Авторы: Крейг Вельч, Фото: Джеффри Керби және Тревор Бек Фрост
Адмассу Гетане Орталық Эфиопия таулы қыратының шетіне жағалай өскен гүлді көкорайды адымдай басып келеді. Таңғы шұғыла оның Калашников автоматын жылтыратып көрсетеді. Табанының астындағы тік баған базальт жартастар Шығыс Африканың Ұлы рифт аңғарына қарай бағытталған. Біраздан соң түнгі ұйқыларынан оянған жүздеген примат жазықтыққа жапа-тармағай секіріп, құлақ тұндырар шиқылдақ шуыл басталады. Бірақ Гетане мұнда оны көру үшін келген жоқ.
Камуфляж киімде қысқа да арық көрінетін Гетане шыңырауға қарай кері бұрылып, дүрбісін көзіне апарды. «Осылай олардың бар қимылын көре аламын», – дейді ол. Кейде «қызыл кеуде» маймыл деп аталатын theropithecus gelada Гетаненің назарына ілікпеуі мүмкін. Бірақ оның осында болуы геладалардың көбею себебін түсіндіруге көмектесе алады.
500 жылға жуық уақытта ауық-ауық жергілікті құзыретті органдар оның бүгін атқарып отырған ісімен, яғни Менз-Гуасса қоғамдық қорығының, қысқаша, Гуассаның 100 шаршы шақырымнан астам аумағын айнала тексеру жұмысымен қарбаласқан. Бұрынғы әскери Гетане ешкімнің шөп ұрламауын немесе бүлдірмеуін қадағалайды.
Егер сіз әлемдегі шөпқоректі маймылдың жалғыз түрін қорғағыңыз келсе, алдымен шөпті қорғаудан бастаған жөн. Бірақ Гетанеден бұрынғылар мұнда геладалар үшін келмеген еді. Олар өз күндерін көрумен айналысты. Таулы жерде өсімдік – тіршілік көзі. Ұзын әрі берік сабақты өсімдіктерді бумалап, шатыр ретінде қолданады. Еркектер шөптен арқан еседі. Әйелдер мен балалар өсімдіктердің жапырақтарын, қабығын және бұтағын буып сыпырғы мен шырақ жасайды. Шөптен көрпе-төсек жасайды.
Дегенмен эфиопиялықтардың 80%-ы тұратын тұманды таулы өлкеде шалғынды жерлер, жайылымдар, тоғайлар, батпақты жерлер мен орманды алқап өлі топыраққа айналуда. Адам саны күрт артты. Шамамен 100 млн. Халқы бар. Эфиопия Африка мемлекеттерінің арасында халық саны бойынша Нигериядан кейінгі екінші орынды алады. Фермалар ылғалы мол, құнарлы алқаптарға жайылып, жер ылғалын сақтауға көмектесетін жергілікті өсімдіктерді ығыстыруда. Жыл сайын жердің үстіңгі қабатының 1,5 млрд. Тонна топырағы эрозияға ұшырап, фермаларды онсыз да аз жерлерге итермелеуде. Ферма малы жерді таптайды, 49 млн. Ірі қара және 47 млн. Қой-ешкісі бар Эфиопия мал басы жағынан Африканың ең ірі елі саналады. Бұл жергілікті флора мен кеміргіштер арасындағы нәзік тепе-теңдікті бұзып, абиссин қоянынан бастап тырна, құтанға дейінгі мақұлықтар үшін қоректің азаюына әкелуде.
Бұл жағдай Эфиопия бойынша барлық жерде дерлік орын алған, алайда бұл аймақ тыс қалғандай көрінеді. Гуассада шөп жайқалып тұр, тритомалар мен алып либолиялар жылдар бойына қол тимей өсіп келеді. Бұл – cаябақ емес. Бұл жерге жергілікті халық жауап береді. Кешенді коммуналдық жүйе бойынша малдың қай жерде жайылатыны, шөпті кімнің және қашан шабатыны белгіленеді. Соның арқасында Найроби қаласының алтыдан біріне тең осы алқап Шығыс Африкадағы бақуатты өңірлердің қатарында. Бұл жерде эндемик сүтқоректілердің ширегіне жуығы тіршілік етеді. Мұнда әлемдегі жойылу қаупі жоғары ит тұқымдастың бір түрі – жирен түкті эфиопия қасқырының жиырма шақтысы мекендейді. Гуасса – бөкендер, ит тұқымдастар, Африка қасқырлары мен қорқаулар мекені. Эфиопияның басқа аймақтарына қарағанда бұл өңірде 800-дей гелада мыңдаған жыл бойы тіршілік етіп келеді.
