындағы Сааремаа аралының құмдауыт жеріне келді. Үйден жырақ Швециядағы Упсала елдімекенінің орманында викингтер аяусыз шабуылға ұшыраған болатын. Кемелерінде 40-тан астам қаруластарының мәйіті үйіліп жатты. Олардың ішіндегі біреуі король болуы да мүмкін. Бәрі де жас, ұзын бойлы, зіңгіттей жігіттер еді. Ұрысқа мықты болатын, бірақ соған қарамай өлімші боп таяқ жеп, кейбірінің басы алынды.

Құмды мүйісте тірі қалған викингтер бақилық болған серіктерінің бөлшектенген дене мүшелерін кеме ішіне жинады. Осыдан кейін олар мәйіттерді матамен жауып, үстеріне ағаш және темірден жасалған қару-жарақтарын қойып, жолдастарының басына аласа бейіт орнатты.

2008 жылы жұмыс бригадасы электр кабелін төсеу кезінде адам сүйектері мен тот басқан қылыш қалдықтарын тауып алады. Осыдан кейін жергілікті құзыретті органдар археологтарды шақырады. Упсала университетіндегі кеңсесінде отырған Прайс бұл олжаға таңданысын жасырмады. «Бүгін археологтар нақты викингтік жәдігерлерді қазу мүмкіндігіне алғаш рет ие болды», – дейді ол. Атап өтерлігі, бұл жауынгерлер Эстонияның Салме қаласында жерленген, олар ұзақ уақыт бойы викингтердің алғашқы шапқыншылығы деп пайымдалып келген 793 жылғы скандинав басқыншыларының Линдисфарндағы ағылшын монастырына шабуылынан, шамамен 50 жыл бұрын қайтыс болған.

Салме қаласындағы кемедегі бейіттер викинг мамандарының қызығушылығын тудыруда. «Мені таңдандырған нәрсе – қылыш. Зерттеушілердің көбі ұзақ уақыт бойы викинг жасақтарын қымбат қару-жарақ асынған санаулы элиталық әскерлер деп емес, арзанқол найза-садақтармен аруланған ауылдың азын-аулақ кедей жастарынан құралған топ деп саналып келген. Бірақ Салмедегі бейітке қарап олай айта алмайсыз. Ол жерде мәйіттер санына қарағанда қылыш көбірек. Бұл ертедегі жорықтарда мәртебесі жоғары жауынгерлер көп болғанын растайды». – дейді Прайс.

Күміс оюлармен және Скандинавия мен Византия империясынан келген әйнектермен безендірілген мына сәнді алқа викинг саудагерлерінің алысқа сапар шеккенін көрсетеді. Жәдігер Днепр өзені бойын дағы ірі сауда орталығы – Гнездоводағы бейітт ен қазып алынды. РОБЕРТ КЛАРК, МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Күміс оюлармен және Скандинавия мен Византия империясынан келген әйнектермен безендірілген мына сәнді алқа викинг саудагерлерінің алысқа сапар шеккенін көрсетеді. Жәдігер Днепр өзені бойын дағы ірі сауда орталығы – Гнездоводағы бейітт ен қазып алынды.
РОБЕРТ КЛАРК, МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Қаңтардың таңында, Шотландияның Эдинбург қаласының оңтүстік беткейіндегі тыныш қана өндірістік аймақта зерттеушілер құлыптанған шағын қойманың есігін ашты. Ғалымдар бұл жерде кезіндегі викинг көсемінің жорықта жинаған және шеттен тонап әкелген байлығын тауып, оларды бір жылдан астам уақыт бойы зерттеумен айналысуда. Шамамен 1100 жыл бұрын Шотландияның оңтүстік-батысында көмілген Галловей қоймасын қызықты заттардың қазынасы десе болатындай. Бұл жерде таза алтын құймасынан бастап Византиядан немесе ислам әлемінен келген жібек мата қалдықтары мен жылтыр христиан кресіне дейін табылады. Викинг дәуірін зерттеумен айналысатын тәуелсіз археолог Олвин Оуэн бұрын мұндай нәрсе көрмегенін айтады. «Бұл адам сенгісіз табыс, – дейді ол, – сену қиын».

