Авторы: Синтия Горни Фото: Эми Тоунсинг
Үндістан, Вриндаван
Таңсәріде Вриндаван жесірлері, шаңдауыт жолдағы шалшықтар мен сиырдың жас тезегін айналып өтіп, асығыс кетіп бара жатты. Күнде таңертеңгісін еріктілер жолдың жиегінде газ пеш жағып, бір қазан шай демдейді. Жесір әйелдер мұнда ертерек жету керектігін біледі. Егер кешіксе, шай таусылып қалады. Тағы бірнеше қатардан кейінгі келесі қайырымдылық орнындағы үлпілдек күріш те түгесілуі мүмкін.
Сағат таңғы бес жарым. Күн салқын. Ай жаңадан туды. Бірнеше жесір түрлі-түсті сариге оранған. Басым бөлігі ақ сари киген. Үндістанда бұл күйеулері қайтыс болғанын білдіреді.
Вриндавандағы жесірлер санын ешкім дөп басып айта алмайды. Кейбір баяндамалар 2-3 мың деп топшылайды. Енді бірі 10 мыңнан асатынын айтады. Қала мен оның маңындағы аудандар рухани орталық болғандықтан, мұнда үнді құдайы Кришнаға арнап салынған ғибадатханалар жетіп-артылады. Жағдайы төмен жесірлер иін тіресе отырып, күні бойы құдайларына «Бһаджан» деп аталатын мадақ жырын жырлайды. «Бһаджан» ғибадатханасының қасиеттілігі тоқтаусыз дұға ету арқылы сақталады. Әдетте, бұл – зиярат етушілер мен дін қызметшілерінің құзырындағы іс. Жесірлер кей кездері үш немесе төрт сағат бойы мадақ жырын айту арқылы ыстық тамаққа қол жеткізеді. Кейде тіпті түнеуге қажет төсенішке ие болады.
Олар баспана таппағанда лашықтарда, ортақ жалдамалы бөлмелерде және жол жағасындағы қалқа шатырларда түнейді. Мұндағы жесірлер Үндістанның түкпір-түкпірінен келген. Кейде олар өздері сенетін ұстаздарына еріп келеді. Ал енді бірде оларды туыстары алып келеді де, ғибадатханаға орналастырады немесе көшеге түсіре салып, көліктерін айдап кете барады.
Жесір әйелді туыстары үйден қумаған күннің өзінде оған отбасындағы абырой-беделінің төмендегенін күн сайын құлағына құйып отырады. Үндістанда жесір әйелдер күйеуінен артық өмір сүргені үшін қасірет шегеді. Үнді жесірлерінің ауыр тағдыры жайлы қалам тербеп жүрген делилік психолог Васантха Патридің сөзімен айтқанда, олар физиологиялық тұрғыда тірі болғанымен, әлеуметтік тұрғыда өлген болып саналады. Вриндаван «Жесірлер қаласы» болғандықтан әрі мұнда ыстық тамақ пен жанға серік болар адамдар табылатындықтан, жесір әйелдер өздері автобуспен немесе пойызбен келеді және бұл үрдіс ежелден жалғасқан.
Қол-аяғы шидей Канаклата Адхикари есімді әйел төсегінде жатып: «Ешқайсысымыз өз отбасымызға қайтып барғымыз келмейді. Олармен сөйлеспейміз де. Біздің – отбасымыз осы», – деп айғай салды. Ол жеті әйелмен бірге жалдамалы бөлмеде тұрады.
Басына ақ орамал жаба салыпты. Үндістанда жесірлердің шашын алып тастау кең тараған. Бұл олардың әйелдік нәзіктігінің жоғалғанын білдіреді.
Адхикаридің шашы жақында ғана алынған сияқты көрінді. «Бұлай жүруімнің себебі – менің шашым ерімдікі. Әйелдің бүкіл сұлулығы – шашы мен киімінде. Күйеуім қайтыс болды. Енді оның маған не керегі бар?» – деді ол.
– Қазір нешедесіз?
– Тоқсан алтыда.
– Ал күйеуіңіз өлгенде неше жаста едіңіз?
– Он жетіде.