Мұны кішкентай, бірақ ерекше жабайы табиғаттың табысты тәжірибе үлгісі, басқаша айтқанда, кездейсоқ сәттілік десе болады. Мен Эфиопияға Гуасса табиғи қорық ретінде қаншалықты үлгі бола алатындығын көруге келгенмін. Аймақтың жылдам өзгеріп жатқанын көрдім және Гуассаның маймылдары мен фермерлері төнген қысымға қалай төтеп берер екен деген ой еріксіз келді.
Гетанемен кездесуден бірнеше апта бұрын ел астанасы Аддис-Абебаның құжынаған адамы мен шаңынан қашып шығып, Гуассаға қарай тау асқан едік. Ғалым әрі фотограф Джеффри Керби екеуміз жолай құрғақ фермалар мен тас күркелерді көрдік. Жолда әйелдердің есектерге шөп артқанын көрдік. Эфиопия дегенде ойға түйелер мен сортаң шөл келуі мүмкін, бірақ бұл жердің дені – таулы аймақ. Көгілдір Ніл өзені осы таулардан бастау алады. Біз Африка «шатырына» қарай бет алдық. Мұнда Керби он жылға созылған геладаларды зерттеу жобасында қызмет етеді. Жобаны бастап жүргізіп отырған – Фуллертон қаласындағы Калифорния мемлекеттік университетінің антропологтары Питер Фэшиң және Нга Нгуйен.
Соңғы асуды да бағындырдық. Кеуіп кеткен жер мен ағаштарды жайқалған көкорай шалғын алмастырды. Бірден «үй иелері» алдымыздан шыға келді. Үш гелада жолдан шауып өтті, ең кішкентайы ырғақпен домаланып бара жатты. Біреуі үш метр жердегі жартасқа жайғасты. Ол жанынан өтіп бара жатқан бізді байқап қалды. Пішен түстес жалы иығына төгілген. Қары аппақ, білегі мен жұмырығы қап-қара, құдды, кешкі сәндік қолғап киіп алғандай. Патшадай салтанатты болмыс.
Африканың альпілік шалғындарының беткеұстар жануарлары – геладалар тек Эфиопия тауларында кездеседі. Олар – миллиондаған жыл бұрын Оңтүстік Африкадан Испанияға және Үндістанға дейін таралған түрден қалғандар. Бір кездері кең таралған приматтар климат өзгерісі, бейімделгіштігі жоғары бабуиндермен тайталас және оларды қырғынға ұшыратқан ата-бабаларымыздың кесірінен жойылуға айналған болуы мүмкін. Бүгін theropithecus түрінен бар қалғаны – геладалар, олар ежелгі адамдар тіршілік еткен әлем жөнінде, мінсіз демесек те, құнды мағлұмат береді. Оларға ұқсайтын басқа жануар жоқ.
Жеті күрке, сирек қолданылатын шелек себезгі және күзет бекеті ретіндегі кір-кір жертөледен тұратын зерттеу лагеріне келгеннен бірнеше сағат өткен соң Керби екеуміз іске кірістік. Біз жасырын камера тұзағын айналып өттік. Көгалда 65 маймыл отырған еді. Ауадан жебіршөп иісі шығып тұрды. Маймылдар, жақындап барсақ та, бас көтеріп қарамады. Бала маймыл аунап, ересек бірі – бетін тазалап, басқа бірі – аяғын сілкілеп жатты. «Балақайдың бабы келісіп тұр», – деп әзілдеді Керби.