Тарихи жәдігерлерді қорғаушы бұйымдарды жайып тастады. Үстел үстінде құс пішінді нәзік алтын түйреуіш те бар. Ол діни қызметкерлер бір кездері қасиетті кітапты оқуда пайдаланған кішкентай нұсқаулыққа ұқсайды. Жанында алтын зергерлік тұмар, ол қасиетті заттардың қалдықтарын сақтау үшін жасалған болса керек. Oуэн тоғыз күміс моншаққа көз салды, кейбіреуінде шиырылған мұрт пен аңыздардағы жаратылыстар, кейбірінде оғаштау келген адам бетіне ұқсас нышан бейнеленген. Олардың көбі ағылшын-саксондықтар үшін жасалған.

Осы қазынаға ие болған викинг көсемінің әсем заттарға деген әлсіздігі болған. Оларды ерітіп алтын құймасына айналдырудың орнына викинг лорды олжаны өзінің экзотикалық шетел қолөнер бұйымдары коллекциясына қосқан. Йорк университетінің археологы Стив Эшбидің айтуынша, викингтер шетел мәдениетінің әсем бұйымдарын ұнатқан және кейбір бай-манаптары мәртебе белгісі үшін осы заттарды жеке пайдалануды жақсы көретін. «Сыйлы адамдар сәнді киінген, – дейді Эшби. – Олардың қоғамында заттарды рәсуамен тұтыну маңызды саналған».

Викинг көсемдері көздерін бояған, ашық түсті киінетін және үсті-бастарын алқа, сәндік түйреуіш, білезік, жүзік секілді ауыр әшекейлермен көмкеріп алатын. Бірақ мұның үлкен ақпараттық мәні де бар: әрбір бұйым басқа елге жасалған жорықтан, қайсарлық пен батырлықтан сыр шертеді. Соғыстан түскен олжаға оранған викингтер шапқыншылық өмірдің тірі жарнамасы іспеттес болатын. Викинг көсемдері билігін сақтап қалғылары келгенде жетістіктерін көрсетуден аянбаған.

Викинг дәуірінің басында шапқыншылар негізінен жағалаудағы немесе аралдардағы қаруланған және тылдан хабардар болуы ықтимал монастырларды нысанаға алатын. Скандинав саудагерлері Британия мен Еуропа жағалауларымен қарым-қатынас құрып үлгерді және кешікпей монастырлардың ар жағындағы нарыққа жол тапты. Сауда орындарын аралап, тауарларды қарап жүріп, олар шіркеу үйлеріндегі күміс тостағандар мен алтыннан жасалған алтарь жиһазына өздері түседі. «Көздері түскен нәрсені олар бір-біріне көрсетіп, «жігіттер, мына заттарды неге тартып алмасқа?» деуі әбден мүмкін», – дейді Прайс.

Ертедегі шапқыншылар жорықтарын жаз айларына жоспарлап, көбіне бірнеше кемемен бәлкім, жүздеген сарбазбен жолға шығатын. Темір қару құрсанған кәсіби әскер жылдам қимылдап, жойқын соққы беріп, жергілікті халық қарсы тұрам дегенше теңізге қойып кететін. Францияда, 9 ғасырдың өзінде викингтер 120-дан астам елдімекенге баса-көктеп кіріп, монахтар мен тұрғындарды қырғынға ұшыратып, шіркеулерді тонап, тірі қалғандарын құлға айналдырған. «Егер сіз 9 ғасырдың соңында Францияның солтүстік-батысында тұрғаныңызда, – дейді Прайс, – күніңіз күн болмас еді».

