..."/>
ЗЕРТТЕУ

Африканың «жаралы жүрегі»

2014 жылы христиандар шабуылынан кейін бықсып жатқан аудан. Шабуылға, негізінен, мұсылмандар ұшыраған. Соңғы төрт жылда елдің басым бөлігінде тәртіпсіздік белең алып тұр.

2014 жылы христиандар шабуылынан кейін бықсып жатқан аудан. Шабуылға, негізінен, мұсылмандар ұшыраған. Соңғы төрт жылда елдің басым бөлігінде тәртіпсіздік белең алып тұр.

Жер қойнауы қазба байлыққа толы Орталық Африка Республикасы неге кедей?

2014 жылы оққа ұшқан сіңлісін жоқтап отырған христиан қыз. Мұсылмандар мен христиандар бір-бірімен қырқысуын тоқтатар емес. Бәсекелес мұсылман топтары да бір-бірімен өзара алауыз.

2014 жылы оққа ұшқан сіңлісін жоқтап отырған христиан қыз. Мұсылмандар мен христиандар бір-бірімен қырқысуын тоқтатар емес. Бәсекелес мұсылман топтары да бір-бірімен өзара алауыз.

Автор: Питер Гвин фото: Маркус Блисдейл

Көбелек суретшісінің үйін қоңыр түсті кең Оубангуй өзені жағасындағы шым-шытырық қам кірпіш тамдар арасынан біраз іздеуге тура келеді. Төрт жыл бұрын мұсылман көтерілісшілері мен христиан жасақшылары ОртАР (Орталық Африка республикасы) астанасы Бангиді өз бақылауларына алу үшін қатты шайқасты. Бүгінде ол маңда футбол ойнап жүрген балалардың у-шуы мен тәтті-дәмді тауарын жарнамалаған сатушылардың дауыстары басым. Десек те, қалада зорлық-зомбылық әлі де бар, халық мылтықтың дүмпуі мен әскери тікұшақтардың дыбысынан секемденеді.

Филипп Анде оларға назар аудармайды. Үнемі неше түрлі қанық бояулар, жарқын пішіндер және экзотикалық өрнектерден құралған көбелек қанаттарына толы үстеліне үңіліп отырғаны. ОртАР-да көбелектің 597 түрі белгілі, сондықтан пыр-пырлап ұшқан қанаттылар бұлтының ішінде қалуыңыз ғажап емес. Фермер Анде өзі көбелек аулайды немесе балаларды қыраттар мен өзен жағасынан көбелек аулап келуге жұмсайды.

Қысқыш, ұстара және резеңке желімін қолданып ол қағаздай жұқа қанаттардан ОртАР өмірінің нұрлы бейнесін жасауда, әрқайсысы кішігірім витраж. Әне, бу­ырқанған көгілдір өзен жағасында бір кісі теңбіл жасыл балық аулап отыр. Ұйықтап жатқан сәбилерін арқаларына таңып алған қызылсары көйлекті әйелдер ұнға кассава талқандап салып тұр. Бір бала кокос жаңғағын жинау үшін ағашқа өрмелеп барады. Мақта алқабының суреті, піл, горилла, тотықұс, бөкендердің портреті. Тіпті елдің ең атақты эскпорттық тауары – қырланған жақұттың да бейнесін жасапты.

Бұл –Анде көзін жұмып отырып елестететін ОртАР-дың 2013 жылға дейінгі бейнесі. «Селека» деп аталатын ұйым елді тонап, зорлап, өлтіріп кетті. Христиандары басым сыбайлас жемқор үкіметті түсіріп, мыңдаған адамның өмірін қиған Азамат соғысын тұтатты. Шарпыған соғыс оты   миллионға жуық адамды жылы орнынан қозғап, азық-түлік тапшылығын туындатты.

Шынымды айтсам, менің де қиялымдағы   ОртАР туралы кей ойым Анденің әдемі суреттеріндегідей еді. Консервация картасында қалыңдатылған қаріппен жазылған бұл ел назарымды бірден өзіне аударды. Шамамен, Францияның көлеміндей жасыл аралда Африка тұмса табиғатының біразы сақталып қалыпты. Адам аяғы баспаған, жабайы жануарлары өріп жүрген ұшы-қиырсыз ормандары бар. Бұл байлықтан бөлек алмас, уран, алтын қазба кендері де бар, мұнай да болуы мүмкін. 65 миллиондық Франциямен салыстырғанда халқы бес-ақ миллион мұндай елдің тұрмысы бақуатты болу керек еді. Бірақ олай емес? Неліктен?