Геладалардың ең көзге ұратын белгісі – түксіз жалаң төстеріндегі қою қызғылт дақ. Ұрғашыларында бұл түс өзгереді, дақтың айнала шетінде кіп-кішкентай қалташық сұйықтыққа толады. Бұл көбіне олардың жұптасуға әзір екендігін көрсетеді. Үстем еркектерінде алқызыл дақ қою қызыл түске өзгереді. Басқа приматтар жыныстық жетілгендерін бөкселерімен байқатады, бірақ бұл маймылдар күннің көп бөлігін құйрықпен жер сипалап, құмарлана шөп жеумен өткізеді. Көптеген примат жеміс пен жапырақ жеу үшін ағашқа өрмелейді. Геладалар шөп пен өсімдіктерді жұлу үшін бас бармақтарын пайдаланады. Зебралар тәрізді олар да жемдерін азу тістерімен шайнайды. «Теория жүзінде, – дейді Керби, – приматтар шөп жемеулері керек». Қоректік тұрғыда шөптің берер қуаты шамалы. Жеткілікті қуат алу үшін көп еңбектеніп, уақыт жұмсаулары қажет. Мұндай тиімсіздік үлкен мидың эволюцияға ұшырауын қиындатар еді. Бұл геладалардың қуыршақ немесе резеңке доп бергенде, айталық, Ботсвананың павиан чакмаларымен салыстырғанда, неліктен онша қызықпайтындығын түсіндіреді. Бірақ бұл маймылдар епсіз дегенді білдірмейді.
Керби екеуміз жүремізден отырып, құлақ түрдік. Ауада шылп-шылп шайнаған дыбыстар естіледі. Жануарлардың бірі «қоңқылдай» жөнелді. Қарғадай қарқылдаған дыбыс та естіледі. Ұрғашы біреуі «уһілеп» кетті. Кербидің аудармасы бойынша, ол «жігітім, мен мұндамын» дегені екен. Геладалардың бірнеше жүзі топталып, қаңғыған приматтар қалашығын құрайды. Олар басқа адами емес приматтардікіне қарағанда әлдеқайда бай «вокалдық репертуары» арқылы хабар алмасады. Олардың ерін шылпылдатқан дыбысы, тіпті бет-әлпет қимылы адам сөйлеуінің ізашары дегенге дәлел бола алады. Маймылдардың жүріс-тұрыстары мен отбасылық динамикасын құжаттау үшін зерттеушілер геладаларға лақап ат қойған.
Мәселен, титімдей Астрал төбелес шығарғыштығымен танымал, ол ірі маймылдарды ұрып қап, шешесі Отымның артына тығылады.
1974 жылы император Хайле Селассиені тақтан тайдырған көтерілістен кейін Азамат соғысы далалық жерлерде зерттеу жұмыстарын жүргізуді қиындатты. 1990 жылдардың басындағы ереуілдерден кейін Дерг коммунистік кеңес билігі орнап, ғалымдар қайта оралды. Бүгінгі күні қанша гелада қалғаны әлі де белгісіз. Бірнеше жүз мың ба? Он мыңдаған ба? Елдегі жердің көбі ауылшаруашылығына берілген. Көкорай шалғын мол болуы үшін фермалар саны тым көп, жердің эрозияға ұшырау көрсеткіші де шамадан жоғары. Гелада саны Симиен тауларында көп, бірақ сол солтүстік аймақта мал көп өсіріледі. Жыртқыштардың көбі жоғалған.Осы таулы жерлерде ғалымдар маймылдардың шағын популяциясы жан-жағынан фермалар қоршап тұрса да, сақталып қалғанын анықтады. Бірақ бұл қашанға дейін созылмақ?
Гуассаның жағдайы бөлек. Жыртқыштар жетеді. Әдетте гелада қорегінің 90 пайызы шөптен тұрады, бірақ мұнда олар өсімдіктің 60-тан астам түрімен қоректенеді, сондықтан шөп олардың «ас мәзірінің» жартысынан астамы ғана, ертедегі гомининдердің тамақ рационы тәріздес. Theropithecus бір кездері жаңсақтықпен «Жаңғақ шаққыш адам» аталған адамның арғы атасы – Paranthropus boisei тек осындай шөп-шаламмен қалайша өркендегенін ғалымдардың түсінулеріне көмектесіп отыр. «Геладаларды бұл жерде зерттеу басқа жақта зерттеумен бірдей емес, – дейді Керби. – Бұл жер ежелгі дәуірдің терезесі іспеттес».
Гетане маған сабырлы кейпімен зорлана жымиды. Керби үшеуміз күзеттеміз. Кішкене төбешіктерді аралау. Бұталар арасында жаяу жүріс. Ұрыларды іздеу. Жылжу керек. 20 шақырымға жуық жүру қажет.
Гетане Гуассаның табиғат сақтау кеңсесінің жұмысын жүргізеді. Ол оны бүлдіруі мүмкін адамдардан қорғайды. Гуассада адам баласы тұрмайды. Бірақ 45 000 ауыл тұрғыны осы аумаққа күтім көрсетеді. Тұрғындар арпа, жасымық, картоп және кейде бидай егеді. Олар сиыр, қой асырайды және тезек жағып, «инжера» деп аталатын әйгілі Эфиопия күлшесін пісіреді. Кебеле деген шағын шаруашылық топтары жер телімдерін бақылау үшін өкілдерін тағайындайды. Бозот шөбі өсіп, шабуға дайын болғанға дейін басшылар жайылымды бірнеше айға немесе жылға жауып тастайды. Гуасса осы шөптің құрметіне аталған. Бұл бәріне тосқауыл бола алмайды. Ұрылар қолорақтарын алып, тау асып Дебре Бирхан сияқты алыс жерлерге сату үшін заңсыз шөп шабады. Қаскөйлер гүлді өсімдіктердің тамырын отын ретінде қазып алады. Гетане кейде бақылаушылар тобымен бірге заң бұзушылардың ізін кеседі. Бақылаушылар көбіне өздері күзетіп жүре береді. Гетане жалғыз қалған кезде өзінің әккілігіне сенім артады.
Гуассаның жер пайдалану әдебі аңызға айналған және шіркеуде уағыздалады. Басқару осал болса, ортақ байлық көбіне жекелеген тұлғалардың өркөкіректігінің құрбаны болатын. Гуассада жұртшылықтың қысымы мен шіркеу байланысы көмек көрсеткенге ұқсайды. Жер сақтау қасиетті парыздай еді. Ауылдықтар өз шаруашылықтарын мақтан тұтты. Тіпті жайылым мерзімі діни мерекелермен бітетін («Әдетте осындай жалпыға ортақ мүлік түрлеріне руханият ұйымына сүйенген кезде олар қасиетті болып кетеді», – дейді эфиопиялық ғалым, Гуасса сарапшысы Зелалем Тефера Ашенафи). Ал соның барлығы сәтсіз болған кезде Гетане тәрізді адамдар шыққан.
Ол әңгімесін айтып жатқан кезде біз отырған болатынбыз: бірде шөп ұрысын аңдыған ол жаймен келіп, ұрыны артынан қаруымен түртеді. Гетанені көргенде зәресі зәр түбіне жеткен. Айта отырып, Гетане күліп алады. Бірақ оның жұмысы қауіпсіз де емес. Бұл жерден қарақшылар өтіп, азаматтық соғыстан немесе Эритримен болған қақтығыстан қалған қару сатып жүреді. Гетанеге оқ атылып, тас лақтырылған кездер де болған. Пышағы бар әлдебір қаскөй онымен төбелес шығаруға да тырысқан. Ал осы маңдағы Мехал Меда ауылының маскүнемдері оны өлтіруге ант-су ішіпті.
Бұл күндері ұрлық жасағандарға айыппұл салынады немесе түрмеге қамалады. Бірақ бұл жердің тарихы терең, ал тарих ешқашан алыс ұзамайды. Ұрлықты тыю үшін ғасырлар бойы қатаң жаза қолданылды. Айыппұл ретінде арыстан терісі немесе орамжапырақ дәні салынатын, бұларды Гуассадан таппайсың. Ел басындағылар осылайша қаскөйлерді ұрып-соғып, қудалайтын. Заңсыз жайылған сауын сиырлар сойылып, олардың терісі кептіріліп, шіркеуге барабан жасау үшін берілетін. Төбесі ұрланған шөппен жабылған үйлерді өртейтін болған.
Біз қайтадан жаяу жүрісімізді жалғастырамыз. Бір шақырымдай жүрген соң Гетане жаңадан салынған жертөле қойманы нұсқады. Оны айналдыра балшық жағылған. Әлдекім көкбұта сындырып, ағаш көмір алу үшін соны жаққан. Біз шөп қалдықтарын байқадық. Бұл жерде қаскөйлер болған. Гетане таулы алқапқа бұрылып, көз сүзді. «Олар мұнда емес», – дейді ол. Мен одан: «Ұрыларды ұстайсың ба?» – деп сұрадым. Ол отырған күйі иығын қиқаңдатты. Төсқалтасынан соқпақ жолдан тауып алған үлкендігі алақанындай әлдебір бассүйекті шығарды, кекілбас киіктікі болса керек. «Қараусыз қалса, – дейді ол, – шөп ұрлығы көбейеді. Ауру сиырлары бар шаруалар жабық жайылымға еніп кетеді. Жасыл алқап шөгере бастағанда маймылдар фермаларға көбірек «ұрлыққа түседі». Соның салдарынан олардың өлімі көбейеді».
Біз бұрышты айналдық. Шайқурай шоғыры жанындағы жартасқа жайғасқан қоңыр франколин далаға тесіле қарайды. Бірнеше күн бұрын Керби екеуміз осы жердің жанынан өткен едік. Ол кенет селк етіп тоқтай қалды. Денелі теңбіл мысық бұтаға қарай жөңки жөнелді. Бұл бұташын емес еді, Кербидің күдікті ойы әлгіні қабылан деп түйді. Қазір сол оқиға және сол жер туралы ойлап отырмын. Эфиопияда аймаққа тән таулы өсімдікті табиғат сақталып отыр. Гуасса әлі де экологиялық тұрғыдан бай. Осы экожүйе революцияларды, басқыншылықтарды, аштық пен сыбайлас жемқорлықты бастан кешірді. Ол талай үкіметті де көрді. Шарттар дұрыс сақталса, жергілікті табиғат сақтау шаралары тиімді болады. Бірақ экожүйелер әлсіз келеді. Кейіннен орын алған Дергтің билігі мен байқаусыз өзгерістер барлық нәрсе оп-оңай кері кетеріне меңзейді.
Гуасса фермерлері маймылдарға тәнті деуге келмейді. Ауылдықтар оларға сабырмен төзіп жүр. Ақылды геладалар жаңа орылған арпа сабақтарының үстіне шығып, сауық құрады. Ауылдықтар құнарлы отамалы дақылдарды аңдитын маймылдарды қуады. Шөп мол болса, адамдарға да, маймылдарға да жетеді. Кейбір ауылдықтардың айтуынша, Дерг билік басында болған кезде шөп өсіру дұрыс атқарылмаған.
Бір күні ертеңгісін Керби екеуміз фермер және Гуасса гелада зерттеу жобасының бақылаушысы Тассо Вудимагегнді көру үшін жеңіл жаңбыр астында көлбеу тайғанақ соқпақпен жолға шықтық. Тассо – Гуассаның талай өзгерісіне куә болған жан. Солардың бірінен өзі де өткен.
Тас пен балшықтан қаланған үйінің ішінде жұбайы ашық отта кофе қайнатты. Біз әлемнің түрлі жерінен бейсбол ойындары, жымиған балалар, саябырсыған жағалау бейнеленген журнал беттері жапсырылған қабырғаға жақын тізе бүктік. Ер жете бастағанда ол геладаларды суқаны сүймейтін болыпты. Ол жерді мемлекетке қаратып, Гуасса күзет қызметін таратқан Дергті жеккөрінішін тудырғаны үшін кінәлайды. Жайылымға мал жаю мен шөп шабу жайттары көбейді. Көптеген фермер жасыл алқаптардың тарылғанын және адамдардың маймылдардың табиғи қоректену жерлерін басып алуларымен геладалар фермаларға жиі шапқыншылық жасайтынын айтады.
Вудимагегн 5-6 жасқа келгенде маймылдарды қорқытып қууға талпынып көрген. Балалар маймылдарға айғайлап, тас лақтырған. Бірақ геладалар айбат шегіп, балалар қашып кеткен. Ол өскен соң қақпан құра бастады. Сонымен қатар, эфиоптардың «дула» деп аталатын таяғымен геладаларды ұратын.
Вудимагегн бүгін сол қылығы үшін ұялады. «Менің солай ойлауым қате еді», – дейді ол. Қазір Гуассада бақылау бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы, бірақ қоғам ұдайы өзгерісте. Мүлік иелену жүйесі ауысты. Бір кездері шіркеуге қарасты және негізін қалаушылардың ұрпақтарымен шектелетін Гуасса билігі енді оның тарихына қатысы жоқ жаңадан келушілер үшін бұрынғыға қарағанда зайырлы және ашық. Табиғат қорғаудағы жергілікті жұмыстардың орындалуына негізгі түрткі – адамдардың осы жұмыстарға ортақ екендіктерін түсінуі. Бірақ қазір наразылық артып, қоғамның осы түсінігі жоғалып бара жатыр.
Вудимагегн кейде қабырғаларға сағынышпен қарайтындығын мойындады. «Журналдарда «керемет жерлер» туралы жазылады», – дейді ол. Ол қалаға көшіп, ақша тауып, балаларына жақсы білім бергісі келеді. Бұл – барша адамзатқа тән сезім, бәрі басқалар сүріп отырған өмірді қалайды.
Тоғыз сағаттық сілікпемізді шығарған жүрістен кейін Гетане, Керби және мен Гуассаның шетіне жеттік. Біз Мехал Медаға автостоппен бардық. Жол бойы түрлі пейзажды тамашаладық: гектар-гектар егістіктер мен жыртылған жерлерде өңделген телімдер ауыл шаруашылығының біртұтас теңізіндей біріне-бірі ұласып жатыр. Керби таулы жоталардың көбі осыған ұқсас екенін айтты.
Гуассаның тағдырдың сол қамытын кимеуінің бір себебі – тұрғындардың бақылауды ұстануы, заңның нақтылығы, қадағалау қатаңдығы және пайдаланушылардың өз мойындарына міндеттеме алулары. Нобель сыйлығының иегері Элинор Остром осындай стратегиялар салыстыруға келмейтін Швеция шаруа қожалықтарында, Жапония ормандарында және Жаңа Англия лангуст аулау кәсібінде табысты қолданылғанын анықтады. Намибияда да жабайы табиғатты сақтау мақсатында осындай шаралар атқарылып жатыр. Бірақ Гуассаның биікте әрі қашықта орналасуы жаңадан келушілерге ғасырлар бойы кедергі болды. Қазір жан-жақтан ентелеушілер көп. Дерг кетті, бірақ елдің басқа бөліктерінде қайтадан саяси тұрақсыздық белең алған. Климаттық өзгерістер жоғары орналасқан жерді шаруа қожалығына тіптен ыңғайлы етіп отыр. 2050 жылдарға қарай Эфиопия халқы 1950 жылмен салыстырғанда он есе артып, 188 миллионға жетуі мүмкін. Аумағы Техас штатынан екі есе аз елдің халық саны жеті есе дерлік артық болады. Табыс артуда, бірақ эфиопиялықтардың үштен бірі қайыршы күйде. Сондықтан үкімет Қытай инвесторларын шақырып отыр.
Гуассаға қарай қайтып келе жатып, геладалардың сүйікті алқабын көрдім. Сары тракторлар мен бульдозерлер алқаптың шетін айнала топырақ жол төсеп жүр. Техника құнарлы өсімдікке толы батпақты жерді аударуда. Электр желілері мен ұялы байланыс мұнаралары және жұпыны турист үйі өткен он жылдықта салынды. Неге салмасын!? Мұнда өмір ауыр, мүмкіндіктер жоқтың қасы. Даму, экотуризм және басқа нарықтарға жол ашылуы адамдарға кедейшіліктен құтылып, экономиканы жаңартуға көмектесер еді. Бірақ мұның барлығы аймаққа және ондағы маймылдарға сынақ болады.
Мұндағы соңғы кештерімнің бірінде базаға қайта оралып, Керби екеуміз батып жатқан күн астында жапа-тармағай жыбырлап бара жатқан маймылдарға қарадық. Геладалар шыңғырып-шулап бірінен кейін бірі тік жартастарға өрмелейді. Олар осы жұқа жартас шоқыларда таң атырады. Мыңдаған жыл бойы қалыптасқан осы тәжірибе ұйқыдағы геладаларды аш қорқаулар мен басқа да түнгі торуылдағы жыртқыштардан қорғайды. Үйірінен қалып қалған геладалардың енжар сілеусінге тап болғанын көргенде көңілім түсіп сала берді. Эволюция приматтарға көп сынақ берді. Алайда олардың қауіптен қашып құтылар жері жоқ.
Фотограф және NG грант иегері Тревер Бек Фрост табиғаттың жабайылығы мен қаз-қалпы сақталған жерлерін аралағанды ұнатады. Фотограф және NG грант иегері Джеффри Керби – Дартмут қаласынан келген ғалым.