Викингтердің табысты болуының сыры – Гокстад сияқты осынау сүйріктей ұзын кемелерде. 1880 жылы қазылып алынған 9-ғасырлық көне кеме 32 ескек пен желкен арқылы қозғалатын болған. РОБЕКР КЛАРК, ВИКИНГ КЕМЕЛЕРІ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН, МӘДЕНИ МҰРА МУЗЕЙІ, ОСЛО УНИВЕРСИТЕТІ

Викингтердің табысты болуының сыры – Гокстад сияқты осынау сүйріктей ұзын кемелерде. 1880 жылы қазылып алынған 9-ғасырлық көне кеме 32 ескек пен желкен арқылы қозғалатын болған.
РОБЕКР КЛАРК, ВИКИНГ КЕМЕЛЕРІ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН, МӘДЕНИ МҰРА МУЗЕЙІ, ОСЛО УНИВЕРСИТЕТІ

Құнды металдар Скандинавияға ағылған сайын жастар да адалдық антын беруге ұмтылып, викинг көсемдерінің қол астына жинала бастады. Екі-үш кемемен барып тонаумен басталған шағын шапқыншылық біртіндеп 30 кемелік флот, кейін одан да көп қол жиналған жорықтарға айналды. Сол дәуірдің оқиғаларының ең бір атақты хроникасы – ағылшын-саксондардың жазбалары бойынша, 865 жылы жылнама жазушылары «жабайылардың ұлы әскері» атаған жүздеген ашкөз викинг кемесі Англияның шығыс жағалауына жеткен еді. Англияның ішкі аймақтарына өзен арналарымен ентелей енген басқыншылар ағылшын-саксон корольдіктерінің тас-талқанын шығарып, уылжыған бағына аш қасқырдай тиді…

Швециялық викинг шонжарының бейітінен табылған мына ат әбзелі темір мен алтын жалатылған қола қоспасынан жасалған. Викингтердің атағы ұзын кемелерімен шықса да, олардың бай­манаптары асыл тұқымды жылқы асыраған. РОБЕРТ КЛАРК, ГУСТАВИАНУМ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН, УПСАЛА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МУЗЕЙІ

Швециялық викинг шонжарының бейітінен табылған мына ат әбзелі темір мен алтын жалатылған қола қоспасынан жасалған. Викингтердің атағы ұзын кемелерімен шықса да, олардың бай­манаптары асыл тұқымды жылқы асыраған.
РОБЕРТ КЛАРК, ГУСТАВИАНУМ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН, УПСАЛА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МУЗЕЙІ

Бүгінгі Линкольн қаласының сыртында Йорк университетінің археологы Джулиан Д.Ричардс ұлы әскердің қыстық лагерінің орнын зерттеуде. Бүгінгі Торкси деп аталатын лагерь орны 3000-4000 адам сиятындай үлкен еді, бірақ ол жерден табылған нәрселер ұлы әскердің күші соғыста ғана емес екенін көрсетеді. Темір ұсталары олжаны балқытып, көпестер сауда жүргізген. Балалар құла дүзде еркін сайрандап, әйелдер үй шаруасымен айналысқан. Бірақ олардың ішінде қол бастағандары да болғанын жоғарыда айттық.

Белгілі ирланд жазба дерегі бойынша, шашының түсіне байланысты Инген Руаид, яғни «қызыл қыз» атанған әйел 10 ғасырда викинг кеме флотын Ирландияға бастап барған. Стокгольм университетінің биоархеологы Анна Келльстрем жақында Швецияның Бирка қаласының ескі сауда орталығынан табылған викинг жауынгерінің қаңқа қалдықтарына қайта зерттеу жүргізді. Бейітке қару-жарақтарды да қойған және ондаған жылдар бойы археологтар элиталық әскер ер адам болған деп ойлаған еді. Бірақ Келльстрем жауынгердің жамбас сүйегі мен жақ сүйегін зерттеп, ер адам деп келгеннің шындығында әйел екенін анықтады.

