Ағаш діңіндегі сақиналар жер бетіндегі климаттық жағдайдан хабар беретінін білген Эдмунд Шульман есімді ғалым талай жазын ең ұзақ жасаған ағашты іздеумен өткізді. Нәтижесінде, 1957 жылы ол діңі иректелген қылқан жапырақты қарағайды байқап, 4789 сақинасы бар «мафусаилды» табады (ағаш өсетін жер құпия сақталуда). 1964 жылы зерттеуші Невада штатындағы алып ағашты бұрғылағанда бұрғының ұшы сынып қалады. Ағаш кесілгеннен кейін діңінде 4862 сақина болғанын анықтаған ғалымдар білместікпен әлемдегі ең ұзақ жасаған ағашты отап тастағанын түсінді.
Дәстүрлі сенім бойынша, Зошигая Кишимоджи ғибадатханасының ауласында өсіп тұрған бұл ағаш зиярат етушілерге ұрпақ «сыйлайды». Құдай-ана Кишимоджи «балалардың қорғаушысы» деп есептелгенімен, оның тарихында «қара» тұстар көп. Ол өзінің мыңдаған баласын өзгенің перзенттерін «жеп» баққан. Сосын Будда Кишимоджиге сабақ болсын деп оның бір баласын қайыр сұрайтын ыдысқа салып қояды. Есі шыққан Кишимоджи Буддаға жалбарынады. Ал Будда оған өзі себеп болған өзгелердің азабын есіне салады. Қателігінен сабақ алған Кишимоджи барлық балаланы қорғауға уәде береді.
Авторы: Кэти Ньюман
Фото: Дайэн Кук және Лэн Дженшел
Әр ағаштың өзіндік сыры бар. Кейбіреуінің тіпті ішіне бүккен құпия белгілері көп нәрсеге көзімізді ашады. Олар баз біреуге үміт сыйлаған, біреулер үшін естелікке айналған. Ал қиялдағы ағашымыз тіпті ерекше. Ол өсіп тұрған орман үрейге де, ақылға сыймайтын оқиғалар мен ғажайыпқа да толы болуы мүмкін.
Сондай-ақ ертегідегі орман – аңшының жебесі жеткенше көзден ғайып болатын ақбөкен мен дер кезінде пайда болып, әңгіме желісіне арқау болатын дәруіштің де жүретін жері. Дегенмен кейде бәрі – басқаша.
Тілімізде ағашқа қатысты метафоралар жетіп-артылады. Мәселен, «бір жапырақ ет», «тіршіліктің күретамыры», «бүр жарған сезім», «өмірдің діңгегі», «отбасы діңі», «үрім-бұтақ», т.б.
Ағаштар бізді тек тіл арқылы емес, идея арқылы да шабыттандырады. Дүниетанымды түбегейлі өзгерткен оқиғалардың бірі – Англияның Линкольншир графтығындағы бақтардың бірінде болады. 1666 жылы дәл осы жерде бір алма жерге құлап, Исаак Ньютон есімді жас жігіттің көкейінде «неліктен алма жерге үнемі тік құлайды» деген сұрақ туындаған деседі.
Лондондағы Король қоғамы мұрағаттарындағы XVIII ғасырға тиесілі жазбалар Ньютонның Кэмбриджден үйіне қайтып келіп (университеттің оба індеті салдарынан жабылуы себебінен), ойға шомған күйде баққа аяқ басқаны жөнінде баяндайды. Оның досы әрі биограф Уильям Стьюкли былай деп жазады: «Ол терең ойға батып отырғанда кенет жерге алма құлап, гравитация ұғымы ойына сап ете қалды». Бұл ағашпен байланысты оянған «эвриканың» алғашқысы емес. Будда медитацияны бодхи ағашының саясында отырып жасамаушы ма еді?! Ағаш маңында армандаған да ерекше. Мынандай бір аңыз да бар: бір сопы ағаш саясында құс әнін тыңдап отырғанда жүздеген жыл қас-қағым сәтте өте шыққан екен…
Марсель Прустың «Өткенді еске алу» атты романындағы баяндаушы кейіпкер жөке ағашы гүлінен демделген шайға «мадлен» тоқашын батырып жеп, өткен өміріне көз жүгіртеді.
Ағаштар – табиғаттағы естеліктің қайнар көзі, тіпті молекулалық деңгейде де. «Жыл сайын ұлғайып отыратын дің сақиналары сол жылғы көмірқышқыл газын өзіне тартып алып, оттегіні шығарады. Сондықтан да ағаштар қала өмірінің әр жылғы естелігін физикалық тұрғыда сақтап отырады», – дейді «New York City of Trees» кітабының авторы Бенжамин Светт.
Кей естеліктер адамның жүрегін ауыртады. Мысалы, Амстердам қаласы Принсенграхт көшесі, 263-үй сыртында тұрған жаңғақ ағашы бір қайғылы оқиғаға «куә». Жас бойжеткен Анна Франк өз отбасымен үйлердің бірінде ұлтшылдардан ұзақ жасырыныпты. 1944 жылдың 4 тамызында Гестапо қолына түскенге дейін Анна шатырдағы жалғыз терезеден ағашқа қарап, мезгілдің ауысқанын біліп отырған екен.
Аңыздарда айтылғандай, алма сэр Исаак Ньютонның басына түспеген. Ол кәдімгідей жерге түскен. Алайда 1752 жылғы бір жазбада бұл алманың ғалымды бірден терең ойға жетелеп, кейін гравитация заңының ашылуына себеп болған деп жазылған. 1820 жылы әлгі «гравитация» ағашы дауыл кезінде құлап қалғанымен, тамыры көктеп, жоғарыдағы суреттегідей болып қайта өскен.
