Осыдан бірер күн бұрын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Құрметті достар! біз баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын жариялаймыз» деп жазған еді.
Ал кеше, 28 маусым, журналистердің нақ кәсіби мерекесі күні Астанада ел тарихындағы тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығын өз иелеріне салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынның ашылу барысында сөз алған министр мырза былай деді: «Күні кеше ақпарат туралы заңнаманы талқылағанда маған журналистердің мәртебесіне қатысты көп сұрақтар қойылды. Ақпарат саласында жүрген мамандардың мәртебесін көтерудің маңыздылығы жайында айтылды. Бүгінгі «Үркер» сыйлығы да журналистердің мәртебесін көтеруге өз үлесін қоса алады деп сенемін. Осы премия өміршең әрі ашық болсын! Болашағы зор болсын!».
«Үркер» сыйлығы 15 номинация бойынша табысталды. Атап айтқанда, «Үздік аймақтық баспасөз басылымы», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік салалық баспасөз басылым», «Үздік жыл журналы», «Үздік республикалық баспасөз басылымы», «Үздік репортаж», «Қазнеттегі медиасерпіліс», «Үздік аймақтық радиостанция», «Үздік журналистік зерттеу», «Үздік интервью», «Қазақстан туралы үздік танымдық материал», «Үздік халықаралық сараптамалық материал», «Журналистикадағы дебют», «Үздік фотосурет», «Үздік сараптамалық материал». Байқауға қатысуға 860 үміткер ниет білдірген.
«National Geographic Қазақстан» журналы «Үздік жыл журналы» аталымында үздіктер қатарынан көрінді.
Фото: Тұрар Қазанғапов, Ерболат Шадрахов