Аты белгісіз әйел викинг әскерлері арасында беделді болғанға ұқсайды. «Қолында шабуылды жоспарлайтын құралдары болған, – дейді Упсала университетінің археологы Шарлотта Хеденстиерна-Юнсон. – Бұл оның соғыс тактикасын жасағанын және қолбасшы болғанын көрсетсе керек».

Батыс Еуропаны қан-қақсатқан флот Түркиядан бастап Ресейдің батысына, Иранға дейінгі аралықта құл мен тауар тасымалдаған. Орта ғасырлардағы Араб, Византия басшылары «Қара және Каспий теңіздерінде жүзген русиндер» деп таныған қарулы викинг құл иеленушілерін 10 ғасырдағы араб әскербасы, әрі Бағдат қаласындағы елшісі Ахмад Ибн Фадлан былай сипаттайды: «Мен олардан өткен дене бітімі керемет адам көрген емеспін. Бәрі балта, қылыш және қанжар ұстап жүреді».

Осы оңтүстік бағыттағы сауда-саттық қатынастарын толығырақ ашу үшін археологтар қазір Византия мен мұсылман мемлекеттеріне апарар жол бағыттарындағы жерлерді қазумен айналысуда. Маусым айының бір таңында Ресей астанасынан оңтүстік-батысқа қарай 370 шақырым жерде Мәскеу мемлекеттік тарихи музейінің археологы Вероника Мурашева Днепр өзенің жағалуымен жүріп келеді. Бір кездері бұл жерде орта ғасырлық қала болған. 1100 жылдан астам уақыт бұрын викинг барлаушылары іргесін қалаған Гнездово қаласы екі негізгі сауда жолы – Қара теңізге құятын Днепр өзені мен Каспий теңізіне тірелетін Еділ өзенінің бір сағасында тұр. Географиялық жағынан тиімді орналасып, гүлдене дамыған, аумақ 30 га алқапқа жайылды.

Бүгінде Гнездово орман мен көгорай шалғын арасында қалған, бірақ соңғы бір жарым ғасырда орыс археологтары төбелі жердегі ескі қаланың орнын, көмбелерді, жасырын қоймаларды, шеберханаларды, айлақты, шамамен 1200 адам жерленген қорымды аршып, көптеген құнды жәдігерлер тапқан.

Олар анықтағандай, Гнездово қаласы жергілікті славяндардан алым жинап, оңтүстік бағыттағы сауда-саттықты бақылауларында ұстаған викинг бай-манаптарының мекені болған. Жыл сайын көктемде викинг саудагерлері Гнездоводан құнды заттар – ішік, бал, балауыз, кәріптас пен морж сүйектері, сондай-ақ құлдар тиелген кемемен аттанатын болған. Мурашеваның айтуы бойынша, көбі Қара теңізге және Византияның астанасы, сол уақытта 800 000-нан астам адам тұратын Константинопольге бағыт алатын болған. Қан мен тер кешкен викинг саудагерлері базар аралап, тауарларын өткізіп, бағалы заттар, соның ішінде шарап пен зәйтүн майына лық толы бөшкелер, шыны ыдыстар, түрлі-түсті тәрелкелер, жібек және басқа да сирек кездесетін мата сатып алатын болған.

Теңіз үстінен қарағанда, Шетланд аралдарындағы ұзын үйлердің орны викингтердің гүлденген дәуірін еске салады. Жергілікті әскерді жеңгеннен кейін олар Шетландтың шұрайлы жерлерін иемденді. Шотландия королі архипелагты жаулап алғанға дейін шамамен 700 жыл билік құрған. РОБЕРТ КЛАРК

Теңіз үстінен қарағанда, Шетланд аралдарындағы ұзын үйлердің орны викингтердің гүлденген дәуірін еске салады. Жергілікті әскерді жеңгеннен кейін олар Шетландтың шұрайлы жерлерін иемденді. Шотландия королі архипелагты жаулап алғанға дейін шамамен 700 жыл билік құрған.
РОБЕРТ КЛАРК