Арада біраз жыл өткенде қызының күнделігін оқыған әкесі: «Аннаның көк аспанды көруге зар болғанын және жаңғақ ағашының ол үшін соншалық маңызды болғанын білмедім», – дейді. Анна Франк 1945 жылы ақпанда Берген-Бельзен концлагерінде бөртпе сүзегінен көз жұмды. Ол небәрі он бес жаста болатын. Ал жаңғақ ағашына құрт түсіп, 1820 жылы болған дауылда құлап қалды.
Оклахома-Ситидегі Америка шегіршін ағашы – жанға сая. 1995 жылы 19 сәуірде қоғамға наразы ардагер Тимофи Мак Вей қала ортасындағы тоғыз қабатты Альфред П.Мьюрра атындағы федералды ғимаратты жарып жіберді. Нәтижесінде, көліктер өртеніп, 168 адам қаза тапты. Жарылыс салдарынан жақын маңдағы көлік тұрағында өрт шықты. Өсіп тұрған он метрлік шегіршін ағашының діңі мен жапырағы отқа оранады. Бүгінде бұл «аман қалған ағаш» – Оклахома қаласының ажырамас бөлігі. «Оған қарасам, жаным жай табады. Өйткені бұл ағаш алапат сұмдықтан аман қалды», – дейді жергілікті бір тұрғын. Бүгінде шегіршіннің биіктігі 12 метрден асады. Ал көлеңкесінің ені – 18 метр. Қарашаға дейін алтын түстес жапырақтары түсіп, қаңтарда жалаңаш күйде қалады. Сәуір айында қайтадан бой жазып, бүршік атады. Ал маусымда құлпырып, жазғы жасыл желекке оранады. Бұтақтары үміт жемісімен самсаған бұл ағаштың бүгінгі жауы – уақыт. Осы ағашты қалпына келтіруге көмектескен штаттық қалалық орманшы Марк Бейс: «Бұл ағаш өмірге деген құштарлығының арқасында аман қалғандай. Біз мұны түсінбедік. Есесіне, ол өзінің бізге қажет екенін білгендей болды», – дейді.
Домалақша келген баобаб ағашы жергілікті тұрғындарды су, азық, дәрі-дәрмек, баспана, тіпті жерлеу орнымен де қамтамасыз етеді. Кей адамдар бұл ағашты қасиетті санайды. Тарихшы Кристин Харман және сәулет антропологы Элизабет Гранттың айтуларынша, Аустралияның батысындағы бұл баобаб ағашы жаңсақ түрде «Дерби абақты ағашы» деген атпен мәлім. Ағаш Дербиге барар жолдағы уақытша қамау үйі ретінде таныстырылғанмен, Харман мен Грант «Бұл саяхаттауға қауіпті орын ретінде және аборигендерді тізе бүктіргендерін көрсету мақсатында жасалған қасақана әрекет», – дейді.
Монтолиниа де Антекера мектебінің 6-сынып оқушылары «Туле ағашы» деп аталып кеткен Монтесума сауырағашының алдында тізіліп тұр. Ағаш діңінің ұзындығы – 36, ал диаметрі 11,5 метр. Ағаш саясы екі үлкен теннис алаңқайындай аумақты алады. 1990 жылдары Мексика үкіметі панамерикалық тас жол жобасын осы ағаш үшін өзгертті әрі көлік газы және жерасты суының төмендеуі салдарынан ағашқа келген залалды төмендету мақсатында грант бөлді.
Солтүстік Үндістандағы Шитала құдай-ананың бейнесіндегі Ним ағашы барлық дертке дауа деседі. Варанасидегі Нангхан Бир Баба ғибадатханасы маңындағы ағашқа табынушылар үшін оның мәні әлдеқайда терең. Бірде бір адам Индиана университетіндегі дінтану ғылымының профессоры Дэвид Хаберманге: «Менің ұлым ай-күні жетпей туды. Дәрігер көп ұзамай баламның шетінеп кететінін айтты. Бірақ мен Ним ағашына сыйынумен болдым. Ақыры сәбиім аман қалды», – депті. Бүгінде Құдай мен оның табынушылары арасындағы байланысты күшейту мақсатында бұл ағаш матаға оранып тұр.
47 000 ағаш діңгектерінен құралған «Пандо Клон» орманы, шынымен де, 43 гектар алқапты алып жатыр және ағаштарының жалпы салмағы 5,9 миллион келіге жетеді. Мыңдаған жыл бұрын бір ғана ұрықтан өсіп-өнген ағаш тамыр жайып, уақыт өте келе ну орманға айналды («Pando» латын тілінде «тараламын» деген мағына береді). Ағаштар генетикалық тұрғыда бір-біріне туыстас және жастары 150 жылдан аспайды. Дегенмен тамыр жүйесі жер бетіндегі ең ұзақ жасаған тірі ағза болуы мүмкін.
Мозамбиктің Наунде елді мекенінде өсетін манго ағашы Оңтүстік Сахара шөлінің шіліңгір ыстығынан ғана қорғап қоймайды. Өзге де «палавер» ағаштары сияқты бұл – түрлі рәсімдер жүргізілетін, бас қосатын дәстүрлі орын. БҰҰ-ның бұрынғы хатшысы, Гана тумасы Кофи Аннан естелік кітабында: «Бұл – кездесіп әңгімелесуге, ымыраға келіп, дау-дамайды шешуге ыңғайлы орын. Бүгін мәселеңіз шешілмесе, келесі күні қайта келгіңіз келіп тұратын жер», – деп жазады.