Вриндаванға келген себебім, фотограф Эми Тоунсинг екеуіміз әлемнің үш бірдей еліндегі жесірлердің ерекше әлеуметтік топтарын бір жыл бойы аралап тексерудеміз. Біз жесірлердің жеке басының қайғы-қасіретін емес, қоғамның күйеуінен айырылған бейбақтарға таққан «панасыз», «босқын», «зиянкес», «азап шегуші», «құрбан» сияқты әділетсіз айыптауларды зерттемекпіз.
2011 жылы БҰҰ 23 маусымды «Халықаралық жесірлер күні» етіп белгілеп, бұл бастамаға жабырқау анықтама берген еді: көптеген мәдениеттерде жесірлердің дәрежесі төмен. Олар қатыгез дәстүрлерге, кедейлікке, күйеулерін жалмаған соғыстың зардаптарына тәуелді болып келеді. Сондықтан жесірліктің өзін адам құқықтарындағы бір апат деп қарастыруға болады. Біз Босния және Герцеговинадағы соғыс құрбандары жесірлерінің лагерінде бір ай уақыт болып қайттық. Бұл әйелдер жиырма жыл бойы соғыста қырылған жеті мыңнан аса жауынгердің қалдығын іздеп тауып, қайта жерледі. Ал Угандада «жесірлік мұрасы» деген ұғыммен таныстық. Ол жесірлер қол жеткізетін мал-мүлікті меңземейді. Оның мағынасы – қайын жұрты жесірді мал-мүлкімен бірге заңсыз түрде иемденіп, оны өздері таңдаған қандай да бір туысына төсектесі немесе әйелі ретінде қосады.
Вриндаванда Лакшми Готум есімді әлеуметтік қызметкерді тыңдай отырып, одан билік берілсе нені өзгертетінін сұрадық. Лакшми бұл жөнінде не ойлайтынын айтты: «Сөздіктен «жесір» сөзін алып тастар едім. Күйеуі қайтыс болса, әйелге бірден осындай айдар тағылады. Жесірлік қамытын киеді. Осының кесірінен өмір бойы қиналып өтеді».
Оқшаулану және көзге көрінбеу секілді себептерден дүниежүзінде қанша жесір бар екенін дөп басып айту қиын. Ең сенімді деген деректерді «Лумба» қоры ұсынып отыр. Бұл қор бүкіл әлем бойынша жесірлерге қолдау көрсетеді және жақында ғана дүниежүзіндегі жесірлер санын 259 миллион деп болжады. Сонымен қатар, әлем елдеріне жесірлердің қажеттілігі мен тіршілігіне көңіл бөлінбей отырғаны жайлы ескертті.
Жесір әйелдің түрлі-түсті киім киіп, сәнденуіне болмайды. Себебі бұл оның мәңгілік аза тұтушы рөліне сай емес. Ол дәм-тұзсыз тамақ ішуі тиіс және көп жеуіне болмайды. Неге десеңіз, тағамның молдығы мен ащы-тұщы дәм оның құмарлығын оятып жіберетін көрінеді. Дегенмен бұл тыйымдар Үндістанда күн санап жойылып келеді. Көзі ашық үнділер ескіліктің сарқыншағы ретінде оларға назар аудармайды. Әйтсе де, кей қыстақтарда және қатал отбасыларда бұл дәстүр әлі де қатаң сақталып келеді. Жесірлерге арналған «Guild for Service» атты ақпарат-насихат ұйымына қызмет ететін делилік жазушы Мира Канна жесірлерді қорлау «Веда» деп аталатын индуизм кітабынан бастау алмайтынын анықтады. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан репрессиялық дәстүрдің салдары.
«Веданың» ешбір жерінде жесір әйел шектелген тұрмыс кешу керек деп айтылмаған. Керісінше бір жолында: «Сендер, әйелдер, енді қайтып тірілмейтін ерлерге неге жылайсыңдар? Тұрыңдар, бір тірі адамның қолынан ұстаңдар да өмірді қайтадан бастаңдар», – деп айтылады.
Біз Колкатаның солтүстік-батысындағы Вриндаван мен Варанасидегі бір қарапайым шараның үстінен түсейік деп жоспарладық. Бұл екі шаһар да – мыңдаған жесірге пана. Қоғамдық той-думанды мерекелерде жесірлердің де қатысуына мүмкіндік беріпті. «Дивали» мен «Холи» деп аталатын қос шара – бүкіл Үндістан бойынша қуаныш пен шаттық мерекесі. «Дивалиде» сыйлықтар жасалып, шырақ жағылады және отшашулар атылады. Ал «Холи» мерекесінде үнділер: «Холи ойнаймыз», – деп көшеге шығады да, бір-біріне түрлі-түсті ұнтақ пен су шашады.
Қалған өмірін қорлықта өткізуге тиіс жесірлердің ойнап-күліп, көңілді жүруіне тыйым салынған еді. «Бұрындары біреу жесір қалса, оған «енді ешқандай мерекеге қатыспайсың деп айтылатын, – дейді қайырымдылық қызметкері Винита Верма. – Бірақ біз бұл әйелдердің қоғамның бір бөлшегі болғанын қалаймыз. Олардың өмір сүруге толық хақысы бар».
Верма – «Халықаралық Сулаб» атты ұйымның вице-президенті. Бұл ұйым Вриндаван мен Варанасидегі жатақтарда тұратын жесірлерге қолдау көрсетумен және айлық жәрдемақы берумен айналысады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Сулаб» ұйымы екі қаладағы жесірлерге «Дивали» мен «Холи» мерекесін сынақ түрінде өткізіп, кейін кең көлемде атап өтетін болды.
«Жесірлер қаласы» деп аталып келген Вриндаван мен Варанасиде 2015 жылға қарай мерекелік той мақсатты түрде ашық өткізілуге бағытталды. Үндістанның ақпарат көздерінде ешқандай қарсы пікірлер айтылмады және Тоунсинг екеуіміз Үндістанға келгенде жесірлер мерекесіне қатысты жоспарлар жөнінде естіген бірден-бір шағымымыз – жесірлер мерекесі кезінде түсірілген суреттер әдемі болғанымен, олардың тұрмыстық жағдайы түзелмеді.
«Шынайы өзгеріс үшін бұл мәселені тудырған қоғамның өзін өзгертуіміз қажет», – дейді сөздіктен «жесір» сөзін алып тастағысы келетін Готум есімді әлеуметтік қызметкер. «Бұл әйелдерді қалай атаған дұрысырақ?», – деп сұрағанымда, ол бұны да ойластырғанын айтты: «Ана. Ана болмаса, қыз немесе қарындас. Жұбай да болады. Тек күйеуі қайтыс болған», – деді ол.
Мынаны да есте сақтаған абзал. Вриндаван жесірлері шындаса, ешкімнен тайсалмайды. 2015 жылдың қарашасында осында келгенімде «Дивали» мерекесі басталғалы жатқан. Бір күні Верма түс ауа «Сулабтың» шарасына дайындалып жатқанда соңынан ілесіп жүрдім. Мұндай шарада жесірлерге мыңдаған сари таратылады және олар қалаған түсін таңдай алады. Бұл сарилер «Сулабтың» сыйы болатын және Вриндавандағы бір дүкеннің жайма сөресіне қойылды. Қайырылымдық жәрдемақысына ие болған жесірлер топтасып келіп, бірнеше сағат бойы үндінің талғампаз тұтынушылары сияқты сарилерді тексеріп тұрып, таңдап алады.
Көптеген мәдениеттерде жесірлік әлі күнге дейін адам құқығын қорғау саласындағы апаттың бірі болып отыр.
Дүкен ішінде менің тілмәшыммен бірге бір топ жесірдің дүкенге ағылып кіргеніне және сари жаймасына беттеп, сатушыны шақырғанына куә болдым. «Ана жақтағы сарилер көбірек ұнады. Солардан таңдасақ болмай ма?» – деді бір әйел.
«Жоқ, олар сатылатын сарилер», – деп түсіндірді сатушы. «Ім-м, сапасы нашар екен», – деді бір жесір. Тағы біреуі: «Ары жылжышы!» – деп жанындағы әйелді шынтағымен итере бастап еді, әлгі әйел орынның кең екендігін айтты. Әйелдердің бәрі келіп таңдап болғанша бірталай уақыт өтіп кетті. Жесірлердің төртеуі жаңа сари ала алмай кеткенін байқадым. Олар: «Уақытымыз асып-тасып тұрғандай», – деп бір-біріне күбірлеп, ренжіп кетті.
«Дивали» мерекесі жоғары деңгейде өтті. Түрлі әндер шырқалып, отшашулар жарқ-жұрқ етті. Ақ және алуан түсті сарилер менмұндалап тұрды. Үндістандық телеарналардан көптеген фотограф келді. Түтін үйіріліп, отшашулар өзен бетін күлгін түске бөледі. Су бетіндегі майшамдар жарқыраған шеңберлер жасап, өзенмен бірге ағып бара жатты. Бәрінен бұрын, «Дивалидегі» ең әсерлі естелігім – сари ала алмай дүкен есігінен шығып кеткен төрт жесір әйел болды. Ақ сари киген ханымдар қатарласа жүріп, күліп бара жатты. Жүргіншілер жолынан шығып, үлкен жолды кесіп өтпек болғанда көліктер оларға тоқтап, жол берді.
Тузла, Босния және Герцеговина
Сот-медициналық сараптама орталығынан қоңырау соғылғанда Мирсада Узунович 13 жасар ұлымен бірге болатын. Ол сабырлы болуға тырысты. Телефонның ар жағынан жағымды дауыс естілді. Ол Узуновичтің күйеуі – Екремнің сүйегі зертханалық сынақ арқылы анықталғанын айтты. Егер оны жерлегісі келсе, зиратқа апарып көмуге болатынын жеткізді.
Ол үш ай бойы ешкімге тіс жармады. «Азапты түндерді бастан кештім. Оңашада ойға баттым. Мен білетін алып тұлғадан қалғаны бас сүйек қана. Жоқ. Ақылға мүлде сыймайды. Жарайды, оны солар өлтірді делік. Бірақ оны неге жерлемеген? Байғұстың денесі шашылып қалған. Қайда екенін өзім де білмеймін. Сүйектері қайда? Өзі қайда болды?».
Алғашқы хабар 2005 жылы келген-ді. Бұл босниялық Серб қарулы күштері жеті мыңнан астам мұсылманды қырып тастағаннан кейін арада он жыл өткен кез болатын. Өлгендердің саны туралы әлі дау басылмағанымен, бұл – халықаралық сотта тіркелген дерек, яғни үш жылдық Босния соғысының бір аптасында болған қырғын еді. 1995 жылдың 11-19 шілдесінде Балқан түбегіндегі Босния және Герцеговина елінің шығыс жиегіндегі Сребреница қаласында және оның төңірегінде адамдар жаппай қырылды. Мирсада 15 жасынан, яғни қыстақтағы би кешінде алғаш кезіккеннен бері Екрем Узуновичке ғашық еді. Оны соңғы рет жейдемен және қара шалбармен көрген болатын. Ол таңертең жолдорбасына Мирсада пісірген нанды салып алды. Еңкейіп ұлын сүйді де, теріс айналып жүгіре жөнелді.
Жесірлерге тағы бір салмақ түсті: Сребреница құрбандарының сүйегін тауып, жеке зиратқа қайта жерлеп, жаназасын шығару керек.
Ол кезде ұлдары екіде, ал Екрем жиырма жетіде болатын. Тузла қаласында Узунович пен сребреницалық өзге де соғыс жесірлері орналасқан екі бөлмелі кеңсе бар. Кеңсе қабырғасы төбеге дейін Екрем секілді «қайтыс болған» немесе «қайтыс болды» деп тұспалданған қара шашты босниялық ерлердің суретіне толып қалған. Альбомдарда да мыңдаған сурет жинақталған. Жасөспірім балалардан бастап Екремнің атасындай қарт адамдар да бар. Узунович: «Әр аулада бірдей көрініс болды. Ерлер үйлерінен қашып шығып кететін. Ал әйелдер мен отбасы мүшелері олардың артынан жылап қалатын. Ер адамдар сыр білдірмеуге тырысты. Артына бұрылып қарамастан орманға қарай кететін. Орманға қарай жүгірген ер адамдардың көптігі сонша, өзенді елестететін», – дейді.
Тау жиегіндегі Узунович пен оның ұлы тұратын үйде кездескенімізде шілде айы еді. Жыл сайын шілденің 11-інде соғыс жесірлерінің күш-жігерінің арқасында үлкен жотадағы Сребреница құрбандарына арналған зиратта топтық жерлеу рәсімі өтеді. Осы уақытқа дейін табылған және отбасы мүшелерінің растауына ие болған мүрделердің қалдығы жер қойнына тапсырылды. Алғашқы 600 табыт 2003 жылы жерленді.
2015 жылдың шілде айының алғашқы аптасы. Соғыстың жиырма жылдығына санаулы ғана күндер қалған болатын. 41 жастағы Узунович жыл сайын 11 шілдеде көп жерлеу рәсіміне куә болды. Оның бауыры, атасы, үш бірдей ағасы, төрт жиені, Екрем әулетіндегі ер адамдар, тағы да басқа жесірлердің жұбайлары соғыста қаза тапты. Ол осы күнге дейін: «Жоқ, ол Екрем емес», – деп қайталап келді. 2007 жылы сот-медициналық сараптама орталығы оған екінші рет қоңырау шалды. Олар оған күйеуінің жамбас сүйегі мен санын анықтағанын айтты. Алайда Узунович жерлеуге рұқсат бермеді. Себебі денесі толық табылмаған еді.
«Мен бұл азапқа жылдар бойы шыдап келемін. Тым ұзақ күттім. Енді күте алмаймын», – деді аудармашым екеуміздің стақанымызға қою қара Босния кофесін құйып жатып. Оның көз жасы сарқылып қалғандай. Тым жүдеу. Биылғы Поточари рәсімінде күйеуін жерлемекші.
Босния тілінде жесірді «udovice» дейді. Алайда олар ашқан ұйымдардың атауларында жесірлерді «žene» – «әйел» деп атайды. Мысалы, «Snaga Žene» – «Әйелдер күші». 1995 жылдың жазында Тузла спорт орталығының жанынан өтіп бара жатқан адам мұнда сребреницалық әйелдердің көптеп жиналып тұрғанын байқайтын. Олар мұнда топ-тобымен күштеп әкелінді. Ал олардың күйеулері, балалары, бауырлары және әкелері оққа ұшып жатқан болатын. Ерлер кетерінде: «Шайқастан қашып құтылған соң спорт орталығына келемін. Мені сонда күтіңдер», – деп айтып кететін. Әйелдер спорт орталығының сыртында қаншама апта үміттене күтті десеңізші. «Олар үшін бірнеше күннің ішінде осыншама адамның өлтірілуі ақылға сыймады», – деді «Snaga Žene» ұйымының төрайымы, тузлалық дәрігер Бранка Антич-Штаубер.
Босниялық серб көсемдері топтық көмудің байқалып қалатынына алаңдап, мыңдаған мүрдені қайта қазып алды. Сөйтіп, оларды ауылды жерлерге апарып, қайта көмді. Ал жер қазатын техникалар шіри бастаған мәйіттерді бүлдіріп жіберді. Әлемдегі қақтығыс аумақтарының бірінде өмір сүріп жатқан жесірлердің күнделікті қиыншылықтары: жаралану, жыныстық жәбір көру, оқшаулану және қаржылық жоқшылықтың үстіне тағы бір апат келіп қосылды. Ол – Сребреницадағы мәйіттер қалдығы. Егер оларды зиратқа жекелеп жерлеу керек болса, онда әрбір мәйіт бөлшегін кімге тиеселі екендігін анықтау қажет еді.
Сот-медициналық сараптама, табылған сүйек пен өзге де дене бөлшектерін туыстарының ДНҚ-сымен салыстыру Босния қақтығысынан кейін құрылған «Жоғалғандарды іздеу комиссиясы» атты ұйымның міндеті болды. Әр мәйіттің жеке басына есеп беру талабы қатаң болды, яғни, әр құрбанды жеке зиратқа жерлеу, жоғалғандардың суреттерін іздеу, қаза тапқандардың дене мүшелерін толық табуды талап еткен ай сайынғы ереуіл, қандықолдарды жазаға тарту және Сребреницадағы қырғынды «геноцид» деп атау – осының бәрін әйелдер ұйымдастырды.
Мәйіттердің тағы бір легі келердің алдында 6241 табыт жерлеуге дайын еді. Қорым ішінде жасыл мата жапқан жаңа табыттар тізіліп тұрды. Ислам дінінде жасыл түс қасиетті болып саналады. Табыттың саны – 136, ал Екрем Узуновичтің мәйітінің қалдықтары 59-табытта болды. Жерлеу күні таңертең аспан шайдай ашық, күн жылы болды. Мирсада Узунович күйеуінің аты-жөні жазылған құлпытас пен жаңа қазылған зиратты тапты. Туыстары жиналмалы орындық ала келіпті. Ол біраз уақыт орындықта отырып, сыпайы түрде адамдардың құшақтауын, күбірлеген көңіл айтуын қабылдады. Оқылған дұға әуені естіліп жатты. Сербия премьер-министрі 11 шілдеде болатын бұл жерлеу салтына алғаш қатысып, зираттың біріне гүл шоқтарын қойғалы жатқанда жұрт аяқ астынан дүрлікті. Мысқыл мен ысқырық үні қатты естілгені сонша, премьер-министрдің оққағары оны күтіп тұрған көлігіне сүйрей жөнелді.
Имам құрмет танытуды талап етіп, зират басындағыларды тыныштандырды. Жасыл табыттардың алғашқы легін қабірге апара жатқан табыт көтерушілер төменнен қылтиып көрінді. Имам құрбандарға бағыштап дұға оқи бастағанда, мыңдаған адам бір сәтте түгел тізерлей отыра кетті. Узунович дұға оқыған жоқ. Ол орындығынан тұрып темекісін тұтатты да, бос тұрған қабірдің жанына отыра кетіп, рәсімнің аяқталуын күтті. «Басқалар дұға ете берсін» деп ойлады. Ол бұған дейін талай рет дұға оқыды. Енді тек Екремнің рухына бағыштағысы келді. «Баламызға бас-көз бол», – дедің. Қазір оның жасы – жиырма екіде. Университетте оқиды. Ол сенің табытыңды көтеріп жүр. Қазір жер қойнауына тапсырып, үстіне топырақ тастайды. Сосын өз орныңды табасың», – деп күбірледі.
Уганда, Муконо ауданы
Жаздың бір таңында адвокат Дайана Анвич бірдей екі қалың құжат бумасын тізесіне қойып, оларды парақтай бастады. Тосыннан шақырылған сот ел астанасы Кампаладан бір сағаттық жерде болды. Сот залының бетон еденінің үстіне судья үстелі және бірнеше ағаш орындық қойылыпты. Мұнтаздай таза үстел үстінде күнтізбе мен жіпке байланған Құран және Інжіл кітаптары жатты.
Есік алдында тұрған күзет шетке жылжып, адамдарды ішке кіргізді. Анвичтің айналасындағы орындар адамдарға тола түсті. Тумушаби Клэра есімді жесір әйел алты баласының сүт кенжесі – екі жасар қызын ертіп келіп, орындыққа жайғасты. Тумушаби басын тік көтеріп сот залын айнала барлап шықты. Бұрындары ол ұяң еді. Күйеуі қайтыс боларда осы қызына аяғы ауыр болатын. Жолдасының бас сақинасы ұстап, ауруханада көз жұмды. Содан бастап Тумушаби басына нендей істер түскенін анық әрі ынтамен баяндай білуді үйренді.
Бір жағынан – аяғы ауыр, екінші жағынан, күйеуінің қазасына қайғырып жүргенде қайын жұрты оны маңызды басқосуға шақырды. Олар Тумушабиге бұдан былай балалар тек өздеріне тиесілі екенін айтты. Сонымен қатар, егістік те оның меншігі емес екенін мәлімдеп, күнделікті шаруаға араласпауын бұйырды және оны күйеуінің өзінен жиырма жас үлкен ағасымен атастырды. Ол бірден үйге көшіп келіп, Тумушабиді үшінші әйелі етіп алатын болды.
«Тумушабидің күйеуінің әкесінен мұраға алған үйі мен бір гектардай жері түгелдей әулетке қайтарылуы тиіс», – деді. Дәстүр бойынша, Тумушаби – жесір ретінде осы мал-мүліктің бір бөлігі.
Тумушаби оларға мұның ақылға сыймайтынын айтты. Қайындары Тумушабиді «күйеуін арбап, ақымақ қылып алған» десіп жатты. Тумушаби полиция шақырды. Ол егіннің біразын жинап, отынға ағаш кесіп алды. Ал туыстары қоқан-лоқы көрсете бастады. Оның балаларына түрлі лақап ат тағылды. Бірде әулеттің бір мүшесі аулаға кіріп келіп, бар дауысымен Тумушабидің өлетінін айтып, айғай салды. Төбелес кезінде Тумушабидің қолын «панга» деп аталатын үлкен қанжар тіліп кетіпті. Ақыр соңында, Дайана Анвич әлгі адамды «шабуыл жасады» деген айыппен сот залына бір-ақ әкелді.
Анвич пен оның әріптестері олармен бірге күнделікті жұмысында еріп жүрген Тоунсинг екеуімізге мейлінше жағдайды ескеруге тырысатындарын айтты. Адамдарға жандары ашып кеңес береді, полиция офицерлері мен ауыл ақсақалдары арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Әлеуметтік жиындарға барып жесірлердің малын бопсалау – тіпті күйеуінің әулеті жағынан болса да, заңға қайшы екенін түсіндіріп әлек болады. «Халықаралық әділет миссиясының» Кампаладағы угандалық мамандар бірлестігіне қосылып, алғаш халыққа жасаған дәрісін еске алған заңгер Нина Асиимуи былай деді: «Құдайым-ау, бұл сонда қате болғаны ма?» – деп адамдар таңғалысады. Олар бұны жөнді іс деп ойлайды. Заңға қайшы болғанымен қоғамда мақұлданған қалыпты іс дейді».
Адвокаттар, әлеуметтік қызметкерлер және тексерушілер, бұлардың бәрі – жесірлердің құқығын қорғаушылар. Олар өз елдерінің әділет жүйесіне сүйене отырып, жесірлерге деген ежелден қалыптасқан таныммен күреседі. «Халықаралық әділет миссиясы» – АҚШ-та орналасқан коммерциялық емес ұйым. Ол басқа елдердегі зорлық-зомбылыққа тап болған әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін құқықтық насихат жұмысын жүргізеді. Дейтұрғанмен, бұл ұйым қызметкерлерінің Кампалада жүргізіп отырған жұмыстары қарапайым. Олар ел астанасының шығысында орналасқан ауылды аймақтар болып саналатын кең алқапта пилоттық жоба жүргізуде. Онда заңгерлер, инспекторлар шығыс және оңтүстік Африкада «мүлік тонау» деп танылған қылмыстық істер үшін тегін қызмет көрсетеді. «Мүлік тонау» – қоқан-лоқы көрсету немесе физикалық тұрғыда шабуыл жасау арқылы әлсіздердің өздеріне заңды түрде тиесілі жерлерін тартып алу дегенді білдіреді.
Ағайынды жігіттерге тұрмысқа шыққанФата және Хамида Лемеш өздері секілді соғыс жесірлерімен бірге Скейчиде бау-бақша өсіреді.
Ежелден қалыптасқан немесе заманауи себептермен жесірлер бұл өңірде осы қылмыстың құрбанына жиі айналады. Уганданың 39 миллион халқының үштен екісінен көбі аз да болса өз азығын өзі өндіреді. Сондықтан жеке баспанасы мен жерінің меншік құқығына ие болу – материалдық қауіпсіздіктің мығым кепілі, яғни балалардың тамағы, тамақ әзірлеуге қажетті отын, базарда сататын дақылдар. Зираттар үй жанынан орын тебетіндіктен мүлікке ие адам осы отбасының атадан қалған тарихына, құрметі мен атақ-абыройына да ие болады. Сонымен қатар, Уганданың жылдам өсіп келе жатқан демографиясы мен ипотека жүйесі жер құнын тіпті шарықтатып жіберді.
Дәстүрлі Уганда мәдениеті бойынша, мал-мүлік жесірлерге оңайлықпен берілмейді. 1995 жылы қайта қабылданған Ата заң және ұлттық намыс гендерлік теңдікті қамтамасыз етті. Алайда іс жүзінде, әсіресе Уганданың басым бөлігін алып жатқан ауылдық жерлерде тек ерлер ғана жерді меншіктеп, мұраға ала алады. Ал жесірлік әйелдің қоғамдағы заңды құқығын жояды деп есептелінеді. Қайтыс болған күйеуінің отбасы және әулеті оның алдағы тағдырын, атап айтсақ, мүлікке кім ие болатынын, балаларды кім асырайтынын және жесір әйелді кімге күйеуге беретінін шешеді. «Бұл қорлықтың үстіне тағы қорлық бар. Жесір болсаң – бағыңның тайғаны. Бәрі сені қарғайтын болады. Олардың ойынша, қайтыс болған күйеуіңнің өліміне сен кінәлісің. Күйеуіңнің бірнеше үйі, бірнеше әйелі болуы мүмкін. Ол CПИД жұқтырып әкелсе де, өлгенде сен кінәлі боласың. Оны сен өлтірдің деп айтады», – дейді Асимуи.
Уганданың Муконо ауданындағы қыстақтарда және сотта жесірлерге қызмет көрсетіп жүрген «Халықаралық әділет миссиясының» алға қойған мақсаты зор: Муконо ауданында, тіпті Уганда мен одан тыс аймақтарда әйелдердің үйі мен мүлкін тартып алу, одан туындайтын шабуылдар, қоқан-лоқы көрсетудің бәрі жауапсыз қалмайтынын, сот арқылы жазаланатынын кеңінен насихаттау. Осы ретте дипломатиялық шеберліктің маңызы өте үлкен. Қыстақтағы жиналыстарда Асимуи үлкендерді үнемі «әкелерім», «шешелерім» деп атайды.
«Дегенмен, олардың қызметтері кейде жеткіліксіз болып жатады», – дейді ол. Кеңес басшыларына үнемі пара беріледі немесе қоқан-лоқы көрсетіледі. Асимуи жергілікті халықтың төл тілі – луганда тілінде жалына түсіндіріп, панга қанжарымен жасалған тонаушылық салдарынан мал-мүлкінен айырылған жесірлердің болашағы қандай болатынын айтты: төркіні оларды қабылдамайды екен. Себебі оларды бағып-қағуға қауқарсыз немесе оны отбасы мүшесі ретінде санамайды да. Мұндай әйелдер көшеде қаңғып қалады немесе жезөкшелікке салынуға мәжбүр болады.
Кейде тіпті инспекторлардың өзіне де қауіп төнеді. Сол себепті IJM ұйымы инспектордың аты-жөнін атамауды өтінді. Сонымен қатар, кей істер өте күрделі. Угандада жер меншігінің бірнеше түрі бар. Яғни – колониялық тәртіп кезіндегі және заманауи меншіктер. Сондықтан күйеуі қайтыс болғанға дейін жердің кімге тиеселі болғанын анықтау қиынға түседі. Угандалықтар мұрагерлікке де үрке қарайды. Себебі ол өлім шақырады-мыс. Үйленбей тұрып бірге тұрмыс кешу фактісі де жиі орын алады. Көптеген жесір өздерін мұрагер ретіндегі жұбай санағанымен, соңында керісінше болып шығады. Өткен жылдың маусымында заңгер әрі әлеуметтік инспектор Алис Мухайруи Парана Тоунсинг екеумізге: «Әйтсе де, үміт жоқ емес. Толық жеңіске жетпесек те, ісімізді бастап кеттік. Осы жылы тоғыз бірдей дауды шештік», – деді.
2016 жылдың алғашқы жартысында сот тарапынан шешім тапқан істер мынадай болды: заңсыз қудалау, баса-көктеп кіру, заңсыз араласу, яғни басқаның ісіне рұқсатсыз килігу. Маусымның 23-інде «Халықаралық жесірлер күні» алтыншы рет атап өтілді. Ең үлкен аудан – Муконодағы сот залының алдындағы көгалды арнайы еске алу шарасына дайындады: микрофондар, форма киген оркестр, жүздеген бүктемелі орындық және сыртына «қайраткер жесірлер» деген жазуы бар жіппен қоршалған шатырлы орындар қойылды. Танымал тұлғалар, мәселен, полиция басшысы, сот төрағасы және Клэра Глориос Тумушаби сөз сөйледі. Тумушаби басқалардан көбірек сөзге тартылды.
Тумушабидің айтуынша, ол осы көмектің арқасында мал-мүлкін сақтап қалды. Құдды, уағызшы секілді дауысын көтеріп, луганда тілінде күйеуінің туыстарына: «Өмірімде тек бір адамды сүйдім. Мені бөтен біреуге қалай бере саласыздар? Бүкіл әулетке күйеуге шыққан жоқпын ғой», – деді. «Қайраткер жесірлер» қолдап шулай берді. Үш ай өткен соң Тоунсинг екеуміз Тумушабиге жәбір көрсеткен адамның «шабуыл жасап дене жарақатын келтіргені» үшін сотталып, түрмеде бір жылдық жазасын өтеп жатқанын білдік. Тумушаби мен оның адвокаттары қатты қуаныпты. Дегенмен сотталушының бауырлары ашулы екен. Бас тергеуші жесір мен оның балаларына алаңдайды. «Біз оның қауіпсіздігін күшейттік. Енді қоғамда түсіндіру шараларын жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Бұл мақала «The Pulitzer Center on Crisis Reporting» қолдауымен жарыққа шықты.