Басқа викинг саудагерлері Гнездоводан қиыр шығысқа қарай, Ресейдің батысымен ағатын өзен сағалары арқылы Еділге шығатын болған. Өзен бойы және Каспий теңізі айналасында орналасқан базарларда мұсылман көпестері өзге елдің құлдары үшін жақсы ақша төлейтін. Өйткені, Құранда тәуелсіз туған мұсылманды иеленуге тыйым салынатын. Шығыстық сатып алушылар дирхем аталатын уыс-уыс күміс ақша төлейтін, ол викингтер үшін байлықтың негізгі көзі еді.

Археологиялық есептер мен дерекқорларды іздеу арқылы Оксфорд университетінің орта ғасырлар тарихшысы Марек Янковиак викинг саудагерлерінің Еуропа бойынша көмген мыңнан астам дирхем қазыналары туралы жазбаны тапты. Бастапқы талдауға сүйене отырып, Янковиак викинг құл саудагерлері 10 ғасырдың өзінде шығыс еуропалық, көбісі славян, он мыңдаған адамды құлдыққа өткізіп, сол уақытта үлкен байлық саналған миллиондаған дирхем пайда табуы мүмкін деп шамалайды.

Лордтар өз әскерлерін күміспен жиі марапаттайтын викингтер әлемінде оңтүстікке барар жол билікке бастар жол болған.

Солтүстік лордтарының отпен жылынатын сарайларында аңыз-ертегішілер батысқа жасалған сапарлар туралы әңгімелейтін. Айнала отырып алып, олар Исландиядан Гренландияға бет алған саудагер Барни Херольфсонның қалың тұманда адасып кеткені туралы аңыз айтатын. Тұман сейілген кезде Херольфсон мен оның адамдары Гренландияға аздап ұқсайтын жаңа жер табады. Ол орманды алқап болатын, бірақ Херольфсонның оны аралауға құлқы болмады. Сондықтан ол кемесін теңізге бұрды. Адасқан викинг тосыннан Жаңа құрлыққа жеткен болатын және ол оның жағалауын көрген алғашқы еуропалық болуы өте ықтимал. Бұл викингтердің Солтүстік Америкаға сапарының басы еді.

MM8450_160129_03141

Викинг жауынгерлері дәл осындай қылышпен соғысқан (оң жақта). Олар көбіне бағалы металл сынықтарын саудада валюта ретінде пайдаланған. Алайда кейбір викинг жауынгерлері соғыста қолға түсірген олжасын сән ретінде сақтап жүретін. Мына ағылшын­саксон танамоншақтары  және құс кейпіндегі алтын түйреуіш Шотландияда викинг шонжары қазынасының арасынан табылды.

РОБЕРТ КЛАРК, HISTORIC ENVIRONMENT SCOTLAND РҰҚСАТЫМЕН; РОБЕРТ КЛАРК, МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

MM8450_160129_03049

MM8450_160701_06005

Польшадағы славяндар мен викингтер фестиваліне қатысушылар сол кездегіге ұқсас күркеде тұрып, шынайылыққа ұмтылуда. Денелеріне татуировка салдырып, мал сойып, ет қақтап, викингтерше тамақтанады. ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Польшадағы славяндар мен викингтер фестиваліне қатысушылар сол кездегіге ұқсас күркеде тұрып, шынайылыққа ұмтылуда. Денелеріне татуировка салдырып, мал сойып, ет қақтап, викингтерше тамақтанады.
ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Бүгін викинг теңізшілерінің кейбір ерліктері Жаңа құрлықты барлау сияқты құпия мен қарама-қайшылыққа толы. Скандинав аңызы бойынша, викинг теңізшілері ағаш және басқа да байлық іздеп Гренландиядан батысқа қарай төрт ірі бағытта жолға шыққан. 985 жылдың өзінде Канаданың солтүстік-шығыс жағалауын шарлай отырып, олар шағын қыстақтарда қыстап шыққан, ағаш кесіп, Винланд аталған жерде жабайы жүзім терген, балаларын дүниеге әкелген, жергілікті байырғы халықпен сауда жасасқан, кейде жауласқан.

1960 жылы атақты норвегиялық зерттеуші Хельге Ингстад осы викинг лагерлерін іздеуге шықты. Ньюфаундлендтің солтүстік жағымен Л’Анс-о-Медоуз аталатын жерде жергілікті жер иеленуші сұлбасы ұзын үйлерді еске салатын таулы қыраттарға жол сілтеді. Оның маңында батпақты темір кен орны бар еді. Темір рудасы викингтер үшін құнды саналатын. Қазу жұмыстары нәтижесінде викингтерге тиесілі үш ірі бөлме, лашықтар, темір өңдейтін пеш және бұл жерден оңтүстікке қарай жүздеген шақырым қашықта өсетін сұр жаңғақ табылды. Табылған деректер мен сагалардағы желіні сабақтастырғанда викинг барлаушылары Ньюфаундлендке жетумен шектелмей, ары қарай оңтүстікке Қасиетті Лоуренс шығанағына да өткен деген қорытынды туады.

Польшалық еліктеушілердің шайқасқа әзірленіп, мұздай қаруланған сәті. Викингтер жаукешті өмір сүрген: балаларын соғыс өнеріне баулып, қантөгіске дайындаған. ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Польшалық еліктеушілердің шайқасқа әзірленіп, мұздай қаруланған сәті. Викингтер жаукешті өмір сүрген: балаларын соғыс өнеріне баулып, қантөгіске дайындаған.
ДЭВИД ГУТТЕНФЕЛЬДЕР

Шотланд аралында ұста қолынан шыққан алтын өрнекті бұл салпыншақтар дәулетті әйелдерге арналып жасалған. Викингтер, көбіне, күміс әшекейлер таққан. Алтын бұйымдар сирек болғандықтан қазынада сақталатын. РОБЕРТ КЛАРК, ШВЕЦИЯ ТАРИХ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Шотланд аралында ұста қолынан шыққан алтын өрнекті бұл салпыншақтар дәулетті әйелдерге арналып жасалған. Викингтер, көбіне, күміс әшекейлер таққан. Алтын бұйымдар сирек болғандықтан қазынада сақталатын.
РОБЕРТ КЛАРК, ШВЕЦИЯ ТАРИХ МУЗЕЙІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН

Жуырда ғана канадалық археолог Канада Арктикасынан викинг саудагерлерінің іздерін тапты. Оттавадағы Карлтон университетінің ассистент-профессоры Патрисия Сазерленд Оттава жанындағы Канаданың тарихи музейінде ескі топтамаларды зерттеу кезінде викингтердің жүннен иірген жібін тауып алады. Білікті тоқымашылардың қолынан шыққан жіп 15 ғасырға дейін Арктикада тұрған дорсеттік палео-эскимостардан қалған. «Мен бұлай болуы мүмкін емес деп ойладым», – дейді Сазерленд. Сондықтан ол музейдегі іздеу жұмыстарын кеңейтіп, металл пышақтарды қайрайтын тастан бастап сауда транзакцияларын бақылауға арналған биркаларды қамтитын викинг жәдігерлерінің көмбесін табады.

Ең қызық табыс металл ерітуге арналған отбақыр тәріздес кішкентай тас ыдыс еді. Сазерленд пен шағын топ скандайтын электрондық микроскоп көмегімен табылған заттарды зерттей бастады. Олар ішкі қабат үстінде қола іздері мен минералдар жоғары температурада ерітілген кезде пайда болатын өте ұсақ шыны шарларды көрді. Бұл жаңалық металл өңдеудегі викинг мәнеріне куә. Сазерленд гренландиялық викинг теңізшілер Канада Арктикасына жергілікті аңшылармен сауда жасауға, металл пышақтар мен қайрақтарын Еуропа нарығында бағаланатын арктикалық түлкінің қалың терісі мен морж сүйегіне алмастыруға келген деп ойлайды.