Бангиге алғаш рет барғанымда мен бұл сұрақты Франция әскери офицеріне қойдым. Ол екеуміз Парижден ұшқалы тұрған «Эйр Франс» ұшағына отырғанбыз.

ХІХ ғасырдағы Еуропаның Африкаға таласы кезінде ОртАР-ды отарлап алған Франция үшін бұл «қытықты» мәселе болуы мүмкін.

2014 жылы христиандар мұсылмандарды қуып шыққаннан кейін Бербератидің басты мешіті тоналып, қараусыз қалды. Қақтығысқа дейін мұсылмандар қала халқының ширегін құрайтын және негізгі кәсіптермен айналысатын. Қала мэрі Альберт Эвстахия Накомбо: «Олар қайта оралса екен», – дейді.

2014 жылы христиандар мұсылмандарды қуып шыққаннан кейін Бербератидің басты мешіті тоналып, қараусыз қалды. Қақтығысқа дейін мұсылмандар қала халқының ширегін құрайтын және негізгі кәсіптермен айналысатын. Қала мэрі Альберт Эвстахия Накомбо: «Олар қайта оралса екен», – дейді.

ОртАР 1960 жылы тәуелсіздік алды, бірақ француздар оның шаруасына әлі де көп араласады. Бүгінде орталық-африкалықтарды «Тотал» атты француз компаниясы жанармаймен қамтамасыз етеді. Ел валютасы француз экономикасына тікелей тәуелді.

Қырықтар шамасындағы кең иықты офицер бітімгерлік сапарға екінші рет шыққан екен. «Логистика жағы өте қиын», – деді ол басын шайқап. Ол мамырдан қарашаға дейінгі жаңбырлы маусымда маңыз­ды сауда жолдары жабылып, батпақты солтүстік-шығыстағы ауылдармен байланыс мүлде үзіліп қалатынын айтты. «Солтүстікте экономика дами алмай жатыр, ол жердің тұрғындары сондықтан ашулы. «Селека» сол жақта пайда болған», – деді.

Сөзімізді депортацияланып жатқан орталық-африкалық әйелдің шыңғырған дауысы бөліп жіберді.

 

Оны ұшаққа екі полицей алып кіріп, қолына кісен салып, орнына отырғызды. Әйел кісенге қарсылық білдіріп, жан дауысы шығып шыңғырды. Өзге жолаушылар – еліне қайтып келе жатқан орталық-африкалықтар, бітімгерлер, көмек берушілер және дипломаттар еді.

Бамбари маңы. Сарбаздар алтын кенішін күзетіп тұр. Ал балалар жұмысқа жегілген. Көтерілісшілер өз еншісін талап етеді. ОртАР-да алтын көп, бірақ жемқорлық пен саяси тұрақсыздықтың кесірінен халық оның қызығын көре алмай келеді.

Бамбари маңы. Сарбаздар алтын кенішін күзетіп тұр. Ал балалар жұмысқа жегілген. Көтерілісшілер өз еншісін талап етеді. ОртАР-да алтын көп, бірақ жемқорлық пен саяси тұрақсыздықтың кесірінен халық оның қызығын көре алмай келеді.

Әйелдің сөздері орталық африкалықтардың мазасын кетірді. «Ол – дуагер», – деді бір кісі. «Ұшақты қарғап жатыр», – деді тағы бір жолаушы. Стюардессалар жолаушыларды сабыр етуге шақырды, дегенмен бірнеше жолаушы жүк сөресінен сөмкелерін тартқылап, ұшақтан шығаруды талап етті.

Бір сағаттық кідірістен кейін ұшқыш полициядан әйелді алып кетуін талап етті. Сосын кідіріске байланысты сол түні Камерунде түнейтінімізді айтты. «Бангиге түнде қона алмаймыз, өйткені әуежайының шамдары істемейді», – деп түсіндірді ол. Офицер еңкейіп: «Түнде әуежайдан қалаға жету де қауіпті. ОртАР-дағы жағдай осындай», – деді көңілсіз жымиып.

56-57

Бангиге келген бірінші күні жергілікті гид мені алтын түсті алты мүсін қойылған шағын алаңға алып кеп, менің білгім келетін тарихтың бәрі сол алаңда көрініс тапқанын айтты. Сарай елді тәуелсіздіктен дағдарыстың басталуына дейін жетелеген алты кісіні ұлықтайды екен. «Мынау – Бартелеми Боганда», – деді ол бірінші мүсіннің қасында шәкірттерінің көңілін өзіне аударған профессордай сөз бастап. Мен елінің тәуелсіздігі үшін Шарль де Голльмен келіссөз жүргізген  каннибалдың ұлы Боганда туралы оқығам. Алайда гидтің сөзін бөлгім келмеді.

Гидке орталық-африкалықтардың барлығы дерлік қасиетті санайтын елбасы туралы айту ұнайтын сияқты. Боганда сол кездегі француз отары Оубанги-Чариде дүниеге келіпті. Қала өзінің оңтүстік және солтүстік шекараларын өзге жерлерден бөліп тұрған өзендердің құрметіне аталған. ОртАР-ды жеке компаниялар өз қалауынша басқарды, әділет туралы кез келген түсінік шенеуніктердің құзырында болды. 1903 жылы Бастилияны алу күні бір француз шенеунік өз адамдарына Кага-Бандорода түрмеде отырған бір африкалықтың көтенішегіне динамитті таяқша тығып, оны жарып жіберуге бұйрық беріпті.

Дзанга-Сангада орман пілдері мекендейді, бұл – осы түрге арналған қорық. Аласапыранда браконьерлер бұнда 26 піл өлтірген. Рейнджерлер жұмысына оралғалы бері паркте қайта қауіпсіздік орнады.

Дзанга-Сангада орман пілдері мекендейді, бұл – осы түрге арналған қорық. Аласапыранда браконьерлер бұнда 26 піл өлтірген. Рейнджерлер жұмысына оралғалы бері паркте қайта қауіпсіздік орнады.

Өртенген Бамбаридегі шіркеуде христиандар құлшылық етуде. Шіркеулерді зорлықтан қашқан христиандар да, мұсылмандар да паналады. Бір пастор: «Саясаткерлер қашып кетеді, діндарлар көмекке келеді», – дейді.

Өртенген Бамбаридегі шіркеуде христиандар құлшылық етуде. Шіркеулерді зорлықтан қашқан христиандар да, мұсылмандар да паналады. Бір пастор: «Саясаткерлер қашып кетеді, діндарлар көмекке келеді», – дейді.

Боганданың өмірі Тәураттағы Пайғамбардың өміріне ұқсас. Ол дүниеге келердің аз-ақ алдында француз әскерилері ауылына шабуыл жасап, әкесін өлтіріпті. Жабайы каучук жинаудан бас тартқаны үшін күзетшілер анасын өлімші етіп сабаған. Жетім қалған Боганданы Рим католик діндары қамқорлығына алған. Ол діни жолын жалғастырып, ант қабылдап, Убанги-Шариден шыққан алғашқы дін қызметшісі болды. Кейінірек Францияның Ұлттық ассамблеясында туған жерінің алғашқы өкілі ретінде қызмет атқарып, француз үстемдігін қатты сынады. Сондықтан тәуелсіздік таңы атуға жақындағанда халықтың Боганданы өзіне басшы еткісі келгені түсінікті еді.

Ол ОртАР халқын шоқындырды, туының дизайнын жасады, «Бәріне теңдік» деген сөзді елдің ұраны етіп алды.

1959 жылдың 29 наурызында бірінші сайлаудың дәл алдында Боганда жолаушылап келе жатқан ұшақ әуеде жарылды. Францияның жоққа шығаруына қарамастан бүгінде орталық-африкалықтар оның өліміне француздар кінәлі деп ойлайды. Содан бері екі елдің байланысына сол оқиға салқындығын тигізуде. Мамандығы бойынша орман рейнджері – менің гидім: «Айтқанымды жұртқа жеткізуіңізге болады. Бірақ, өтінем, атымды атамай-ақ қойыңызшы. Француздар бізді әлі өздерінің отары санайды», – деді. Ол бұрын бәрі де ел Президенті болған төрт мүсінді нұсқап: «Мына жігіттердің қай-қайсысы да Францияға қарсы шықса, орнынын алынып, басқаға алмас­тырылған», – деді.

Сосын мүсіндердің қасынан өтіп бара жатып Боганданың жолын қуған жетекшілердің де күнәсі жетіп артылатынын айтты. Олардың ел байлығын талан-таражға салғанын, елдегі көптеген этникалық топты бөліп (алалап), сүйік­тілерін таңдағанын, содан мұсылман дініндегі 15 пайыз халықтың (қалғаны хрис­тиан дінін немесе анимистік наным-сенімді ұстанады екен) қатты наразылығын туындатқанын да жеткізді. Сосын көптеген орталық-африкалық дағдарыстың басталуына кінәлі деп санайтын 2003 жылы билікті тартып алған Франсуа Бозизе деген әскери офицердің мүсінінің қасына кеп тоқтады. «Бұл мұсылмандарға: «Маған билікті алуға көмектессеңдер, сендерді мемлекетті басқару ісіне араластырам», – деп уәде берді. Сосын оларды сатып кетті, содан «Селека» пайда болды», – деп түсіндірді.

«Селека» жасақтары Бозизені орнынан түсіріп тастай алды, бірақ елді қалай басқаруды білмеді. Олар Бангиді бір жылға жуық бақылауда ұстады, сосын БҰҰ ол жаққа бітімгерлік күш жіберді. «Селека» мұсылманы көп аймақтарға ығысты, көп кешікпей ұйым жойылды. Содырлардың бөлшектенген топтары өз территориясын еншілеп бөліп алды, әрқайсысын бұрынғы «Селека» лидері бақылады. Ол жауынгерлерге ақша төлеп, қару-жарақ сатып алу үшін жергілікті байлықты пайдаланды. Олар былтыр бір-біріне шабуыл жасап, 70 000 адамды үй-жайын тастап кетуге мәжбүрлеген.

Фотограф Маркус Блисдейл екеуміз халықтың бақуатты өмір сүруіне мүмкіндік бере алатын сол ресурстардың оны бөлшектеп жатқан күштерге жем болғанын зерттегіміз келді. Біз елдің орталығында орналасқан Бамбари деген қалаға және бұрынғы «Селека» жетекшілерінің бақылауында болған территорияның ең үлкен жеріне баруды ұйғардық.

Бангиден ол жерге джиппен бір күнде жетуге болады. Ол үшін қалың орман арқылы өтіп, бірнеше ауылды артқа тастау керек. БҰҰ бітімгерлері күзетте тұрса, жол – қауіпсіз. Басқа уақытта қарақшылар бар.

Қақтығыс кезіне жабылып, қайта ашылған санаулы мектептердің бірі. Соғыс кезінде жүздеген мектеп талқандалып, 425 000 бала білімсіз қалды. Мұғалімдер соғысқа дейін де жетіспеуші еді, 89 оқушыға бір мұғалімнен келетін. Ұрыс кезінде кетіп қалғандардың көбі қайтып оралмады.

Қақтығыс кезіне жабылып, қайта ашылған санаулы мектептердің бірі. Соғыс кезінде жүздеген мектеп талқандалып, 425 000 бала білімсіз қалды. Мұғалімдер соғысқа дейін де жетіспеуші еді, 89 оқушыға бір мұғалімнен келетін. Ұрыс кезінде кетіп қалғандардың көбі қайтып оралмады.

Дағдарыс пен әлсіз сот жүйесі халықтың заңға деген сенімін мүлде жойып жіберді.

Жолға тас төселмепті, терең-терең сораптардан айқыш-ұйқыш боп жатыр. Жүргізушілерге бұл жерде көлігін аяң жүріске салуға тура келеді. Біз кейін түсінгендей, ол тасада отырғандарға сауда жасауға мүмкіндік береді екен. Біздің жүргізушіміз әрең жүріп келе жатқанда екі дәу тасбақаны бұлғақтатып орманнан біреу шыға келді. Сосын бірнеше бала жіпке тізген екі бума балық әкеп көрсетті. Біз балықтарды көруге кідіргенде бал толы бөтелкелерін көтеріп бір қыз жүгіріп шықты.

Маркус екеуміз Бамбариде «Селеканың» бұрынғы генералы, қазір қаланы бақылауда ұстап отырған Әли Дарасса деген кісіні көргіміз келген. Қаланың христиандар қоныстанған үлкен аудандарынан өртенген үйлердің күлі ғана қалған. Ондаған мың христиан қазір қала шетіндегі шатырлы лагерьде тұрып жатыр.

Дарассаның сарбаздарының қыз-келіншектерге қырындағаннан өзге бітіріп жатқандары шамалы БҰҰ-ның бітімгерлерін көздеріне де ілмей, зеңбірек орнатылған жүк пикаптармен төңіректі аралап жүр. Ол сарбаздар Бангидің базарында сатылатын жүздеген сиырдың әр басынан 50 доллар салық алады. Дүкені барлардан «шатыр» болғаны үшін, көліктерден жолмен жүргізгені үшін ақша жинайды, қалада кофе сатқандардан салық жинайды. Дарасса табысының ең бас­ты көзі – 60 шақырым жердегі алтын кеніші.

Мен Дарассадан сұхбат алғым кеп бірнеше рет әрекет жасадым, бірақ адамдары үнемі әр нәрсені сылтауратып, жолатпай қойды. Бірақ олар Дарассаның біздің алтын кенішін көруімізге қарсы емес екенін жеткізді. Содан Маркус екеуміз бір күні таңертең террасалы терең қоршаулы сай жиегіне келдік.

Бригадирлердің бірі, 30-ға енді аяқ басқан, қысқа бойлы, толықша келген, қолы темірдей қатты жігіт өзінің осы кеніш ашылғалы үш жылдан бері істеп келе жатқанын айтты. Дағдарыстан бұрын бұл жерді канадалық компания барлай бастаған екен, бірақ тәртіпсіздіктер орын алғанда кетіп қалған. Олармен бірге мұнай іздеп, ағаш дайындау, жол салу, бөгет жасау жұмыстарымен айналысып жатқан ондаған шетелдік компания да кетіпті. Солардың біразы қайтып оралды.

«Алтын кеніш түбінен табылған қиыршық тастардан алынады», – деп түсіндірді ол. Кенерге дейін көтерілген террасалы баспалдақта жасы мен ересегі аралас, бұлшық еті бұлтыңдаған, солқылдақ денелі 300-дей еркек кіндікті тұр. Төмендегі еркектер топырақты ыдысқа сап, террасада одан жоғары тұрғандарға беруде. Олар өз кезегінде келесі деңгейдегілерге береді, топырақтың эскалаторы тәрізді бұл үдеріс солай жалғаса береді.

Бригадирдің айтуынша, әр жұмысшы күніне тоғыз доллардай табады екен. Есептеуінше, бұл жерден жылына төрт миллион доллардың көлемінде кен өндіріледі. Алтынның алты пайызын Дарасса «қауіпсіздік» мақсатына алып қалады.

Біз кен орны мен жұмысшылар баспанасы – лашықтар кварталында бірнеше сағатқа аялдадық. Онда сиыр еті грилі, қайнатылған маниока, Бангиден әкелінген Мокаф сырасымен тамақтандыратын мейрамхана бар екен. DVD-ден Вин Дизель мен Сильвестр Сталлоненің қатысуымен фильм көрсететін кинотеатры бар, тіс щеткасы, сабын, Еуропаның «жалған» футболка сататын дүкендері де бар. Бригадирдің айтуынша, барлық дүкеншілер төлем бірлігі ретінде алтын қабылдайды екен.

Шетелдік болғандықтан маған жұрт дағдарыс кезінде болған оқиғаларды жиі айтқысы келеді. Бангидегі мен жатқан қонақүйге алғашында бір кісі кеп, «америкалықпен сөйлескісі келетінін» айтыпты. «Мен сізге немере ініме не істегенін айтқым келеді», – деді ол.

Біз мотороллерге отырып, оның үйіне бардық, ол жерде мен Пол Коли-Микимен кездестім. Оны екі күн бұрын РК5 деп аталатын мұсылмандар кварталында жұмыс істеп жүрген жерінен «селекашылар» ұрлап әкетіпті. Олар Полды балғамен ұрып, кемпірауызбен үш тісін суырып алған. Қызыл иегіне басқан қан-қан шүберектен дауысы әрең шығып тұр, қорыққанынан көздері бақырайып кетіпті. Ол Банги қалалық сотына шағым түсіріпті. «Әділ шешім шыға ма, шықпай ма, білмеймін», – дейді ол.

Мұндай зарды мыңдаған орталық-африкалықтан естуге болады. Дағдарыс босаң сот жүйесі мен халықтың заңға деген әлсіз сенімін мүлде жойып жіберді. Полиция және жұмыс істеп жатқан кейбір заң орындары үлкен қылмыстармен күресуге көбінесе дәрменсіз. Сондықтан «егер заң салтанат құрмаса, ел қалпына келе ала ма» деген сұрақ туындайды.

Осы олқылықтың себебінен жұрт мұң-зарын шетелдіктерге айтып, оны есепке алуды өтінеді. Батыстағы Берберати деген қаладағы мешітте бірде маған тоқылған тақия киген тарамыстай арық мұсылман кісі келді: «Анти-Балакалықтар» сиырларымның бәрін өлтіріп тастады. Жеміс ағаштарымды кесіп кетті. Ұлымды өлтірді», – деді. Дауысы дірілдеп, менің қолымды қысты. «Жасым 76-да. Енді не істеймін? Сен маған не көмек бере аласың?» – деп жылап жіберді.

Осы кездесулердің ең аяныштысы француз бітімгері зорлық жасаған қыз еді. Қыздың анасы «Селека» содырлары Бангиге жақындағанда қызын алып француз бітімгерлері қорғап тұрған әуежай жаққа қарай қашқанын айтты.

Қыз анасын үндемей тыңдап отырды. Бойы бір жарым метрдей екен, жақында ғана 17-ге толыпты. Шашын артына қарай тастай ғып майдалап өріп қойыпты. Еденнен көзін алмай отырып, ұялшақ дауыспен ұзын бойлы, мұртты француз сарбазымен ол күзетіп тұрған өткізу-тексеру пунктіндегі кішкентай құм қаумалдан өтіп бара жатқанда қалай танысқанын айтып: «Ол маған кәмпит, пе­ченье берді», – деді. Ол французша сөйлегенде қыз түсінбеген, сонда әлгі ыммен түсіндіріп, сексуалды байланыс жасағысы келетінін білдіріп, жыныс мүшесін көрсеткен. Қыз терең демалды, дауысы одан бетер жұмсарып кетті. «Ол маған біраз азық-түлік көрсетіп, жыласам ұратынын, жыламасам күн сайын тамақ беріп тұратынын айтты. Сондықтан мен оның қалауын орындадым», – дейді.

Қыз французбен тағы бір рет қатынаста болғанын айтты, бұл жолы ол қызға біраз күріш беріпті. Қазір қыздың жүкті болғанына бес ай. Ол сияқты француздармен тамақ үшін сексуалды қатынасқа барған, бірақ оны ешкімге айтпаған қыздар көп. «Осы жағдай тергелген, бірақ ол еш нәтиже берген жоқ», – деді әйел. Қаңтар айында француз соты ОртАР-да балаларға сексуалды зорлық көрсеткен сарбаздарды айыптамау туралы шешім қабылдады.

Бангидегі бос алаңқайда поло жейде киген арықша кісі бір топ балалармен футбол ойнап жүр. Ол балаларға «бер де кет» деген негізгі әдісті үйретуге тырысуда. Бір балаға пас беріп, сосын жайлап қозғалып оны қайтарып алып көрсетуде. Бұл сабақ доп алдына тиген сайын теуіп жіберетін стритболдан басқаша. Балалар жаттықтырушыны ықыласпен, тіпті құрметпен тыңдауда, өйткені бұл кісі – халық қаһарманы. И. Б. (и-бей деп дыбысталады) деген атпен белгілі Ибраһим Боһари – Ұлттық футбол командасының бұрынғы капитаны. Боганданы үлгіге алса, «жабайы аңдар» елдің ең мықты біріктірер күшіне айналуы кәдік. Оның құрамында мұсылман да, христиан да ойыншы бар, ол – адамның дініне де, этникалық тегіне де қарамайтын сирек кездесетін ұжымдардың бірі.

Банги қаласының қанды қырғынынан қашқан он мыңдаған тұрғыны БҰҰ бітімгерлері күзетіп тұрған белсенді ұшу-қону алаңдарындағы лагерьлер мен апатқа ұшыраған ұшақтарды барып паналады. Бүгінде Үкімет босқындарға ақша үлестіре бастады.

Банги қаласының қанды қырғынынан қашқан он мыңдаған тұрғыны БҰҰ бітімгерлері күзетіп тұрған белсенді ұшу-қону алаңдарындағы лагерьлер мен апатқа ұшыраған ұшақтарды барып паналады. Бүгінде Үкімет босқындарға ақша үлестіре бастады.

Мұсылман И.Б. ойнауды Бельгия мен Түркияның кәсіби командаларында жалғастырған. Дағдарыс басталғанда ол еліне қайтуды ұйғарыпты. «Елдегі жағдайды естігенде қол қусырып қарап отыра алмадым», – деді ол маған.

Бангиге қайтып кеп өз орындарынан қуылған мұсылман қандастарын іздеді. Анти-Балака жасақшыларымен кездескенде, олар Ибраһимге жылы шырай көрсетіпті. «Маған неге тиіспедіңдер», – деп сұрағанда: «Біз сені өлтіре алмаймыз, өйткені біз сені жақсы көреміз», – депті. Ибраһим түк түсінбей басын шайқайды.

Ол еліндегі келеңсіз жағдайдың шешімін табуға тырысады. Бір күні шүберектен доп жасап ойнап жүрген балаларды байқайды. Ибраһим олардың барлығының ата-анасы христиан екенін, кейбірі өлтіріліп, кейбірі қашып кеткенін білді.

И.Б. So.Sui.Ben швед қайырымдылық қорымен бірігіп ең жас он шақты баланы баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй кешенін жалға алыпты. Балаларды сабақтан шыққан соң аптасына екі рет жаттықтырады екен.

Бірақ И.Б-дің ең мықты жобасы жетімдер үйі емес. Ол Бангидің жағдайы шиеленіскен аудандарынан бұрынғы христиан және мұсылман жауынгерлерді араластырып, «бейбітшілік матчтарын» да ұйымдастырып жүр.

«Жас жігіттерді жұмыспен қамту керек», – дейді ол маған түсіндіре. Жамандықтың бір себебі – олардың жұмыссыздықтан зорлықты насихаттайтын фильмдер мен музыканы көп тұтынып, солардың ықпалында кетуінде. Оларды біреу көтерілісшілерге қосылуға шақырса, олар «сол фильмдерден көңілдеріне түйгенін іске асырамыз» деп ойлайды.

Матчтар өткізу үшін апталар бойғы дайындық пен шебер дипломатия керек. Дін басшыларын өздерін қолдауға үгіттеп, БҰҰ бітімгерлерімен бірігіп қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қатысушыларды тарту, кәсіпкерлерден жәрдем жинау.

«Мәселе ойында ғана емес, – дейді И.Б – Қоғамға мұсылмандар мен христиандардың тіл табысып, бірге жұмыс істеп жатқанын көрсету де маңызды».

Бангидегі кейбіреулер бұған шүбә келтіреді. «Футбол матчы өлгендерді тірілте алмайды. Жұмыс орнын аша алмайды. Адамдардың жүрегін өзгерте алмайды», – депті бір имам.

Елден кетер алдында мен РК5 деп аталатын мұсылман кварталындағы орта мектепте өткен бейбітшілік матчын көруге бардым. Пол Коли-Микидің тістерін сол жерде суырып алды. Трибунада христиандар мен мұсылмандар көп жиналыпты. Мерекелік атмосфера. Гүлді сарафан киген қыз-келіншектер сусын таратуда. Жұрт мәре-сәре, аспан ашық, жас жігіттер таласып-тармасып қара терге түсіп ойнауда. Жұрттың бәрі – жанкүйер.

Әдемі көрініс, бірақ көбелек қанатынан жасалған суреттей өте нәзік.

Лагерде бір жылын өткізген Ричард Доху үйіне оралуын қабырғаға алтын түсті қағаз жабыстырып тойлады. Бір кездері мұсылман-христианы аралас Бангидегі ол тұратын аудан зұлымдықтың кесірінен босап қалды. «Бәлкім, біз бір-бірімізді бір күні кешірерміз, бірақ қазір емес», – дейді олар.

Лагерде бір жылын өткізген Ричард Доху үйіне оралуын қабырғаға алтын түсті қағаз жабыстырып тойлады. Бір кездері мұсылман-христианы аралас Бангидегі ол тұратын аудан зұлымдықтың кесірінен босап қалды. «Бәлкім, біз бір-бірімізді бір күні кешірерміз, бірақ қазір емес», – дейді олар.

Питер Гвин, журналдың аға редакторы. Маркус Блисдейл 2013 жылғы қазан айының нөміріне Конго Демократиялық Республикасындағы конфликт минералдарының суретін түсірді.

Бұл мақаланы Пулитцер Дағдарыстарды жария ету орталығы қаржыландырған.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля