Рейчел Хартиган Ши
Кез келген жануарды үш өлшемді суретке түсіру оңай емес. «Егер ол қозғалып қалса, бәрін қайта бастау керек», – дейді Дункан Иршик.
Филиппинде қамыс құрбақасын суретке түсірмек болған Массачусетс университеті биологының жолы болды. Биолог қол камерасымен әртүрлі бұрыштан отызға жуық сурет түсіргенше құрбақа жайғасқан жапырағынан тапжылмаған. Осыншама сурет құрбақаның 3D форматты кескінін жасауға әбден жеткілікті.
Қазіргі таңда Иршик Beastcam технологиясын пайдаланады. Бұл видеоойын дизайнерлерінің адам бейнесін жасау үшін қолданатын тәсілі. Ол үшін жылжымалы әрі икемделгіш мультикамера керек. Жануардың маңына қатарласа орнатылған камералар оны суретке бір мезетте түсіреді. Бұл олардың оқыс қимылының алдын алады. «Жануарлар әлемінде бұл әдісті қолданғандар санаулы ғана», – дейді Иршиктің фотограф әріптесі Кристин Шепард.
Иршик пен Шепард Beastcam аппаратын өздерінің «Сандық өмір» атты қызықты жобаларында қолданып жүр. Сандық үлгідегі суреттер көпшілікке жануарды жақыннан зерттеуге мүмкіндік береді. Олар ғылымда да кәдеге жарайды. Мәселен, ғалымдар әдеттегіге қарағанда, сандық үлгілерді дәлме-дәл өлшемдерге қол жеткізу үшін қолданады.
Иршиктің айтуынша, «Сандық өмір» жобасының ұзақ мерзімдік мақсаты – өрнек алуда барлық жануарды қамту.
ТҮСІРУ ТӘСІЛІ
БІРІНШІ ҚАДАМ: Жануар платформаға қойылады. Beastcam көлемі әртүрлі жануарды суретке түсіре алады (2 см – 2 м арасында).
ЕКІНШІ ҚАДАМ: Сымсыз басқару құралы бірнеше камераның әп–сәтте 30 сурет түсіруіне мүмкіндік береді. «Күніне жүз шақты жануардың үлгісін жинай аламыз», – дейді Иршик.
Онлайн: құрбақаның 3D суреттері: ngm.com/May2017
Дункан Иршик, Кристин Шепард (3D үлгідегі сурет).