Сагаларда аты аталатын басқа да викинг жорықтарын зерттеу әзірге оңай болмай тұр. Викингтердің ізі қалған жерді анықтау үшін археологтар қашықтағы жағалаудың мыңдаған шақырымын зерттеулері керек. Сондықтан Бирмингем қаласындағы Алабама университетінің археологы Сара Парсак басқаша әдіс қолдану туралы шешім қабылдады.

Швецияның Анундсхег қорғанындағы мыңжылдық бұл балбал тас викинг­әкенің баласы Хеденге орнатқан ескерткіші. Жас жігіттің тағдыры белгісіз, бірақ сол уақыттағы басқа жас викингтер сияқты ол да шығыс немесе батыс Еуропаны отарлауға кетуі мүмкін. РОБЕРТ КЛАРК

Швецияның Анундсхег қорғанындағы мыңжылдық бұл балбал тас викинг­әкенің баласы Хеденге орнатқан ескерткіші. Жас жігіттің тағдыры белгісіз, бірақ сол уақыттағы басқа жас викингтер сияқты ол да шығыс немесе батыс Еуропаны отарлауға кетуі мүмкін.
РОБЕРТ КЛАРК

«National Geographic» ғылыми қоғамының мүшесі Парсак потенциалды археологиялық учаскелерді анықтауда орбиталық жер серігінің түсірілімін пайдалануға маманданған. Исландияда жүзеге асырған сынақта Парсак пен оның әріптестері шым қабырғалар тәріздес нәрсе анықтады. Бостон қаласындағы Массачусетс университетінің археологы Дуглас Болендер осы учаскені зерттеуг е барғанда, дәл Парсак айтқан орында шымнан жасалған ғимараттардың қабырғаларын және ұзындығы небәрі 15 см шымнан соғылған жарды тапқан. «Бұл таңдандырмай қоймайды, – дейді ол тамсана, – 770 шақырымдық ғарыш биігінен көміліп қалған титімдей шым қабырғаның қалдықтары көрінді».

Парсак пен оның тобы Ньюфаундлендтің оңтүстік-батыс жағындағы Пойнт Рози аталатын жерде шым қабырғаға ұқсас қалдықтарды байқайды. Қасиетті Лоуренс шығанағы жоғарыдан қарағанда Пойнт Рози сұр жаңғақ ағаштары мен жабайы жүзім өсетін алқаптарға апаратын теңіз жолында орналасқан. Және ол Л’Анс-о-Ме доуз тәріздес викинг теңізшілері темір өндірген болуы мүмкін үлкен шымтезек кеніне тіреледі.

2015 жылы жүргізілген шағын қазба жұмыстары кезінде Парсак пен оның әріптестері шым қабырғаға ұқсас қалдықтарды, сонымен бірге үлкен үңгір тапқан. Ол жерде біреу батпақ темір рудасын жинап, еріткенге ұқсайды – бұл темір өндірісіндегі алғашқы қадам. Бірақ өткен жазда жүргізілген ірі қазба жұмыстары шым қабырға мен батпақ темір рудасының жиналуы табиғи процестердің нәтижесі дегенді ұсына отырып, бастапқы пікірге күмән тудырды. Парсак жағдайды нақтылау үшін қосымша тексеру нәтижелерін күтіп отыр.

Оның әріптесі Абердин университетінің археологы Карен Милек: «Бұл жерде викингтердің ізін кесу шөп арасынан ине іздегенмен бірдей. Бұл ретте, ғарыштық суреттерді пайдалану ең тиімді әдіс», – дейді.


Ғылыми жазушы Хизер Прингл «In Search of Ancient North America» кітабымен қоса үш кітап азған. Оның еңбегінде тірілер жөнінде де, дүние ден өткендер туралы да естеліктер жиі кездеседі.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля